Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Доп ойнаған бала - АРҚА АЖАРЫ

Доп ойнаған бала

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбай Төреғожа спорт тақырыбына арналған «Доп ойнаған бала» атты повесть жазып бітірген еді. Онда Еркін деген ауыл баласының спортқа құштарлығы мен құмарлығы баяндалады. Жалпы, қай елде болсын, ересектер спорты, соның ішінде үлкен биіктерді бағындыру балалар спортынан басталатындығы мәлім. Сондықтан, біз бүгін алдағы Спорт күніне орай, осы повесьтен шағын үзінді жариялап отырмыз.    

Құлаттың-ау, жануарым…

 Бұл жаз жаңажолдық балалар үшін жаман болған жоқ. Каникулдың әр күні өз қызығымен өтіп жатыр. Күтпеген жерден бүгін өзі естіген жаңалық та Еркіннің бала көңілін бір көтеріп тастаған. Анасының:

–Төлен ағатайың ауылда бір жылқы малына сөйлесіпті. Соңыра түсте үшеуіміз барып алып келеміз,–дегеніне не айтарын білмей қалды.

–Ура! Рас па, апа? – деді содан соң аптығып, сенер-сенбес күйде.

–Қолға үйренген байтал көрінеді, аман болса, келесі жылы құлындайды, жылқыға өзің қосып, өзің әкеліп отырасың.

Шынында, бертінгі бір арманы да осы еді. Енді бұл да басқа балалар сияқты өз жылқысымен бірде аяңға салып, бірде желіп бара жатады. Әлі Райгүлдердің көшесінен өткенде ол да көріп, көз қырын салып, қарап тұрса ше?.. Бұл болса тізгінді тартып, ондай қызбен амандасуға байталынан жерге түсуге де бақұл.

Тосқанда уақыт та өте қоя ма, қолға алған күнделікті шаруасы да өнбей, қашан түс болғанша елеңдеді де жүрді. Онсыз да көшеге қарағыштай беріп еді, бір кезде тосқан Төлен ағатайы да жетті-ау. Қолында жүген мен тұсамыс. Алдынан шыққан мұның сәлемін алып:

–Мә, саған байғазым,–деп ұстата берді. Сосын анадай жүрген анасына бұрылды:

–Жеңеше, ақшаны санап, салып ал. Қазір түгел беріп, «бісмілла» деп біржола алып келеміз ғой.

Күн шайдай ашық. Биыл жаңбырға сараңдау жаз ыстық болып тұр. Анасы мен ағатайы алда, бұл артта, үшеуі жақсы себеппен көшенің ана басына қарай ұзап барады. Сәлден соң бұйырса, сатып алған байталдары бар, бұл арамен көбейіп оралмақ. Өзі қалағандай, жуас дейді ғой. Мін десе бірден мініп алады әлі Еркін. Мал ұстап көрген ағатайы бұның жылқыға құмарлығын біліп, өзі де солай ұйғаратын шығар.

Үлкендер үйге кіріп кетті, бұл сыртта. Тым бөгелгендей көрінді. Сауданы пысықтап жатыр ма, әлде шайға отырды ма? Бір кезде бәрі шықты. Олжай ағай, ұлы бар.

–Ал, «саудада достық жоқ» деген. Осыған риза боласыздар. Жаман малдың баласы емес. Өсіп-өніп, бір үйір жылқы болуға жазсын.

Мал иесі күмбірлей сөйлеген сайын албардағы тұрқы тәуір қара байтал қайта-қайта құлағын қайшылап, екі аяғын тарпыған күйі мінез көрсетіп қояды.

– Сіздерді бөтенсіреп тұр ма? Жүгенін ауыстырмай-ақ қояйық. Бала кейін әкеп тастар…

Бұларға ықылассыздау байталды екі-үшеулеп ептеп көшеге шығарып, жолға түсіріп алғаннан кейін Олжай ағайы «хош, жануарым» деп қала берді.

–Бізге үйренбей жатқаны ғой, қай жылқы болсын бастапқыда осыны істейді. Сезімтал мал емес пе? – деген Төлен ағатайы жолшыбай.

Бірақ, жаңағы мінезін әкеле жатқан байталдары қояр емес. Түзу жүріп-жүріп келеді де, күрт кейін тартыншақтап тұра қалады. Әйтеуір, ағатайы «шу-шу, жануар» деп еркелете жалынан сипап, көңілін тапқандай болғанда, құтты бір ақылы кірген сияқты қайта орнынан қозғалып кетеді.

Көңілдерінде сол «басымызға жылқы бітті» деген қуаныш. Міне, үйдің алдына да келіп тоқтады. Түскі тамаққа келген Беркін ағасы да тағат таппай сыртта жүр екен. Жылқымен оралған бұларды көріп, күлім-күлім етеді. Әсіресе, бұған қарап:

– Белесепед деп едің, міне, саған одан да дөкейі,– деп қояды.

– Ал, жеңеше, төрт түліктің басы да байланды босағаларыңа. Игіліктеріңе ұстап, қызығын көріңдер. Бұл сендердің малың емес, Әлжан ағам есейгенін көре алмай кеткен мына Еркінімнің малы ғой. Кәне, өзі мініп, көлден суарып келсін,–деген ағатайы тізгінді ағасына ұстатты да, мұны демеп байталдың үстіне мінгізіп жіберді. Сол-ақ екен, қас пен көздің арасында анау аласұрып, мөңкіді де, мұны жерге бір-ақ ұшырды.

– Ә, ә, әй…

Сонда да мұның дауысын елей қоймаған ағатайы:

– Өй, жануар, мұның не, қой, кәне,–деп жүгенді сағағынан қыса ұстап, іле аяғынан көтеріп, екінші рет мінгізгенде әрі құмарлық әрі ет қызулықпен ештеңені ойлап үлгермеген. Алып келген малдары тағы да жаңағы мінезін қайталап, ағасы екеуі аулаға жуырда ғана төсеген қиыршық тасқа топ етіп қатты түскенін ғана білді. Мұндайды күтпеген анасының да жан дауысы шығып, жалма-жан «құлынымдап» ұшықтап жатыр. Екі рет құлау оңай ма? Ауырсынып әзер тұрды. Кейін білді, тас батып, жамбасы қанталап кеткен екен. Осының бәрін көріп тұрған ағатайы да мынадан кейін қолдарына тигені қияңқы мал екенін түсінген болуы керек, шылбырынан жетектеп суға өзі алып кетті.

–Мынау үйреткенін үйреткенімен, әлі арыны басылмаған жылқы, – дегенінде де өзінің құр сөзге алданып қалғаны сезіліп тұр еді. Анасы, Еркіндер де аң-таң. «Асау болса, бұлай неге сатқан?» Көңілдерінде кетпей қойған түйткіл осы. Содан бір апта бойы футболы да былай қалған. Жүрсе болды, денесі ауырады. Амалсыз өзі бірге ойнаған ойынын енді алаңның шетінен тамашалайды.

Ал, алға озып айта кетсек, қара байтал ақыры, бұл үйге мал болып жарытпады. Талай аттың құлағында ойнаған немере ағалары Саржан жыртылған парға да салып, қанша терін алғанымен, икемге көнбей қойды. Ақыры, мініске жарамайтын болған соң, келер жылы көршілерімен бірігіп, соғымға жыққандары анасына, бұларға да ең дұрыс шешімдей көрінген.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

«Былғары доп» және Айжан апай 

 «Мені жерге алып ұрды» деп жануарға ренжуге бола ма, ағасы:

– Әлі үйретеміз. Үйде тұра тұрсын,– деген соң, көмектесіп, жемі мен шөбін бірге салысып қояды.

Бұл денесін ауыртып алып жүргенде балалар арасында «қаладан Әбен келіпті» деген жақсы хабар да лезде тараған. Еркін де онымен сол футбол алаңында кездесті.

–Немене сені аттан құлап қалды дей ме? – деп мұнымен жылы амандасты.

–Иә, малдануға бір байтал сатып алып едік, асау болып шықты.

Мұның сандалмен тұрған аяғына бір қарап қойып:

–Байқа, қазір ойынды да бастаймыз. Егер ойнай алсаң, кетыйыңды киіп ал,–деген «Пеленің» сөзіне қалай марқаймасын. Тосумен болған Әбеннің ақыры келгеніне жалғыз бұл емес, өзге балалардың да қуанышы қойындарына сыймай жүрген сияқты. Әйтеуір, бүгін бойларынан ерекше бір құлшыныс сезіледі.

«Ойнасам, ойнап көрейін» деді іштей Еркін Әбенмен арадағы әңгімеден кейін. «Аяншақтанып жүре берсем, алдағы негізгі ойынға да қатыса алмай қалармын». Сөйтті де күнде осы арада футбол көріп, араларынан шықпайтын жасы кіші Мейіржанды үйіне кетыйына жібере қойды. Өйткені, спортқа арналған осы бір жеңіл аяқ киім бұлардың футбол ойнағанда таптырмас серіктер еді. Өзі біздің елде емес, Қытай мен Вьетнам жақта шығатынын доп тебумен осы кетыйдың кемі бір-екеуін тоздырған мына қатарластарының көбі жақсы біліп алған.

Бұл жолы бәрінің тілегімен ойыншыларды екі командаға Әбеннің өзі бөлді. Ал, «өзім қай командада ойнаймын?» деген сауал туындағанда, екі жақты да ренжітпейтін амалды тағы тауып кетті.

–Мен ойынның бірінші кезеңінде Өжет, сендерде, ал, екінші кезеңінде мына жақта ойнайын, – деп еді, бұл шешімге:

–Дұрыс, дұрыс, міне, әділі солай болуы керек,–демеген бала қалмаған сыңайлы.

Өйткені, бәрі Әбеннің футбол десе жаны екенін, оның көмегімен қай команданың да жеңбей тынбайтынын жақсы біледі. Доп тебудегі шеберлігі мен қай қақпаға да гол салмай қоймайтыны бұрыннан белгілі. Айтуынша, өзі оқитын облыстық мектеп-интернатында да мектеп құрамасында ойнайды.

Бүгін де міне, алаң үстіндегі екі команданың бір доптың соңында шыр-пырлары шығуда. Доп кімде болса, әр тұстан сан дауыс қоса шығады.

–Алға теп, алға!..

–Неменеге тұрып қалдың, Самат, жүгірсейші.

–Молодец! Жақсы қайтардың.

Соңғысы – ойыншылардың қақпашыға деген ризашылығы.

–Кәне сендер бәрің алға қарай барыңдар. Мен допты алысқа теуіп көрейін.

–Ту-у, қандай мүмкіндікті босқа жібердің ғой.

Бұрынғысы жарамай, анада қаладан алдырған осы бір қоңыр доптың соңында ешкім де аянып қалғысы жоқ, тап қазір. Күннің де әлі толық қайтпаған ыстығы бар, көп жүгіргендерден тер моншақтап ағуда. Ойын басталғалы Әбен де қақпаға гол соға қоймағанымен, біресе ана тұс, біресе мына тұста жүзіктің көзінен өткендей лыпып жүр. Міне, өзіне келіп қалған допты ебін тауып, тағы да қаттырақ алға тастаймын деп еді, «бүгінгі ойынға сен төреші боласың» деп өздері орталарынан сайлап алған Әсет аузындағы осы ауылдың бәрі құрымшыдан алатын ысқырығын екі-үш рет қатты шыр-шыр еткізіп, бірінші таймның аяқталғанынан белгі берді.

Осы жолы Еркіннің өз ойынына тақа көңілі тола қойған жоқ. Бәрін айт та бірін айт, Мәскеуде атақты «Спартак» командасының қақпасында ала допты екі рет тулатқан Тимур Сегізбаевтың атын иеленген соң бәрі басқаша болуы керек еді. Дегенмен, қара байталдың кінәсінен бірнеше ойынды өткізіп алды ғой. Содан да шығар. Осылай жорып, бар үмітті екінші кезеңге артқан.

Бұл екі ортада мына жаңалықты қара! Бұлар білмепті, Ташкентте «Былғары доп» жүлдесі үшін балалар арасында бүкілодақтық турнир өтіп жатыр екен. Алдағы сәрсенбіде орталық теледидардан соның шешуші ойынын көрсететін көрінеді. Әй, қаладан Әбен келмесе ғой, бұлар оны да білмейді. Әр үй кемі үш-төрт газет алады, бәрі жүріп, Әбендей соның бағдарламасын да қарамаған-ау. Бір есептен қарап та не қылады, көбінің үйінде телевизор жоқ. Осы ауылда ол әрі кетсе он шақты үйде ғана бар. Сол үйлерден көрген бірен-саран киносы болмаса, Еркін тіпті оған сонша құмартып, қызықпапты да. Одан да өзіне тор көз дәптерінде ойша ойнататын жеті-сегіз командасы, солардан құрастыратын турнир кестесі қымбат. Әлі күнге ондағы өз футбол чемпионатын бір күн көзден таса қылмапты.

Бірақ, бұл жолы таразы басында анау-мынау емес, «Былғары доп» тұрған жоқ па?! Қай үйден көруге болады екен оны?.. Төрден есікке дейін кісі отырса да, ешбір қабақ шытуды білмейтін көрші Қожан ағасының үйінен көретін шығар. Бұл бір уақ соны ойлап кетсе, өздеріне осы хабарды жеткізген Әбен барлығын басқаша жоспарлап қойғанын айтсайшы.

–Біз бәріміз бұл ойынды әр жерде бөлек көргенше, бір жерге жиналып, бірге неге көрмейміз?! Сонда төрт көзіміз түгел отырып, бірнәрсе үйренер едік. Неге десеңдер, бүкілодақтық жарыстың финалына шыққан командалар нағыз мықтының мықтысы ғой,–деген Әбен-Пеленің сөзімен кім келіспесін. Дау айтатын сөздер ме бұл?!

Тек сол ойынды мына құраммен кімнің үйінен көрсе екен? Бала біткенді осы сұрақ қинайтындай. Дегенмен, жаңа ғана соның бәрін  іштей бір шолып өткен Еркін үшін бұл жауап қазірден дайын. Басқалардан бұрын алып-ұшып:

–Қожан ағаның үйі, Қожан ағаның үйі,–деп қалуының астарында бала болса да аңқылдаған ақ көңілімен өзін емес, сол үйдің мәртебесін көтеру жатқандай еді. Тек ананы-мынаны бұдан да тез аңғарғыш, еті тірі Сайран:

–Ол үйде кішкентай бала бар ғой,–деуі мұң екен, мұның ұсынысы бірден күшін жойды. Әркім өз ойымен арада аз-мұз үнсіздік орнап еді:

–Мен таптым,–деген Айбардың даусы саңқ етсін,–Айжан апаның үйі ше? Баласы әперген үлкен телевизоры бар. Өзі жалғыз тұрады. Ол кісіні білесіңдер ғой, бәріміз сұрасақ, ешқашан қарсы келмейді.

Олай ойлап, былай ойлап, ақыры, ойынның үзілісінде табылған ақыл осы болды. Айжан апа ауылдағы сыйлы кісілердің бірі. Күйеуі ерте қайтыс болып, үш баламен жесір қалған. Шаруашылықта аспаз болып істеп, суреті көп жыл Құрмет тақтасында тұрды. Кішкентайынан зерек болып өскен үлкен ұлы қазір Мәскеу қаласында қызметте. Қызы басқа жаққа тұрмысқа шыққан. Кіші ұлы әскерге кеткенде, сол үлкен баласы «бізбен бірге бол» деп өзіне шақырыпты. Анасы көнбеген соң жанына ермек болсын деп осы телевизорды әперсе керек.

Енді міне, Әбен бастап, қалған екі-үш бала қостап, бұйымтайларымен Айжан апаларына келе жатыр. Бүгін күн жексенбі. Бәрін ерте ойластырып қоймаса болмайды. Апалары тауыққа жем шашып, есік алдында жүр екен. Түсі жылы кісі ғой, бұлармен жадырай амандасты.

–Әбенсің бе, қарағым? Е-е, заман-ай десеңші, әке-шешең де бір орны бөлек жандар еді. Әттең, ерте кете барды. Жалған дүние сол, –деді мұңайып.

Осы тұрғандарында іштері біліп тұр. Мына жуырда сыланған үйден де, қора-қопсыдан да ұқыпты қолдың табы сезіледі. Анадай жерде түсірілген бір арба ағаш жатыр. Алдағы қыстың қамы ғой. Бұлар неге келгендерін айтты. Сол-ақ екен, апаларының да елпілдеп жаны қалмады.

–Әлгі баланың керегі жоқ дегеніме болмай әкеліп бергені ғой. Өзін жарытып көріп жатқан мен жоқ. Тым құрыса сендер көріңдерші, айналайындар. Жаңа ғана пешке нан салып едім, жүріңдер, үйге кіріп жылы нанмен шай ішіңдер.

–Апа, бізден де сізге бір көмек болсын. Ертең балалармен келіп, мына отынды бір демде кесіп, үйіп береміз.

«Әй, Әбен-ай, осындайда тауып кетесің-ау, өзің». Апаларына да, Әбенге де риза болған ұлдар бірауыздан «келеміз, келеміз» десті.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар