Қамданған қапы қалмайды

Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы берекелі далада биыл егін біршама бітік шықты. Енді бірер күннен соң сары теңіздей толқыған далада еңбек көрігі күмпілдеп, қырмандар қызыл дәнге толмақ. Ең бастысы, диқандардың маңдай терімен өнген мол байлықты ысырапсыз жинап алу. Күні бүгінге дейін 2412,1 гектар алқаптың егіні бастырылды. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналуда.

Биыл ежелден астықты өңір санатындағы Ақмола диқандары 8,5 миллион гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Көктем мен жаз өткен жылмен салыстырғанда біршама қолайлы болды. Алқапқа дән сіңірісімен, өңірдің кейбір аудандарында жауын жауып, дер кезінде нәрлендірілді. Дән көз қуантып шыққан кезде де ылғал аз болған жоқ.

Биылғы жылы 17,4 мың гектар жерге картоп отырғызылды. 2,7 мың гектар жерде көкөніс өсірілді. Мамандардың сараптауына қарағанда, картоп азық-түлік белдеуіндегі Нұр-Сұлтан қаласының тұтынушыларын, облыстың ішкі қажеттілігін толық өтеуге жеткілікті. Соңғы жылдары картоптың ерте көктемде қымбаттап кететіні бар. Бұл дақылдың аздығынан емес, картоп қоймаларының жетімсіздігінен. Көктемде оңтүстік өңірдегі картоп дақылы әлі пісіп жетілмейді, солтүстіктегі картоп өсірушілер жинаған өнімін көктемге қаратпай сатып үлгереді. Әйтпесе, бұзылып кетуі әбден мүмкін. Осы бір өліара шақта картоп тапшылығы пайда болады. Әрі ол қымбаттап кетеді. Дақылдың үнемі қолжетімді болуын қамтамасыз ететін қоймалар Нұр-Сұлтан қаласына жақын маңдағы елді мекендерде, ал, шалғайдағы аудандарда мұндай қоймалар жоқтың қасы.

Демек, екінші нан есебіндегі картоп дақылының дүкен сөрелерінде молынан тұруы әрі бағасының тұрақты болуы үшін қоймаларды көбірек салған дұрыс. Оның үстіне картоп егетін жері, суаратын суы бола тұра, ауылдағы ағайын да өзін-өзі осы дақыл түрімен молынан қамтамасыз етуге құлықсыз. Ауылдағы ағайынның немкетті тіршілігіне байланысты айтылатын «көктемде бір қап ектім, күзде бір қап жинап алдым, ешқандай шығын шыққан жоқ» делінетін ащылау әзілдің астарында шындық бар. Бұрын қала тұрғындары дақылдың бұл түрін ауылдан тасыса, қазір ауылдағы ағайын қап-қап картопты күзде қаладан сатып алады. Негізі, бұл бір мықтап ойланатын мәселе. Әйтпесе, кез-келген ауылда картоп және көкөніс өсіруге әр отбасына он сотық жер табылатындығы анық.

Егін шығымдылығы топырақ құнарлылығы мен ылғалға тікелей байланысты екені белгілі. Үстіміздегі жылы мамыр-шілде айларында өңірге 11,6 миллиметрден 68,2 миллиметрге дейін ылғал түсті. Өткен жылғы көрсеткіш биылғыдан әлдеқайда аз болатын. Қазір ауыл шаруашылығы мамандары егіннің 75 проценті өте жақсы деп бағалап отыр. Қалған көлемнің 25 проценті немесе 1,2 миллион гектары қанағаттанарлық.

Өткен қуаңшылық жылы егіннің жағдайы биылғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен болып еді. Демек, қазір тұтастай алғанда гектар берекесі 10-11 центнерге жетіп, 5 миллион тоннадан астам дәнді дақыл жинауымыз мүмкін деген меженің жүзеге асуына толықтай мүмкіндік бар. Ерте көктемнен бері ылғал түскенімен, ол өңірдің барлық жерінде біркелкі емес. Мәселен, Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы, Астрахан, Целиноград, Ерейментау аудандары биылғы жылдың өзінде қуаңшылықтың ащы дәмін татып отырған өңірлер қатарында. Бұл аудандарда алдын ала есепке қарағанда, гектар берекесі 6-12 центнерден айналуы ықтимал. Кейбір жекелеген алқаптарда 15-17 центнерге жетіп қалуы мүмкін. Қара топырақты алқаптарға егілген бидайдың 13-19 центнерге дейін өнім беруі мүмкін.

Әр жыл сайын ауа райы қатаң сынына алып келеді. Дегенмен, агротехникалық шараларды мұқият әрі уақытылы өткізген диқандардың несібесі кем болмайтындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Мұндай оң мысалдар А.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен қоян-қолтық жұмыс істейтін шаруашылықтарда көптеп кездеседі. Мәселен, «Нұр астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылғы құрғақшылықтың өзінде гектар берекесін 18 центнерге жеткізді. Астрахан ауданындағы қара қызғылт, құнарсыздау топырақтың өзінде гектар берекесі 15 центнерге жуықтады.

Целиноград ауданындағы «Кең дала» серіктестігінің диқандары табиғат тарылғанда да гектар берекесін 12 центнерден айналдырды. Бұл мысалдар нені көрсетеді? Алдағы уақытта егін шаруашылығы бағытындағы озық технологияларды мейлінше дұрыс, кеңінен қолдану қажет. Бәлкім, қуаңшылықтың қысымына сонда ғана төтеп беруіміз мүмкін. Соңғы жылдары құрғақшылық қаупі күшейе түсуде. Осындай уақытта азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін ғылымға иек артпай, береке дендемейін деп тұр. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде 35 градустан жоғары ыстық күндер де болды. Осындай тәуекелді сәт озық технологияларды оңтайлы қолдануды талап етеді.

Сандықтау ауданындағы жыл сайын мол өнім алып, айдарынан жел есіп тұрған «Максимовское», «Свободное» серіктестіктері сапалы, табиғат қолайсыздығына төтеп бере алатын дән тұқымдарын сіңіруде. Жыл сайын мол өнім  алып жүрген Атбасар ауданындағы «Әріп Агро» серіктестігінің тәжірибесіне үңіліп қарайтын болсаңыз, түпкі нәтиженің толымды болуы тұқымнан екенін түйсінесіз.  Биыл серіктестік 5,5 мың гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірген. Алқаптарға 4 түрлі тұқым егіліпті.  «Қарабалық» шаруашылығынан алынған «Августина», «Любава-25» және Ресейден жеткізілген «Саратовская-73», «Силач» тұқымдары. «Балапанды күзде санайды» демекші, жоғарыда айтылған төрт тұқымның қайсысы қаншалықты тиімді екендігі биыл көрінбек.

Ырыздықты ысырапсыз жинап алу жоғары жауапкершілікті қажет ететіндігі белгілі. Күзгі жауын-шашыны мол өңірде шалт қимыл үшін қажетті техниканың сақадай сай тұруы айрықша маңызды. Биылғы егін орағынаастық жинайтын 8,7 мың комбайн қатыспақ. Әр жыл сайын мүмкіндігінше машина-трактор паркін жаңалауды межелеп отырған диқан қауымының қолында 4,4 мың жоғары өнімді комбайндар бар. Бұл да күзгі сынаққа қамданып отырған диқандар үшін көңілге медеу. 2021 жылы мұндай комбайндардың саны 3,7 мың ғана болғандығын ескерсек, бұл орайдағы техника қуаты жыл сайын артып келе жатқандығын көруге болады. Астық тасымалдайтын 4,8 мың автокөлік сапқа тұрғызылған.

Осы тақырыпты қаузағаннан кейін жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жалпы құны 35 миллиард теңге тұратын 1025  ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғандығын айта кетуіміз керек. Оның 265-і қуатты тракторлар, 134-і алымы кең астық комбайндары, 74-і егістік кешендері. Осы орайда ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан мол қамқорлық жасалып отырғандығы белгілі. Сол көмектің арқасында ел ырыздығын еселеуге талпынған диқандардың жағдайы соңғы жылдары көп-көрім жақсарып қалды. Машина-трактор паркінің жақсаруының арқасында күзгі егін орағының уақыты азайып, өнімді еңбектің өрісі кеңейе түсуде. Өңір диқанары тәулігіне 250 мың гектар жердің өнімін жинап алуға қол жеткізген. Дәл осы есепті ескеретін болсақ, жан алып, жан беріп, қауырт қимылға көшетін жауапты кезең 21 күнде аяқталуы әбден мүмкін екен.

Күзгі қарбаласта жанар-жағар маймен қамтамасыз етілу де зор маңызға ие. Әр қас-қағым сәті қымбат күзгі науқан ойдағыдай өтуі үшін өңір диқандарына 83 мың тонна кепілді дизель отыны бөлінген. Оның 37 мың тоннасы Павлодардағы, 46 мың тоннасы Шымкенттегі зауыттардан жеткізілмек.Зор еңбекпен жиналған дәннің ысырапсыз сақталуы да мейлінше ескерілген. Қазір өңірде 70 астық қабылдау кәсіпорны дайын тұр. Онда 4,7 миллион тонна дән сақтауға болады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 2 миллион тоннадан астам астықты сақтайтын мүмкіндік бар.

Қазір облыс  диқандары егін орағына ішінара кірісіп кетті. Алғашқы 112,6 мың алқаптың дәнді дақылдары жиналып алынуда. Әзірге гектар берекесі 9 центнердің көлемінде. Әйтсе де, жалпы егіннің жайын көңіл таразысына салған білікті мамандардың болжамына қарағанда, ырыздық еселене түспек.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар