Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қопа шешен - АРҚА АЖАРЫ

Қопа шешен

Ерте кезде байлардың, бектер мен билердің бет-жүзіне қарамай, ойындағысын айтып салатын Қопа дейтін өжет шешен болған екен.

Бір күні қадірлі шежіре Саққұлақ ақсақалға сәлем бере келеді. Саққұлақ оған:

–Тоқта, бір ауыз сөз айтыңыз, сосын үйге кіріңіз! – дегенде, Қопа:

– Сөз сұрасаң Қопадан,

Тартысты жерден тартынбан.

Емен ағаш, бәйтерек–

Бұтағым көкке шарпылған.

Керегің болса сұрап қал

Тіршілікте мына мен тұрған,

Қадірін білмей айрылма,

Қолыңдағы алтыннан, – депті.

Сонда Саққұлақ тағы да:

– Сенің атыңды Қопа қойғаны несі? Қозған руында ұры көп болатын еді, әлде олар саған келіп паналады ма?! – деген сұрақ береді.

–Атымның Қопа екені рас, қозғанымда ұры көп екені де рас, бірақ маған паналауға келгендерді саққұлақ иттер арсылдап қуып шыға береді, – деп Қопа Саққұлақтың бетіне қарайды.

Сөзден ұтылған Саққұлақ:

–Қопеке, енді дем алыңыз, – депті сасқанынан.

***

Шорманның Мұсасы Санкт-Петербург қаласында Ресей патшасы ІІ Александр таққа отырған салтанатына қатысып, сол жақтан Арқа қазағына таңсық біраз кісі қызығар бағалы заттар ала келеді.  Жақсыны көрмек үшін деп, бұны естіген ел Мұса ауылына қарай ағыла бастайды.

Қопаның астында ерттеп мінген өгізі бар, апақ-сапақта Мұсаның үйіне келіп, өгізін арбаға байлап, үйге беттейді. Мұса терезеден көріп тұрса да, үйге кірсін деп тосып отырады. Бірақ, кіретін уақыт болса да Қопа көріне қоймайды. Əйнектен қараса, Қопа өгізін қайтадан шешіп алып, аттанайын деп жатыр екен. Бір адамын жібертіп, шақыртып алады.

Үйге кірген Қопаға Мұса түрегеліп сəлем береді. Сəлемді алған Қопа:

–Уағалайкумассалам, Мұсажан. Алдымнан бір сайтан атып шығып, кілемді былғайсың деп баж ете қалды, сосын өзің үйде жоқ шығарсың деп, аттанғалы жатқам, – дейді.

–Е, ол осы үйдегі келініңіз болар, Петербордан əкелген кілемді былғайсың деген шығар, –депті Мұса.

– Солай де, шырағым. Бұл боқ аталарың Анай мен Мырзағұлдан, Шоң мен Шорманнан қалған. Сенен де қалады бір күні, – деп шəркесінің боғын кілемге сүрткен Қопа төрге озады.

Мұса қарсы келмей:

–Дұрыс айтасыз, кімнен қалмаған бұл боқ, жоғары шығыңыз, – деп амандық- саулық сұрасады. «Қалыңыз қалай?» – деген Мұсаға Қопа:

«Мұсажан, ақша бітіп, тиын қалды,

Ат та жоқ, мінетұғын сиыр қалды.

Жақсылық қылар ағайын бəрі бітіп,

Жалғыз-ақ «жоқ»  деген сөз тірі қалды» – дейді.

Сонда Мұса:

–Қозғанда байлар көп емес пе? Солардың барымта дауында теңдік алмайтын жерден теңдік алып бересіз. Солардан бір ат сұрап мінбейсіз бе? –депті.

– Əй, Мұсажан-ай, ақылың  бар еді ғой, не деп тұрсың? Мен осы көк өгізбен сол байлардың қотанынан олай да, бұлай да өтіп жүрмін ғой. Ат сұрағаным сол емес пе? – деген екен Қопа шешен.

Сабыржан КЕНЖЕБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар