Ұлағатты шаңырақ иесі

Ақмол округіне қарасты Өтеміс ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Сағындық Кенжекеев пен Бәтима Рақымжанқызына ерекше сый-құрметпен қарайды. Ауыл шаруашылығы саласына 50 жылдан астам ғұмырын арнап, алтын шаңырақтың иесі атанған Сағындық аға шын мәнінде құрметке лайық жан.

Ұлы Отан соғысы басталғанда оның әкесі Қажияқпар Кенжекеев те соғысқа аттанып, Курск түбіндегі ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапты. Сағындықты анасы Дәнипа Смағұлқызы аялы алақанына салып, бұрынғылар айтқандай, қанаттыға  қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.

Әкенің жоқтығын іштей сезсе де, ол ел қатарлы азамат боп өсті. Жалғыз ұлының келешегін ойлаған жас келіншек тұрмысқа шыққан жоқ, бар өмірін баласының жақсы боп өсуіне жұмсады. Аллаға шүкір, Сағындық та Өтеміс ауылының үлгілі азаматтарының алдыңғы қатарында жүрді. 1958 жылы «Амангелді» колхозына шопыр болып жұмысқа орналасты. Кейін трактор-егіс бригадасының бригадирі болып ұзақ жылдар жұмыс істеді.

– Ол кезде бос сөз, қалай болса солай жүру ауыл азаматтарына жараспайтын қылық болатын, – деп еске алады өткен шақты Сағындық Қажияқпарұлы. – Анам Дәнипа мал шаруашылығында қол үзбей жұмыс істеген кісі ғой, ерте кетіп, кеш келетін.

Соғыстан кейінгі тұрмыс оңай болған жоқ. Жастар ауыр жұмыстан тартынбады. Сағындықтың өзімен замандастары Әнуарбек Қылышбеков, Әпсәмет Жапаров, Амантай Шамышев басқа елден тың көтеруге келген азаматтарынан кем түспеді. Бірі механизатор, енді бірі дәнекерлеуші болып еңбек етті. 1960 жылы «Амангелді» колхозының жері жаңадан құрылған «Акмолинский» совхозына беріледі.

– Біздің Өтеміс ауылының жігіттері осы жерде еселі еңбектерін көрсете білді, – деп әңгімесін сабақтады еңбек ардагері Сағындық Кенжекеев. – Жаңадан тағайындалған директор Василий Петрович Трунов жұмыстың тәртібін білетін кісі еді. Елді еңбекке жұмылдыра білуінің арқасында тамаша көрсеткіштерге қол жеткізілді. Алғашқы кезде 10 мың гектарға тұқым сепсек, кейін бұл көрсеткіш 30 мың гектардан асты. Біз шалғайдағы Жалғызқұдық, Оразақ ауылдарының жерлеріне, тіпті көршілес жатқан Қорғалжынның Сабындысына да егін ектік. Жұмысымыз өрге басқан соң, тұрмысымыз да жақсарды.

– Алғашқы жұбайым Әмина 29 жасында аяқ астынан дүние салып, біз анамыз екеуіміз 7 баламен аңырап қалдық, – дейді Сағындық аға өкінішті кезеңді еске алып. – Бірақ, есесіне жігерленіп, жүректері шайлығып қалған анам мен балаларыма қамқор болуға күш салдым. Өмірде жолым түсіп, Бәтима есімді аяулы қазақ қызымен қайра шаңырақ көтердім. Одан Арман есімді ұл туды. Қазір өзімнің нақты ізбасарым осы балам бізге төрт немере сыйлап, қуантып отырған жағдайы бар. Кішісінің есімі Бейбарыс. Қыздарымның бәрі өмірде өз орындарын тапты. Тәубе деймін. Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қорғалжын, Ақтөбе елдерінің азаматтарымен  құдандалы болдым. Олар келгенде біздің көңіліміз мәре-сәре боп қалады. Балаларым Бәтима Рақымжанқызын өздерінің туған аналары ретінде бағалайды. Себебі, олардың өсіп-жетілуіне Бәтиманың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Екінші рет үйленгенімде олардың кішісінің жасы бар болғаны екінің маңайында ғана еді. Осыдан-ақ байқарсыз, балаларымның ер жетулеріне оның қосқан үлесінің зор екендігін.

Сағындық Қажияқпарұлы Кенжекеев замандастарынан кем болған жоқ. Небір сынақтар басына түскенде дағдарып, сынып көрген емес. Қиындыққа өзінің қайсар мінезін қарсы қойып, сындарлы шақтарда сүрінбеді. Майдан даласынан оралмаған әкесінің шаңырағын қайра түлетіп, оның аманатын толықтай орындай алды. «Орнында бар – оңалар» деген сөздің парқын біз осы жанұяға қарап бағалай алдық.

Алтын шаңырақ иесі атанған Сағындық қажы мен Бәтима жеңгейдің үйінен біз тамаша берекелі өмірдің үлгісін көрдік. Жасы 70-ке толғанша дала еңбеккері атанған Сағындық аға алтын масақты бидай өсіріп, ел қазынасын арттыра білді. Сол үшін оған 1976 жылы «Еңбек Даңқы» ордені, сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалі берілген екен.

Ардагердің кеудесіндегі осы бір айтулы марапаттар оның өткен шақтағы ерен ісінің куәсіндей жарқырайды. Жақында Ақмол ауылдық округінің әкімі Жанат Дүйсекеев пен округ ардагерлері ұйымының төрайымы Нұрбике Шәбдіқадырқызы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрметті ардагер» медалін ұзақ жылдар бойы егіншілік саласында абыройлы еңбек еткен Сағындық Қажияқпарұлына арнайы табыс етті. Ел ағасын жас та болса оның рухани досы, Ақмолдың ежелгі тұрғыны, ұстаз, өлкетанушы-жазушы Серік Қанапин де құттықтады. Шаңырағы бала-шағаның, немере-жиеннің шаттығына бөленген әулеттің үлкендеріне біз де шынайы алғысымызды жеткіздік.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Өтеміс ауылы.

Целиноград ауданы.

 Суретті түсірген автор.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар