Олқы соқпайтын дарын

«Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасында ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбайдың 80 жылдығына арналған «Өшпес дарын» атты портрет кеш өтті.

Кештің мақсаты оқырмандарды «Төлеген Қажыбай менің ұғымымша, орта деңгейдегі жақсы ақын емес, биік деңгейдегі ғажап ақын» деп белгілі жазушы Сәкен Жүнісов айтып кеткеніндей, шыншыл да сыршыл ақынның өмір жолымен және шығармашылығымен таныстыру, ұлттық әдебиетке деген қызығушылықтарын ояту.

Іс-шараға №8 мектептің 5 сынып оқушылары қатысты. Кітапханашы жазушының өмірбаяны жәнешығармашылығымен таныстырды. Төлеген Қажыбаев – сегіз қырлы, әмбебап шығармашылық жолынан қол үзбей, қырық алты жыл «Коммунизм нұры», «Көкшетау правдасы», «Солтүстік Қазақстан», «Арқа ажары», «Көкшетау», «Бұқпа!» газеттерінде жауапты қызметтерді үлкен іскерлікпен атқара жүріп, сүйікті халқына поэзиясы, прозасы, драмасы бар отыздан астам кітап ұсынып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер. Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтың иегері, «Құрмет» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Кеш барысында сөз кезегі ақынның өлеңдеріне берілді. №8 орта мектептің 5 сынып оқушысы Айлана Амангелдиева «Көктем эскиздері»,  7 сынып оқушылары Дильяра Өтелбай «Ақынға», Толғанай Бегалы «Бурабай»,  8 сынып оқушысы Нұрсұлтан Дәлелбеков «Қызыл қурай» өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Балалар әйгілі ақынның сөзіне жазылған «Әгугай домбыра» әнін тыңдады.

Ақын Төлеген Қажыбай балаларға да «Құлыншақ», «Балдәурен» өлеңдерін арнаған. Әнін композитор Ерлан Ташев жазған «Балалығым балғын шағым» әні де көңілдерінен шығып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жер шоқтығы Көкшетау қаласының 185 жылдығына арналған  «Көкшетау туралы толғаныс» өлеңінен, «Қарасай-дастан» кітабынан үзінділер оқылды. Кеш соңында балалар назарына қажырлы қайраткер, тамаша драматург, прозашы Төлеген Қа­жыбай шығармаларымен таныстыратын кітап көрмесі ұсынылды. Ақынның поэзиясы балаларды отансүйгіштікке баулып, патриоттық сезімдерін оятатынына сенімдіміз.

                                   Алтын ИЛЬЯСОВА,
 «Достар» мәдениет сарайы жанындағы
Көкшетау қалалық үлгілі кітапхананың кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар