Елдің атын шығарған тұлғалар – ортақ мақтанышымыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңіріміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиын барысында кездесуге қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, ойларын ортаға салды.  Кездесуде өңір басшысы облысымыздың рухани және мәдени әлеуетін арттыру, өнер саласында Ақмола облысының өз қолтаңбасын қалыптастыру жөнінде сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, қаралған мәселелер бойынша тапсырмалар берді. 

 – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға тиісті құрмет көрсету керек екендігін атап өтті. Ағымдағы жылы Халық қаһарманы, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаевтың, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы. Мемлекет басшысының терең мағыналы мақаласында аталып өткен батырларымыздың ерлік жолдарын ұлықтап, өскелең ұрпақтың санасында жаңғырту –  біздің парызымыз.

Жалпы, кез-келген аймақтың өз ерекшелігі бар. Біздің Ақмола, Көкше өңірлері бай тарихымен, Хан көрген, Хазірет көрген қасиетімен, аққуға әнін қосқан сал-серілердің өнерімен танымал. Осы орайда, өңір өнерін одан әрі өрістетін, ұлттың рухын көтеретін, қуат беретін мейлінше терең әрі сапалы тың жобалар қажет. Бізге ортақ құндылықтарды біріктіретін идеология керек, – деді облыс әкімі кездесу барысында.

Жиында аймақтың ғылым мен өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар өңір тұрғындарының көкейінде жүрген көптеген мәселелердің басын ашып, шешу жолдарын ұсынды. Кездесуде сөз алғанғандар өңірдің тұғырлы тұлғаларын ұлықтау, тарихы мен өнерін зерттеуге, насихаттауға қолдау көрсету, жаңа бастамаларға қол ұшын беру мәселелерін көтерді. Осындай тың жобалардың бірін ақын Мерген Тоқсанбай ұсынды. Ол «Көкшетау әндер антологиясы» жобасын үш жылдан бері жүзеге асырсам деп ойластырып жүрсе керек. Ондағы мақсаты – Арқаның ән өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған сал-серілердің әндерін таспаға түсіріп, жұртшылық назарына ұсыну.

Тағы бір ерекше екпін түсіре атап өтерлік жобалардың бірін ақын Құдайберлі Мырзабек ортаға салды. Өңірімізде этнотуризмді дамыту, ханның ордасы атанған Көкшетаудың, біздің мемлекеттігіміздің тарихын басқа өңірлерге үлгі етіп таныту жолында «Абылай хан кешенін» ұйымдастыру туралы бастамасы да көпке ой салды.

Сондай-ақ, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев Ақмола облысының ономостика саласында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып, өз ұсыныстарын да ортаға салса, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Аманбай Сейітқасымов Көкшетау қаласының тарихына қатысты тың ойларымен бөлісті.   Ғалым Мәулет Ардаби материалдық емес мәдени мұра хақында,  белгілі зерттеуші Алма Құнанбаева да Көкшетау қаласының тарихы туралы айтып өтті.

Жиын барысында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова баяндама жасап, ағымдағы жылы жоспарланған мәдени көпшілік іс-шаралар туралы баяндады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мәдениет пен өнерге серпін беру барысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биылғы жыл мерейлі даталарға толы. Атап айтар болсақ, әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жыл,
ұлт мақтанышына айналған ақмолалық жерлес қос батыр, даңқты Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100
жыл толады. Осы мерейтойлар аясында Ақмола облысында бірқатар ауқымды жобалар жоспарланып отыр. «Ақмоланың айтулы тұлғалары» жобасы аясында қазақтың дәстүрлі ән өнері, оның ішінде
Арқаның әншілік мектебінің көрнекті өкілі, сал-серілік дәстүрдің негізін қалаушысы Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына
орай, «Біржан салдың ән жолымен» тарихшылар, филологтар мен әншілердің
қатысуымен республикалық экспедиция ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, биылғы жылы Қазақстан Республикасының Халық ақыны, Қазақстан айтыс ақындары одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналған алғашқы рет үш буынның қатысуымен халықаралық айтыс өтеді. Ақын, әнші, айтыскер Мұса Асайыновтың туғанына 95 жыл толуына орай, «Жүрегімнің жұлдызы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, Халық жазушысы, драматург Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған халықаралық «Сәлем!» театрлар фестивалі, «ТеАрт Көкше» халықаралық театр фестивалі, «Көкшетау қаламгерлері жобасы аясында» бірқатар мерейтойлар ұйымдастырылады.  Сондай-ақ, ағымдағы жылы бірқатар өнер ұжымдарының мерейлі даталары аталып өтіледі.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі кез келген мәселенің шешімін шығарғанда қоғамның көзқарасын үнемі назарда ұстау қажеттілігін баса айтып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар