Болат жол бойында шыныққан

Теміржол адамдарға жолаушылар мен жүктерді алыс қашықтыққа тасымалдаудың бірегей мүмкіндігін беріп қана қоймайды, сонымен қатар, ол көптеген кәсіптердің өкілдерін қызмет көрсету саласына тарта отырып, өмірлік несібесіне қол жеткізеді. Қазақстан темір жолының машинистері, кондукторлары, бақылаушылары, вокзал басшылары және басқа  қызметкерлері ерекше еңбек қауымдастығын құрайды. Сондай мақтан тұтар мамандық иесінің бірі Иван Павлович Пономарчук деп айтуға әбден болады. 

Иван Пономарчук 1986 жылы 22 қыркүйекте теміржолшылар отбасында дүниеге келіп, жастайынан күндіз-түні паровоз бен тепловоздың ысылдаған ысқырығын естіп теміржол бойында өскеннен кейін, өзінің өмір жолын, мамандығын бірден болмаса да кейін теміржол саласымен байланыстыруға бел буды. Мектепті бітіргеннен кейін ол жоғары оқу орнында инженер бағдарламашы мамандығы бойынша  білім алды. Бұл мамандықта біраз жұмыс істеген соң, өзіне ұнамайтынын түсініп, Қарағанды техникалық құрылыс колледжіне оқуға түсті. 2008 жылы әкесінің және інісінің қолдауымен  Көкшетау ТД-5 депосына жұмысқа келіп, өзін жақсы жағынан көрсетті. 2010 жылы желтоқсан айында басшылық оны Қарағанды техникалық мектебіне тепловоз машинисіне оқуға жіберді. 2011 жылдың мамыр айында оқуын аяқтап, Мадақтама және Алғыс хатпен депоға оралды.   Сол жылдың қыркүйегінде жүк қозғалысының тепловоз машинисі болып жұмыс істей бастады.  2021 жылы біліктілікті арттыру курсын аяқтағаннан кейін жолаушылар қозғалысының тепловоз машинисі болып тағайындалды. Қазіргі уақытта Иванның бұл салада атқарған 15 жылдық еңбек өтілі бар. Оның айтуынша, жұмыс өте жауапты және әр жерде мұқият болу керек.

−Барлығына асқан жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ, машинистің жақсы білімі болуы керек. Қарағанды техникалық құрылыс колледжінде  алған білімім күнделікті жұмыста көп көмектеседі. Жұмыс маған ұнайды. 15 жыл ішінде жұмыстан бас тартып, шаршаған емеспін. Жұмыс орнында сағаттап отыра беремін. Мен әрі қарай да машинист ретінде жұмыс істеуді жоспарлап отырмын, алда бірінші сыныпты біліктілік куәлігін алғым келеді,− дейді өз сөзінде кейіпкеріміз.

Ағымдағы жылы Иван Павловичтің үлкен қызы Бурабай колледжіне тасымалдауды ұйымдастыру мамандығы бойынша оқуға түсті. Былайша айтқанда, отбасының үйреншікті еңбек жолын таңдауды ұйғарды. Алдағы уақытта бойжеткен теміржол саласында қызмет атқаруды жоспарлап отыр.

Түйіндей айтқанда, теміржолшылардың тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлес болып қосылуда. Өйткені, бұрынғы айшылық алыс жерлерге аз уақытта аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса, жүк тасымалының  қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі негізгі күш болып табылады. Осыған орай, бүгінгі кейіпкеріміз Иван Пономарчуктың  еселі еңбегі де елге үлгі. Лайым солай бола берсін!

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Көкшетау қаласы.

 Суретте: тепловоз машинисі Иван Пономарчук тарихи ечкерткіш – ескі паровоздың баспалдағында тұр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар