Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған әулет

Қазақ халқында тектілік ұғымы ертеден қалыптасқан. «Көргені жақсы, көш бастар», «Тегі жақсы, тегін болмас», «Алып анадан туады» деген сөздер бекерден-бекер айтылмаса керек. Ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жеткен ұлттық тәрбиенің ұрпаққа берері мол. Ал, қазақтың дәстүрлі отбасылық тәрбиесі  тұнып тұрған тағылым көзі, өнеге үлгісі ғой.  Демек, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы дегенге ешбір адам дау айта алмас. Балаларымыздың тәрбиеден асқан мұра жоқ дегені де тегін еместігі анық.                                   

Өнегелі отбасы кім-кімге болсын үлгі. Бізге идеалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жақсы адамдар жанымызда жүр. Солардың санатына Қосшы қаласында тұратын ұлттық құндылықтарды ұлықтаған  Қазанғаповтар әулетін қоссақ әбден лайық. Отбасының қоғамдағы рөлін айқындау мақсатында Мемлекет басшысының Өкімімен жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының ағымдағы жылғы қорытындысы бойынша Қазанғаповтар әулеті Ақмола облысында жеңімпаз атанып, Бас жүлдеге ие болды.  Отбасының үздік үлгісін халық арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын  ұлттық байқауда көпке үлгі болған үбірлі-шүбірлі, үлгілі әулеттер арасында топ жару әсте оңай емес. Дегенмен де, әулеттің жүгін көтерген отағасы – Ыбырай ақсақалдың өзі бастап байқауға жіті дайындықпен келген. Нәтижесі көз қуантты.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар», – дейді халық. Расында да солай, ата-әжесі бар үйдің берекесі де, ырысы да тұнып, ырыздығы артылып тұрады.  Ыбырай ақсақал биыл мерейлі жетпіс жасқа толып отыр.   Жұбайы Бибісара әжеймен бірге 6 бала тәрбиелеп өсіріп, 19 немересінің қызығын көріп отырған көпбалалы отбасы иесі. Балаларының бәріоқыған-тоқығаны мол азаматтар, олар барлығы еліміздің әр өңірінде табысты еңбек етуде.

– Қайда жүрсеңдер де әділ болыңдар! Дұрыс сөйлеу, үлкенді сыйлау, бір минут отыратын жерің болса да таза ұстау, өмірде кездесетін қиындыққа жеңілмей, сабырлы болу, әрбір сәттен бақыт таба білу керек, – дейді ақсақалдың өзі. Бұл қағидаттар – отбасының негізгі ұстанымдары.Ыбырай ақсақал өн бойындағы кісілік, кішілік, адамгершілік сияқты абзал қасиеттерді өз ұрпағының бойына сіңіре білген ізгі жан. Өзі өмір сүріп жатқан құтты мекен, Қосшы қаласын– «бақ мекенім» деп ерекше атайтыны бар. Және де жас қаланың дамуына, азаматтардың жақсы болып қалыптасуына да бей-жай қарай алмайды.  Ыбырай ақсақал – Қосшы қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз медиатор, Ақмола облысынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі секілді қоғамдық қызметтерді абыройлы атқарып жүр.Бар саналы ғұмырын  ұрпақ тәрбиесіне, елдің өркендеуіне арнаған мерейі  үстем, мейірімі шексіз, үлгілі  отбасының қадірлі отағасыдеп таниды ел ақсақалды.

Еселі еңбек еш кетпейді деген. Ыбырай ақсақал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е.Қошановтың Алғыс хатымен, «Целиноград ауданына – 85 жыл», «Целиноград ауданына – 90 жыл»,  «Ауыл еңбегі үшін» медальдарымен және аудан, қала басшыларының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.

Шаңырақтың шырайын келтірген,жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялатқан, даналығы дара, болмысы ерек, балаларының бақытына бөленгенБибісара  апамыздың өмірі тұнған тағылым.  Мамандығы медбике. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының «Алғабас» совхозының ауруханасынан бастаған. Қазіргі таңда Бибісара апай  құрметті зейнет демалысында. Бұл күнде алты баладан тамыр жайғанжиырмаға жуық немересінің өсуіне қолғабыс жасап, олардың білім алуына, оқуына жағдай жасап отырған ардақты әже.Бәрімізге белгілі, ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала жаман болмайды.  Балдырған жастайынаноңы мен солын, жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Әдетте, әже тәрбиесін алған баланы жұрт «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп баға беріп жататыны бар.

Иә, адам ұрпағымен мың жасайды. Бала – ата-анасының айнасы емес пе?. Ал, ата-ана үшін өз баласының белгілібір биіктен көрінгенін көру зор бақыт қой. Қазанғаповтар әулетінен өрбіген алты баланың алтауы да бұл күнде ел игілігі жолында абыройлы еңбек етіп жүр.  Балалардың үлкені Рыскүл қыздарыболса,  №2  Қосшы орта мектебінде ұстаз болып жұмыс істейді. «Педагог –  зерттеуші» біліктілігі бар ұлағатты ұстаз. «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының Білім министрінің, Ы.Алтынсарин орталығының, облыстық білім басқармасының, аудандық және қалалық білім бөлімдері басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталған. Оқушылары халықаралық, республикалық олимпиада жүлдегерлері. Бақтияр болса, 2007 жылы Д.Қонаев атындағы колледжде құқықтану мамандығы бойынша білім алып, 2013 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебін тәмамдады. 2007 жылдан бастап ішкі істер саласында қызмет істейді. Бахтияр ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстан РеспубликасыІшкі істер министрлігінің Конституция күніне орай қазақша күрестен ұйымдастырылған спорт сайысындабірінші орынды жеңіп алып, Министрліктіңгенерал полковнигінің Алғыс хатымен, Тағылымды тарихы бар көлік полициясының 95 жылдығына орай және бір Алғыс хатпен марапатталған. Ал, Жаннаболса,сот саласында қызмет етеді. Нәтижелі жұмысыүшін мадақтама қағаздарына ие болған, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Астана қаласы бойынша Соттар әкімшісі басшысының Алғыс хатымен және әр жылдары Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты төрағаларыныңАлғыс хаттарымен марапатталған.

Бірлігі бекем, тірлігі келісті әулеттің немерелері де ел аузында жүрген мақтаулы ұл-қыздар. Мәселен, немересі Аружан жас мұғалім бола тұра, қазірдің өзінде білім биігіненкөрініп жүр. Ол2020-2023 жылдар арасында Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжінде «Информатика пәні мұғалімі» мамандығын меңгерген. «Елбасы медалінің» қола медаль иегері атанып,  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен, Нұр-Сұлтан қаласының «Астана Жастары» мекемесі  басшысыныңдипломымен, басқа да сала басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ, Г.Сатмағамбетов атындағы қайырымдылық қорынан, «Shanyraq forum» бизнесмендерге арналған республикалық форумнан, Алғыс хаттар мен XVI «SHATTYQ-2023» қалалық байқауынан диплом алған. Ал, Әмина немересі болса, Қосшы қаласындағы №1 Р.Қошқарбаев атындағы орта мектепті аяқтап, Еуразия ЕАГИ колледжінде білім алуда. Әмина Қосшы қаласының қоғамдық өміріне белсене қатысады. «Жайдарман» көңілділер мен тапқырлар  клубында өнер көрсетеді. Ол «Ағылшын пәні» бойынша олимпиадаға қатысқаны үшінҚосшы қаласы білім бөлімі басшысыныңдипломымен, халықаралық «BRITISH BULLDOG»-қа қатысқаны үшін сертификатпен марапатталды. Ал, математика пәнінен «Тапқыр бала» олимпиадасы мен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан өткен байқауда 2 орындардан көрінсе, республикалық «Лингвист» олимпиадасында «Ағылшын тілі» пәнінен топ жарып 1 орынды жеңіп алды.

Балтілді Арнұр болса, Қосшы қаласындағы IT мектеп-лицейінде 2 сынып оқушысы. Жас болса да арманы – елімізге танымал спортшы болу. Талабы таудай ол қазіргі таңда ММА жекпе-жек үйірмесіне қатысады. Қазірдің өзінде халықаралық, республикалық спортта қол жеткізген жетістіктері үшін бірнеше дипломдардың иегері. Сондай-ақ, Петропавл қаласында өткенММА жекпе-жегіненашық чемпионатта ІІ орынға табан тіресе, жауынгерлік самбодан Астана қаласының өткен ашық турнирде ІІІ орынды иегері атанды.

Адам баласы қай биіктен көрінсе де, қандай жетістікке жетсе де, отбасында алған тәлім-тәрбиесі оның өмірлік бағдаршамы болып, ғұмыр жолына ізгіліктің жарығындайжол сілтеп тұратыны бар.  Сол себепті де кез-келген адам балалық шағын, отбасында алған тәлім-тәрбиесін ешқашан есінен шығармайтыны анық. Әсіресе, өмірден көрген-түйгені мол өнеге иелері Ыбырай мен Бибісара сияқты тәрбиенің нәрін бала бойына сіңіре білген жандар ата-анаң, ата-әжең болса, бір бақыт емес пе?!. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Бұл сөзді сан мәрте естісек те, кейінгі жас толқын үшін ғибрат жолының қара шаңырақтан басталатындығына осындай өнегелі  отбасының ғұмыр жолын зерделей отырып, тағы бір мәрте айқын көз жеткізерің бар. Қазынамыз ортаймасыншы. Міне, осындай қазыналы қарттарымыз айналасына ізгілік нұрын шашқан ортамызда аман-есен жүре берсінші!..

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар