Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Келбеті хас сұлудай сылаң қаққан - АРҚА АЖАРЫ

Келбеті хас сұлудай сылаң қаққан

Жұмыр жердің бетіндегі жұмақ кейіптес «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі таулы, орманды, күміс көлдердің эко жүйесін қамти отырып, тарихи-археологиялық және ұлттық-мәдени ескерткіштерді сақтау мақсатында 1996 жылдың сәуір айында құрылған болатын. Қазір өз міндетін мінсіз атқарып, қайталанбас табиғи бітім-болмысты сақтап отыр.

Көз ұшында көгілдір сағымға оранған, егіз жаратылған қос шоқы қылаң береді. Сырлы сымбаты арудай әсем, етегінен ұшар басына дейін мәңгі жасыл қарағайлармен көмкерілген, ара-тұра кезігетін қолдың саласындай ақ қайыңдармен ажарланған Айыртау шоқысы. Біз ат басын іріккен Айыртау ауылынан батысқа қарай беттесеңіз, қалың жынысты қақ жарып өтетін жол осы шоқының іргесіне жетектеп алып келеді. Жеткенше қос қапталыңыздағы кілкіген ғажайып көркемдікке көз суарасыз. Жіліктің майындай ауасы қандай таза, мөлдір. Көкірегіңді керіп, жұта бергің келеді.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Шоқы шаншыла біткендіктен ұшар басына шығу қиын. Сәл-пәл тәкаппарлау тәрізді ме қалай? Қойындаса жаралғандықтан егіз шоқы бір-бірінен айнымайтын тәрізді. Зер салып қарасаңыз, оң иығы, біресе сол иығы биіктеу болып көрінеді. Қозыкөш жерден жатағандау болып көрінгенімен, дәл жанына келіп жоғарыға көз салсаңыз, тақияң жерге түсердей биік. Ел ішінде Айыртау шоқысы туралы әдемі аңыз да көп. Соның бірін айта кетелік. Есте жоқ ескі заман. Масатыдай құлпырған, қойнына құт-береке дарыған, топырағына кие байланған, табиғаты тамылжыған Алаш даласына кімдер қызықпаған. Көк темірді құрсанған сыңсыған қалың қол төніп келді дейді.

Мына жерді, осынау ғажайып өлкені бауырына баспақ. Әйтсе де, ел болған соң ерлері болмақ. Ер болған соң елі мен жерін қорғамақ. Осы төңіректі жайлаған қалың елдің ішінде ағайынды жаужүрек екі батыр бар екен. Қара бұлттай тұтасып келген қалың жауға қарсы ат жалын тартып мінуге жарайтын азаматтың басын құрап, қарсы шығады. Күн соғысады, түн соғысады. Әйтсе де, туған жердің топырағын зұлым жаудың табанына таптатпаймыз деп шыбын жанын шүберекеке түйіп, ел қорғаған ағайынды екі жігіт садақ оғынан мерт болады. Әлде періште көңілдегі елге деген, жерге деген пейілдің әсері ме екен, жай ғана жоғалып кетпей ағасы үлкен, інісі кішкентай шоқыға айналып кетеді.

Міне, бір-бірін құшақтап, бауырына басып тұрған қос шоқы осы Айыртау шоқысы. Оңынан қарасаң бірі, солынан қарасаң екіншісі биік көрінетіндігі екеуі де теңдес, күш-қуаты бір-біріне пара-пар, мақсат-мұраты да, асыл арманы да ортақ батырлар. Жай тұрған жоқ, биік-биік қарағайлармен ұшар басын меңзеп, аппақ қайыңдарының жасыл жапырағымен сыбдырлатып сыр шертіп, қойнында өскен, өркен жайған қалың елге өз еліңді, өз жеріңді дәл біздердей сүйе біл, қорғай біл деген терең ойды меңзеп тұрғандай.

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Айыртаудың қос қапталына тырбиып тал өсіпті. Баяғы қара ниетті жау қолының қара қаны судай шашылған топырақта өскен өскін дейді. Ал, бергі бет қырық күн шілдеде қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта жидекке тұнып тұрады. Салт атпен ағаш араласаңыз, ат тұяғы жидектің сөліне қып-қызыл болып боялып қалар еді. Нәрлі, тәтті жеміс. Ел қорғаған қыршын жастардың опат болған алқабына өсіп шыққан, сондықтан нарттай қызарып тұрады дейді білетіндер.

Көкшетау қаласынан алпыс шақырым әрірек, оңтүстік батысқа қарай кілемдей құлпырған құйқалы өңірді алып жатқан саябақтың жалпы көлемі 182076 гектар. Ұлттық парктің құрамына Зеренді, Шалқар, Имантау, Айыртау атырабының таулы, орманды алқаптары мен күміс көлдері кіреді. Сөз арасында парктің негізгі міндеттерін бір ауыз сөзбен айта кетелік. Алдымен осы атадан балаға мұра болып қалатын таңғажайып табиғат кешендері мен мөлдір сыры мелтектеген мәдени мұралардың ғажайып ансамбль құрап тұрған бірлігін сақтау, ғылыми әдістемелік негіздерді енгізу, тарихи-мәдени кешендерді мейлінше сақтау. Бұл өлкеде сирек кездесетін, тіпті мүлде азайып бара жатқан табиғи ағзалар бар. Қымбат қазына. Тағы бір айта кетер жай, табиғат ескерткіштеріне бай. Туристерді де тартатыны сондықтан. Қазіргі заманның туристері күміс көлге шомылып, майда құмға аунағаннан гөрі ежелгі замандағы ел тарихын білмекке құмар. Ал, олардың сұранысын өтеп, көкіректеріне рухани қазынаны толайым қотарып беруге дәл осы парктің мүмкіндігі мол.

Міне, 300 метр биіктікке барып екіге айырылатын, бірақ, етегі ортақ, негізі бір жымдасқан Айыртау шоқысы дәл осындай табиғаттың өз қолымен бар мүмкіндігін сарп етіп тудырған ажарлы ескерткіші.

–Тасаралды көрдің бе? – дейді парктің бас директоры Ербол Сағдиев, – дархан табиғаттың ғажайып ескерткіші емес пе? Біз осындай жерімізді қадірлей білуіміз керек. Жалғыз өзіміз емес, өскелең ұрпақты да туған жерін құрметтей білуге баулып, олардың көкіректеріне сүйіспеншілік сезімін ұялатсақ, ілкіден келе жатқан әр нәрсенің қадірін білер қасиет сабақтастығын табар еді.

Міне, мынау Тасарал сұлулығын сипаттауға тіл жетпейтін табиғаттың ғажайып бір мүйісі. Ғалымдардың пайымдауына қарағанда, жаңбыр мен желдің әсерінен пайда болған. Экзотикалық жартастар, әртүрлі пішіндегі тастардың суретін адам сала алмас еді.  Сондықтан да, табиғат атты дананың, табиғаты атты шебердің құдіретіне бас иесің. Аралда итмұрын, таңқурай, қарақат тәрізді өсімдіктер өседі. Ту сонау етегінен ұшар биігіне дейін қылқан жапырақты орман көмкеріп, сұлулық сипатын елден ерек әрлендіре түскен. Қолсозым жерден кәдімгі қарағай  бұтақтарын иіп, сәлем бергендей болады. Міне, мынау сақалды қайың, ұйыса біткен шие ағашы. Әншейінде тұқымын қара жердің қойнауына сіңіріп, баладай мәпелеп күтсең үйдің жанында өсер-өспесі белгісіз таңқурай. Күміс көлде сужылан бар дегенде, ішімізді тартып қалдық. Естігеніміз болмаса көрмеппіз. Әрі кәдімгі сұржылан деген әсірелеп айтқанда қадам басқан сайын кездесетін сияқты.

–«Көкшетау» дендропаркінің негізі 1904 жылы қаланған, – дейді Ербол Болатұлы, – одан бері қанша заман?.. Осы бір қамқорлықтың арқасында көркем табиғатымыздың сұлу жүзіне сызат түспей сақталып қалған. Айыртау филиалы Сырымбет-Түкті орманшылығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Дендропарктің жалпы аумағы 28,9 гектар жерді құрайды. Жүз жылдық тарихы бар парктің екпе ағаштарына үнемі бақылау жүргізіліп отырылады. Табиғи қайың шоқтар негізінде әртүрлі бұта тұқымдас ағаш егу де қолға алынған. Алғашқы отырғызу жұмыстары 1904-1905 жылдары жүргізіліпті. Қазір мұнда қарағай, шырша, балқарағай, қайың, көктерек, ұсақ жапырақты жөке, терек, татар үйеңкісі, үшкіл жапырақты үйеңкі, алма және майқарағай өседі. Бұта тұқымдастардан сары акация, жұпаргүл, күнжара, таңқурай, қара және алтын түстес қарақат, аюбадам, тошала және басқа да түрлері бар. Тағы бір айта кетерлігі, дендропарктің оңтүстік-батыс жақ аумағында 1962-1963 жылдары отырғызылған жеміс бағы бар екен.

Сөз арасында парктің жануарлар мен өсімдіктер әлеміне өте бай екендігін айта кетелік. Бір ғана омыртқалы жануарлардың фаунасы 293 түрді құрайды. Сібір тайгасына жататын жануарлар түрлері де мол. Мәселен, бұлан, сілеусін, орман сусары, ақкіс. Сондай-ақ, мұнда құр, борсық, елік жиі кездеседі. Ал, суы мөлдір көлдерде су егеуқұйрығы, су ондатры мекендейді.

Солтүстіктің қатал екендігі белгілі. парктегі қыруар аңның қыстан қысылмай шығуы өз алдына бір міндет. Сондықтан, ағаш арасын қар қалың басқан кезде қажет болатұғын аң азығы да ерте дайындалады. Биылғы жылы 267,3  тонна шөп, 253 мың дана азықтық бұта буындысы дайындалыпты. Минералды қоректендіру жайы да ойластырылған. Диқандардан астық қалдығын сатып алмақ. Ит тұмсығы өтпейтін қалың ормандардағы бұлан, бұғы, қабан, қоян сақылдаған сары аязда табиғат жанашырлары жинаған азықпен қоректеніп, қатал қыстың қырынан жүдемей шығады. Негізінде парк қарашаның 15-інен бастап жабайы жануарларды қоректендіруді бастайды. Парк аумағында жабайы жануарларға арналған 200-ден астам астау, 243 сортаң, 34 арнайы жабдықталған қоректендіру алаңқайлары бар.

Ұлттық табиғи паркінің аумағында қарағайлы орман флорасының 36 түрі бар. Бір айта кетерлігі, олардың көбі сирек кездесетін, қорғауды қажет ететін өсімдіктер. Атап айтатын болсақ, қырықжапырақтылар, сүйсін тұқымдастар, алмұрт шөптері, терістік жалманағы. Оған Имантау көлінің аралында өсетін қазақ аршасын қоссаңыз, өсімдіктер әлемінің қаншалықты бай екендігін аңғаруға болады.  Дәл осы жерден алмұрт шөп пен еуропа жылқы шөбін кездестіресіз. Көкшетауда ғана емес, елімізде сирек кездесетін су шырмауық, тас қарақат, алтай ұшхаты, мойыл, шәңгіш те бар. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген көктем жанаргүлі, сазқазанағы, кәдімді шолпан кебіс, ірі гүлді шолпан кебіс, қырғыз қайыңы, бұғы кладониясы, ақтұңғиық, сарғылт жуа, дөңгелек жапырақты шықшөп тәрізді өсімдіктер бар. Осы бір сирек дүниеге жатаған жебірді, кәдімгі мыңжапырақты, түймешетенді қоссаңыз, парк аумағының қаншалықты бай екендігін түйсінер едіңіз.

Табиғи ескерткіштер туралы көп айтуға болады. Соның бірі – Зеренді көліндегі Көкарал. Ғалымдардың болжауына қарағанда, Зеренді көлінің суының азаюына байланысты ІХ ғасырда түбекке айналса керек. Көкарал туралы көркем аңыз өте көп. Бір-біріне ғашық болған қос ғашық  қосыла алмапты. Себеп, ата-аналарының тіл табыса алмауы. Енді қайтпек, жалғыз амал қашу. Қашқанда қай жерге барып паналамақ. Әрі-бері ойласа келе, құстың ұясындай жып-жылы, жастардың көкіректеріндегі әдемі сезім  тәрізді салтанатты Көкаралға бет алулары керек. Осылай ұйғарған екі жас Көкаралды мекен етеді. Арал да өзінен пана іздеп келген жастарды бауырына тартыпты. Өсіп-өнсе керек. Екі жастың ыстық махаббатынан нәр алды ма екен, көгілдір мұнарға бөленген Көкарал одан сайын әдеміленіп, ажарлана түскен деседі. Осы бір әдемі аңыздың астарынан табиғат пен адамның ажырамас бірлігін көруге болады.

Уақыт шаңқай түске таяп қалған. Нарттай қып-қызыл күннің көзі Тасқазанның иығына ілініп тұр. Төңіректің бәрі күннің қызыл жалқын шапағына бөленіп, мамыражай күй кешкен. Сәулелі салтанат арайланып тұр. Құтты еліміздің болашағы  тәрізді!..

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар