Соңғы жылдары Алаштың алтын бесігі – ауылдағы мәдениеттің ажары жақсарып келеді. Өткен жылы төрт мемлекеттік клуб ашылып, «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында елдегі мәдениет ошақтарының инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік туды.
Ауыл халқының туған жерінің төсінде орнығып, түтін түтетуіне игі әсер ететін жайдың бірі мәдениет ошақтарын жандандыру екені әлмисақтан белгілі. Өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1,9 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сәл таратып айтатын болсақ, оның бесеуі құрылыс нысаны да, біреуі қайта жаңғырту жұмыстары. Соның ішінде Астрахан ауданына қарасты Новочеркасское селосында 250 орындық спорт ғимараты бар мәдениет үйін салу. Мұндай жағымды жаңалық Степногорск қаласының Қарабұлақ ауылында, Аршалы ауданының Аршалы кентінде де орын алмақ. Айталық, шоқ жұлдыздай шағын ғана Қарабұлақ ауылында 145 орындық мәдениет үйі салынса, Аршалы кентінде 300 орындық мәдениет үйі бой көтереді. Осылайша, ел еңсесін бір көтеріп қалмақ. Бұланды ауданында Никольское, Вознесенка селоларында 150 орындық мәдениет үйі салынса, Есіл ауданындағы Бұзылық ауылында да тұрғындардың көкейінде жүрген күрделі мәселе шешімін таппақ.
Жаңа мәдениет үйлерімен қатар, ежелден халыққа адал қызмет етіп, елдің рухани кеңістігін нұрландырып тұрған мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Таратып айтатын болсақ, Ерейментау ауданындағы Олжабай батыр атындағы ауылдағы клуб күрделі жөндеуден өткізілсе, осы аудандағы Тайбай ауылындағы бұрынғы дүкен ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жабдықталады. Міне, осылайша, шағын ауылдарда халықтың бір уақыт көңіл көтеріп, мәдени шаралар өткізіп, серпілуіне мүмкіндік туғызылмақ. Асылында жергілікті жердегі клубтар ойын-сауық қана өткізетін орын емес, сонымен қатар, жалпақ елді жақсылыққа баулып, ортақ іске жаппай жұмылдыруға септігін тигізетін, рухани нәр беретін орын. Міне, сондықтан өтпелі кезеңде жүдеп қалған ауыл мәдениетіне көңіл бөлінуі құптарлық-ақ.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жүргізілуде» деп атап өтуі де тегін емес. Мемлекет басшысының алға қойып отырған тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп атқаруға білек сыбана кіріскен өңірде жалпы құны 838 миллион теңге болатын 7 күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұл жақсылықтың шарапаты өңірдегі бірнеше аудандардың мәдениет ошақтарына тиіп тұр. Жергілікті бюджет есебінен де мәдениет ошақтары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ерейментау, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Біржан сал, Зеренді, Қорғалжын, Ақкөл, Жарқайың, Сандықтау, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласының Шаңтөбе, Ақсу, Бестөбе кенттерінде жалпы көлемі 1 миллиард 339 миллион теңгені құрайтын жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ел тұрғындарының көз алдарында сәл тозған мәдениет ошақтары құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай жұтынып сала берсе ғанибет емес пе? Жалпы есепті кезең ішінде 42 клубта 1 517 197,3 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл соңғы жылдардағы ауыз толтырып айтуға әбден лайықты қомақты жұмыс екені сөзсіз. Жоғарыда аталғандардан басқа 12 клубтық мәдениет нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Ақкөл ауданындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағы жөндеу жұмыстарынан кейін көркі көзтартарлық болып құлпырып сала берді. Бұл мақсатқа 90 миллион 101 мың теңге қаражат қарастырылған болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар, ағымдағы жөндеу жұмыстары да рет-ретімен атқарылуда. Бұл мақсатқа 202 668 мың теңге қарастырылып, 24 ауыл клубы әдемі ажарға ие болды. Мұндай жұмыстар Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Біржан сал тәрізді аудандарда қолға алынды.
Соңғы жылдары қалталы азаматтар да ауыл мәдениетіне көңіл бөле бастады. Бұл өте құптарлық қадам. Әсіресе, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары елді мекендердің етегі сөгілмей, тұтас отыруына мүдделі. Жер-жерде балалардың спорт алаңдарын салып, мәдениет ошақтарын жөндеп, қамқорлық көрсетуде. Үстіміздегі жылы өңірде Сандықтау ауданының Белгород ауылдық мәдениет үйі демеушілердің есебінен жарты миллион теңгеге жөнделді. Жарқайың ауданында да дәл осындай жұмыс қолға алынып, діттеген жеріне жетті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Демек, қалталы азаматтар ел мұқтажына көңіл бөле бастады деген сөз.
Біздің жақта қыс ұзақ. Сондықтан, ауылдағы мәдениет ошақтарын қысқа дайындау айрықша маңызды. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен жеті блоктық-модульдік қазандық сатып алуға 255,7 миллион теңге қаражат бөлінді. Қажетті қазандықтар алынып, Шортанды кентінің демалыс орталығы, Есіл ауданының Двуречный, Астрахан ауданының Камен, Жақсы ауданының Жаңа-Қима ауылының мәдениет ошақтарына орнатылды. Ерейментаудағы Тайбай, Олжабай селолық клубтары да осындай қамқорлықтың шарапатын көрді. Ақкөл ауданының Новорыбинка, Қорғалжын ауданының орталығы Қорғалжын ауылындағы мәдениет үйлерінің қазандықтары жөндеуден өткізілді.
Облыстағы клубтық үлгідегі мәдениет нысандарын дамыту үшін 448,290,9 мың теңгені құрайтын қажетті құралдар алынды. Айтпақшы, сөз арасында осы қаржының негізі бюджеттен бөлініп отырғандығын, сондай-ақ, ортақ іске жергілікті меценаттардың да ат салысқандығын айта кетуге болады.
Үстіміздегі жылы ауылдық мәдениет үйлері қажетті сахна киімі мен музыкалық аспаптар алып, бір жаңғырып қалды. Бұл тарапта ауыл мәдениетіне жанашыр кәсіпкерлер 314,083,2 мың теңге көмек көрсеткендігін айта кетелік.
Өңірде 14112 бала қатысатын 1035 балалар үйірмелері жұмыс істейді. Демек, өнерге жақын, мәдениетке сусаулы ауыл балалары рухани нәр алып, жетіліп келеді. Өнердің өрісінде өмірлік азық алған өреннің көкірегі ояу болары сөзсіз. Болашақтың сара жол ашуына маңызды шаралардың септігі мол. Сөз соңында үстіміздегі жылы облыстың ауылдағы мәдени мекемелері барлығы 3 792 405 адамды қамтитын 24 мыңнан астам іс-шара өткізгендігін айтуға болады.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.