Суреткер Байқал

Құйғытқанда арғымағым,
Оза берер екпінімен.
Баспасөзінде қазақтың,
Соған тектес сені білем.

Автор.

Азаматтыққа берік, достыққа адал, өз жұмысына аса зор жауапкершілік, үлкен талаппен қарайтын қазақ журналистикасының көрнекті өкілі Байқал Байәділовпен бірге қызметтес болып келе жатқанымызға көптеген жылдардың жүзі өтіпті. Бұл жылдар Байқалдың қандай жігіт, ішкі жан дүниесі, бұл өмірде ұстанған мақсат-мұраты не, мына бірде аптыққан, бірде бастыққан тіршілікке қандай көзбен қарайды, қаламгерлік жолы, ойы, шүкір, ешкімнен кенде емес бойы не дейді, міне, осының бәріне бағамызды жұптатар, пікірімізді ұштатар мүмкіндік те беріпті. Бірге еңбек етіп, қатар жүрген адамыңды несінен танисың? Өзінен, сөзінен, алдамайтын көзі мен ісінен!

Жабал Ерғалиұлы ағамыздың орынды жерінде екі-үш рет айтқан, мақаласында да жазған бір тұсы бар. 2005 жылы алғаш Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне басшы болып келгенінде бас редактордың кабинетінде жарық болмай, төбедегі электр шамының орны бос тұрады. Неге десеңіз, бұрынғы редактор басқа бөлмеде отырып келгендіктен, бұл кабинетке кісі аяғы баспағалы көп болған. Әлгі жерде ағамыз«Байқал, электригің бар ма, болса маған жіберші» деп сол кезде облыстық телерадиокомпанияны басқаратын Байқал Байәділовке хабарласады. Сөйтіп, содан кейін барып қана кабинеттің жарығы жанады.

Бұл Байқалдың елге, әріптестеріне жасаған жүздеген жақсылығының бірі. Осы қарапайым мысалды келтіріп отырғанымыз, сөзімізді енді ғана бастаған Байқал есімді азаматтың қысылғандаәрқашан алдымен арқа сүйеуге болатын кісілік биік тұлғасын, оған деген ағалар сенімін бірден аңғарта кету.

Бір қызығы, әрі Тәңірдің бергені де шығар, бұрынғы Көкшетау облысында бір өзі қазақ журналистикасына бірнеше қаламгерден берген құтты ауылдар бар. Айталық, қазір Солтүстік Қазақстан облысына қарап кеткен Қарағаш ауылынан кемі бес-алты жазушы-журналист шыққан, Зеренді ауданында да бұрын бір  – «Ленин жолы» кеңшары болып тұрған үш ауылдан білдей төрт журналист қанат қаққан. Ішінде белгілі ақыны да бар. Осы Зерендінің Ортақ, Айыртаудың Дәуқара, Қарақамыс ауылдары да солай. Соңғы екі елді мекеннің, яғни, кезіндегі  бір шаруашылықтың топырағынан түлеп ұшқан журналистері бірнешеулеп саналады. Бұларға әрине, Көкшетаудың іргесіндегі Жылымдыны қосамыз. Одан да осы саладағы азаматтар дегенде, ат арымаған. Зеренді жерінде бір үйден жазушы апамызды қоса алғанда, үш журналист шыққан керемет өнегені де әлі айта алмай жатырмыз. Кейде образды түрде алып қарасақ, осы біз атаған ауылдардың тіс қаққан журналистері-ақ бір-екі үлкен газетіңді  түк болмағандай шығарып жүре берер еді. Мұның бәрін неге сөз етіп, белгілі жайды тағы бір қайталағандай сыңай танытып қоямыз?..

Құрметті Байқал Қайырлыұлы!
Сізді мерейлі 60 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіздей қарымды қаламгер, аяулы азаматты Ақмола, Көкше өңірлерінің оқырман жұртшылығы жақсы біледі. Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» өндірте жазатын меншікті тілшісі ретінде есіміңіз қалың қазақ еліне де жақсы танылып отыр. Мұнымен бірге, әр жылдары ұлт баспасөзінде бірқатар басшылық жауапты қызметтер атқарған танымал тұлғасыз. Алдағы уақытта да осы биік абырой-беделіңіз арта берсін!
Бүгінгідей айтулы күні асқаралы алпыс жасыңызға Сізбен бірге қуана отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр және ұрпағыңыздың қызық-қуанышын тілейміз. Алар биіктеріңіз әлі де мол болып, табыстан табысқа жете беріңіз!
Ізгі ниетпен,
«Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы.     

Бар гәп Байқалдың да сол сөз өнері қонған Қарақамыс атты ауылда кіндік қаны тамып, қасиетті топырағында аунап-қунап өскендігінде ғой. Өзі біздің көбіміз, тіпті бәріміз сияқты, «сөз дертімен бала күнімнен ауырдым, пәленше класта оқып жүргенде анда-мында хат-хабарымды, өлеңімді топырлаттым» деп айтпайды. Сондықтан, өзінен сұрамаған соң қай жаста, қай шамада оған осы сөз қасиеті қонғанын дөп басып аңғару қиын. Қазіргі ешкімге дес бермес, алымдылығы мен шалымдылығына қарағанда, біздің бір білетініміз әйтеуір, сол өнер оған алабөтен мықтап қонған. Бұл арада аңдысын аңдып, тартынатын ештеңеміз жоқ. Турасына, ақиқатына келсек, Байқал мына өмірдің сантарау жолынан саналы түрде таңдап алған, бәлки, тағдыр солай жазған журналистикада, оның барлық жанрында оқшау талант. Оған кешегі, бүгінгі күннен де дәлел, айғағымыз көп.

Бірақ, солай дейтұра, осы салаға біздерден кейінірек, мүмкін, арадағы азын-аулақ жылды есепке алмасақ, белгілі бір уақыт өлшемі – жариялылық, одан тәуелсіздіктің бастау тұстарында қатарлас келген оның да бір бағы, журналистиканың бастапқы сабақтарын небір марқасқа ағалардың алдынан алуы еді. Ол аға буын жайшылықта ақкөңіл, жайсаң көрінгенімен, жұмысқа келгенде талапшыл, қатал болатын. Аяулы жандарға қатал деген сөзді де қиыңқырамай, артық көріп, осы арада басқа бір келістілеу теңеумен тігісін жатқызғың-ақ келгенімен, «біз үйреніп қалсын, нанын адал тапсын, жазғаны жерде қалмасын» деген ізгі ниеттері соған, темірдей тәртіпке саятын-ды. Сол үлкендер тезінен, газет жасаудың, газет шығарудың толымды мектебінің өзінен өткен талапты жастардың бірі осы Байқал болатын. Ағалардың жылы алақаны, ақ тілеуі өзгелер сияқты оны да үйренерліктей, есте ұстарлықтай тәлімге жетеледі. Журналистік кәсіп дегеннің не екені, оның бетінен қалқу мен жеңіл-желпілілікті, арқаны кеңге салуды ешбір көтермейтіні, басқа да ыстық-суығы ойына күн санап орныға берді. Өзі де алғашқы беттен талпынып жаза түсті.

Күнделікті редакциялық тапсырмаларды екі етпеуі өз алдына, дайындаған хабар-ошары, көлемдірек мақалалары болсын, бөлім меңгерушісі алдынан өзіне қайра қайтып келмеуі үшін бар күш-жігерін салды. Әрине, газет жұмысына араласарда бұрынғы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының филология факультетінде оқып жүріп жазған тырнақалды дүниелері де таразы басына тартылғаны белгілі. Соған қарап, артқан үміт кейін өз нәтижесін бермей қоймай, Байқал Байәділов атты тағы бір жаңа есімнің де облыстық «Көкшетау» газетінде күн өткен сайын жиі көрініп, оқырмандар назарын аудара бастаған кез еді ол. Бір жағынан бұған жас журналистің тілінің жаттықтығы мен ойының айқындығы, өз жұмысына шын ықыласымен берілуі де оң әсер етпей қоймағаны анық. Өзгелер де байқағанындай, осы бір жаңа қызметкердің бойындағы сөз қорының молдығы, қай жанрға қайрап салсаң да, қолынан келерліктей қабілеті бары, жалғыз қара сөзге ғана емес, ақындыққа, әдемі әзіл-қалжыңға да ыңғайы келіп тұрғаны оны газет жұмысының бар саласына араласуына, сол кезде басылым бетінен жиі көрініс беретін «Біздің ара» сын-сықақ бұрышының да тұрақты авторларының біріне айнала бастауына жақсы алғышарттар туғызғандай еді. Мұны сол кездегі әр жасты, кез-келген қызметкерді алғашқы аяқалысынан-ақ тани алатын білікті газет  басшысы Жанайдар Мусин бастаған ағаларымыз да жақсы байқап, осы бір талапты жігіттің де редакция қабырғасындағы төселіп шыңдалу, қалыптасу кезеңіне зер салып, қадағалап отырғаны да анық-ты. Соның бәрі белгілі бір уақыт өте келе, өзіне жүктелген міндетін атқаруда тек жақсы жағынан көріне білген Байқал бауырымыздың да өз қызметінде өсетін, яғни, бір бөлімнің тізгінін ұстайтындай кезі келіп қалғанын айқын аңғарта түскендей еді. Ақыры, ол жоғары сенім де жүктеліп, тісқаққан шығармашылық ортада өзін-өзі күткендей нық ұстауымен бірге, тілінің мәйегі, суырып салма ақындық қасиетімен асабалық өнерді де қоса игере бастаған Байқал Байәділовтың есімі енді бұл жағынан да бірден-бірге кеңінен тарауға айналған.

Бұл арада айта кететін бір мәселе, табиғаты мен тегінен берілген осынау қасиет сонда да, одан кейін де оның негізгі жұмысына еш бөгет болған жоқ. Рас, ойдан-қырдан сұраныс мол болып, уақыт жағынан мұның өзі белгілі бір қиындық туғызса да, өзінің негізгі жұмысын бәрінен жоғары қоятын, түсінігі кең, бесаспап жігіт сол бөлім меңгерушілігіне де, одан кейінгі жауапты лауазымдарына да қамшы салдырмады. Күнделікті қызметін тап-тұйнақтай атқарып, өзіне де, қарамағындағыларға да талап қоя біліп, бөлім шаруасын ұршықтай үйіріп отырғанда, ол кезде жаңадан құрылып жатқан облыстық телевидениеге ауысамын деген оқыс ой неден туындағанын енді кейіпкеріміздің өзі біледі. Тек біздің білетініміз, сол күнге дейін газет саласында әжептәуір жұмыс істеп қалған, редакцияның өзі өсіріп, өзі тәрбиелеген мұндай болашағы зор журналистің жылы орнынан қозғалуы сол тұстағы «Көкшетауға» оңай соқпағаны.

Бірақ, солай бет алдырған уақыт өте берді. Байқал болса, өзіндегі газет берген, үлкен шығармашылық орта дағдыландырған білік, жауапкершілігімен жаңа қызметіне де білек сыбана кірісіп кетті. Өзі үшін редакция қабырғасында ашылған сан қыры, ілезде дерегін алып, материал жазудағы шапшаңдығы, оның сапасына сын келтіртпейтіндігі, жол, уақыт, мезгіл талғамай, іссапарға шығып кетіп, тың түсірілім, соны жаңалық, өзекті мәселелерді көптеп әкелетіні, оған қоса, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығыкөп өтпей оны облыстық телерадиокомпаниядағы басты қызметкерлердің біріне, тіпті бірегейіне айналдырды. Көрермен үшін өз бастамасымен жаңа бағдарламалар ашып, түрлі шығармашылық ізденістер арқылы оның тартымдылығы мен тиімділігін арттыру, күнделікті кешкі жаңалықтарда жылт еткен жақсы сюжеттердің шетін шығара қою жан-жақты, дарынды Байқал үшін еш қиындық тудырмайтынын, оны ол айналасымен ойнап-күліп, қалжыңдап, тонның ішкі бауындай жақын араласып жүріп-ақ оңай атқарып тастайтынын кезінде өзіміз де жақсы аңғаратынбыз.

Бұлай бірінші жақтан сөйлеп отырғанымыз, 1996-1997 жылдары осы жолдардың авторына да Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясында осы Байқалмен қатарлас, қарама-қарсы бөлмеде шолушы болып жұмыс істеуге тура келген.  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық кеңесі» газеті қаржы тапшылығына байланысты жабылған соң облыстардағы меншікті тілшілер жұмыссыз қалып, біз де компания төрағасы Кәрібай Мұсырманның көмегімен осы ортадан бір-ақ шыққан едік.

Сөйтсек, тележурналистика дегеніңіз газеттен стилі де, материалдарының берілуі де басқа екен. Техникалық тұстары тағы бар. Осының бәрін шыны керек, бұрынғы «Көкшетау» газетінен білетін әріптестерім Байқал Байәділов, Роза Нарымбетовалардан көріп, үйрендік. Бұл жағынан әсіресе, өз жұмысына бесаспап, осы саланың нағыз майталманы болып алған, неге болса да қамшы салдырмайтын Байқал ініміздің көмек-қолдауы айтып жеткізгісіз еді.

Кейін осы қатар жүріп, қатар отырған ағалық-інілік қарым-қатынасты ойда жоқта Көкшетау облысының жабылып, таратылуы бұзды да жіберді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші,  әрқайсымыз әр жаққа кеттік. Байқал журналистік қызметін әрі қарай жаңа облыс орталығы Петропавл қаласында сәтті жалғастырды. Сол Көкшетауды бірге қосып алған Солтүстік Қазақстан облысының телевидениесінде де қысқа мерзімде ерен қабілетімен бар абырой-беделді арқалап, бүкіл Есіл өңіріне таныла түсті.

Атам қазақ «Алланың көзі түзу болсын» дейді ғой. Қамығып, амалы таусылған тұста Тәңірім көкшетаулықтарды да көп «жылатқан» жоқ. Облыс орталығы мәртебесі қайта оралды. Көкшетауда ашылған Ақмола облыстық телерадио компаниясына осы жұмысты жолға қойысып, діттеген деңгейіне апарысатын сыннан өткен өз кадрлары керек болды. Бұған қай жағынан алғанда да дайынның, лайықтының бірі Байқал еді. Сөйтіп Бәкең ендігі арада өз өміріндегі осындай үшінші БАҚ – Ақмола телевидениесі үшін аянбай тер төкті. Кабинетте отыра беретін емес, жүріп-тұратын азамат өзіне тән тынымсыздығымен, керегін қайнаған өмірдің ортасынан табуымен облыстың ой-қырын түгел шарлап, небір тартымды хабарлар берді, еңбек адамдарының портреттерін жасады, талай танымал тұлғаларды студияға шақырып, тарих тағылымы, ұлт тағдыры, өңір тынысы туралы тартымды әңгімелер өрбітті. Төраға орынбасары бола жүріп, жаңа жердегі телевидениенің қалыптасып, нығаюына, журналист кадрлардың жағдайынан бастап күнделікті сан салалы жұмысына дейін дәйекті көңіл бөліп отырды.

Байқалдың бір қасиеті, дәл өз кезінде, өз уақытында нендей мәселені назарға алып, көрермен не оқырман қажетіне ұсына қоюды дәл аңғара білуінде. Көп нәрсені әріден ойлап, алдын ала жоспарлап, көздеп дегендей, дөп басып отыруында. Осы орайдағы шалт қимыл, сергек ой, бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмау, басқару  тізгінін мығым ұстау, бойындағы екінің бірінде кездесе бермейтін басқа да оң қасиеттерімен ұштаса келе, табысқа жеткізбеген, өз әріптестерінің алды етпеген кезі жоқ. Оны санамаласақ, бері алғанның өзінде бес саусақтан асып барып тоқтайтынымыз анық. Мәселен, кезінде саяси әділ бәсекеде негізгі қарсыластарын артқа тастап, төртінші, бесінші шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты болды. Талай елдік мәселелерде сайлаушылар сенімінен шығып, ортақ мүдде үшін аз тер төкпегендіктен, осы жолмен әрі де барып көруге болушы еді. Бірақ, өз қалауымен оған аса құштар болған жоқ. Көп жылдар ойын-тойда бас асабалық етіп, талай «деген екендерді» алқалы топта министріңізге, әкіміңізге де  төрт жол, керек болса, екі-үш шумақ өлеңмен әп-сәтте қойын-қойнышынан төгіп тастап жүрді. Қанша адамдарға қиналып қысылған сәтінде ағалық, інілік көмегі тиді. Қасиетті Ақмола, көрікті Көкшесінің сұлулығы, бауырмал кең құшағы әспеттеліп, еңбек адамдары, тұғырлы тұлғалардың өмірі, маңдай тері мен өнегелі жолдары әйгіленіп, қаншама кітаптар жазылды, қанша сценарийлер дүниеге келіп, фильмдер жасалды, хабарлар түсірілді. Сол кітаптардың үлкен бір шоғыры авторлар атынан болса, екінші бірі өз төл туындылары. Көріп жүргеніміздей, Байқалдың жеке шығармашылығы мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы сан салалы жұмысы ешқашан бір-біріне бөгет болған емес.

Өйткені, ол қай міндетті болсын тез орындау, шапшаң қимылдаудың, біреуден сұхбат алып, жазудың өзін ұзаққа созбай, артынша тындырып тастаудың адамы. Әрине, мұның өзін бойыңда соған негізің, былайша айтқанда, Алла берген қабілетің мен ыңғайың болса ғана солай істерің хақ. Біздің Байқалда оның бәрі бар. Ол тек сол үшін, яғни, өзі еңбек етіп келе жатқан газет пен телевидение саласында өзіне сеніп тапсырылған кез-келген қызметтің бағын жандыруға, көшін өрге сүйреуге жаралғандай. Қаншама жыл осы екі салада қоян-қолтық бірге еңбек ете жүріп, мен осы бір өз ісіне адал, айналасына ақжарқын, пайым-парасаты мол, көңілі кең, жаны таза азаматтан тек соны аңғардым.

Осы жылдарда небір биіктерді Байқал емес, қайта ол биіктер Байқалды тапты, оған қол созды, төріне оздырды десек, ақиқатқа сыйып тұр. Бұл арада көп мәселені оның журналистік кәсіби деңгейінің жоғарылығы, ұйымдастырушылық сан қыры, іс-тәжірибесінің молдығы шешіп, 2004-2008 жылдары Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы болып қызмет атқарғанындада тектіліктен жазбаған, әдептен озбаған осы Байекең еді. Сол жылдары Көкшеде бертін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғана ірге тепкен жергілікті телевидение көрерменсіз емес еді. Өйткені, қазіргідей оны алмастырған интернет, блогер дегендеріңіз әлі жоқ болатын. Сондықтан, халық кешкісін жұмыстан кейін, шайын ішіп алып, көгілдір экранға, оның жаңалықтары мен хабарларына үңілетін. Солардың ішінде Байәділов қамшы басқан, жұмысын біліп те түсініп жүргізген, екінші атауымен айтқанда, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы Ақмола филиалының рейтингі құдайға шүкір, олқы соғып көрген жоқ. Қаншама танымал журналистер бой көрсетті, жеке қолайырақ ғимаратқа қол жеткізілді, құрал-жабдықпен қамту жағы жақсарып, алға қойылған міндеттер шешіліп отырылды. Уақыт талабына сай жұмыс істеген ұжым ақпараттық кеңістікте өз лайықты орнына ие болып, эфирде хабар таратуда кәдімгідей ұшқырлық танытып отырды. Бұл – алдымен телевидение жұмысын бес саусақтай білген, жан-жақты шығармашылық адамы Байқал Байәділовтың еңбегі, оның жүктелген міндет, көрсетілген сенімнен ойдағыдай шыға білгені еді.

Әйтеуір, сол жылдары көзі қарақты көрерменге жергілікті тележурналистердің облыс алдында тұрған міндеттерді шешісуде, ұлттық мәселелерде екі етпеуде аз еңбектенбегені жақсы аян-ды. Сондағы жұрт ықыласпен көретін түрлі бағдарламалар легі де аптал азамат пен оның қол астындағы қызметкерлерінің өзіндік қолтаңбасы дейтіндей, қоғамға, халыққа керек бір-бір ізденісті дүниелер еді. Кейін Ақмола облыстық  «Арқа ажары» газетіне қызметке келген Байекең мұнда да ә дегеннен журналистік сол дара қолтаңбасын таныта келді. Білек сыбана жұмысқа кірісіп, күн құрғатпай тартымды мақалаларымен басылым бетін ажарландырды да тастады. Содан бері міне, он бес жылға тарта «Арқа ажары» қазақтың осы бір дарынды қаламгеріне ерекше арқа сүйейді, үнемі соның жазған кесек-кесек суреттемелері, мақала-очерктерін өз оқырмандарының көз қуанышы етіп келеді.

Байқал бар жерде өнімді еңбек бар, шығармашылық шабыт бар. Газетіміз оқырлық дүниелерден кенде болмайтынына сенім бар. Осы бір Ақмола, Көкше өңірлеріндегі қазақ журналистикасының Байқал аттыбағын бұдан бес жылдай бұрын республикамыздың бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті меншікті тілшілікке аттай қалап алғанында, «онсыз енді жағдайымыз қалай болады?» деп біртүрлі қобалжып, әрі-сәрі күй кешіп қалғанымыз да рас. Өйткені, ол өндірте жазуымен бірге, 2009 жылдан бері газетімізде бас редактордың орынбасары қызметін де атқаратын. Былайша айтқанда, жеке өнегесімен ұжым мүшелеріне үлгі көрсетіп, жастарды тәрбиелеп, шыңдап, газеттің ішкі жұмысына бірге бас-көз болып келе жатқан жайы бар-ды.

Бірақ, қашанда жүйріктің аты жүйрік қой. Бұл күнде Байқал өз газеті «Егеменге» де молынан олжа салумен қатар, өзі бауыр басып, етене араласып кеткен, екі тізгін, бір шылбырды бірге ұстасқан «Арқа ажарына» да сол бұрынғы көмегін жете тигізумен келеді. Сонда бұл нарлығының сыры неде? Сыры – қайда бармасын, қайда хабарласпасын, керек материалын шапшаң алып, шапшаң жазуында. «Жазу» деген Байқал үшін шартты ғана сөз. Қанша көріп келемін, ол небір оқыған жанның айызын қандыратын, көркем де мазмұнды дүниелерін еш уақытта қолына қалам мен қағаз алып, бас қойып отырып жазған емес. Қиналмастан, емір-еркін терім операторы Гүлшынарға жатқа айтады да, сол күйі жұмысын тындырып, біткен істің берекетімен орнынан тұра береді, не екінші материалын бастап, оны да бір деммен соңына жеткізіп тастайды. Кейде осылай қарты келсе, бір күнде мұндай мақалалардың үшеу-төртеуін бір-ақ «диктовкалап», арасында әзіл-қалжыңға да уақыт тауып, еңселеніп отыратыны бар. Жоғарыда айтқанымыздай, халық көпшілік жерлерде әбден  тәнті болатын суырып салма әзіл өлеңдері де солай. Көкейінен шумақ-шумақ төгіле береді.

Бұл енді Алланың адам баласына берген ерекше бір қасиеті дегеніміз жөн. Осындай бірден-бір лайықты қаламдасқа аға газетіміз де сенім артқаны сол екен, Бәкеңнің мақалалары осы газеттің де бетінен түспейтін, күн құрғатпай шығып тұратын болды. «Егеменді» оқыған соң білеміз, кейде төрт, кейде үш материалы бірден жарияланғаны да облыс үшін бір мерей екен. Қазір Байқалдың арқасында Ақмола өңірінің осы басылымда қамтылуы өте жақсы. Ал, бұл оны «Егемен Қазақстанның» ең өнімді жұмыс істейтін тілшілерінің бірі, тіпті, көшінің басы деуімізге де толық негіз боларлықтай.

Иә, Байқалдай әріптестің қазақ баспасөзінде мысының басып тұратынының басты бір сыры осы кәсіби жоғары шеберлігінде жатыр. Оның дәлел-дәйегі мықты, сөйлемдері нық, жоғары көркемдікпен суарылған дүниелеріне қалам тигізбейсің. Қалай жатқа айтты, солай мұрты да бұзылмастан беттеуге кетеді. Қазақтың Байқалы тұла бойын жарып шыққан талай дүниесін осылай шебер суреттей келіп, оқырманына ұсынғанда көзіңмен жолдан-жолды жүгіртіп, сүйсінесің де отырасың. Дәлел ме? Мінекей.

«Бала Болат далаға құмар, дархан да дүбірлі даланың көркем дидарын көргісі келеді. Дала ақселеулері басын бұлғап, ән салатындай. Шоқы біткен дала күйін тыңдайтындай. Ертеден қара кешке дейін тебірене толқып, сары белінде саз ойнап жатады. Сезім сабасы шүпілдеген бала Болат Қарсақбайдың етегінен басталып, кең жазылатын қазақ даласының бар қиырын қырандай шолып, көктей өткісі келіп, қанатын қомдап қояды. Поселке шетіндегі жалғыз аяқ жол ұзап барып, көгілжім мұнарға боялған көк аспанның етегіне сіңіп кетеді  екен. Сол жолға түскісі келетін. Осы бір қыз бұрымындай бұралып жатқан қара жол болашақ өнер жолы, биікке бастар, алысқа апарар жол болып көрінетін». Немесе:

«Әлі есінде Дөңгілағаш ауылының жанында егін егілетін танаптардың тұсы Үшжүз деп аталатын. Неліктен олай аталғандығын дәл қазір тап басып айта алмайды. Бәлкім шоқ-шоқ болып қаумалай өскен қайыңдардың ортасындағы ат аунайтындай алаңқайда үш жүз гектар жер егілді ме екен? Әйтеуір, бала көзіне бар даланың бейнеті топырағына сіңген қара бұйра танаптың шет-шегі жоқтай болып көрінетін. Одан әрі қозыкөш жерде ит тұмсығы өтпейтін қалың орман. Сансыз жапырақ таңсәріде, күн құланиектеніп жаңа атып келе жатқанда самал желмен сыбдырлай үн қататын».

Бұл – Байқалдың өзіміз газет беттерін ақтарып іздеп жатпай, соңғы сандарындағы бір-екі мақаласынан ала қойған тіл мәйегініңәсерлі татымы. Осыдан кейін оны суреткер Байқал демей көріңіз. Бұдан басқа суреткерлігі де, мәселен, табиғатты, шөптің түр-түрін, ер қанаты – жылқыны жырдай қылып, келістіре суреттеуі өз алдына бір көркемдік.

Бұл өмірде қай адам да өкінішсіз емес. Осы күндері алпыстың асқарына шығып жатқан Байқалдың да бірде өткенге сәл өкінішпен проза жанрында бір көлемді дүние жазсамшы деп айтып қалған сөзі бар. Иә, мына дарыны, мына әдеби тілімен қолға алса болды, жазар еді. Бәлкім біреуін емес, бірнешеуін. Бірақ, бір бойына осыншама қабілетті сыйғызып, еліне берерін беріп келе жатқан абзал азамат біздіңше,қазіргісімен де Қазақстан Жазушылар одағының өзі құнттап көрмеген бір мүшесі.

Байқал, оның ерекше болмыс-бітімі, таланты туралы осыдан он жыл бұрын 50 жасында да азды-көпті қалам тербеп едім. Сол ізбен кетермін деп бұл жолы ол мақалама көз жүгіртіп жатпадым. Енді ғана осыжазғанымнан кейін қарап отырсам, басында бір шумақ өлеңім бар екен. Тегеуірінді Байқал дегенде бұл жолы да сол ниетімнен жаңылғым келмей, жаңадан төрт жол аңдатпамды қойдым.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.      

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар