Жер-Ана

Жер бетінде жаратылыс басталғаннан бері  адамзат баласы Жер-Ананың табиғаты мен байлығына бейімделіп, соның арқасында тіршілік етіп келеді. Әлемде әлі де болса, өзінің алғашқы пайда болған жабайы түрін сақтап қалған  тайпалар бар. «Бүгін барсың – ертең жоқсың» деген екен бір данамыз. Сол сияқты жылдар өткен сайын адамдардың бір буыны шетінеп, бір буыны өмірге келіп, ұрпақтар алмасып отырады. Бұл – табиғи заңды құбылыс. Мұндай өзгерістер болып тұрмаса, жер бетіне адамдар сыймай кетер еді. Ал, оның арты не боларын кім білсін? Ғасырлар, жылдар өткен сайын адамзат баласының ой-өрісі жетіліп, кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілді. Күнделікті өмірді, тұрмыс  салтын жеңілдету үшін неше түрлі техникалар ойлап шығарылды. Соның арқасында жер игеріліп, жер түгілі, ғарышқа адам ұшырылып, өмір, тіршілік көкжиегі кеңейе түсті. Адамзат баласы өзі аяқ басып жүрген жерден неше түрлі өнім алып, әл-ауқатын, тұрмысын жоғары деңгейге көтергені тағы бар. Алайда, «дәнікеннен құныққан жаман» демекші, Жер-Анадан қажетін алған сайын, оны игерген сайын, қайтсем де көп қармап қалайын деген оймен табиғатқа келтіріліп жатқан зиян да қаншама?!

Бәрінен бұрын көзге түсетіні, бүгінгі күннің адамы бір күнмен өмір сүруді әдетке айналдырып алған тәрізді. Соның салдарынан, ойсыз істеліп жатқан неше түрлі ауыр әрекеттерден ауа райы да өзгеріске ұшырауда. Мәңгілік мұз құрсанған Антарктида да жібіп, жер шары әдеттен тыс жылынуға айналды. Қазір ойлап отырсаңыз, бұрынғы ауа райы мүлдем жоқ қой. Бұлай бола берсе, артын ойлаудың өзі қорқынышты.

Сондықтан, Жер-Ана мен табиғатқа дұрыс көзбен қарай білсек, мұндай қауіп-қатерлерді шақырып алмас едік. Күнделікті ішіп-жеген тамағымыз таза, денсаулығымыз жақсы болар еді-ау. Жер байлығы игерілмей тұрмайды. Бұл Қазақстанға да қатысты аксиома. Болашақ ұрпаққа не қалдырып кетеміз деген ой бізде әлі қалыптаспаған сияқты. Тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыттан бері жер қойнауындағының бәрін сыпырып-сиыру, шет елге шикізат ретінде сату ашкөздікпен жалғасып келеді. Мен ойлаймын, біздің еліміздің байлығымен халық шалқып өмір сүретіндей жағдай баяғыда-ақ орнығуға тиіс еді. Өкінішке орай, ат төбеліндей аз ғана топтың бүкіл жер астынан шығатын байлыққа ие болып алуы, оны өз беттерімен сатып, офшордқа көзді жұмып қойып, миллиондаған доллар қаржыны аударуы қой үстіне  жұмыртқалаған ол заманға жеткізер емес. Алда Жаңа Әділетті Қазақстанға ғана үміт артқан жайымыз бар.

Бәрін айт та бірін айт, қазіргі сауық-сайран құрып, думандатып жүргеніміз алдымен осы Жер-Ананың арқасы емес пе? «Осы сендейлерді қара жер қалай көтеріп жүр екен?» деп әбден көңілі қалған адамын бір-ақ ауыз сөзбен тойтарған баяғының ақсақалдарын да көзіміз көрген. Қазір техникасыз ешқандай жұмыс атқарылмайды. Ал, сол техниканы пайдалану кезіндегі ұқыпсыздықтың салдарынан, аспанға ұшқан протондардың гептилінен қаншама жеріміз уланып, ластанып жатыр. Мұның бәрі табиғатқа бір, адам денсаулығына екі зиянын келтіруде. Қазір жұртшылық тартылған Арал теңізін былай қойып, суы азайған Каспийге алаңдай бастады. Баяғы әрбір ауылдағы сулы томарлар, өзен-көлдер қайда?! Қазір көп ауылдардан бірін де көрмейсің. Бір кезде бала болып, сол су көздерінің қызығын көрген, онда күнде суға түскен жанның бірі ретінде осы күнгі балаларды аяймын. Әсіресе, ауыл балаларының көбінің жаздың аптабында бір сүңгіп шығар көлшігі де жоқ қой. Осының бәрі неден? Кезінде ұрандатып, тек Жер-Ана қойнауынан алуды ғана білген, оны жаппай жыртып, табиғаттың тепе-теңдігіне орны толмас залал келтірген өзімізден, кешегі кеңес дәуірінің біржақты ойлаған солақай саясатынан. Қазір де осы бұра тартулардың жалғасып келе жатқандығы қынжылтады.

Осы келтірілген деректермен барлық адамдар жерге немқұрайлы қарап, оны бағаламайды деген ойдан аулақпын. Құдайға шүкір, арамызда жер қамын ойлап, ізденіс үстінде жүрген қандастарымыз да баршылық. Солардың бірі шымкенттік қара көзіміз Ақмарал Исаева. Ол өзінің ерен еңбегі мен ізденісінің арқасында «Пироил» препаратын шығарған. Бұл препарат жер бетінің ластанған қабатын тазартып, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін көрінеді. Кешегі Кеңестер Одағына бағынып тұрған кезімізде Семейде әскери ұшақтар базасы болған екен. Ғалымдардың айтуынша, сонда қызмет атқарғандардың жауапсыздығынан аса ірі мөлшерде Т-1 маркалы керосин төгіліп, жерге сіңіп кеткен. Осы керосин жерасты сулары арқылы Ертіс өзеніне құйылуы мүмкін деген сол кездегі мамандардың пікірі болған. Мұндай жалға алынған, оның үстіне әскери мақсаттарға пайдаланылған жерге ешкім де жанашырлықпен, ұқыптылықпен қарамайтындығы белгілі. Соның кебін бүгінде біздің көптеген полигондарымыз да киіп отырғандығы анық.

Жерді дүр сілкіндірген кешегі атом сынақтары, әлі күнге дейін түтіні будақ-будақ ұшатын өндірістік кәсіпорындардың ауаға шығарып жатқан улы газдары, осының бәрінің салдарынан сулар тартылып, ауа райы да жыл сайын өзгеріп жатыр. Осының барлығын ойлағанда, адамзаттың қоршаған ортаға келтіріп жатқан зияны шексіз. Тіпті өңіміз түгіл түсімізге кірмеген аймақтарда болып қалатын жер сілкінісі, су тасқындары, басқа да табиғат апаттарының жиілеп кетуі неден дейсіз ғой. Осындай ойсыз, озбыр іс-әрекеттерден. Жер-Ана мен табиғат адамның сыртқы бет-бейнесі мен ішкі ағзасы сияқты бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Сондықтан, Жер-Ананы қадірлеп, аялай білгенде ғана өмір жарасымды жалғасын табады.

Жер-Анаға тиісінше көңіл бөлмей, тек одан алуды ғана білсек, қойнауын бүлдіре берсек, түбінде ұрпақтарымызға жарытып ештеңе қалдыра алмасымыз тағы анық. Олар да сол кезде «бізден бұрынғылар неге осынша қара жерге жаудай тиген?» деп  дүдәмал ойда қалулары мүмкін. Сондықтан, Жер-Анаға неғұрлым қамқор көзбен қарасақ, соғұрлым оның ерте-кеш пе, қайтарымы да мол болады. Қазір міне, біздің облысымыздың өзінде, әсіресе, Астанаға жақын елді мекендердің маңайында карьер деген бел алып кеткен. Одан құм, тас, әк өндіреміз деп кәсіпкерлер жандарын салып жатыр. Әрине, мұның бәрі құрылысқа керек болғандықтан, қып-қызыл ақша. Бірақ, сол ақша деп ауылдарды қою шаңға көмуге, ауыр көліктермен жолдарды бұзуға, ауылдардың іргесін ой-шұңқыр етіп тастауға, тіпті, онсыз да тар мал жайылымын тарылтуға бола ма?! Облыс көлемінде осындай жағдайлар жоқ деп айтып көріңізші. Әрине, бәріне топырақ шашуға болмайды, арамызда соның бәрін ойлайтын, халықтан қымсынатын, жөні түзу кәсіп иелері де бар. Дегенмен, біз айтқандай жасайтындары да кездеседі. Міне, табиғатқа әлімжеттіктің, халыққа жоғарыдан қараудың бір қарапайым мысалы осы.

Табиғаттың, Жер-Ананың біздің кезімізде, бізден кейін де қандай күйде болуы өзімізге, осы жүрген адамдарға байланысты. Басқан шөбіңнің, барған орман-көліңнің тазалығын сақтап отырсаң, бұл сенің қоршаған ортаға тигізер азды-көпті шарапатың. Өзінің туған анасын сыйлаған жан Жер-Ананы да сыйлай біледі. Жер-Ана кеудесінде жаны бардың бірінші Анасы екендігін ұмытпайық. Байқап отырсақ, жерасты байлықтарын да ананың құрсағындағы нәрестедей, Жер-Ана өзі уақытына жеткізіп, жетілдіріп отырады екен. Оған бір дәлелім, 1980 жылы мектеп мұғалімі болып жүргенімде жазғы каникул кезінде «Қараторғай» кеңшарында шөп науқанына қол ұшымды бердім. Көлдің бір жағалауына Алматы жағынан келген кәрістер қарбыз еккен екен. Соларға шөлдеген соң, қарбыз сұрап келген геологтармен аз-мұз сөйлесе қалғанымда, Арқалықтан алпыс шақырым жерде мыс бар екенін естіп, білдім. Сөздеріне қарағанда, ол әлі піспегендіктен, алуға ертерек көрінеді. Міне, бұл да бір жерге, оның береріне ұқыпты қараудың көрінісі. Кешегі Кеңес Одағы кезінде кен орындарын игеру, игермеу мәселесінде осындай бір нақты өлшемдер бар еді. Қазір қайдам?! Қалай болып жатқандығын жоғарыдағылар ғана біледі. Ертеректе бір үнді киносын қарап отырсам, кейіпкерлері «Жер-Анаға тіл тигіздің» деп бір-бірімен шартпа-шұрт төбелесе жөнелгендері. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Біріншіден, өз жерін сүйгендік, сыйлағандық. Екіншіден, біз айтып отырған Жер-Анаға құрметтің ең жоғары көрінісі. Мұндай елде әрине, жермен қалай болса солай қарым-қатынас жасала бермейді. Алдымен ойда ынсап, ар-ұят тұрады.

Мұндайда адамдар былай тұрсын, жан-жануарлардың өзі де, оның ішінде кісі мінезді жылқы малы да өз жерін аңсайды екен. Бір ғажабы, осы күні жер бетінде 60 мұсылман елі бар болса, сол елдердің әрбіреуінде қазба байлықтары бар көрінеді. Қазір де үрейімізді алып жатқан соғыстың, әскери  қимылдардың өзі ең алдымен келесі бір мемлекеттің жеріне, жер байлығына қызығушылықтан туатындығы екінің біріне аян болса керек. Осы күні жақындарынан, қымбатынан айрылған кей адамдар өлім-жітімде «қара жер қойның толсайшы» деп жылап-сықтап та жатады. Бұл жерде қара жердің ешқандай қатысы жоқ. Әр адамның өз өмірі өз қолында. Соны біле жүрсек.

Көзі ашық адамдардың, әсіресе, ғалымдардың айтуларына қарағанда, адамдар өзін қоршаған ортаға жанашырлықпен қарамаса, мұндай кері көзқараспен келешекте жер бетінде тіршілік атаулы жойылып кетуі мүмкін деген жорамал да бар және мұны адам ғана  жүзеге асыра алады дейді. Өте ауыр, сенгің келмейтін қорқынышты сөз. Бірақ, оның жайдан жай айтылмайтындығы да шындық. Қазір қаншама елде бір-бірін көздеп, ядролық қарудың арсеналы тұр. Бірін-бірі онымен қорқытып, үркітіп қоятындығын көршілес елден де құлағымыз естіп, көзіміз көріп отыр. Тек осындайда әпербақандықтан, ойсыз әрекеттен сақтап, Алла бәрімізге сабыр берсін. Жер-Анамыз мәңгі жасап, жақсы, бақуатты күйінде ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырғанына не жетсін!

Бақытқали БІЛӘЛҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар