Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құрудың басында алдағы уақытта өзінің тұрғанын қалаймын

Бүгін (1 қыркүйек 2022 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ»  атты Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Бір үміт, бір күдікпен қарсы алған бұл Жолдаудың толықтай  көңілден шыққанын айтқан ләзім. Ең бастысы әділетті мемлекет құру арқылы біртұтас ұлттық жүйе мен берекелі қоғам құрудың негізгі бағыттары айқындалды. Халқымыз біраздан бері айтып жүрген және де биліктің назарын аударта алмай жүрген біраз мәселелерді ендігі арада шешу қажеттілігінің айтылып, сол бағытта Президент тарапынан нақтылы тапсырмалардың берілуі осыны қуаттайды.

Еліміздегі саяси жаңғырудың ендігі жалғасы экономикалық өзгерістерге ұласуы керектігі өмірдің өзі алға тартып отырған өзекті мәселенің бірі.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: -Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз»-, деді.

Бәрекелді! Халыққа керегі де осы!. Әділдік орнап жатса, қоғам игілігінің қызмет деңгейі жоғары болып келсе, мұқтаж жандарға қолдау мен көмек көрсетіліп тұрса күні ертең-ақ болмағанымыз болып, толмағанымыз толарына деген сенім орнады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бес бағдарлы биылғы Жолдауының біріншісінде жаңа экономикалық саясаттыңың жаңа бағытын ұсына отырып, Қазақстан экономикасы шикізатқа әлі де тәуелді екендігін,  еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз, Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырмағандығын ашып айтты. Әрине, бұл бір күнде қордаланып қалған мәселе болмаса керек-ті. Сондықтан да ұзақ жылғы  бұл өзекті мәселелерді шешу қажет. Бұл-уақыт талабы!

« Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз.Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар»,- деп түйген Қасым-Жомарт Тоқаев соның барлығы да   халықтың әл-ауқатын арттыру сияқты басты мақсатты көздейді. Әсіресе, ұлттық табысты әділ бөлу қажеттілігін қазақстандықтар әлеуметтік теңдік орнықтырудың басты бір кепілі есебінде қарауы да орынды болар.

   Жолдаудың екінші бағдары бойынша  нақты секторды дамытудың негізгі бағыттары мен міндеттері бүгінгі қалыптасып отырған геосаяси жағдайда толық ескеріліп отыр деп санаймыз. Қазіргі кезде түрлі қарулы қақтығыстар нәтижесінде әлемнің дамушы мемлекеттері тарапынан сан алуан санкцилар тұтас әлемнің экономикасын шатқаятатып отырғаны да анық. Осыған орай   шет ел компанияларының  Қазақстанға көше бастауы инвеститиция тартудың жаңа саястатын талап етері анық.Тағы бір өзекті  мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру жайы Жолдауда тегін айтылмағаны анық. Мемлекет басшысының соңғы кездері Иран, Сауд Арабиясы, Катар, Азербайжан мемлекеттеріне баруы және осы елдермен байланысты нығайта отырып, көлік логистикасын жетілдіру жайында ортақ келісімдерге келуі тегін емес-ті. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында: «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады»,-деуі Қазақстан экономикасын дамытудың нақты бір ірі әрі аса маңызды жобалары дер едік. Біз ендігі арада өз өнімдерімізді тек бір ғана мемлекеттің территориясы арқылы тасымалдау тәуелділігінен құтылмайынша тәуелсіз экономика құра алмасымыз анық.

Жолдауда ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі екендігі өте орынды айтылды. «Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес»,-деп Президентіміз субсидия бөлуге және оның жұмсалуына  бақылауды күшейтуді және   ауыл шаруашылық кооперативтерінің алғашқы нәтижелі табыстарын  әр өңірдің ерекшеліктеріне сай бүкіл елге біртіндеп тарату қажеттігіне тоқтала отырып, бұл салада озық технологиялардың әлі де тапшы болып тұрғандығына назар аударды. Игерілмей жатқан жерлерді айналымға қосу,  экономиканың тұрақты дамуына су тапшылығы қатты кедергі келтіріп отырғандығы да осы саланы дамытудың  жаңа да тың бағыттары қажеттігін алға тартқандай.

Мемлекет басшысы атап көрсеткен Қазақстанның  агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуін қамтамасыз ету біздің ауыл шаруашылығы саласын одан әрі құлдыраудан сақтап қалудың бір төте жолы болмақшы. Және де Президентіміз сырттан келетін судың азайып бара жатқандығына, мұның өзі  ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғандығын да жасырмады. «Судың да сұрауы бар» деген атам қазақ бұл мәселеге ежелден ыждаһаттылықпен қарап келсе, осы күні біз су мәселесіне байыпты көзбен қарап отырмыз ба? Бұл орайда Президентіміз « Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы»,-деп өзекті мәселенің арқауын тарата айтып отыр. Және де алдағы уақытта  «Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек»,- деп міндетті нақтылы айқындап берді.

Су мәселесінің өмірлік маңызы бар мәселе деп қарағанымыз абзал. Сусыз тіршілік жоқ дейміз. Жасыратыны жоқ соңғы кездері көз алдымыздағы көлдердің тартылып бара жатқаныдығын көріп те отырмыз. Өзен-көлдеріміз және де лайланып барады. Суды үнемді жұмсау жағына әлі де енжарлықпен қараймыз. Бұл жағдай әрқайсымызды ойландыруға тиісті. Жыл сайын ауа райының өзгеріп бара жатқандығын да айқын сезіп отырмыз. Қазақстанның солтүстік аймақтарының өзінде  жалын атқан   аптап ыстықтар бұрын-соңды болушы ма еді?! Қазір сол болып тұр! Бұл жағдай біздің аймақтың да суға деген сұраныстарын арттыра түсері анық.

.  «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды»-, деген Президент Жолдауының  үшінші бағдары ел болашағына арналған стратегиялық инвеститция негізінде алдағы уақытта медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аударуды  талап етеді. Қазақстан бойынша қазір 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ екен. Президент   осы ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етуге екі жыл уақыт берді. Нақтылы міндеттің бірі осы, міне!

Білім беруді жақсартуды ұлт сапасын жақсарту тендециясымен бірегей қарастыра отырып, Мемлекет басшысы  сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғандығын алдағы кезде « мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деп нақтылы міндетті алға тарты. Сонымен бірге «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс,-деген ойдың да орынды орны бар.

Сонымен бірге алдағы уақытта ең төменгі жалақының 60 мыңнан 70 мыңға дейін жететіндігі,  зейнетақы жүйесінің қайра қаралатындығы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзарту, 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу, «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару сияқты Президент ұстанымы халқымыздың ауқатты да қуатты ұлтқа айналуының бір парасы болса керек.

    Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту жайлы төртінші бағдардың және  заң мен тәртіп жайындағы бесінші бағдардың да жаңа Қазақстан құрудың негізгі өзекті мәселелерінің бірі деп қарастырған абзал.  Экономиканы түбегейлі реформалау үшін басқару ісін қайта жаңғырту және қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету сынды бұл екі мәселенің де біздің демократиялық жолмен дамып, азаматтық қоғамды орнықтыра түсудің басты тетіктері екендігін ұғынамыз.

-Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғым келеді,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев! Бұл бүгінгі күннің ұранды сөзі! Абай хакімнің  «Жұртым-ай бұлғақтамай сөзге түсін»  дегені ойға оралды осы сәтте. Ел бірлігі мен тұрақтылығы тәуелсіздігіміздің кепілі екендігін ұғынатындай болғанымыз да анық!

« Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті!» Президент осыны айтып отыр! Бұл тоқтайтын сөз!

Ашық қоғам, ашық мемелекет құрудың тамаша бір үлгісіндей Пезидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолауында: «Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан, мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді», дей отырып, биылғы күзде Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл қадамның басты мақсатын Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп : «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет»,-деп түйіп отыр. Өте орынды! Сөз жоқ Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екендігі қуантты.

Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталған сәттерде  Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір елдік әрі мемлекеттік маңызы бар тарихи істің басында алда да Президентіміз болып тұрғаны абзал!

                                                                        Жабал Ерғалиев,
                жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қараткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар