Өнеркәсіптік шаң – ең көп таралған қолайсыз факторлардың бірі. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың шаң шығарындылары қоршаған ортаға химиялық элементтер мен олардың қосылыстарын жеткізеді. Атмосфералық ауада, қар жамылғысында және топырақта техногендік геохимиялық ауытқулардың қалыптасуы көбінесе өнеркәсіптік шаңның қоршаған ортаға енуіне байланысты.
Өнеркәсіптік шаң көптеген салаларда қолданылатын әртүрлі технологиялық процестер кезінде шығарылады, оның таралуы кең аумақты қамтуы мүмкін. Сондықтан, кез-келген кәсіпорында шығарылатын өндірістік шаңның мөлшері жұмысшылардың денсаулық жағдайына теріс әсер етуіне жол бермеу үшін рұқсат етілген мөлшерден аспайтындығына көз жеткізу қажет. Әрине, бұл тақырыптың өзектілігі айқын, дегенмен қазіргі уақытта ірі, сондай-ақ, шағын өнеркәсіптерде бұл мәселе көп жағдайда назардан тыс қалуда.
Ең алдымен, бұл бұрғылау және жарылыс кезінде көп мөлшерде шаң пайда болатын тау-кен өнеркәсібінің жұмысына байланысты. Тау жыныстарын тиеу, көмірді сұрыптау және ұсақтау, тау жыныстарын ұнтақтау кезінде ауаға көп мөлшерде шаң шығады. Қазіргі қалалық шағын аудандардың дамуындағы өзекті мәселелердің бірі – ауаның ластануы. Бұл, әрине, ең алдымен, антропогендік әсердің артуына әкеп соғады. Бүгінгі таңда «пнемокониоз» деп аталатын өнеркәсіптік шаңның әсерінен туындайтын өкпе ауруы пайда болды. Кәсіпорындарда өнеркәсіптік шаңның бөлінуі жүреді, соның салдарынан тыныс алу жолдарының көптеген аурулары орын алады. Сондай-ақ, адам ағзасында кәсіби бронх демікпесі де дамиды. Сондықтан, заманауи экологиялық таза технологияларды әзірлеу, сондай-ақ, шаңның көп мөлшерін бөлетін кәсіпорындарда таза технологияларды енгізу және қолдану қоршаған ортаның маңызды факторы болып табылады.
Мысалы, Степногорск қаласы Қазақстанның солтүстігінде орналасқан өнеркәсіптік қала. Мұнда металлургия, тау-кен, химия өнеркәсібі дамыған және климаты күрт континенталды, құрғақ, дала желдері басым. Қаланың кәсіпорындары алтын, полиметалл, молибден өндіреді. Степногорск тау-кен химия комбинаты қала құраушы кәсіпорындардың бірі. Комбинаттың гидрометаллургиялық зауыты «Қазатомөнеркәсіп «Ұлттық атом компаниясы» АҚ құрылымына кіретін кәсіпорындардың табиғи уран концентраттарын өңдейді. Зауытта өнімділігі жылына 1 миллион тоннаға дейінгі «Қызылту» серіктестігі мыс-молибден кенін өңдеу фабрикасы іске қосылды. 2014 жылдан бастап, Шантөбе кеніші Степногорск қаласынан батысқа қарай 300 шақырым жерде консервацияда орналасқан.
«Қазақалтын» серіктестігі алтын өндіреді. Оған Ақсу, Бестөбе және Жолымбеттің ең бай үш кеніші тиесілі. Ақсу кенішінде екі шахта мен байыту фабрикасы жұмыс істейді. Степногорск қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан Бестөбе кенішінде 4 шахта мен байыту фабрикасы жұмыс істейді. 2017-2018 жылдары «Қазақалтын Technology» серіктестігі еншілес компаниясы Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кеніштерінде техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу фабрикасын пайдалануға берді. Қазіргі уақытта «Қазақалтын» және «Қазақалтын Technology» серіктестіктері Бестөбе кентінде өз қызметін тоқтатты.
Қорытындылай келе, шаңды жинайтын өнеркәсіптердің пайда болуы, шаңның таралуы сынды факторлар елдің экологиялық жағдайы ғана емес, адамдардың тұрмыс-тіршілігі үшін де өте қауіпті.
Айсұлу КӨШКІНБАЕВА,
мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы
Степногорск қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор.