Қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыруымыз қажет

«Болашақ» сарайының мәжіліс залында Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғаныс академиясына оқуға түсу үшін кәсіптік бағдар беру мәселелері бойынша жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушыларымен  кездесті.

Облыс бойынша мектеп парламенттері құрамында төтенше жағдайлар жөніндегі министрлер жұмыс істейді. Олар мектеп оқушылары арасынан сайланады. Осы жас министрлер де қатысқан кездесу Алматы мен Қазақстанның бірнеше өңірінде 23 қаңтарға қараған түні орын алған жерасты дүмпулері жайында ақпарат бөлісумен басталды. Мамандар төтенше жағдайлар туындағанда ұстанатын жалпы ережелер жайлы дәріс оқыды. Кездесу барысында қауіпсіздік мәдениетін дамытуға қатысты мәселе де жан-жақты талқыланып, балаларға азаматтық қорғау органдарының жұмысы туралы имидждік бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жанат Асылбеков:

– Осындай іс-шаралар жиі өткізілуі керек деп ойлаймын. Себебі, оның арқасында оқушылар қауіпсіздік бойынша  қажетті ақпарат алып, төтенше жағдайлар пайда бола қалса, одан сақтанудың жолдарын білетін болады,−деп атап өтті.

Министрлік өкілдері төтенше жағдайлардың алдын алу оларды жоюдан тиімдірек екенін еске салды. Дегенмен, төтенше жағдайларда әрекет етуге үйрететін жобалар да маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта өткен жылдың соңында Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың басты мақсаты қауіпсіздікті насихаттау болып табылады. Вебинар барысында да төтенше жағдайлар жөніндегі жас министрлер өзекті және маңызды сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.

− Мен «Әулет» орталығындағы «Жас батыр» үйірмесінің капитанымын, сонымен бірге өз мектебімдегі мектеп парламентінің мүшесімін. Осындай вебинар ұйымдастырған Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Себебі, олар төтенше жағдай кезінде не істеуіміз керектігін түсіндіріп қана қоймай, сейсмикалық жағдайларда да қандай әрекет жасауымыз қажет екенін жан-жақты айтып өтті, − дейді бұл орайда, Көкшетау техникалық лицейінің мектеп парламентінің төтенше жағдайлар министрі Диана Ахметова.

Шара соңында оқушыларға азаматтық қорғау органдарына оқуға түсу барысы да егжей-тегжейлі таныстырылды. Мектептің өзін-өзі басқару тобының мүшелері Министрлік қызметкерлеріне алғыс білдіріп, алдағы уақытта салалық облыстық департаментпен тығыз байланыс ұстануға ниетті екендерін жеткізді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар