«Жарыпшыққан» қызықтары

(әңгіме)

Қуаныш бұл сапарға көңілі алып-ұшып дайындалған-ды. Ата-анасының рұқсат етіп, досы Бекенге еріп жолға шыққанына риза. Бекен бұған Тайсойған құмы ішіндегі Жарыпшыққан өзені туралы талай қызық әңгіме айтқан. Бұл сол қызықтарды көзімен көргенше асық. Тіпті, қазіргі отырыстарының өзі қызық! Бекеннің ағасы Қатар, оның өзі және бұл – Қуаныш қайда отыр дейсіз?!

Жүк тиелген «КамАЗ»-дың үстінде! Тіпті, «КамАЗ»-дың үстіндегі жүктің үстінде! Иә, иә, дәл солай, ең жоғары биігінде! Тіркемелі ұзын машина қорабына жүк арытқанда жоғарыдан үш адам отыруға қауіпсіз қылып орын дайындалған. Енді үшеуі бүктелген кілемдер үстінде, жан-жақтары түйілген көрпе-жастықтар ортасында бастары қылтиып қана отыр. Айқұш-ұйқыш таңылған арқандардан мықтап ұстап алған. Ешқандай қауіп жоқ. Жүйткіген машина үстінде жусанды далаға айнала қарап, мәз болып келеді. Кабинада Бекеннің әжесі мен жеңгесі – Қатар ағасының зайыбы және бес жасар қызы Сәуле бар. Сәуленің еркелігі мол екен «Жүк үстіне отырамын» деп қиғылықты салған. «Барған соң көк жорғаны мінесің» дегенде ғана әрең көнді.

– Әне, Тайсойған құмы көрінді! Енді жарты сағаттан соң Жарыпшыққанға жетіп келеміз. Тек…көресің. Су бола ма, әлде жол бола ма?

Қуаныш оған таңырқай қарады. Бекеннің айтқанына әлі сенгісі келмейді. Оның айтуынша Қатар ағасы биыл жаз жайлауын құм ішіндегі Жарыпшыққан өзені жағалауында өткізбек. Жарыпшыққан  ені қырық-елу қадамдай ғана болса да ерекше өзен. Бірде, белге дейін сулы, ауыр көлікке өткел бермейді. Ортасына жетіп, қозғалтқышына су кетіп, қақалып-шашалып, тұрып қалуы мүмкін. Арада бірер сағат өткенде өмірі су болмағандай, үстінен жол сайрап жатады. Осылай ауысып тұрады. «Жарыпшыққан» аталуы да сол, жоқ судың әп сәтте жерді жарып шыққандай арнаны толтыруына байланысты болса керек. Солай болуы мүмкін бе?Қуаныш үшін ертегі сияқты.

– Құм шетіне іліктік. Енді бір жиырма-отыз шақырым жүрсек, жетіп қаламыз, – деп Бекен бұған сынай қарады. Қуаныштың жүрегі дүрсілдеп, дегбірі қашты.

– Иә… тезірек көрсек қой!

– Көреміз.

– Айналаңа қарап қой. Бұл саған жазық дала емес! Құмның да өз қызығы жетерлік! Мұнда қоян, түлкі, қасқыр, қарсақ, борсық дегендерің бықып жүр!

Мұны естіген Қуаныш жыңғыл, дүзгін, сүттіген жапқан құм төбелерге бір, Қатар ағасына бір қарады.

– Онысы рас, бары-бар, – деп басын изеді ол. Әрі қарай әлдебір әнді ыңылдап, алысты шолып, жымиып қана отыра берді.

– Ана бір өсімдік – құмсағыз. Жұлып алсаң тамырына сағыз жабысып тұрады. Жуып ал да шайнай бер! Тісің тап-таза болады! Ал, ана сүттігеннің бір сабағын жұлып алсаң аппақ болып сүт ағады! Ана қара, әні, әні! Көрдің бе?! Ол ешкіемер! Үлкендігін көрдің бе?! Қозы-лаққа сүт қалдырмай, қой-ешкіні еміп қоятын нағыз оңбағанның өзі ол!

Бекен досына бар білгенін айтып, алып құмның құпия-сырын айтқан үстіне айта берді. Сөйтіп отырып бұлар Жарыпшыққан бойына таяған-ды. Бұл тұста құм екіге жарылыпты да, жиегін көкорай шалғын, балғын тал жайлапты. Табаны да көк майса.  Бейнебір құм ішінен үлкен, ені бір- екі шақырымдай жасыл өзен ағып жатқандай көрінеді.

– Ал, енді көрейік. Жарыпшыққан бізді әрі қарай өткізер ме екен, әлде күттіріп қояр ма екен? – деген Қатар аға алға қарай мойнын соза қарады. Бекен мен Қуаныш та алдан бірдеңе көргілері келіп ынтыққан. Жарқырап жатқан су көрінбеді. Тек «КамАЗ» ышқына, жылдамдығын арттыра түсті.

– Су жоқ, шамасы. Жүргізуші де оны көрген сияқты. Зыр етіп өте шықпақшы. Иә, сәт! – Қатар ағаның дауысы көңілдірек, көтеріңкі естілді.

Иә, сәт! Иә, сәт! – десті екі дос.

Кенет машинаның дауысы да, жүрісі де өзгеріп сала берген. Бұлар бейнебір ойлы-қырлы жер бетімен емес, қаймақтың үстімен келе жатқандай әсерде болды. Жүріп емес, жүзіп келе жатқан тәрізді. Қарсыдан қатты желдің ескені болмаса, еш қозғалыс жоқ! Екі бала арқандардан қатты ұстап алды. Сөйткенше машинаның ілкі дауысы қайта шығып, бұрынғысынша қозғалақтап кеткен.

Міне, жігіттер, Жарыпшыққаннан өте шықтық! Жолдарың жақсы екен! Әй, жақсы жігітсіңдер-ау! Бәрекелді! Жарыпшыққан бізді тосырқаған жоқ, жарықтық! Жолымыз болады екен! – деп Қатар аға қуанышын жасыра алмай, бұлардың кекілдерін ұйпалап-ұйпалап қойды.

– Ура-а-а!

– Ура-а-а!

***

Қатар ағалары улкен бақанмен шаңырақты шірене көтеріп тұрған. Өзегелер уықтарды шыңырақтағы ұяшықтарға тез-тез қадап, кереге бастарына шұғыл байлап, келесі уыққа жүгірісіп, әп сәтте үй тігіп тастаған. Басқұр, желбаулары қандай әдемі еді!.. Қуаныш киіз үйдің осыншама тез құрылатынына қайран қалды. Және бұрын-соңды мұндай әдемі киіз үй көрмеген.

Үй тігудің төсеніш жаю, кейбір уықтарды, шидің кей жерін қайта байлау сияқты оны-мұны жеңіл жұмыстары қалғанда Қатар аға жүзі алдын ала қайралған тік күректі қолына алды. Есік алдында жан-жағына зер сала қарап тұрды да, оң қанаттан елу-алпыс қадамдай жерден құдық қазуға кірісті.

– Бұл жердің құдық қазуы басқа, ерекше, – деді ол жұмсақ, сазды топырақты лақтырып жатып: – Міне, осылай белуарға дейін қазсам болды. Арғы жағын көресіңдер!

Ғажап-ай, айтқандай болды! Арада жарты сағат уақыт өтті ме, өтпеді ме, құдық іші мөп-мөлдір суға шөпілдеп толып кетті. Аң-таң Қуанышты жеңінен тартқан Бекен оны өзен арнасына қарай бастап жүгіріп келді де:

– Кәне, менің жасағанымды жаса, қайтала! – деді. Өзі жүгініп отыра қалып, оң қолымен жерді қаза бастады. Қуаныш та солай істеуге кіріскен. Жер жұп-жұмсақ екен. Екеуі иықтарына дейін қазып тоқтаған.

– Енді, қара!

– Мәссаған! Менің құдығыма су жиналып жатыр! Мына, қара, толып келеді, Бекен! Толды!

– Енді бір минут тоқта. Сонда суың тұп-тұнық болады!

– Мммм…болды! Тұп-тұнық суым!

Енді жатып ал да іше бер!

Бекен екпетінен жата қалып суды мейірлене ішуге кіріскен. Қуаныш оның істегенін қайталады.

– Бұл не ғажап, Бекен? Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын!

– Дұрыс. Өйткені, сен Жарыпшыққанды бірінші рет көріп тұрсың ғой! Бұл жер осындай. Міне, былай секіріп көрші… Астыңа көрпе төсеп қойғандай!

– Жоқ… неге ұқсайтынын қазір айтамын, – деп бөгелді, Қуаныш, әрі-бері секіріп көріп: – Таптым! Анам дайындайтын холодец тәрізді!

– Холодец?

Иә, холодец!

Екеуі қосыла күлді.

– Алайда, өзен аңғарына қарай жер сыздауыт. Бұл жерге салқындаймын деп жатып қалуға болмайды. Салқын тиеді. Үйді ағам сол үшін былайырақ тікті, білдің бе? Асты құрғақ болсын деп. Ауыз суға құдықты үй жанынан қазды. Ал, мал суаруға алысырақтан қазады.

– Бекен, ағаңның бағатын көп сиыры қайда?

Олардың қашан келетінін мен білмеймін. Көп малды көмекшілерінің айдап келе жатқанын білемін, әйтеуір.

Бұлар кері, үйге қарай жүрген. Тұрбасынан көк түтіні будақтап, самаурын ызылдап қайнай бастапты. Жеңгесі бес-алты кірпішті қалап, үстіне қазан қойыпты. Өзі иінағашқа екі шелекті іліп, су әкелуге кетіп барады екен. Кейін бұрылды.

– Қатар, әлгі Жұмабай әкеледі деген тоқтың қайда? Қазан дайын…

– А, иә. Келетін уақыты болған.

Ол оң қолымен көзін көлегейлеп, өзен аңғарын шолған.

– Әне, келе жатыр ғой. Кешіккеніне қарағанда сойып әкеле жатқан шығар. Қазаның дайын болса сала қоясың. Отының жетеді.

Түйелі арбаны жеңгесі де көріп: – Жақсы. Дұрыс болды. Көрші қашан айтқанын істемеуші еді? Алла разы болғыр! – деп құдыққа қарай жеделдете басып кетті.

Ет желініп, шай ішілді. Жұмабай көрші кетуге айналған. Оны шығарып салып тұрып, Қатар ағалары оған алдағы шаруасының мән-жайын айтты:

– Мал айдағандар ертең түс ауа жетіп қалуға тиіс… Ал, бір тоқтың менде бағулы деп ойлай бер. Қалаған уақытыңда жеткізіп беремін.

– Ит-құс жоқ па? – деді, сосын көршісінің жүзіне аңдап қарап. Осы сәт Бекен Қуанышты түртіп қалды. Қуаныш ештеңеге түсінбеген бойы, досының құлағына сыбырлады: – «Ит-құс» деген не?

Бекен оған үрейлене қарап, қайыра сыбырлады: «Қасқыр!»

Қуаныш селк етіп, қасқыр қазір келіп қалғандай жан-жағына қарады.

– Қайда кетсін, бар ғой. Тек төбеті бар ауылға жақындай қоймайды. Сенің Бұлқарың бар емес пе…Дегенмен, түнде жатарда аспанға мылтық атып қой. Дәрінің иісін шығарып…

Түсінікті. Сақ болғанның артықтығы жоқ десейші.

Жұмабай жүріп кетті. Үлкендердің әңгімесінен кейін екі бала үрпиісіп қалды.

– Сонда, қасқыр түнде ауылға келе ме?

– Келеді.

– Неге?

–  «Негесі» несі? Тамақ іздеп келеді дағы…

Бүгін түнде де келе ме?

Бекен сықылықтап күліп жіберді.

– Қазір, күнделігін қарайын, қашан келеді екен?.. Жә, қорықпа! Бүгін мал жоқ, немене іздеп келеді? Қасқырды алдай алмайсың. Ол малдың иісін пәлен шақырымнан сезеді. Ол аз десең ауылыңда төбет итің, мылтығың бар ма, соған дейін біледі. Бері қара, мен саған одан да зорын айтайын. Үйде мылтық болып, оны ататын кісі жоқ болса, қасқыр соған дейін біледі!

Қалай, а? – деп таңырқады Қуаныш.

Кешкі шәй үстінде Қатар аға:

– Күнсұлу, ертең шетен тоқып, ас үй жасап берем. Құдықтың бетін де жабу керек. Шағын етіп те, бірнешеуін жасайын. Ас үй ішінен, сыртынан керек жеріңнен шағындап қазып, тамақ сақтайтын шұңқырлар дайындап ал. Ой, шіркін, бұл Жарыпшыққанның рахаты көп қой!- деген. Қуаныш «Ол не?» дегендей Бекенге қараған. Ол бірден ағасына сауал қойды:

– Тал шабуға бізде барайық, аға!

– Әрине, барасындар! Сендердей жігіттер тұрғанда ол талды сендер шаппай кім шабады деп едің?!

… Әуелі Қатар ағаларының қандай талдарды, қай тұсынан, қалай шабу керек екенін бақылып біліп алғаннан кейін, бұлар да кіріскен. Айналасы бір-екі сағатта біраз тал дайын болды. Сосын олардың үлкен бұтақтары шабылды. Кісі бойындай, солқылдақ шыбықтарды құшақ-құшақ етіп үйге таман тасып алды. Ағалары олардың ішінен жуандауларын араларын бір қарыстай қылып жерге қағып, оларға жас талдарды шаш өргендей қылып өре бастады. Бұл жұмысты ол соншалық тез істейді екен. Оның кесіп тастаған қалдықтарынан дәл сондай қылып Бекен мен Қуаныш та шетен өруге кірісіп кетті. Одан әрі Қатар аға киіз үйге таяу көліктен түсірілген бақандарды жерге мықтап орнатып, оларға шетендерді бекітіп, кәдімгі терезесі, есігі бар ас үй жасады. Терезесі әйнексіз, тек жарық түсуі үшін. Шетендерді бақанға, бір-біріне жұмсақ, жас талдармен байлады. Балалардың жасаған кішкентай шетендері де пайдаға асты. Жеңгелері оларды да тамақ сақтайтын орындарға пайдаланды. Ал, бір үлкен шетенмен кешегі қазылған құдық беті жабылды. Қуаныш өзінің осындай қауырт та қызық жұмыстардың бел ортасына жүргеніне аса қуанышты еді.

– Сен «шеген» дегенді, «құдық шегендеу» дегенді білесің бе?- деп, Бекен досының иығынан қаққан. Қуаныш «Ол тағы не?» дегендей, таңырқай қарады.

– Шетен жасағанды көрдің ғой.

– Көрдім.

– Дәл осы сияқты. Топырағы жұмсақ жерлерден терең құдық қазғанда, топырақ ішіне құламауы үшін осындай шетен сияқты, ыңғайлап өріп шегендейді. Ағам осы жердің талын алдырып, талай құдықты шегендеген! Кейде таспен де өреді…

– Бәрін қолдан жасайды екен ғой, ә?

– «Жігітке жеті өнер де аз» деген, балам! – деді, Бекен, үлкен адамның дауысына салып: – Ер жігіттің қолынан бәрі келуі керек!.. Екеуі қосыла күлді.

***

Мал келген. Балалар көмекші бақташының жүгін түсіріп, шағын киіз үйін тігісіп, шетеннен ас үй құруға, тағы басқа талай жұмысқа қызу араласты. Шағын ауыл тұрмысы тез-ақ қалыпқа кіріп, қашан не істелетіні реттелген. Малдың өріске айдалуы, суарылуы, сиыр сауу, түйе сауу болып басталады, кейбірі белгілі уақытында қайталанылып отырады.

Қуаныштың таң қалған бір қызығы бүгін болды. Киіз үйдің іргесі түрулі, салқын самал соғып тұр. Үй-ші түс кезіндегі шайға отырған. Сықырлауық шалқасынан ашық.

– Қызыңды қара! – деді төменде шай құйып отырған Күнсұлу жеңгей Қатар ағайға батыс бетті нұсқап. Бәрі сол бағытқа қарасқан. Көк атты төпелеп, құстай ұшып келе жатқан Сәуле екен. Аттың жалынан қып-қызыл көйлегі ғана жалаудай желбірейді. Бес жасар қыздың таудай аттың үстінде құлдырап келе жатқаны Қуаныш үшін тосын оқиға еді. Жасы он үшке қараған өзі әлі атқа отыра алмайтын. Осы жолы үйренсем деген де ой бар-ды. Ол өз-өзінен қысылып, екі беті ду етіп, қызарып кетті. Сәуле болса, үйге таяп қалса да шабысын баяулатар емес, заулап келеді. Үздік-үздік дауысы да естіле бастады.

– Айттым, мен сендерге ала сиыр… ала сиырдың бұзауы.

Қуаныш шын қорқайын деді. Омырауы есіктей дәу ат тапап кетердей таяп қалған. Ат сол бойымен ағып өте берді де, Сәуле киіз үйге секіріп, тез тырмысып, жоғары өрмелей берді. Енді бір сәт ол шаңырақтан басын тығып, айғайлай бастаған: – Ана ала сиыр өрістен қайтып келіп, бұзауын емізгелі жатыр екен! Сендер шай ішіп отырасыңдар осылай, сиырды жамыратып жіберіп!

Қатар аға күлкіден шайына шашалып қала жаздады.

– Ойбай-ау, қызым-ау, саған сеніп шай ішуге отырғанымыз осы еді. Жарайды енді, сен қайта қайырып тастапсың ғой! Жарадың! Әй, осы менің қызым болмағанда ғой, Күнсұлу ертең бізге қара шай құйып отыратын еді!

Бәрі ду күліп, Сәуленің қылығына мәз болып жатыр. Қуаныш қана қуыстанып, досына қарай берді. «Заулап шауып келе жатқан ат үстінен киіз үйге секіріп, одан шаңырақтан шыққан бес жасар Сәуле не деген батыр қыз! Тездетіп атқа мініп үйрену керек!» Ішінен осылай ойға бекінді.

***

Қуаныш пен Бекеннің ауылына қайтуына екі күн қалған. Бұл уақытта Қуаныш ауыл тіршілігін түгел меңгеріп алған. Атқа да, тіпті атанға да мінуді үйренді. Қауға да тарта алады. Енді екі күннен соң кеңшар орталығына жүретін бір машина осында соғып, екі баланы алып кетпек.

Түске таяған уақыт еді. Шағыл ішінен үлкен сары атанға мінген біреу көрінген. Оны көріп қалған Қатар ағалары екі балаға шұғыл тапсырма берді.

– Е-е-е, бұл келе жатқан Есенгелді атамыз болды. Сендер барып қозының ішінен ең үлкенін, семізін таңдап алып келіңдер. Дұрыстап қараңдар. Болды, барыңдар!

– Не болып қалды, аға?

– Не болғаны несі? Той болады! Бар, жөнеліңдер!

Өзі біраз жер жаяулап алдынан шығып, қонаққа сәлем беріп, түйесін бұйдасынан жетектеп, үйге таман әкеп шөгерді. Жеңгей мен әжей далаға шығып, оған иіліп, тізелерін бүгіп, сәлем салды.

– Қадірлі қонағым болыңыз, ата!.. Төрлеңіз! – деп ақсақалды төрге өткізді: – Жайғаса беріңіз. Қазір шұбат келеді. Мен сандығыңызды шешіп, үйге кіргізейін.

Қатар аға түйенің артқы өркешіне таңылған шағын сандықты шешіп, жерге түсірді де, жануарды бұйдасынан анадай тұрған  арбаға байлады.

Тоқтыдай марқа қозыны алып балалар да жақындаған. – Ал, ата, батаңызды беріңіз! – дей бере малды, мойнынан орай ұстап Қатар сықырлауықтан төрде отырған атаға қарап  қолын жайды. Ақсақал іркілген жоқ, батасын берді: – Мал-жаның аман, төрт құбылаң түгел, ісің берекелі болсын! Жалғанда жамандық көрме! Аумин!

Қуаныш қонаққа қараумен отыр. Ақ сақалы өңірін жапқан, тымағының ішінен тебетей киген. Үстіне жағасыз ақ жейденің сыртынан екі шапанды қабаттап алыпты. Бір ғажабы барлық киімі судыр-судыр етеді, тап-таза.

– Осы уақытта келіп жылда Жарыпшыққанның суына түсіп, үстіме балшығын жағып, емделіп алушы едімғой, білесің. Соған келем. Сенің көшіп келетініңді естіп, күтіп жүргем. Ана жылғыдай екі астау дайындап берерсің, – деді ол тамақтың соңына қарай.

– Жақсы, ата! Күн қызғанша дайындап қоямыз.

– Және деймін-ау. Жалғыз да көрінбейсің. Қолқанаттарың бар екен.

Ертеңіне мал өріске кеткен соң үйден екі жүз қадамдай жерден Қатар ағай  қатарынан екі астау қазды. «Астау» дегені кәдімгі үйдегі ванныйдай болып шықты. Жиегі түп түзу қазылған шұқырға су тез жиналды.

– Сендер тал шауып, шетен тоқу білесіңдер ғой. Енді, сол өнерлеріңді көрсетіп, аталарыңның батасын алыңдар! Белуардан келетіндей қылып тоқыңдар да, мына екі астау тұрған жерді қоршап құра қойыңдар. Көзтаса болсын.

Бұлар ағаларына екі айтқызбай, іске кірісіп кетті. Бірер сағатта тапсырма дайын болды.

Қол босаған соң Қуаныш өзіне тосын көрінген бір жайды білгісі келді.

– Атай неге шілденің ішінде сонша қалың киінеді, Бекен?

– Ааа, білмеуші ме едің? Қалың киім күн өткізбейді. Сондықтан, қатты ыстықта жұқа емес, керісінше қалың киіну керек.

– Солай ма? Шын айтасың ба?

– Шын айтамын. Маған сенбейсің бе?

– Сенемін.

Қатар аға екі баланың құрған шетендерін көріп, «жақсы» дегендей басын изеді де, ойлана сөйледі.

– Бұл атамыз, жарықтық, осылай өзін-өзі емдеп жүреді. Дуалы ауыз, батагөй қарт. Тұқымы кең тараған адам. Жарты Тайсойған осы кісінің бала, немере, шөбересі. Жұрт батасын алмаққа іздеп барады. Бізге өзі келген екен… Өмір бойы жұртқа жақсылық жасаумен өтіп келеді. Жалпы, үрім-бұтағының бәрі сондай. Ғажап адамдар! Әкелеріміз «Есенгелдіні көрсеңдер, не айтса соны орындап, көмектесіңдер. Ол артық нәрсе сұрамайды» деп отыратын. Мына екі судың біреуіне отырып, үстіне балшық жағады. Одан шығып қыздырынады. Әбден болған соң жанындағы таза суға жақсылап шайынады. Өзі «Денсаулығыма пайда» дейді… Айтуынша,  дәл осы Жарыпшыққан бойында туыпты. Алғаш шомылған суы осы Жарыпшыққан суы көрінеді. «Үстіме жара, бірнәрсе шықса, жарақаттансам, анам: «Туған жеріңнің топырағы шипа, деп, Жарыпшыққанның бір уыс балшығын алып жағатын» дейтіні бар. Мен кейде, бәлкім, бұл кісі баяғы балалық шағын, ата-анасын сағынғаннан осылай істей ме деп ойлаймын… Жұрт үшін талай ерлік те жасаған адам бұл.

Таңырқаған балаларға ақсақалдың шаруасын солай түсіндірді Қатар ағалары.

  • Қандай ерліктер жасаған, сонда?

Қатар ағалары ұзай бере Қуаныш Бекенге қарады.

– Дәл қазір есімде жоқ. Құм ішінде мал бағып отырған адамдар небір қиындықтарға кез болады ғой… Жалғас жатқан шағылға машина кіре алмайды. Жол жоқ. Біреу ауырады, біреудің малына қасқыр шабады деген сияқты.

– Иә, солай екен-ау!

Күн қызуы қайта «ваннасын» қабылдап келген атай ұзақ отырып шай ішті. Өзінің бала күнінен көп әңгіме шертті. Ал кешкі астан кейін Қатар аға мен оның үй-ішіне, Бекен мен Қуанышқа қолын жайып батасын берді. Ол расында да келгендегіден кәдімгідей әлденіп, тіпті жасарып қалғандай көрінді. Дауысы да қаттырақ шықты. Ата бата бергенде Қуаныш ерекше толғаныс үстінде отырды. Бар өмірін хал-қадерінше адамдарға жақсылық жасаумен өткізген атайға аз-кем қызмет көрсеткені үшін қуанды. «Мен де кездескен жанның баршасына көмектесіп, осылай бата алып жүретін боламын!» деп түйді іштей.

Ертеңіне екі бала келіп жеткен көлікке отырған. Бұлардың ақ ниеттерін біліп, жолдарын қолдағандай Жарыпшыққан үстінде жол сайрап жатты.

                                                                           Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар