Білім күні мерекесімен тұспа-тұс келген ел Президентінің биылғы Жолдауы баршамыздың ерекше назарымызды аудартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атап айтсақ, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, ғылым және білім беру жүйесі, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жалпы, адам әлеуетін көтеру мәселелеріне тоқталды. Бір сөзбен айтар болсақ, кезекті Жолдаудың еліміздің болашағына арналғаны хақ. Осы айтылғандардың дәлелі ретінде ел Президенті: «Әділетті Қазақстанды құру үшін тек саяси және экономикалық реформалар жеткіліксіз. Ең алдымен, азаматтардың қоғамдық саласымен ұмтылысын өзгерту керек, онсыз қалған жұмыстың бәрі бекер. Еліміз үшін ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың маңызы ерекше. Барлық азаматтардың, әсіресе, жастардың бойында ең жақсы қасиеттер болу керек – бұл қоғамның құндылықтарының біртұтас жүйесін құрайды. Әрбір адам ұлтжанды, білімді, еңбекқор, тәртіпті, жауапкершілікті, әділетті, үнемшіл, жанашыр болса, біз үшін қол жетпес биіктер болмайды», – деп өз ойын дәл жеткізді.
Мемлекет басшысы қолға алып отырған ізгі саясат халықтың әл-ауқатын арттыруға және барша қазақстандықтарға тең мүмкіндік беруге бағытталып отыр. Сондай-ақ, бұл Жолдау ел дамуының басым бағыттары мен алдағы мақсат-міндеттерді де айқындап беруімен маңызды. Сөйтіп, бұл жолғы негізгі құжаттан еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа модулін қалыптастыруға болатындығын байқаймыз.
Баршаңызға белгілі, бүгінгі әлемдегі күрделі ахуал біздің мемлекетіміздің де дамуына өзінің үлкен әсерін тигізуде. Осындай қиын кезеңде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруға аса мән беріп отыр. Яғни, Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың нақты әрі тиімді тетіктері іске асырылмақ.
Ел Президенті өз Жолдауының соңында «Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ. Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз! Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық! Қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!», – деп баршамызға Үндеу тастады.
Қазақстан халқына арналған Жолдаулар еліміздің әл-ауқатын көтеруге, экономикамызды дамытуға бағытталған бағдарламалар жиынтығы десек, қателеспейміз.
Қазіргідей жаңарған жаңа заманда әрбір азамат барынша адал еңбектеніп, еліміз үшін жасалып жатқан игі істердің орындалуына, іске асуына аянбай тер төксе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Айдар ҚОЖАБАЕВ,
«Қоғамдық даму орталығы» мекемесінің қызметкері.