Ұлтым шешен болса да, жаным – қазақ деуден жаңылмайтын Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Сукалов Магомед Батайұлымын. Целиноград ауданында Достық орталығы ашылғаннан бері сонда төраға қызметін атқарып келемін.
Қазақ деген ешқашан түр мен тілге, діл мен дінге қарап бөлінбейтін қонақжай халық. Шешендер де сондай қонақжайлылықты жақсы көреді. Мен ешқашан өзімнің шешен ұлтынан екенімді ұмытқан емеспін, бірақ жаным қазақ болған соң, жұртқа үнемі өзімді «қазақ елінің шешенімін» деп таныстырамын. Тілім басқа болса да, қазақтармен тілегім мен жүрегім – бір. Өйткені, менің Отаным – Қазақстан. Сондықтан да, оның тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуім адамгершілік жағынан да, заң тұрғысынан да міндет деп санаймын. Мұны мен өз балаларымның құлағына құюдан еш тайсалмаймын.
Бүгінде халқымыз өзім деген өзге ұлттарды өзекке теппей, тату-тәтті, береке-бірлікте өмір сүріп жатыр. Осындай татулығы жарасқан, тілге бай мемлекетте өмір сүріп жатқаныма мақтанамын және қиын-қыстау кезеңдерде бізді қабылдағандары үшін алғысым шексіз. Балаларымды қазақ жерінде ер жеткізіп, қазақ тілінде тәрбиелеп, өсіріп-өндірдім.
Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін құрметтейтінім соншалық, әрқашан қазақ тілінде сөйлеймін және өскелең ұрпақты да оны құрметтеп, үйренуге шақырамын. Кейбір жастарымыз ана тілдерінде сөйлемейді, соған іштей жабырқап қаламын. Өз ана тіліңде сөйлеуге деген ұмтылыс, адамшылықтың ең зоры, мәдениеттілік пен тәрбиеліліктің биік өлшемі деп есептеймін.
Тарихтан белгілі, әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұр. Сондықтан, қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салу қажет. Біз Абай өлең жазып, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілін үйреніп, қолданылу аясын кеңейтуге ұрпағымызды талпындыруымыз керек. Бүгін тілін ұмытқан халықтың ертең үні де өшеді. Тарихына балта шабылып, жойылады. Осындай халге жетпеуіміз үшін ең алдымен тілімізді құрметтейікші ағайын!
Магомед СУКАЛОВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі,
Целиноград аудандық Достық орталығының төрағасы.