Ас атасын қадірлей білейік

 Елімізде бірнеше жылдан бері 16 қазан – Нан күні арнайы атаулы күн деп белгіленіп, жүйелі аталып өтуде. Оның зор мағынасы бар. Өскелең ұрпақты асты қадірлеуге, оның ішінде ас атасы нанды құрметтеуге үйрету, еңбек адамына деген ықыласты арттыру болып табылады.

Иә, қазір заман басқа, түсінік-пайым да сол заманға қарай өзгере түскен. Әйтпеген күнде бұрнағы жылдары ешқандай атаулы мереке болмаса да, еңбектеген-баладан бастап, еңкейген-қарияға дейін нанға зор құрметпен қарады емес пе? Нан қоқымының өзі қасиет екендігін бала кезден естіп өскенбіз. Ал, қазіргі жағдай қандай? Өкініштісі,  жаһандану заманына ілесеміз деп өз балаларымызға өзге ұлттың ұстанымын сіңіріп жатырмыз-ау!

Көбіміз жауқазын жастарға «ешкімнің сөзіне мән берме, алдымен өзіңді ойла, ұялма» дегенді айтып жүргеніміз де жасырын емес.Ал, қазақ баласын «ұят болады» деген ұстанымды алға тартып, тәрбиенің басы осы сөзбен сабақтас екендігін құлағына сіңіріп өсірген. Өзгеге еліктейміз деп өз болмысымыздан айырылып қалып жатырмыз-ау! «Обал болады!», «Ұят емес пе?!», «Нан жерде жатпасын!»  деген сөзді естіп өскен бала жаман болмайды-ау, сірәда. Ал, біз осындай қарапайым сөздердің астарында ұлттық құндылық жатқандығын қалай ғана ұмытып кеткенбіз…

Сонау ілкі заманнан бері қазақ халқы ысырап, обал, ұят  деген сөздерге зор мән берген. Ата-бабамыз өз ұрпағына ысырап деген сөздің мағынасын күнделікті тіршілік барысында өз үлгісімен көрсете білген. Өзгені айтпағанда, ысырап болмасыншы деп бала-шағасына нан қоқымын қадірлеуді де үйреткен. Ал, бүгінде нан қоқымын айтасыз, тұтастай нанның бөлігі аяқ асты қалып жатыр. Осындайда сан ғасырлар сорабынан кейінгіге мұра боп жеткен кейбір ұлттық құндылықтар бүгінде өз өміршеңдігін жоғалтқан-ау деген ойға қаласың. Қоқыста ас атасы нан түгілі шырылдаған шаранаға дейін керексіз жатыр-ау! Жанды ауыртатыны да осы!..

Иә, мұның барлығы тойымсыздықтан. Әрине, жамандық шақырудан аулақпыз, дегенмен бір үзім нанға зар болған уақыт ұмытылды. Тоқ заманда өскен бала нан қадірін білмейтіні анық. Кей сәтте тәубеңе келуің үшін тарихқа үңілу де артықтық етпейді. 1929-1931 жылдардағы аштықты көрмесек те, тарих беттерінен кейбір деректерді оқыған сәтте жан түршігеді. Қайран қазақ басынан не кешпеді? Басқасын айтпағанда, саяси қуғын-сүргін, зұлмат жылдарын, екінші дүниежүзілік соғысты да, Хрущевтің пәрменімен жүгерінің нанын да жеген күндерді басынан өткерген. Нан үшін ұзын-сонар кезекте телмірген, грамдап, мөлшерлеп,  талонмен сатып алған күндерді де жақсылыққа балай алар ма екенбіз? Тоқсаныншы жылдары қуырылған бидаймен күн көрген сәттер де болды ғой.  Иә, осының барлығын өз басыңнан өткермесең де, тамырыммен жалғасқан ата-бабамның, шыққан тегімнің тағдырымен сабақтас болған жайттар деп, сол қиыншылықтың енді қайтып қайталанбауы үшін алдымен бүгініңе тәубе ету керек-ау!

Бір ғана мысал, өткен жылы жауын-шашын болмай, қуаңшылық болды.Осының өзіне үрпиіп, үрейленіп қалды дүйім жұрт. Алдымен ауылдағы малсақ қауымнан құт қашты. Ауылдың берекесі кетсе, елдің де берекесі ортаятыны анық. Жемшөптің бағасы аспандады, нанның бағасы күрт қымбаттап кетті. Бірақ, Аллаға мың шүкір биыл ел қамбасы ақ бидайға толы, берекелі жыл болып тұр. Қалай дегенмен де, бір жыл болмаған жиын-теріннің зардабы күні бүгінге дейін сезіледі. Себебі, өткен жылы күрт көтерілген баға әлі түсе қойған жоқ.Қайта өзімізде өсірілетін астықтан пісірілетін нан бағасы аспандап кетті. Бұл кейде халқымыздың тарапынан орынды реніш те туғызбай қоймайды. Осыған қарамастан, біз әлі де ысырапшылмыз. Қоқыста бөлкелер домалап жатпаса да, тілім-тілім нан табан астынан табылуда.

Қазақ «Астың кепиеті атпасын» дейтін. Біздегі тілек те осы!..

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар