Қазақстанды басқарған тұңғыш қазақ

Көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтың туғанына – 120 жыл

Кеңес Одағы жылдарында Қазақстанды басқарған тұңғыш қазақ басшысы кім болғанын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. 10 жылға жуық қазақ жерін басқарған Жұмабай Шаяхметовтың туғанына биыл 120 жыл толды. Ұлы тұлғаның мемлекет қайраткері ретіндегі қызметі мен өмір жолы жайлы бүгінгі ұрпаққа үлгі болар деген ниетпен баяндағалы отырмыз.

1900 жылдардың бас кезінде Омбы уезінде бір мыңға жуық қазақ ауылы болған. Олардың бір бөлігі Қазақстанның құрамына көшкендіктен, 1930 жылға дейін даулы аймаққа жатқызылды. Сондай ауылдардың бірі – Жандай ауылы. Болашақ мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметов осы ауылда 1902 жылдың 30 тамызында дүниеге келді. Әкесі Шаяхмет пен анасы Нұрымның Жұмабайдан бұрын Айтмұхамбет деген ұлы болған. Балаларын өсіріп, жетілдіру үшін олар Шарбақкөл ауданының бірқатар ауылдарында мал бағып күнелтіпті.

Жетi жасқа толған Жұмабайды ата-анасы Ащылыкөл ауылдық мектебіне берген. Оны ойдағыдай бiтiріп, Полтавка орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Ғылым мен тілдерге деген бейімділігі ерте жастан дарыған Жұмабай орыс тілі мен татар тілін жақсы меңгеріп алады. 1917 жылы училищені тәмамдағаннан кейін Мәскеудің Шығыстану институтына түсіп, парсы тілін де үйренеді. Алайда, отбасының әл-ауқаты төмен болғандықтан білімін жалғастыра алмай, екі жыл бойы жергілікті байлардың жалшысы болады. Өмірдің ауыртпалығын жастай көрген Жұмабай жақындарынан да ерте айырылады. Әкесі Шаяхмет 1924 жылы қаза болса, анасы Нұрым да араға төрт жыл салып дүниеден озады. Ал, ағасы Айтмұхамбет 1943 жылы шейіт болған екен.

Арғынның Атығай табынан шыққан Тоқтамыс ханның ұрпағы Жұмабай Шаяхметов осылайша қилы заманның қиын кезеңдерінен өтіп, оны санасына сіңірген. Биік зердесі мен пайым-парасаты тұлғалық деңгейге жеткізген. Олай дейтініміз,  Ащылыкөл ауылдық мектебінде мұғалімдіктен бастаған ол Черлак уездік қылмыстық істерді іздестіру агенттігінің облыстық НКВД бастығының орынбасары қызметіне дейінгі жолдан өтпес пе еді, кім білсін?..

Мемлекеттік қызметтің алғашқы баспалдақтары Алматыға көшкеннен кейін басталады. Қазақстан Коммунистік партиясының II съезінде ол Орталық Комитеттің мүшесі, ал, бірінші ұйымдастыру пленумында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттің үшінші хатшысы болып сайланады. Сөйтіп, Халық Комиссариатының жұмысына жауап беріп, өзiнің жiгерлiгі мен қабілетті ұйымдастырушылығының арқасында партиялық жұмыстардың әдiс-тәсілдерін жете меңгерген талапшыл басшы бола білді.

Кейін 1939 жылы Қазақстан Компартиясының екінші хатшысы болып бекітіледі де, тікелей ауыл және мал шаруашылығын басқару мәселелерімен айналысты. Осы кезеңдерде елдің ауыл шаруашылығы дами түсіп, егіс алқаптары кеңейді. Дәнді дақылдарының өнімділігі артып, мал басы көбейді.

Екінші дүниежүзілік соғыс еліміз үшін ауыр сынақ болды. Осы жылдары Сталин КСРО-ның шығысындағы өнеркәсіптік базаны нығайту үшін Қазақстанның әлеуетіне назар аударды. Ол кездері Шаяхметов Гурьев-Орск мұнай құбырын салу, металл сынықтарын жинау жөнiндегi Қазақ КСР бойынша Мемлекеттік қорғаныс Комитетінің уәкілі, Қызыл әскерге жылы киім-кешек жинау жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы болды.

Қазақстанда 100-ден астам көшірілген кәсіпорынды орналастыру, атап айтар болсақ, машина, станок жасау, оқ-дәрі өндіру, химия өнеркәсібі және қара металлургия салаларының пайда болуына ықпал етті. Мәселен, Өскеменде корғасын-мырыш зауытын, Балқашта түсті прокат зауытын, Жезқазғанда марганец, Шығыс-Қоңырат молибден кеніштері мен комбинаттарын iске қосты. Осылайша, Қазақстан КСРО елінің көмір-металлургия кешені бойынша құрамдас бөлігіне айналды. Республиканың жеңіл, тоқыма және тамақ өнеркәсібі де ақсап қалған жоқ. Бұл салалар да едәуір дамып, 50-ден астам көшiрiлген кәсіпорындармен толықты.

Қазақстан бойынша Мемлекеттік қорғаныс комитетін басқара жүріп әрбір құйылған он оқтың тоғызы Қазакстандық қорғасын мен мыстан құйылуын бақылады. Майданды ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде де ерен еңбегін сіңірді. Сол үшін Қазақстан ақшалай сыйлық пен ауыспалы қызыл ту марапатына ие болды. Қазақтың генофондын сақтап қалу мақсатында Сталинге өтініш айтып, көптеген жас қазақ сарбаздарын елге қайтартты. Жұмабай Шаяхметовтің осындай жігерлігі мен қабілеттілігін байқаған Сталин оны «Шығыстың қыраны» деп атаған екен.

1946 жылы Жұмабай Шаяхметов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сол жылы ұйымдастырылған Тушинодағы авиациялық шеруде Сталин өзге де ел басшыларына Шаяхметовтың осы лауазымға ие болған алғашқы қазақ екендігін айтып таныстырған.

Қазақстанды бірінші хатшы ретінде Ж.Шаяхметов басқарған жылдары елде оң өзгерістер орын алды. Оның жемісті еңбектерін оқу-білім, ғылым, мәдениет салалары арқылы көре аламыз. Әрқайсысына жекелеп тоқталар болсақ, Алматыдағы шет тілдер институтын, Шымкенттегі технологиялық институтын, қазақ консерваториясын, Жасөспірімдер театрын ашуға үлес қосса, Орта Азиядағы жалғыз қыздар педагогикалық институтын ашу үшін Сталинге кіріп, рұқсатын алып шыққан. Бұл ретте, әйелдердiң әлеуетін арттыруға ден қойғандығын көруге болады. Олардың көпшiлiгi сол кездегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен тұрмыстық шектеулердің нәтижесінде жоғары оқу орындарына түсе алмағандығы көңіліне қаяу ұялатса керек, білімді тегін алуға да жағдай жасаған.

Ол Қазақстанның ғылымын өркендетуде де аянбай еңбек етті. Ғылым ордасының жылдам шаңырақ көтеруін қалап, құрылыс жұмысын тікелей бақылаған. Алғашқы Академияның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев болды. Ал, академиктерінің қатарын Мұхтар Әуезов, Нығмет Сауранбаев, Нәйлә Базанова бастады.

40-шы жылдардың аяғы мен 50-ші жылдардың басында Жұмабай Шаяхметов қазақ ұлттық интеллигенциясына жасалған қуғынның алдын алуға тырысты. Репрессивті шараларды іске асыруға кедергі жасады. Соның арқасында, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, басқа да зиялы тұлғалар тұтқынға алынбай, аман қалды.

Сонымен қатар, Жұмабай Шаяхметов Кенесары Қасымовқа қатысты монографиясы үшін жазаланбақ болған тарихшы Ермұхан Бекмахановқа да қаншама рет араша түсті. Десе де, өз арамыздан шыққан пәлеқорлар қайта-қайта жала жауып, Мәскеуге арыз тастай беріпті. Тіпті,  «Правда» газетіне дейін байбалам салған мақалаларын жолдап, «Қазақстан тарихы» атты еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлық иегері болған, қазақ тарихшыларының арасында ең алғаш тарих ғылымының докторы атанған көрнекті тарихшыны «Ұлтшыл» деп, бар атақ-марапатынан айырып, түрменің ащы дәмін татқызған.

1950-54 жылдары  Шаяхметов Ұлт Кеңесінің Төрағасы болады. Осы аралықта 1952 жылы Коммунистік партияның XIX съезіне делегат болып, Сталинмен кездескенде, оның республикадағы мал шаруашылығының дамуына қызығушылық танытқанын байқаған. Сол үшін арнайы кездесу ұйымдастырып, Қазақстанда Бүкілодақтық маңызы бар мал шаруашылығы базасын құру, қазақтардың байырғы ісі мал шаруашылығына қайта оралуы жайындағы мәселелерді талқылайды.

Өкінішке орай, бұл бағдарлама іске асырылмай қалады. Сталин дүниеден өтіп, партия мен Үкіметтің жоспарлары мүлдем басқа арнаға қарай бұрылады. Мал шаруашылығының орнына Хрущев Қазақстанның шығысында астық базасын құруды ұсынып, 1953 жылы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті Пленумында «Тың және тыңайған жерлерді игерудің бағдарламасын» жариялады.

Сол сәттен бастап, Хрущев пен Қазақстан Компартиясының басшылары, әсіресе, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов арасында теке-тірес басталады. Ол жайында Батыс биографы Джон Дорнберг өзінің «Брежнев: Личины власти» атты кітабында жазған. Шаяхметов қазақ даласының мал шаруышылығына ғана жарамды екенін айтып, жердің беткі құнарлы қабаты тым жұқа, жаппай жыртылса, көз аштырмас эрозияға ұшырайтынын жеткізумен болған. Бірақ, Хрущевті бұл дәлелдер қанағаттандырмады. Өз естеліктерінде ол Шаяхметовті ұлтшыл деп кінәлап, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы қызметінен айырып, оның орнына Брежнев пен Пономаренконы жібереді. Төрт ай жұмыссыз қалған Шаяхметовті әріптестері оның үлкен жұмыс тәжірибесін, халық пен партия органдарындағы беделін ескере отырып, Орталық Комитеттің салалық хатшысы етіп қалдыру мәселесін ұсынған еді, Хрущев оны қолдамай Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшылығы қызметіне орналастырады.

Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс iстеп жүріп, Шаяхметовтің басы көп ауырып, ми iсiгi бар екені анықталады. Сол себепті, жұмыста үнемi бола алмаған. Мұндай жағдай Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мүшелерінің көңілінен шықпай, Шаяхметовті қатты сынға алды. Пленум шешімі бойынша оны Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен де босатады.

Жұмабай Шаяхметовтің сол кезеңде отбасында орын алған қиындықтар жайында  марқұм журналист, ақын, жазушы-драматург Төлеген Қажыбай «Бұқпа!» газетіндегі мақаласында былай жазады: «Онсыз да басы артық дүние жинамай, тек еңбекақымен ғана күн көрген Жұмекеңнің отбасы қатты қиналады. Жары Майнұр Ғалиқызы құлағындағы сырғасы мен саусағындағы сақиналарын сатып, күнкөрісін айырыпты. Оған Сәбит Мұқановтың бәйбішесі Мәриям апай куә. Міне, сол тұстағы басшылық тұтқасын ұстап отырған елдің көсем-серкелерінің өз қарабастарының мүддесінен мемлекет, қоғам, халық мүддесін биік қоя білген моральдық та, адами да жарқын қасиеттері осындай еді. Бұл бүгінгі жемсауы жарылғанша жеуді, тойынуды кәдімгідей мақсат санайтын шенді шенеуніктерімізге ғибрат боларлық-ақ тағлым ғой».

Бұл мақалада Жұмабай Шаяхметовтің жеке адамдарға тигізген қамқорлығы мен шапағаты шексіз екені бірнеше мәрте жазылған. Атап айтар болсақ, даңқты Калашников автоматы Киров атындағы зауытта жиналған, ал, Матай станциясында тұрған конструктор өз қаруын сарайда сынақтан өткізу үстінде НКВД-ның қолына қолына түскен. Осылайша, әлемге кеңінен тарап кеткен соғыс қаруы – автоматтың ғажап конструкторының басына іс түскенде республика басшысы араша түсіп, аман алып қалған екен.

Осы және өзге де қаситтерін кеш түсінген, сол кездері  КСРО-ның Польшадағы елшісі болып жүрген П.Пономаренко Бурденко атындағы нейрохирургия институтының ауруханасында жатқан Шаяхметовтің көңілін сұрауға келіп, өзінің оған әділ болмағанын, жеткен ақпараттар бойынша жанылысқанын айтып, кешірім сұрапты.

Бірақ, өте кеш еді… КСРО басшылары тарапынан жасалған шабуылдардан Шаяхметовтің сыр берген денсаулығы нығайып кете алмады. 1966 жылдың 17 қазанында алпауыт тұлғаның шамшырағы сөнеді. Артында өзінен екі жыл бұрын бақилық болған жары Майнұр Ғалиқызы екеуінен тараған  бес баласы қалды.

Қазақтың қайсар мінезді ұлы Жұмабай Шаяхметов жеке басының емес, ұлттың, елдің мүддесін ойлағаны жайлы жоғарыда сан мәрте  дәлелдермен келтірдік. Одан бөлек, ақылды, зердесі мен пайым-парасаты мол адамдарға қамқорлығын аямағанын да айтқымыз келеді. Сондай жанның бірі – Дінмұхамед Қонаев еді. Оның зиялылығы мен адамдармен жұмыс істеу кабілеті Шаяхметовті тәнті етіп, Лениногор тау-кен басқармасының директоры болып жүрген Мәскеу түсті металдар мен алтын институтының үздік түлегі Қонаевты СССР Жоғары Кеңесінің депутаты Скворцовқа айтып, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына, ал, бір жылдан кейін, Қазақстанның Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші хатшысы лауазымына ұсынды. Шаяхметов туралы Қонаев өз естелiктерiнде былай деп еске алады: «Өзiнiң iзашарлығына қарағанда, ол ұқыпты басшы және жақсы ұйымдастырушы болған. Оның басшылығымен соғыстан кейiнгi жылдары Қазақстан экономикасы неғұрлым жоғары қарқын алды».

Жұмабай Шаяхметов басқарған жылдарда  мемлекетіміз тарихтағы ең қиын да ауыр кезеңдерді бастан кешкені рас. Соған қарамастан, ол елді бір асудан бір асуға абыроймен алып шыға алды. Бұл қатаң басшылығының жемісі деп білеміз. Сондықтан, мықты стратег, алыстан болжай алатын талантты ұйымдастырушы, бiлiктi басшы бола алған ұлы тұлғаның өміріне тағы бір мәрте жақын үңілейік те оны өзімізге үлгі етейік. Сол кезде ғана өз заманының биік парасат иесінің өлмес өнегесі мен өшпес өрнегі мәңгі есте қалары сөзсіз.

Айгүл Бекетқызы,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар