Жол жүргенге бітеді немесе өңірлерімізге жақсы жолдар керек

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айрықша мән берілді. 

Президент Жолдауында: «Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім» деп атап көрсеткен. Мемлекет Басшысы айрықша мән беріп отырған жол жайы күрделі, қаны шығып тұрған тақырыпқа айналғалы қашан. Жұртшылық тарапынан жиі айтылатын өкпе-наз да осы жолға байланысты туындап жатады. Өңірде жалпақ жұрт пайдаланатын автомобиль жолдарының ұзындығы сегіз мың шақырымнан асады. Оның үш мың шақырымға жуығы республикалық маңызы бар жолдар, ал, 5600 шақырымы облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың санатында. Көбіне осы жолдардың сапасыздығы, кейбір елді мекендердің арасындағы жолдың мүлдем тозып біткендігі туралы аз айтылып жүрген жоқ.

Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде. Ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен 60 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Таразы басына тартсаңыз, аз ақша емес екендігі көзге ұрып  тұр. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана саралайық. Мәселен, 2021 жылы облысқа жолдарды жөндеуге 37 миллиард теңге қаражат бөлінгенде, жол азабын тартып жүрген жұрт бұл тіпті түске енбейтін қомақты сома ғой деп таңдай қағысқан. Ал, үстіміздегі жылы қаржылық қолдау көлемі былтырғы деңгейден 1,8 есе асып түсті. Осыншама мол қаражаттың уақытылы игеріліп, кәдеге жаратылу жайы алаңдатады. Жылды еңсеріп, қыркүйек айының жартысына жетіп қалсақ та, бөлінген қаржының жартысына жуығы ғана игерілді. Жыл соңында асығыс салынған, қарбалас атқарылған жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіндігі де белгілі.

–Жолдарды жөндеу үш сатыға бөлінеді, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков, – күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары. Соның ішінде ең күрделісі жол негізін салу. Бұл жұмыс асфальт жамылғы төсеуге қарағанда әлдеқайда мұқияттылықты талап етеді. Әдетте маусым-шілде айларында жолдардың негізін дайындасақ, тамыз-қыркүйек айларында ауқымды асфальт төсеуге жұмыламыз. Бұл жұмыс көп қаражатты, қыруар техника күшін қажет етеді. Үстіміздегі жылы қазан айының соңына дейін мемлекеттен бөлінген қаражатты толық игереміз.

Өңірде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу Нұр-Сұлтан қаласына іргелес қоныстанған елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың кешенді жоспарына кіретін бірнеше бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаға Аршалы, Шортанды және Целиноград аудандары еніп отыр. Сондай-ақ, Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту, «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында жаңа жолдарды салу жобалары іске асырылуда. Бұл арада жол құрылысы өте қымбатқа түсетіндіктен, сапаға мейлінше назар аудару қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеге ел Президенті де назар аударып отыр.

Жолдауда да қадап айтылды. Жол сапасы бес сатылы бақылау арқылы тексерілетіндігін айта кетсек артықтығы   болмас. Таратып айтқанда, тапсырыс беруші – техникалық қадағалау – авторлық қадағалау – мердігер ұйымдардың зертханасы және жол активтері сапасының ұлттық орталығы. Міне, осынша сүзгіден өтіп, қадағалау күшейтілген сайын мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржының дұрыс игерілуіне бақылау барынша күшейтіліп отыр. Ендігі арада кемшілікке жол берілмейді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы шарт жасасқаннан кейін арнайы кесте түзіліп, салынып жатқан жолдардың сапасын ұдайы тексерістен өткізеді. Жамылғы материалдардың қалыңдығын тексереді.

Үстіміздегі жылы облыс жолшылары жалпы ұзындығы бір мың шақырым жолды жөндеуден өткізуді межелеп отыр. Бұл арада асфальт жамылғы төсеу ғана емес, қиыршық тас төсеу арқылы жөндеу де көзделген. Жөндеу барысында көктемгі қызыл су жүрген кезде су өткізетін құбырлар да жөнделмек. Бұл өте маңызды. Көктемгі су тасқыны кезінде жолдардың жиі бұзылуы да осындай құбырлардың болмауы немесе бітеліп қалуынан. Үш өңірде көпір салу міндеті тұр. Атбасар, Есіл аудандарындағы көпір жұмыстары өткен жылы басталған. Ал, Бұланды ауданындағы көпір құрылысы биыл қолға алынып отыр.

–Келесі жылы осы нысандарды толық аяқтап, тапсырамыз, – дейді басқарма басшысы Владимир Кулаков, – ел көпір құрылысының аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Қазір көпір болмағандықтан ондаған шақырым артық жол жүріп, бейнет шегуде. Олардың көңіл-күйін жақсы түсінеміз, дегенмен, көпір құрылысы өте күрделі жұмыс.

Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты кейбір құрылыс материалдарының күрт қымбаттап кетуі қолбайлау болуда. Мәселен, алдын ала жасалған меже бойынша арматураның бір тоннасы 150 мың теңге көлемінде деп есептелсе, қазіргі нарықтағы баға 450 мың теңгеге жеткен. Бір көпірдің құрылысы шамамен 500 миллион теңгеге жүргізілуі керек болса, енді 900 миллион теңге қажет.

–Сондықтан күн ілгері жасалған жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге мәжбүрміз, – дейді басқарма басшысы, – тағы да қосымша қыруар қаражат қажет болады. Ең бастысы, есіл уақыт текке кетеді де, аудан тұрғындары тарапынан өкпе-наз айтылады. Егер дәл осындай машақат болмаса, көпірлердің құрылысымен биыл аяқтап, пайдалануға берер едік.

Бүгінгі таңда облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 82 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Демек, 20 пайызы нашар немесе мүлде нашар деген ұғымды береді емес пе?! Жол қысқы сақылдаған сары аязда, көктемгі алапат су тасқынында бұзылады. Соның ішінде ауыл шаруашылығы техникаларының, нақтырақ айтқанда, 40-60 мың тонна жүк артқан ауыр жүк көліктерінің залалы туралы да айта кетсек, артықтығы болмас.

Орташа деңгейде жөнделген жөндеу жұмыстары мұндай зілбатпан ауыр салмаққа әрине төтеп бере алмайды. Биыл жөндеген жолдың арада бір жыл өтпей, келесі жылы бұзылып жатуы да сондықтан. Әсіресе, көктемгі және күзгі лайсаң кезде жол негізі ылғалдың әсерінен сәбидің еңбегіндей былқылдап, босап тұрған кезде ауыр жүк машиналары талқандап тастайтындығын көз көріп жүр. Бірақ, басқарма тарапынан бұл мәселені шешуге тетік жоқ екен. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, сан мәрте облыстық прокуратураға, тіпті ұлттық қауіпсіздік комитетіне және министрлікке ауыр жүк көліктерінің қозғалысына мүмкіндігінше тыйым салып, баламалы жол мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жасаған екен.

–Бұл мәселе өте күрделі, – дейді басқарма басшысы, – кешегі кеңес заманында салынған үшінші, төртінші және бесінші санаттағы жолдарымыз 60 тонналық ауыр жүк көліктеріне арналмағандығы белгілі. Жөндеу жұмыстары барысында 15 сантиметрлік негіз қаланып, оның үстіне 5-6 сантиметр қалыңдықтағы асфальт жамылғы төсейміз. Бұл қалай шыдасын? Алдағы уақытта бір жайлы етіп шешпесек, салынған жолдар істен шыға беретін болады.

Бәлкім, мұндай мәселелердің туындауына асфальт-бетон зауыттарының да қосып отырған «үлесі» бар шығар. Жол құрылысына осы зауыттардың өнімдері пайдаланылатындықтан, сапасына көңіл аудару қажет емес пе? Қазір облыс орталығында үш асфальт-бетон зауыты жұмыс істеп тұр. Ақкөл, Есіл қалалары мен Астраханка, Жалтыр ауылдарында да бірнеше зауыт бар. Нұр-Сұлтан қаласының маңында да ұсақ зауыттар топтасқан. Әрине, ауыр көліктердің ауыртпалығын жоққа шығармағанымызбен, осы зауыттардың шығарып жатқан отандық өнімінің сапасына да мейлінше назар аудару қажет.

–Тамыз айында битум жетіспеушілігі орын алды, – дейді басқарма басшысы, – бүгінде битумның бір тоннасы 260 мың теңгеге сатылуда. Ал, біздің бұрынғы сметада 140-160 мың теңге көлемінде деп есептелген.

Тұрғындар шағымы негізінен Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Целиноград, Аршалы аудандарының тұрғындарынан түседі екен. Бұл аудандардағы елді мекендердің қатары күн санап өсіп келе жатқандығы белгілі. Мәселен, осыдан 10-15 жыл бұрын Целиноград ауданындағы Талапкер ауылында он мың тұрғын болса, бүгінде бес есе өскен. Демек, жаңадан қаншама тұрғын үйлер салынып, көшелер түзілді. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, үлгеру қиын. 2015 жылы жолдың 10 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге жоба жасалса, қазір ол көлемге 100 шақырымды қосу керек. Бұл маңда Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ыбырай Алтынсарин, Жібек жолы ауылдары қарқынды өсіп келеді.

Бір жақсысы,  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге үлкен демеу болып тұр. Мысал келтіре кетелік, өткен жылдары Зеренді ауылының ішіндегі жолдар осы бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өткізіліп, тәп-тәуір жақсарып қалды. Сондай-ақ, Сандықтау ауданында да қыруар жұмыс атқарылды.

Тіршіліктің күретамыры біртіндеп жақсарып келеді. Тек мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаражаттың әр тиынын тиімді жұмсап, жол сапасын жақсартсақ болғаны. Сонда ғана белден асқанша белің үзілетін мың шұңқырлы жолдан арылатын боламыз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар