– Ақмола облысында психотроптық заттарды саудалаумен айналысқан солтүстік қазақстандық екі студент 10 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотта анықталғандай, СҚО тұрғындары «М.» және «Е.» Ақмола облысы аумағында психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты аса ауыр қылмыс жасаған (Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1),3),5) тармақшалары).
«Екі студент ақша тапқысы келіп, интернет желісінде басқа адаммен қылмыстық келісімге келді. Ол студенттерге психотроптық зат «мефедронды» тарату бойынша кепілгер жұмысын ұсынған. Берілген мекенжай бойынша сотталушылар орман ішінде жасырынған «мефедронды» алып, қалаға келе жатқан кезде полиция қызметкерлері ұстады. Тінту кезінде оларда сату үшін алынған 21 дана жиынтық табылды», – деді ведомстводан.
Ведомствоның баспасөз қызметінен атап өткендей, сотталушылардың кінәсі куәгерлер мен сотталушылардың айғақтарымен, жеке тінту хаттамасымен, сарапшының қорытындысымен, басқа адаммен кепілгер жұмысының мәні туралы хат алмасудың хронологиясы анықталған ұялы телефондарды тексеру хаттамасымен расталды.
«Бұл қылмысқа қатысы бар басқа адамға қатысты материалдар жеке өндіріске бөлінген. Осылайша, «М.» және «Е.» электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, адамдар тобында алдын ала сөз байласу бойынша аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сатып алып, өткізу мақсатында сақтаған. Сот, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды: тұрғылықты жері мен оқуы бойынша оң сипаттама, алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, жас болуы (19 жас), ауырлататын мән-жайлардың болмауы, олар жасаған аса ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптіліктің жоғары дәрежесін ескере отырып, әрқайсысына 10 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады», – деді ведомстводан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда кәсіпкерден ақша талап еткен төтенше жағдай қызметкерлері сотталғанын жазған едік.