Иә… біз  Әділ Қазақстанды құрып жатырмыз!

Иә… анығында біз  Әділетті Қазақстанды құра бастадық!  Бұған талас жоқ. Алайда сан алуан ой бар, көзқарас пен пікір бар. Өйткені, әлі де болса «жаңа Қазақстан қашан болар екен, қай жақтан кіріп келер екен?» деп қазақ баласы алаңдап, жол қарап,  күтіп жүрген сыңайлымыз.

«Бүгінде азаматтарымыз «Жаңа Қазақстан деген не?» деген сұрақты жиі қояды. Меніңше, осы сұраққа қысқа әрі нақты жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан – бұл шын мәнінде әділ Қазақстан, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Amanat» партиясының кезектен тыс съезінде осы «Жаңа Қазақстанның»  шын мәнінде «Әділ Қазақстан» екендігі жайлы нақтылы анықтама бергендігін алға қоя отырып, ендігі арада осы «Әділ Қазақстан», «Әділетті Қазақстан»  деген ұғымды айналысқа да, санамызға да енгізгеніміз абзал болар еді.

Әлқисса,  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік қызметінің алғашқы сәтінен, яғни 19 наурыз 2019 жылдан бастап, ең әуелі саяси жүйені  реформалауға айрықша мән беріп келе жатқаны ақиқат!

Бұған бір ғана дәлел,  2022 жылдың 22 қараша күні болып өткен Президенттік сайлау қарсаңында  президенттікке кандидат ретінде халықтық коалицияның республикалық қоғамдық штабында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін” деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру», – деген болатын.

Президентіміз өзі жазып, жүрегінен шыққан  бағдарлама  «Әділетті мемлекет», «Әділетті экономика», «Әділетті қоғам» деген  үш қағидатқа негізделгендігін тағы бір еске ала отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев  «елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көп жүйелі проблемалар жиналып қалды, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі өсіп кетті. Бұның барлығы еліміздің тұрақты дамуын тежеп отыр, ұлтымыздың жасампаз мүмкіндігін шектеп жатыр» деп және де қалыптасып отырған жағдайды өз халқынан жасырмай-ақ  айтты.

Ендігі арада әділдік идеясы мемлекеттік саясатымызың өзегі,  ең басты идея болатындығын мәлімдеген Қасым-Жомарт  Тоқаев  бұдан былай  «Біздің барлық ұлттық идеологиямыз Әділдік идеясына негізделеді», – деп атап көрсеткендігі және де «әділдік идеясы әрбір шешімде, ал адам мемлекеттің басты байлығы болады» деп  «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген  формуласын да  берік ұстанатынымызды анықтады.

Адам баласы қашан болсын әділдік іздеп шырылдап келе жатқандығы тағы да анық. Адалдықты  іздейтіндіктері  және де бар! Соның бірі – қазақ баласы біз!

Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында елімізді жемқорлық,  парақорлық, әділетсіздек пен әлеуметтік теңсіздік, жалғандық  жайлап кеткені де жасырын емес. Ендігі арада қоғамның дамуын тежеп, халқымыздың тұрмысын титықтатып, күйзелткен, жүдеушілік пен кедейшілікке ұрындырған осы кеселдерде арылу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған Әділ де, Әділетті Қазақстан құрудың қаншалықты тарихи маңызы бар екендігін тереңінен ұғына түсуге болар еді.

Біз үшін және біздің әрқайсымыз үшін Әділ де Әділетті Қазақстан құру Тәуелсіздік алдындағы, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы аса маңызды, тіпті өмірлік әрі тағдыршешті маңызы  бар екендігін де ұғына түскеніміз абзал.

Әділ де  Әділетті Қазақстан құрудың алғашқы  бір нышандары қазірдің өзінде еліміздің әлеуметтік және саяси өміріне кірігіп, жұмыс істей де бастады.  Бұлай деп батыл байлам жасауға  2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мақсатында өткізілген жалпыхалықтық Референдумды ерекше атап өтуге болды!

Бұл  Референдумның негізгі бастаушысы да, ой салушысы да, ой тастаушысы да, дем берушісі де  Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі болғаны да анық!

Бұл өз еліне, өз халқына, өзі басқарып отырған мемлекетіне деген шынайы жанашырлық пен шынайы адал ниеттен туған бастама еді. Және де Мемлекет басшысы Конституцияны толықтыру мен өзгертулер үшін ұсынған барлық толықтырулар Референдум барысында халықтың тарапынан  толық қолдауға  да ие болды.

Қазақстан Республикасының  Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  конституциялық  реформа жасау арқылы  қазақ елін жаңа бағытпен,жаңа мақсатпен, жаңа ой-ниетпен, адалдық пен әділдік жолымен дамытуға бет алғаны анық!

«Маған халқымның ертең емес бүгін жақсы өмір сүргені керек», «Маған басы артық биліктің қажеті жоқ», «Менде өз халқым мен еліме адал қызмет етуден өзге мүдде жоқ» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқандарынан Мемлекет басшысының туған елі мен халқының мүддесін бәрінен жоғары қойып отырғаны деп білемін. Кешегі «қаңтар оқиғасы» кезінде өз өміріне төнген қатерге қарамастан Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалған Президентіміздің тәуелсіздік мүддесіне адал екендігіне ешбір  күман болмауы да  керек.

Конституциялық реформа керек пе еді, ол керек болса не үшін қажет болды деген көкейде тұрған осы сауалдардың жауабын тағы да  Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты.

– Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылмының тұғырын нығайтады, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Өзара түсіністікті, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді,-деп атап көрсете отырып Мемлекет басшысы тарихи қадамның тарихи маңыздылығын жетеге жеткізе айтты ғой деп ойлаймыз.

Әділ де Әділетті Қазақстанды құрып, орнықтыру  үшін ең әуелі мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып, жаңартып алуымыз  керек болатын. Мемлекет басшысы осыны терең зерделеп, терең түсіне отырып, Қазақстан және қазақстандық  қоғам алдағы уақытта  қай бағытпен және қалай дамиды, қандай міндеттерді шешуі керек деген ой төңірегінде мемлекетіміздің жаңа  бағытын айқындай білді.

Мынаны атап көрсетейік,  осы Конституциялық реформа бойынша  Қазақстан бұрынғы суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етіп отыр. Және де Қазақстан Президенті ендігі арада жеті жылдық қана бір  мерзімге сайлана алады. Бұл бұрынғы кеңестік бір жүйеде болған  Орта Азия мемлекеттері арасында жасалып отырған тұңғыш қадам, тұңғыш бастама екендігін атап көрсетер едік.    Бұл қазақстандық қоғамның демократиялық жолмен дамуына зор мүмкіндік  ашатын және де ел басқарамын деген әркімге зор мүмкіндік беретін басты бір тұтқа екендігін де жоққа шығаруға болмайды.

2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мақсатында өткізілген жалпыхалықтық Референдумның  тағы да ең бір тарихи маңызы бар мәселенің бірі- Қазақстан  Президентінің жақын туыстары мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор нысандарының  басшылықтарында  лауазымды қызметтер атқаруға құқылары жоқ екендігі тайға таңба басқандай анық жазылып отыр.

Өткен кезеңдегі  «отбасылық басқарудың» бишігі  көзге көрінбесе де, кез-келген саладағы әмірлері жүріп тұрғандығы болды.  Бұл келіп, қоғамдағы әділетсіздіктің, жемқорлықтың белең алуына және де тереңдей бойлауына әсер еткені тағы да  анық.

Сонымен бірге, ендігі арада іс басындағы  Президент өз қызметі кезінде кез-келген бір саяси партия құрамына енбейтіндігі де Конституциямызға жазылды. Бұл керек пе еді, деген сауалымызға жүгіне отырып, әрине керек еді деген тұжырым жасар едік. Мұның бір ерекшелігі Қазақстанда партиялық жүйенің кеңіне дамуына, әр партияның қоғамдық өмірге белсене араласа түсуіне, әр партияға тең мүмкіндіктер беруге жол аша түсті. Мұның алғашқы белгісі, немесе алғашқы нәтижесі 2023 жылдың 19 наурызы күні өткізілген барлық деңгейдегі Мәслихаттар мен Мәжіліс депуттарын сайлау нәтижесінде  анық көрініс тапты.

Биылғы  сайлауға қатысқан  саяси партиялардың жетеуінің алтауы қазір Мәжіліс Палатасының құрамында жұмыс істеп жатыр.  Парламент Сенатындағы президенттік бұрынғы квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарды. Президенттің тағайындау құзырындағы сол 10 депутаттың  5-еуінің  Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынысымен  тағайындалғандығы Қазақстанның сайлау жүйесінің     жұмыс істеп, дами бастағандығын көрсетсе керек.

Қазақстанның Саяси жүйесінде тағы да не өзгеріс бар дегенде, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот құрылып,  іске кірісе бастағандығын да  алға тартар едік. «Конституциялық Сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады», – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев  2023 жылдың 4 қаңтарында жаңда ғана іске кірісе бастаған Конституциялық соттың  әкімшілік жаңа  ғимаратына барған кезінде.

– Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, бұрын-соңды болмаған бірегей саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда дүниежүзінде дәл осындай ауқымды, мазмұнды реформалар жасап жатқан ел бірен-саран. Бұл – ақиқат. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Қазақстан реформатор мемлекетке айналды. Жалпы, елімізде көптеген өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға баса мән беріліп отыр.

Бұл жұмысқа қоғам өкілдері белсене қатысуға ынталы. Сондықтан мен Конституциялық сот құру туралы бастама көтердім. Азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда осы және басқа да ұсыныстарға қолдау білдірді», – деген     Президент мәлімдемесіне мән бергеніміз абзал.

Ендігі арада  Конституциялық сот барлық заңдарды және  заңға сәйкес келетін барлық  актілердің Конституцияға, тек қана Конституцияға сәйкес болуын қамтамасыз етуге тиісті екендігін айта отырып, Президентіміз  «Шын мәнінде, Конституциялық сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады.  Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады», – деп қазақстандық қоғамның  Конституциялық соттың қызметінен оң өзгерістер күтуде екендіктерін және қазылардың өз міндеттерін адал атқарулары қажеттілігін орынды атап көрсеткен де болатын.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси жүйенің реформасына сәйкес, бүгінгі күні Сенат келісімін алып барып, Президент өз Жарлығымен тағайындаған  Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова басқарып отырған Конституциялық соттың  құрамындағы 11 судьяның 6-ын  Парламент, 4 судьяны Президент өзі тағайындаған болатын-ды.

Конституциялық соттың жұмысына  сусап отырғандай, яғни әділдік іздеп жүрген қазақстандық азаматтардың өтініш-шағымдары бірден толассыз келе бастады, әлі де толас табар емес. Қолдағы деректерге сәйкес 2023 жылдың басынан бері Конституциялық сотқа 2,7 мыңнан аса қазақстандықтар жүгінген екен.Қазір Конституциялық сотқа күн сайын 500-ден аса өтініштер келіп түсетіндігін айтсақ, адам құқын қорғаудың саяси жүйесінің белсенді қызметі жанданып отырғандығын айғақтайды.

Саяси жүйе реформасында тағы да не өзгерістер болды деген сауалды алға тарта отырып, биылғы жыд басынан бері Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылап отыратын бұрынғы Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылып, жұмыс істеп жатыр. Және де Конституцияда  жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігі, Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратындығы бекітіліп, шет елдік азамттарға Жердің сатылмайтындығы, Конституцияда  өлім жазасының  жойылғандығы  туралы жазылды. Осының барлығы да сөз жоқ, Тәуелсіздік үшін, ел мен халық мүддесі үшін Президентіміздің тереңіне ойластырған аса маңызды тарихи шешімдер болғандығы  дау тудырмайтын мәселелердің бірі мен бірегейі.

***

2022 жылдың 26 қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде:  «Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз… Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын, – дей отырып, сол күні, яғни 2022 жылғы 26 қараша күні елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстан Республикасына қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару мақсатында  арнайы Жарлық шығарған еді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік қызметке кіріскен беттегі №3 ші Жарлығы болатын.

Белгілі бір топтардың ұялмай-қызармай, ашкөздікпен шекіз баюы және де жай байып қойса бір сәрі, қаржыны  шет мемлекеттерге  заңсыз шығарудың етек алғаны халқымыздың наразылығын тудырған жайдың бірі болды. Әділдікті қалпына келтіру мақатында  Президентіміздің пәрменімен қазіргі уақытта Қазақстанға соңғы бір деректер бойынша 720 миллиард теңгенің зағңсыз шығарылған активтері қайтарылып отыр. Жұмыс одан әрі жалғасуда және бұл мәселе Президенттің күн сайынғы бақылауында тұрғандығын да айтар едік.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  сананы селт еткізетін  мына бір : «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді»,-деген бір ауыз сөзінің терең мағнасын  осы күні әрқайсымыздың терең түсінгеніміз жарар еді.

Президентіміздің  «Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін. Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер»,-деген тағы бір айтқанын  Ел  мен Тәуелсіздік болашығын, өзіміздің бүгінгі және келер ұрпақтарымыздың  жайы мен қамын ойласақ ендігі ұстанымымыз осы «кәсібилік», «адалдық», «қарапайымдылық» болуы керек және де осы бір үш қасиет біздің болашағымызды анықтайтын қағида боларын да сана түйсігімен ұғына түскеніміз абзал.

***

– Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты, – дей отырып Мемлекет басшысының баршамыздың алдымызға қойған өте маңызды деген сегіз міндеті бар.

Соның біріншісі: Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Екіншісі: Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Үшіншісі: Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Төртінішісі: Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Бесіншісі: Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Алтыншысы: Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Жетіншісі:  Адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру керек. Сегізіншісі: Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет.

Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Тәуелсіздігінің бүгіні мен болашағын әріден… тым әріден тарихи жауапкершілікті тереңінен сезіне отырып алға тартып отырған Сегіз міндеті!

Тәуелсіз Қазақстанды экономикалық жағынан да, әсіресе, халықтың билікке деген сенімі аяқасты болған   тым ауыр жағдайда қабылдап алған Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді жайлаған «Ковид-19» індетінің және әлемнің дамыған мемлекеттерінің бір-бірін санкциялау, одан кейін іргедегі Ресей мен Украина арасындағы текетірес бар, осының барлығы келіп біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайына да кері әсер етпей отырған жоқ. Соған қарамастан Әділ Қазақстан құру жолындағы реформаларды, саяси жүйені жетілдіруді ойлы да батыл қадаммен жүргізіп отырғандығын айқын танудамыз.

Иә, біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен  Әділ де  Жаңа Қазақстан құруды бастап кеттік! Ісімізге сәттілік болсын! Бүлікшіл әлемнің бүгінгі жағдайында Қазақ елінің бірлігі мен тыныштығын сақтау, ол енді халқы, мына  біздің парызымыз және де тарихи борышымыз!

 Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
 Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар