Ақ  мамықтан арылар күн бар ма?!

Жадырап жаз шығып, ағаш біткен гүлдеген кезде өңір тұрғындары теректен ұшатын ақ мамықтың азабын шегеді-ақ. Аллергиясы барлар қайда барып бас сауғаларын білмей дал. Өрт қаупі де жиі. 

Облыс орталығындағы самсаған теректер көнекөз қала тұрғындарының айтуына қарағанда, осыдан 40-50 жыл бұрын отырғызылған. Алғашында Көкшетау қаласы саздау жерге орналасқандықтан ылғал тартуға сеп болады деп есептесе керек, оның үстіне қала жасыл желек жамылып тұрса, жарасымды.

Қала тұрғындары қаншама жылдан бері ақ мамықтың азабын тартып, арыз-шағымды үдетіп жатқанымен, «баяғы жартас, сол жартас». Орманшылардың айтуынша, терек өзге ағашқа қарағанда аса көп күтім тілемейтін, табиғаттың тосын құбылыстарына төтеп бере алатын ағаш. Әйтсе де, бүгінгі күні терек атаулыдан түбегейлі арылу мәселесі туындап тұр.

–2016 жылдан бері осы мәселені ұдайы көтеріп келемін, – дейді Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Марат Айжарықов, – теректің нақты санын анықтау мүмкін емес. Қаланың барлық көшелеріне егілген. Көпшілігі қурап, ескірген. Ағаштың көміртегін жұтып, оттегін шығаратындығы баршаға белгілі. Әйтсе де бұл теректер 40-50 жыл бойы ауадағы барлық шаң-тозаңды бойына сіңіріп біткен. Енді олар сол зиянды заттарды қайта шығаруда.

Пайдасынан зияны көп теректі кесіп, орнына алма, сирень тәрізді ағаштар еккен әлдеқайда ұтымды. Қазір мұндай мысалдар көп болмаса да, ішінара бар.  Айталық, облыс орталығындағы Абылайхан даңғылынан Мәлік Ғабдуллин көшесіне дейін ескісі жаңартылып, орнына осындай ағаштар отырғызылды.

Аулаішілік жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде оң шаруа қолға алынған жерлер де бар. Ыбырай Алтынсарин көшесі мен Абай көшесінің қиылысында да көрген көз қуанарлық көріністі байқауға болады. Бірақ, мұндай қарқынмен мамықты теректен біржола құтылу үшін әлі қанша жыл керек екендігі белгісіз.

Негізі қала көшелері жыл өткен сайын жаңғыртылып, жаңаша кейіпке енуде. Міне, осындай жөндеу жұмыстары жасаларда алдымен жобалау институттары ғимараттар мен суағарлардың жобасын жасағанда іргедегі ағаштың да жаңғыртылуын ескеруі қажет. Мұндай ұсыныс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тарапынан да сан мәрте айтылған. Әйтсе де, өкінішке орай көше құрылысымен айналысатын мекемелер әзірге  мойын бұратын емес.

–Қандай үлкен жобалар жасалуда, бюджет тарапынан қыруар қаражат  бөлініп отыр, – дейді қала тұрғыны Есенбай Кереев, – орталық көшелерге зер салып қарасаңыз, ұшар басы көк тірейтін зәулім теректердің іргесіне жас көшеттерді отырғызғандығын көруге болады.

Бұл нағыз жаны ашымайтын адамдардың шалағай шаруасы. Әлдеқашан тамырын тереңге жайған, қаулап өсіп кеткен бәйтеректер күнге бой салып талпынған көшеттің өсуіне жол бере ме? Тиянақты істеу үшін меніңше, көлеңкесі болмаса, басқа қажеттігі жоқ теректерді тамырымен жұлып алып тастап, жаңа ағаш көшеттерін отырғызу керек.

Отырғызу кезінде де жобалау мекемелері жол бойының қыстың күні қары тазаланатындығын естен шығармағандары жөн. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімі мамандарының айтуларына қарағанда, ретсіз шаруа шаш-етектен. Көшеттер жиектастың тап іргесіне, байланыс кабельдерінің үстіне отырғызыла береді екен.

Жалпы, қала көрікті болуы үшін, тұрғындарға зияны тимеуі үшін қандай ағаштар отырғызған жөн? Әлбетте, қала ортасындағы техниканың көп жүретін жеріне қарағаш, шырша тұқымдас ағаштар егуге болмайды. Керісінше, оларды қала тұрғындары дем алатын парктер мен скверлерде еккен жөн.

Ал, адам аяғы жиі, қапылысқан көп техника жүретін жерге қайың мен алма ағаштарын еккен ұтымды. Мұндай ағаштар шаң-тозаңға шыдамды келеді әрі терекке қарағанда,  жапырағы қалың, көркі де көзтартарлық. Қарағайға қарағанда әлдеқайда төзімді.

Облыс орталығында соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүріп, бірнеше шағын аудан бой көтерді. Жаңа аудандарда көшенің бір бетіне алма, екінші бетіне сирень, ал, жаяу жүргінші жүретін жол бойына үйеңкі, үлкен жапырақты қарағаш ексе, әлдеқайда көрікті.

Тірі қоршау тәрізді бұта тектес өсімдіктер шаң ұстауға, дыбысты бәсеңдетуге қабілетті. Осының барлығы жаңа ауданның жобасына енгізілуі керек еді. Қазір қала ішінде қанша терек ағашының бары және құны белгісіз. Мәселен, әлдекім бір ағашты заңсыз кесті екен дейік, оқыс оқиға белгілі болғаннан кейін заң бұзушыға салынатын айып мөлшері де белгісіз.

–Себебі есептейтін негіз жоқ, – дейді Марат Балтабайұлы,  – бірнеше мәрте осындай оқиғалар орын алды. Ал, олардың қаншалықты зиян келтіргендерін қалай есептеуге болады.

Ескі ағаштарды кесуге кейде қала тұрғындарының қарсы шығып жататын кезі де болады. Ел пікірін ескерген экология басқармасы, табиғат қорғау прокуратурасы тыйым салуда. Қолбайлау болып отырған бір жай осы. Бөлім қызметкерлерінің пікірінше, қала жаңаша сипатқа ие болып, жасаруы керектігі тұрғындарға  түсіндіру жағы сын көтермейді. Әйтпесе, көшет егуге қаржы да жеткілікті. Қажетті көк өскіндер де бар. Кейбір жекеменшік кәсіпорындар 20-30 көшет егетін оң мысалдар кезігеді.

Бірақ, бұл талпыныс тұтас қаланың тынысын тарылтып тұрған бүгінгі жайды жақсарта алмайды. Ең бастысы жаңа шағын аудандардың жобалау-сметалық құжатын дайындаған кезде жасыл желекпен көмкеру тәртібін де тыңғылықты ескерген дұрыс. Шіріген әйтпесе қисайған ағаштың барлығы тазатылуы керек. Мердігер мекеме ағаш еккен кезде  көшеттің кемінде екі жыл бойы суарылып, күтілуі де міндеттелгені жөн.

Әйтпесе, күту жұмыстарын ешкім мойнына алмайды да, қыруар қаражат жұмсалып, отырғызылған көшеттер қара қарғаның миы қайнайтын шіліңгір шілдеде қурап қалады. Мұндай мысалдар  аз емес. Бұрнағы жылдары облыс орталығының іргесінегі Бұқпа тауының етегіне мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылды, соның бәрі бой салып өсіп кеткенінде қазір соның бәрі ит тұмсығы өтпейтін қалың орманға айналар еді.

–Жыл сайын қалада ағаш суарып, гүлзарларды күтуге мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша қаншама қаражат бөлінеді, – Марат Балтабайұлы, – бірақ  көзбояу көп. Конкурсқа қатысушылар бізде талапқа сай бес су таситын атокөлік бар деп құжаттарын тапсырғанымен, шын мәнінде ондай техникалары болмай шығады.

Сондықтан, қала күтімі көңілден шығып, жасыл желек жайқалып тұруы үшін бұрынғыдай арнайы мекеменің болғаны жөн. Онда ағаш егудің жөн-жосығын білетін мамандар жұмыс істер еді. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» демекші, қымбат көшеттер бей-берекет егіліп, ысырап болмауы үшін осындай ыждаһаттылық керек қой.

Маман пікірін шегелей кететін бір мысалды айта кетелік. Өткен жылы Мұхтар Әуезов және Ақан сері көшелерінің бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде бас мердігер көшет отырғызуда өрескел қателік жіберген.

Ағаш егушілер көшеттің тамырындағы топырақ шашылып қалмау үшін тұмшалай қаптаған полиэтилен қабымен қоса егіпті. Не ылғал өткізбейтін, не ауа өткізбейтін полиэтилен қаппен егілген соң көшет қайдан көктесін. Марат Балтабайұлының айтуына қарағанда, ағаш егуді қолға алған мекемелер бұл мәселенің жілігін шағып, майын ішкен мамандардың пікірімен санасқаны жөн.

Мәселен, биік ағаштардың тамырына лайықталған шұңқырлар 50-60 литр су сиятындай болғаны дұрыс. Жоғарыда біз айтып өткен тірі қоршау іспетті бұта тектес өсімдіктерді егуге шамамен 25-30 литр су сиятын шұңқыр қазылуы керек. Әйтпесе, бар шаруа құмға құйған судай зая болары сөзсіз.

Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Оразбек Қуанышев көшесіне дейін 300 ағаш көшеті егілді. Сол көшеттің 40-50-і арада жыл өтпей қурап қалды. Демек, уақытылы суарылып, күтілмеген. Әйтпесе, еккен көшеттің бойында кінәрат бар. Көшетті де көзбояу үшін егетін ескі әдеттен арылмай, қала ешқашан жұртшылыққа жағымды, пайдасы жұғымды жасыл желекке жете алмайды.

Жоғарыда ақ мамықтың адам ағзасына зиянды екенін айтып өттік. Әсіресе желді күні қала тұрғындары тіпті дем ала алмай қалатын кез жиі.

–Ақ мамықтың көптігі сондай, жазда үйден аттап шыға алмаймыз, көзімізден жас ағып, үсті-басымыз бөртіп кетеді, – дейді қала тұрғыны Каусар Қонысбайқызы, – емханаға барғанымызбен, бүкіл қалада бірде-бір аллерголог маман жоқ.

Ақ мамықтың азабы осы болғанда, қатері өрт қаупін туындату. Өткен жылы жекеменшік шағын екі үй ақ мамықтың кесірінен отқа оранды.

–Жыл сайын маусым-шілде айларында ақ мамық өртке себепші болады. әсіресе, дала өрті жиі, – дейді облыстық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Манат Бегалин, – балалардың бейқамсыздығынан оқыс оқиғалар орын алады. Бауырында ақ мамық мелтектеп тұрған орман-тоғай үшін де өте қауіпті.

Әзірге ақ мамықтың астарында тұнып тұрған шаш-етектен келетін шаруаны індетіп, мәселенің мәнісіне үңілдік. Түпқазығы Көкшетау дегенімізбен, көпке ортақ келелі мәселе. Қолға алып, жөнге келтіретін уақыт жеткен тәрізді. Әйтпесе, қала тұрғындары ақ мамықтан арылатын күн туа ма деп елеңдеп отыр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар