Бүгінде адам атаулы өзінің жеке бас тыныштығы мен пайдасын ғана ойлайтын болып алды. Көпшілік орындарда жүргенде өрімдей жастардың отбасындағы тәлім-тәрбиесі жетпей жатқандығын көріп, жаным ашиды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету деген кісілік, ізгілік қасиеттерден ада тәрізді. Кейде олар адамгершілік деген сөзді естіді ме екен деген ой келеді маған.
Жалпы, адамгершілік – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдептілік ұғымын білдіреді. Жоғарыда атап өткенімдей, кісілік, ізгілік, имандылық тәрізді сөздермен мәндес келеді. Адамгершілік – адамшылық, қаталдықпен салыстырғанда бір-бірімізге жақсылық тілеу, жақсы қарым-қатынаста болу. Адамды сыйлау, қастерлеу, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, кішіпейілдік пен ізеттік, әділдік деген ұғымнан тұрады.
Әңгімені әріден бастап жатқаным, қоғамдық көліктерге жиі мінемін. Қаладағы № 3, 5, 8 маршруттары бойынша жүретін автобустар қашан көрсең лық толы жүреді. Жолаушылардың басым бөлігі мектеп оқушылары мен колледждердің студенттері. Сонда жап-жас қыз-жігіттеріміз орындықтарға жанталаса отырып алып, құлақтарына құлақшынын (наушник) тығып, терезеге қадала қарап, автобусқа мінген не үлкенге, не кішіге орын бермейді.
Бірде автобус кондукторы жасы 70-тер шамасындағы қария мінгенде: «Жастар, қарт адамдарға тұрып, орын беріңіздер!» деп еді, көлік ішінде отырған мемлекеттік қызметте жастармен жұмыс істейтін бір жасы орталап қалған келіншек:
–Неге жастар орын берулері керек? Ол да біреудің баласы. Қазіргі жастар бұрынғыдай сабақ оқып болған соң, үйде құр бос отырмайды. Ата-аналарының алған несиелерін жабуға көмектесу үшін жұмыс істейді. Біреулері ауыр жұмыс істесе, енді біреулері екі жұмысқа шығады. Олар да шаршайды. Зейнеткерлер күнімен үйлерінде отырады, іштері пысқан соң, базарға шығады.., – деп орыс тілінде шүлдірлеп, неше түрлі мысалдар айтып, автобустың ішін даңғаза қылды. «Қазақ десең өзіңе тиеді, соқыр десең көзіңе тиеді»демекші, әлгі келіншектің айтқандарынан менің бетім қызарды. Сонда қартайған ата-әжелер «балам, сен екі жұмыс істейсің, шаршап келе жатырсың, отыр» деп жасы 18-20-дағы қыз-жігіттерге орын беру керек пе? Осыны айтқан келіншектің өз ата-анасы жоқ па немесе өзі қартаймай ма?
Әлгі оқиғадан кейін екінші күні қалалық әлемжелілердің бірінде «жастардың автобустарда қарияларға орын беруі міндетті емес» деген паблигі шықты. Содан кейін қариялар былай тұрсын, екіқабат келіншектер мен кішкентай бөбегін қолына ұстаған аналарға орын беру жайына қалды. Жап-жас қыздарымыз бетіңе бежірейе қарап, күліп отырады… Осылай өз қолымызбен жасаған әрекеттерден кейін біздің ұрпағымыз қалай адамгершіл болады? Керісінше, бізді әке-шешеміз, ата-әжелеріміз: «ұлық болсаң, кішік бол», «үлкенге жол бер», «кішілерге көмектес», «қариядан бата алуға тырыс», «кішіпейіл бол» деп тәрбиелеуші еді ғой. Әлгіндей келіншектерден тәрбие алған балалар қандай болады екен?..
Ұлы ағартушы ойшылдарымыздың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы, «Кісіге адамшылық неге керек? Адамдық – өзге айуаннан артық демек!.. Жаны ашып, жәрдем қылмай өткен адам, Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек». Хайуаннан біздің айырмашылығымыз да осы адамгершілік, адамдық жақсы қасиеттерде болып отыр ғой.
Жалпы, біздің ортаға салып жатқан ойларымыздың барлығы отбасындағы ұлттық құндылықтардың сақталуына, осы тұрғыдағы тәлім-тәрбиеге, білім ошақтарындағы адамгершілік, рухани қажеттіліктердіңкеңінен насихатталуына байланысты. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі баланың тәртібі мен іс-әрекетінен байқалады. Сондықтан, ұрпағымыз кішіпейіл, мейірман, адамгершіл болсын десек, әр ата-әже мен әке-шеше, ұстаздар мен туған-туыс, ағайын болып, әр баланың бойына кішкентайынан жақсы қасиеттерді сіңіре берейікші. Адамшылық бар жерде сыйластық пен бір-бірімізге деген құрмет бар емес пе?! Ал, әлгіндей жастардың үлкендерге кішілік емес, кісікиіктік көрсетіп, орындарынан былқ етпеуі, оны кейбір өресі жете бермейтіндердің қолдауы ұлт ретінде бізді алысқа апармасы айдан-анық. Өйткені, осы күні біздеркөп сөз болып жатқан адами құндылықтарға жете алсақ, осы ұлық тәрбиенің бірі – кішінің үлкенді сыйлауы, оған тіпті орын түгілі, бар пейілі, ниетін беруі арқылы ғана жете аламыз. Ал, осы тұрғыда біз келтірген мысалдар жаныңды жадыратпақ түгілі, жаралап тастайды. Осы жағын сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!.
Ы.ШАМШИЕВА.