Адамзатқа ортақ ойшыл

 10 тамыз – ұлт руханиятының темірқазығы, қазақтың ұлы ойшылы, ақын, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні.Ол 1845 жылы 10 тамызда Семей өңірінде дүниеге келген. Биыл – ұлы ақынның туғанына 178 жыл.

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады»  деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді.

Үкімет Қаулысымен қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының175 жылдығында Қазақстанда 10 тамыз Абай күні деп бекітілді. Абай ғұлама ғалым, ойшыл ақын, ағартушы ұстаз ретінде ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы. Абай – дала философы. Абай шығармашылығы әлемдік туындылар қатарында орын алған халқымыздың баға жетпес мұрасы мен рухани азығы.

Расында ұлы ақын өз шығармаларында насихаттаған еңбексүйгіштік, білімге деген құштарлық, ізгілік пен парасатқа зейін қойып, тәрбие алу – бүгінгі күнгі міндеттердің бірі. Хакім Абай айтқан ізгі құндылықтар өміршеңдігін жоймақ емес.

«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген сөзімен өзіне ескерткіш қалап, ұрпағына өшпес өнеге, өлмес білімді асыл мұра етіп қалдырған ұлы Абай әлемі – шексіз әлем.

Абайдың «Қара сөздерінің» дүниетанымдық ерекшелігі туралы сөз қозғалғанда, Абай заманында қалыптасып үлгерген қазақ халқының бодандық құрсауындағы хал-ахуалына сараптама жасамай кетуге болмайды. Өйткені, Абай – өз заманының перзенті, оның үстіне үш жыл болса да болыстық қызмет атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласқан ойшыл.

Абай – өз заманына дейінгі дала ғұламаларының даналық қазынасын толық меңгерген, бүкіл көшпенділер дүниетанымын, олардың болмысын, ақыл-ойын, парасатын дүниеге таратып, адамзат санасының дамуына үлкен үлес қосқан біртуар, дара ойшыл. Абай шығармашылығы көшпелілер мәдениетінің әлемдік рухани қазынаға қосқан үлкен үлесі десек қателеспейміз. Өйткені, Абайдың ғұмыры мен шығармашылығы көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, танымның, мәдениеттің, салт-сананың, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, тұрмыстың, көзқарастың нағыз арбасқан, таразыға түсіп тайталасқан тұсының дәл және толық көрінісі болып табылады.

Шығармаларындағы зор тоғыс пен толғаныстарды сөз қылмағанның өзінде, оның жеке басының тарихы ірі-ірі рухани және күнделікті өмір трагедияларына толы болды.

Абайдың шығармашылық келбетін, дүниеге деген көзқарасын айқындаған үш қайнар көз туралы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының өзінде-ақ, М.Әуезов көшелі пікір қалдырған. «Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны» атты еңбегінде заңғар классик былай деген: «ұлттық және бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның творчестволық ісіне рухани азық болды. Абайдың бүкіл ой-қиялына, әлеуметтік, ақындық ісіне дем беріп, шапағатты нәр алған арнаның бірі – халықтың өзі жасаған, ауыздан-ауызға тараған, баспа жүзінде сақталып келген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениетінің бай мұрасы. Ақындығына рухани дем беріп, азық болған екінші арна – Шығыс».

Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Абай Құнанбайұлы Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Абайдың анасы Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан. Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл-әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы. «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері Абай осы есіммен тарихқа енді.

Мұхтар Әуезовтың Абайтануға қосқан үлесі нәтижесінде ақынның кейінгі шыққан кітаптарына қара сөздерден басқа 10708 жол өлең қосылды. Сонымен, Абайдың өзінен қалған архив болмағанның өзінде ғылыми-зерттеулер мен іздестірулердің арқасында бүгінге жеткен, қара сөздерден басқа 7133 жол еңбегі белгілі болды.

Абайтанудың тарихында Абайға арналған алғашқы еске алып, шығармашылығын тану 1914 жылы ақынның қайтыс болғанына 10 жыл толуына байланысты «Алшархият» жиналысынан басталады. Осы жиналыста алғаш рет Абайдың шығармашылығы мен өмірі жөнінде қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз Назипа Құлжанова баяндама жасайды.

1924 жылы Абайдың дүниеден озғанына 20 жыл толуына орай, ақынның өмірі мен өлеңдері жайлы баяндама жасалып, ақынның шәкірті Көкбай Жанатаев Абай туралы есте сақтағанын айтады. Осы жылдары қазақ ғалымдары арасында Абай туралы теріс пікір айтушылар шығады. Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені қазақ үшін таң қаларлық іс емес еді. Бірақ, халық сол жылдардың өзінде де Абайынан ажыраған жоқ.

«Адамның қадір-қасиеті оның мақсатқа жету жолымен емес, қандай жолмен жүретіндігімен анықталады», «Тек ақыл, ғылым, ерік, ар-ұждан адамды көтереді. Сіз басқаша көтеріле аласыз деп ойлау тек ақымақтық болуы мүмкін» –деген екен Абай Құнанбаев өзінің дәйексөздерінде.

Абайдың баға жетпес мұрасы қазақтың  ұлттық мәдениетіне зор әсерін тигізді. Оның еңбектері осы күнге дейін бүкіл елдің қоғамдық-мәдени өмірінің айқын бағдары болып келеді. Осылайша ол адамзатқа ортақ ойшыл деңгейіне көтерілген ұлы тұлғаға айналып отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар