Асыл әке

Әке жүрегі таудан үлкен,
Ана жүрегі теңізден терең.
(Халық даналығы).

Адамзат баласы үшін, әкеден асқар биік, асқан тұлға жоқ шығар.  Отбасының тірегі, ұл-қыздарының қорғаны бола жүріп, еліне ес, жұртына жаға болып, халқының ардақтысына айналған әкелер қаншама. Осындай ұрпағына жанашыр, еліне адал азамат Амангелді Әбілдаұлы Смайылов туралы өз ұлы Бауыржан Амангелдіұлы сыр шертеді.

Әкем 1942 жылдың 24 қарашасында Целиноград облысы Астрахан ауданы Жарсуат ауылында дүниеге келген. Әкемнің әкесі Әбілда атам еліне қадірлі, халық құрметтеген, жұртына жөн сілтеп, жол көрсетер ағайынның ақылшысы болған. Әбілда атамның әкеме дейін көзінің ағы мен қарасындай Сәматай және Зағила есімді қос қызы болды. Ал, атам екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда, әкем анасының құрсағында қалған екен.

Жалтыр стансасынан атамды майданға шығарып сап тұрғанда, он жасар қызы Сәматайға «егер анаң ұл туса – Амангелді, қыз туса – Тыныштық деп қойыңдар» деген аманат айтыпты.

Әжеміздің ай-күні жетіп, өмірге сәби келгенде, атамның аманатын орындап, азан шақырып Амангелді деп ат қояды. Бірақ, өкінішке қарай, атамыз майданнан оралмады. «Іс-түссіз жоғалған» деген хат қана келді. Қайда жерленгені де беймәлім.

Соғысқа қатысқандар туралы мәліметтерді тіркейтін түрлі порталдар пайда болған соң, ғаламтордың көмегімен іздеу салдық. Мәскеуде Кеңестік дәуірден бері келе жатқан «Подольский» деп аталатын әскери мұрағат бар екен. Сол архивтен атамыздың Смоленск облысында орналасқан «Жауынгерлік қорымда» жерленгенін білдік. Бауырым Жанболат өзге елдегі атамыздың қабірін зиярат етіп арнайы барып келді. Кең дүниенің қай жерінен топырақ бұйырса да атамыздың жатқан жері жарық болсын деп бүгінгі ұрпақтары біз әрдайым тілеп отырамыз!

Ананы жесір, баланы жетім қалдырған аты өшкір соғыс талай шаңыраққа қайғы әкелді, талай жанды боздатып, қасірет шектірді.  Әжем де жастайынан үш баламен жесір қалды. Әкем қос әпкесінің соңынан ерген жалғыз ұл болғандықтан, кенжесі болып еркелеп, кішісі болып назданбай, өмір көріп ерте есейеді.

Мектеп бітірген соң шопырдың оқуын оқыды, оқи жүріп түрлі жұмыстарды істеді. Ер жеткен шағында, ел қатарлы әскерге барды. Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде анамызбен танысып сөз байласып, әскерден оралған соң 1966 жылы анам екеуі шаңырақ көтереді.

1967 жылы дүниеге отбасының тұңғышы, мен келіппін. Жас әке сырттай автомобиль жолдары техникумын бітіріп, механик болады. Біраз тәжірибе жинап, білікті маман ретінде қалыптасқанда, гараж меңгерушісі (завгар) болып тағайындалады. Одан кейін бөлім басқарушысы болады. Еңбек ете жүріп, сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін сырттай оқып, Жарсуат совхозында бас агрономы лауазымында қажырлы қызмет етеді.

1981 жылы қызмет бабымен Теңіз ауданының ауыл шаруашылығы басқармасына бас агроном болып келеді. Өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып, басқармада жарты жыл абыроймен қызмет етеді. Содан 1982 жылы Алматыдағы Ауыл шаруашылығы министрлігінен тағайындау алып, «Талдысай» совхозының директоры қызметіне кіріседі.

Бойындағы бар күш жігерін арнап, совхоздың дамуына ерекше үлес қосты. Ұйымдастыру қабілетіне риза болған ауыл тұрғындары әкемнің барлық бастамаларын толық қолдайтын. Өзі басшылық еткен жылдары әкеміз әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлді. Ел тұрғындарының жағдайын жақсартып, ауылдың дамуы жолында үлкен жұмыстар атқарды. Сол жылдары ауыл ішіндегі көше жолдары күрделі жөндеуден өтті, ел «диско-клуб» атап кеткен Мәдениет үйі іске қосылды. Өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарап, адал еңбек атқарды.

«Талдысай» совхозын халық сол кезде қой өсіретін совхоз  ретінде жақсы білетін. «Ел басқарған әкеміздің жұмысы жақсы жүрсе
екен», – деп барлығымыз шамамыз келгенше қолғабысымызды тигізуге тырыстық.

Әкемнің бойындағы асыл қасиеттің бірі, ешкімді жатсынбай, артық-кемін санамай, көңілі түзу ағайынның барлығымен жақсы араласатын, көпшіл жан еді. Үйімізге әкемнің әріптестері, жолдастары, ағайын-туыстарымыз өте жиі келетін. Салимаш анам да соған сай, қонақжай болды, мейман қарсы алғанды ұнататын, дастарханы жаюлы, көңілі дархан еді.

«Қырықтың бірі қыдыр» – дегендей шаңырағымызға келген ағайын жақсы сөздерін айтып, бізге баталарын беріп жататын. Біздің осылай өсіп өркендеуіміз де көптің батасы деп білемін. Анамыз қызмет жасай жүріп, қазақ әйеліне тән үй жұмысын қатар атқарып, оқуымызды қарап, тәрбие беріп, өмірге бейімдеді. Әкеме жақсы жар, бәрімізге аяулы ана, берік пана болды. Әкеміз ел ағасы болғасын, анамыз соның бір жағына шығып, көмекші болды.

Ата-анамыз бізді білімге, адал еңбекке баулыды, «адам бол», – деп тәрбиеледі. Мен мектепке бірінші сыныпқа барғанымда, ауылдың кітапханасына қолымнан жетектеп алып барып, сол жердің қызметкерлерімен таныстырып, бос уақытымда кітап оқуымды талап ететін. Өзінің оқыған кітаптарын, сондағы жазушылардың шығармаларын әңгімелеп айтып, мені көп оқуға талпындыратын.

Бала болсақ та «еңбек ету арқылы ғана өз арман мақсатыңа қол жеткізе аласың», – деп өсиет сөзін жиі айтып отыратын. Әкемнің ақылы біздерге өмірлік сабақ болды. Ауыл баласында жұмыс біткен бе!? Бала күнімізден Жарсуат ауылында жүріп қой қырқып, сәл есейген соң, шөп  шабуға шығатын болдық. Кейін де жаздық каникулдарда ауыл балаларымен ел қатарлы әкелерімізге көмектесетінбіз. Солай қара жұмыстарды жасап, еңбекпен есейдік, бүгінімізге де сол еңбекпен жеттік.

Балалықпен жасаған шалалығымыз болса, анамыздың «әкелеріңе айтамын» деген бірауыз сөзі сабамызға түсіретін. Сәл кемшілігімізді, қателігімізді қабағынан байқап, қайталамауға тырысатынбыз. Нағыз тұлғалық қасиетті, кісілік мінезді, әкелік мейірімді, азаматқа тән аласармайтын асқақтықты, бәрін әкеміздің бойынан көретінбіз.

Сөзіне берік, ісіне адал, біздерге үлгі болған асқар тау әкеміз 1985 жылы сырқаттанып, 42 жасында дүниеден озды. Жақсы адамның фәниден көшіп мәңгілік мекеніне қайтқанда қабырғасы қайысып, жаны ауырмаған кісі жоқ шығар. Әкемнің жақсылығын көріп, көзі тірісінде қатар жүрген ағайын-достары «сенің әкең өз қатарының әкесіндей еді ғой», – деп біздерді көрген сайын батасын беріп жүреді.

Әке атына кір келтірмей, жақсының ұрпағы деген атқа лайықты болу маған да көп жауапкершілік артты. Адам өзі дүниеден өтпейінше қайтыс болған ата-ананың алдындағы міндеттері тоқтамайды. Мәңгілік мекеннен жай тапқан жанға жарық дүниеде жүрген ұрпағының қандай міндеті бар десеңіз?! Марқұмның ағайын-туыс, дос-жарандарымен қарым-қатынасты үзбеу. «Әкең өлсе де көзін көрген өлмесін», – деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Сондықтан мен де әкемнің бірге жүрген аға-бауырлары, әріптес-достарымен араласып тұрамын.

Әкем дүниеден өткенде олар да бізден жақсылығын аяған емес. Солардың бірі, қайраткер тұлға Қайреден Карбайұлы Карбаев болды. Ол кісі Теңіз ауданын басқарып тұрған кезде әкемнің қабілетін байқап,  қасиетін танып, қолдау көрсеткен. Ағасындай ақылшы, ұстазындай жанашыр болды. Бүгін де соңында қалған ұрпақтарымен ағайындай араласып кеткен, әкеме адал дос болған ел ағасы Қуаныш Махмұтұлы Алпысбеков. Әкем өзіне жақын тартып, азаматтығын құрметтеп, сыйласқан бауыры Сансызбай Сейітжанұлы Есілов. Ақыл-кеңесін айтып, қашанда кең дария көңілін көрсетіп жүретін ағалары Кенжетай Рахымұлы Досаев және Болат Зарыққанұлы Заханов. Әкеммен Теңіз ауданында қатар жүрген үзеңгілес замандастары, елдің дамуы жолында әр салада лауазымды қызметтер атқарып, халықтың құрметіне бөленген айтулы азаматтар Аманжол Жазыұлы Жазин, Серік Әлімұлы Әлімов, Айтмағанбет Жанділдаұлы Мұқышев, Амангелді Құсайынұлы Құсайынов, генерал Амангелді Шәріпұлы Жармағамбетов, Ғалымжан Қожағапарұлы Қожағапаров, Тлеуберген Тойымбекұлы Малғаздаров, полковник Тұрарбек Бағаналыұлы Мұсахметов, Қалымтай Оразбекұлы Қазыбаев, Жанбай Жұмабайұлы Қанафин, Еркеғали Темірғалиұлы Есенжолов есімді ағаларымыз әкем үшін де, мен үшін де ардақты, бар құрметке лайықты тұлғалар.

Осындай жақсы адамдармен жанасып жүретін, көпшіл, жаны жомарт, әкемнің ғұмыры қысқа болды. Құдай ұзақ ғұмыр бергенде талай биіктерді бағындырып, асқақ асулардан асар еді деп ойлаймын. Әкемнің қазасынан кейін бар жауапкершілік пен ауыртпалық анамыздың иығына түсті. Мен сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институты экономика факультетінің бірінші курсын бітіріп, әскерге кеттім. Оралған соң, оқуымды аяқтадым. Институт бітірісімен Целиноград ауданы «Рассвет» совхозында бас экономист боп жұмысқа орналастым.

Менің осы экономика саласын таңдауыма да әкемнің ықпалы болды. Бала болсам да менімен ашыла сөйлесіп, азамат көріп ақылдасып отыратын. Бірде әкеме, мен мектеп бітіріп сіздің жолыңызды қусам, өзіңіздей агроном болғым келеді дегенім де, ұлдарының болашағына үлкен үміт, мол сеніммен қарайтын әкем «егер тілімді алсаң экономика саласына бар, жақсы экономист болсаң еліңе де, өзіңе де пайдалы, қандай қызметті де алып кете аласың» деп жөн сілтеді. Сөйтіп, әкемнің аманатын ақтап, осы салада қызмет ете бастадым. Жұмыс бабымен ауыл, аудандарға барғанымда, бір көрген адамдар «сен Амангелдінің ұлысың ба, әкеңнің бізге мынадай жақсылығы өткен еді, азаматтығын көрген едік» деп маған құрмет көрсетіп жататын. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген осы шығар.

Жарынан жастай айырылып, біз үшін ғұмыр кешкен анамыз бәрімізге үлкен өмірге жолдама берді. Кейінгі жылдары облыстық тұтынушылар одағының универсалдық базасында заңгер болып жұмыс жасады. Біздің еңбекке араласып, үй болғанымызды көрмейінше тыным таппады. Біз есейгенше ол кісіге оңайға соққан жоқ. Мені және бауырым Жанболатты үйлендірді. Алғашқы немерелерін көрді, бауырына басып, есімдерін қойды. Өмірлік жары, қайран әкем қайтқанда қатты қайғырғаны әлі есімде. Соның бәрі денсаулығына әсер етпей қоймады. Анамыз әкемнен кейін 8 жылдан соң, 1993 жылы 49 жасында өмірден өтті.

«Төбемде ұшып жүрген бақыт құсы, Анасыз сірә маған жақындарма»  – дегендей, ананы аңсаумен, әкені сағынумен өмір тоқтаусыз өте берді.
Ата-анамыздан еңбекқорлықты, терең тәрбиені, мейірімді, көпшілдік пен досшылдықты көріп өстік. Соған тәуба дейміз.

Әке-шешеміз өмірден ерте өтсе де, жаратқан иеміз ұрпағымен мың жасап, өсіп-өнсін деді ме, артында жолын жалғар ұлдары қалды. Ел қатарлы есейіп, халыққа қызмет етіп келеміз. Біздің бүгінгі әр жетістігіміздің артында  ата-анамыздың адал еңбегі, ақыл-парасаты тұр.

Асыл әке, ардақты ана, мәңгілік мекендеріңіз жұмақ болғай!

Бауыржан СМАЙЫЛОВ,
Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар