Балалар жылы аясында Зеренді ауданында Кеңес Одағының Батыры академик, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталатын мектептердің жанынан құрылған «Жас ғабдуллиншілер» республикалық слетінің ашылу салтанаты болып өтті.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты оқушы балаларды Ер Мәліктің туған жерімен таныстыру, мектептер арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайту, Батырдың ғұмыр жолын үлгі ете отырып, жастардың бойына отансүйгіштік сияқты абзал қасиеттерді сіңіру болып табылады.
Слеттің ашылу салтанатында Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйлеп, жиналған жас өрендерге жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, жиынға Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұлұлы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы Қайрат Ауғалиев қатысып, жас ғабдуллиншілерге ақжарма тілектерін білдіріп, озат оқушыларды ұйым мүшелігіне қабылдап, арнайы төсбелгілерді табыс етті.
Слет жұмысына республика бойынша Мәлік Ғабдуллиннің есімін иеленген 7 мектеп қатысуда. Атап айтар болсақ, олар Алматы облысының Қарасай ауданының Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп, Жамбыл облысының Жуалы ауданының Ертай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп, Жамбыл облысы Шу ауданының Балуан Шолақ ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп, Түркістан облысы Мақтарал ауданы, Бескетік ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп, Ақтөбе қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №70 орта мектеп және Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп—гимназиясы мен Зеренді ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары.
Слет барасында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушы балалар өзара тәжірибе алмасып, Батырдың туған жері Қойсалғанға, Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы музейіне саяхат жасайды және тағы басқа мәдени-көпшілік нысандардың жұмысымен танысады деп жоспарланған.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.