Кешегі ит басына іркіт төгілген кеңес заманында да жалпақ жұрт «нан болса, ән де болады» деп айтушы еді. Бүгінгі күні де төрткүл дүниеде бір үзім нанға қолы жетпей, зар болып отырғандар аз емес қой. Дархан даланың бар данышпан ой-түйінін тұла бойына тірнектеп жинаған дана халқымыз обал деген ұғымға бас иетін.
Сол ұғымның астарындағы кәтепті қара нарға жүк боларлық мазмұн-мағынаны ұмытып бара жатқандығымыз көңілге кірбің түсіреді. Ауыл жұртын қайдам, қалалықтардың кейбір қылығына қарағанда иманың қасым болады емес пе?! Кейде ас атасы – нанды көрінген жерге тастап, тіпті шімірікпей басып өтетін бір кесел жайлап бара жатқандай әсер етеді маған. Егер бұл сөзіме шүбә келтіретін болсаңыз, көп қабатты үйлердің маңына, аулаларға қойылған қоқыс тастайтын жерге барып көз салсаңыз жеткілікті. Апырым-ай бұл тоқшылықтың да адам пейілін бұзар салқыны болады екен-ау. Әлгі жәшіктердің жанынан жартылай желінген, тіпті қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, мұрты бұзылмаған нан өнімдерін көресіз. Таяуда өзіміздің бір ағайынға ескерту жасадым. Ол болса:
–Ақсақал, онда тұрған не бар, мен өз ақшама сатып алғанмын, – дейді.
Енді біреуі:
–Ештеңе етпейді, құстар жеп қояды, – деп жауап қатады.
Ал, облыс орталығындағы дәмханаларда қасиетті нанның қоқымы қалай болса солай шашылып жатқандығын көргенде, жаныңды қояр жер таппайсың. Өздерінің әбес ісін жуып-шайғысы келгендер:
–Ештеңе етпейді, қаңғыбастардың несібесі ғой, – деп тіл безейді.
Қазіргі жастардың ұғымына қарап таң қалатыныңды несін жасырасың. Үлде мен бүлдеге бөленіп өскен бойжеткенге күнделікті дастарханға қойылатын нан бидайдан жасалады деп өсіп тұрған егіннің сабағын көрсетіпті. Сөйтсе әлгі бойжеткен:
–Қойыңызшы, мынау шөп емес пе? – деп таң қалады екен.
Осы бір мысалдан-ақ бүгінгі жастардың ой-өрісін, дүние-танымын аңғаруға болады. Нан қадірін білмеген адам осылай сөйлемек. Ал, біздің арыдағы бабаларымыз басқаша түсінген. Ертеректе үлкендер нан турағанда, балаларға нанның қоқымын алақандарына толтырып салып беріп, осыны жеп қойсаң бай боласыңдар дейтін. Ондағы ой жеткіншектің жетесіне ас атасы – нанның қадір-қасиетін сіңіру, обал-сауапты ұққызу. Бір өкініштісі, ілкіден халқымызбен бірге жасасып келе жатқан осындай мазмұн-мағынасы мол салт-дәстүр селкеу тартқандай.
Жаратқан ие Алаш жұртына Алтайдан Атырауға дейінгі байлыққа бөгіп жатқан иен даланы берді. Сол даланың басты байлығы – талайға талғажау болып отырған нан. Санталай қиын-қыстауды басынан өткізген ел тарихында бір үзім нанның бір жанды аштықтың арандай ашылған аранынан аман алып қалып, кейін іргелі елдің қатарына қосқан оқиғалары аз емес. Жаратқан ие ондай күннің бетін аулақ қылсын. Дегенмен, нан қадірін өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген аға толқын ғана ұғып қалмай, кейінгі жастар да түсінуі керек.
Өз өмірімнен бір ғана мысал келтіре кетейін. Щучье ауданындағы Успено-Юрьевка астық қабылдау кәсіпорнында табаны күректей 16 жыл бойы үздіксіз еңбек еттім. Сол кезде астықты алқаптан жеткізілген дәнді қалай сақтап, қалай тазартып, кептіретін жұмысты көрдім. Аптал азаматтар шыдай алмайтұғын, айрықша күш-жігерді қажет ететін алапат еңбек. Біз бүгін сондай еңбек адамдарын қадірлеуді былай қойып, сол еңбектің нәтижесінде ақ дастарханымызға жеткізілетін нанның бағасын біле бермейміз.
Атам қазақ ешқашан нанның өзі түгіл, титімдей қоқымын баспаған. Оны айтасыз, ел аузында «нанның үстіне шығып Құранды алуға болмайды, Құранның үстіне шығып нанды алуға болады» деген. Қандай ғаламат сөз!
Енді нан қалдығын қалай пайдалануға болады? Осы тұрғыдан өзімнің бір ауыз пікірімді айта кетейін. Қоқыс жинайтын орындарда нан қалдығын жинақтайтын ыдыс қойылса, оны мал асырайтын фермерлер жинап алып отырса бір кәдеге жарар еді. Кім білсін, ғылым-білім озып тұрған қазіргі заманда қайта өңдеп, мал азығына жаратуға әбден болады емес пе?! Қалай болған күнде де нан қадірі жан қадірінен бір мысқал кем емес екендігін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Ойлы оқырман обал деген жалғыз ауыз сөздің мағынасын ұмытпаса екен.
Амангелді БЕКҚОЖИН,
еңбек ардагері.
Көкшетау қаласы.