Армия генералы

Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов

Сағадат Нұрмағамбетов! Ұлы Отан соғысы басталғанда ол 17-дегі бозбала-тын. Көп кешікпей әскер қатарына алынып, 1942-1943 жылдар аралығында Бірінші Түркістан әскери училищесінде оқыды. Содан соң майданға аттанған жас лейтенант алғашында пуле­метшілер взводын басқар­ды. Рота, батальон командирі болып Кубаньды, Украинаны, Молдавияны, Батыс Белоруссияны, сондай-ақ, Польшаны азат етуге қатысты. Сұрапыл соғысты Берлинде аяқтар кезде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол кезде ол небәрі 21 жаста ғана болатын. Ұлы Жеңістен кейін М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округінің штабында жұмыс істеді. Қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді офицер кадры ретінде полк, дивизияны басқарды. Содан соң Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары және Оңтүстік әскер тобы қолбасшысының бірінші орынбасары міндеттерін абыроймен атқарып, республикалық соғыс және еңбек Ардагерлері кеңесінің жұмысына біліктілікпен басшылық етті. Ал еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткен ақжарылқап кезеңде ше? Тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Қандастарымыздың арасындағы арғы-бергі замандарда қол жетпеген ең жоғарғы әскери атақ – армия генералы шенін алды. Тәуелсіз Қазақ елінің бас марапат белгісі – Халық Қаһарманы атанды.

Мен бұл кісімен үш рет кездесіп сұхбаттасқаным бар. Бірінші жүздесу «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүргенімде, екінші кездесу «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет атқарған кезімде болған еді. Ал асыл ағамен үшінші рет жолығып әңгімелесуім тәуелсіздіктің 15 жылдығымен тұс­па-тұс келді. Төменде сол сұхбаттарды сіздер­ге ұсынып отырмын, құрметті оқырман қауым. Оқыңыздар, көріңіздер. Көңілдеріңізден шығып жатса, алдымызға қойған мақсатымыздың орын­дал­ғаны деп білеміз.

Бірінші әңгіме

(1980 жыл, 15 январь. Орта Азия әскери округінің штабы)

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

– Балалық шағыңыз қалай өтті, аға?

– Мен Ақмола облысының Алексеевка ауданындағы Қосым ауылында, казақтың ескі жыл санауы бойынша сиыр жылы дүниеге келіппін. Әкем Қожахмет есімді білер-біл­месте көз жұмғандықтан, ол кісінің кескін-келбетінің қан­дай болғандығын көз алдыма анық елестете алмаймын. Ал анам Айса есімде. Ол біздің қыстауымыздан 10-15 шақырым ғана жерде орналасқан Қозған ауылының қызы еді. Анам жаздыгүні тезек теруге шыққанда етегіне жармасып, жанынан екі елі қалмайтынмын. Сондағы оның жүріс-тұрысын, айтқан әңгімелері мен маған мейірлене қарайтын аққұба жүзін күні бүгінге дейін ұмытқаным жоқ.

– Сен туғанда әкең қатты қуанып еді, – дейтін шешем күрсініп. – Ат ұстарым, артымда қалар ұлым болды деп отыратын.

Осындай аялы алақан иесі ғазиз анамнан мен сегіз жасымда айырылдым. Ол кісі 1932 жылғы қалың елді қынадай қырған ашаршылықта көз жұмды. Шешем қайтыс болғаннан кейінгі менің панам да, асырап сақтаушым да үлкен ағайым Сағит еді. Мені жетімсіретпей әке орнына әке, ана орнына ана бола білген де міне, сол кісі. Бұл – бір.

Екінші айтайын дегенім – балалық шақ дегеннен соң ойға оралады, біздің Қосым ауылының қазақтары ескі өлең-жыр мен қисса-дастандарды көп білуші еді. Солардың ішінде, әсіресе, Әлжан деген қарт есімде ерекше қалып қойыпты. Ол тек Қобыланды, Ер Тарғын сияқты эпостық дастандарды ғана айтып қоймай, осы өңірдегі елді жат жерлік жаудан қорғаған Ер Қосай, Баян есімді батырлар туралы тарихи жырларды жатқа соққанда алдына жан салмайтын. Бір ғажабы: «Біреуі сол ерлердің батыр Баян, Баянның батырлығы халқына аян», – деп басталатын дастандағы біздің жасақтарымыздың қай-қайсысы да жеңілмей, жекпе-жек ұрыста жауынан мерейі үстем түсіп отыратын. Ал енді олардан кейін шыққан Есет, Ағыбай сияқты батырлар жеті-сегіз жыл шайқасқаннан кейін өздері де, әскерлері де қан жоса болып жеңіліп жататын. Жырдағы оқиғаның бұлай біткеніне біз балалар ызаланып, қатты намыстанатынбыз. Сөйтетінбіз де Әлжан қарттан: «Бұлар неге жеңіле береді. Ал анау Ер Қосай мен Баяндай неге болмайды?» – деп сұрайтынбыз. Сонда ол кісі: «Е-е, қарақтарым-ай… Бұлардың кезінде мылтық, оқ, отты доп деген пәле шығып кетті ғой. Қорғасындай құмалақтан батыр да, бала да өліп жатады. Ақ найза мен қылыштың заманы өткен. Енді алыстан келген бір темір құмалақ құртады да кетеді. Мылтық пен зеңбірек қай жақта көп болса, өктемдік те сол жақта», – деп жауап беретін. Жалпы мен өз басым «винтовка», «пулемет», «револьвер» деген әскери қарулардың аттарын тұңғыш рет сол Әлжан қарттың аузынан естідім-ау деп ойлаймын.

Балалық шақтағы тағы бір өмір суреті есімде. Ол біздің Қосым өңірінің жазы самалды, ал қысы аязды, боранды болып келетін ауа райы еді. Оның қатал қысын қазір де сүйемін. Неге десеңіз не күз емес, не көктем емес, жауған қары жылымсырап еріп жататын қыс көңіліме онша қонбайды. Қыстың өзі ер азамат мінездес қайратты, ширақ, бірқалыпты болып келгені абзал. Менің туған жерімнің қысы міне, осындай еді. Атамекен ауа райының осы бір көрінісі кешегі Ұлы Отан соғысы майданының Оңтүстік Украина, Батыс Белоруссия, Польша сияқты жерлеріндегі көксоқта қарлы, тұманды, ми-батпақ жолдарында сан рет көз алдыма елестегені бар.

– Жас кезіңізде кім болуды армандаған едіңіз? Сондағы қиялдаған мамандығыңыз қазіргі кәсібіңізбен үйлесім тапты деп ойлайсыз ба?

– Жоқ. Мектеп қабырғасында жүргенде мен география пәнінің мұғалімі болуды армандайтынмын. Бұған деген ынтызарлығымды ұстазым Клавдия Ивановна Белецкая оятқан еді. Сол кездері біздерге, 7-8 класс оқушыларына осы пәннен сабақ берген ол кісі мектептегі жалғыз көрнекі құрал – ұстай-ұстай ақжемденіп кеткен құрлықтар глобу­сын шыр айналдыра отырып, Магеллан, Миклухо-Маклай, Прежевальский саяхаттарын сөз етіп, қиял құсын Европа, Азия елдеріне ұшырғанда: «Шіркін, сол жерлерге барар ма еді, көрер ме еді?» – деп ойлайтынмын. Балаң кезде бүр жарған арманның бірі – Европаны көруін көрдім. Бірақ мен ол жерге саяхатшы, географ емес, екінші дүниежүзілік соғыстағы азаттық армиясының солдаты болып бардым.

– Өзіңіздің өміріңізде үлкен сын болған Ұлы Отан соғысын, оның басталғанын қалай, қашан естідіңіз? Сол күн, сол сәт есіңізде ме?

– Неге есімде болмасын, бәрі де көз алдымда ғой. Маусымның 22-сі жексенбі еді. Мен соның алдында бір апта бұрын Алексеевкадан Ақмолаға саяси ағарту жұмысы қызметкерлерінің 3 айлық курсына оқуға келген болатынмын. «Бүгін күн жексенбі ғой, жайырақ тұрайық» деген оймен жайбарақат жатқанымызда, жатақхана бөлмелерінің есігін дүрсілдете қаққан мұғалімдердің даусы естілді. Олар: «Соғыс басталды. Алаңға жиналыңдар, митинг болады» деген хабар айтты. Көшедегі репродуктор төңірегіне топталған адамдарды көріп, соларға қарай беттедік. Одан түске жақындаған мезгілде: «Бүгін таңғы сағат 4-те…», – деп басталған суық хабарды естігенде ел де, жер де ауыр күрсінгендей болды. Оқуымыз жайына қалды. Бәріміз ат-арбаларымызға үрпиісе мініп, ауылға қарай бет алдық. Үйге келсем ағам Сағитқа әскери комиссариаттан шақыру қағазы да келіп үлгеріпті. Содан қойшы, айналасы бір аптаның ішінде ер-азаматтың бәрі майданға аттанды. Ал күзге қарай, иә, күзге қарай біздің колхозға алғашқы «қара қағаздар» да келе бастады. Мұндай ауыр жағдайды көргеннен кейін мен майданға жіберуді өтініп, әскери комиссариатқа екі рет арыз бердім. Бірақ, олардан ешқандай жауап болмады. Ақыры 1942 жылдың жазында құлын-тайдай бірге өскен құрдасым Орынбай Қашықов пен маған шақыру қағазы қатар келді. Жолға тез жиналдық. Тез жиналмайтындай нем бар, артымда қарайлайтындай әке де, шеше де жоқ емес пе? Жолға мені 1941 жылдың күзінде Псков түбінде хабар-ошарсыз кеткен Сағит ағамның үйіндегі жеңгем жылап-сықтап шығарып салды. Бұл маған да, ол кісіге де өте ауыр тиді. Сол әлі есімде.

– Ұлы Отан соғысының 1418 күнге созылғаны бәрімізге жақсы мәлім. Осы уақыт ішіндегі сіздің өміріңіздегі ең ауыр, ең мазасыз, ең бақытты үш сәт деп қандай жайттарды айтар едіңіз?

– Бұл дүниеде не ауыр десек, ол өзің қаламаған нәрсені көзбен көрген ауыр екен. Мәселен, жан алып, жан беріскен шайқастан соң жауды бір адым болса да ары жылжыттық-ау деген қуанышпен әрбір елді мекенге ентелей жетіп келгенде көп ретте төбеден ұрғандай тұрып қалатынсың. Көз алдыңда жүректі сыздатар сурет: діңінен қақ айырылған ағаштар… терезесі үңірейген үйлер… желден ысқырық тартқан мұржалар шалынар еді. Міне, мен үшін осыларды көру соғыстағы ең ауыр сәттер болды.

Жоғарыдағы қойылған сұрағыңның екіншісіне келер болсақ, сол уақыттардың ішіндегі көбірек мазасызданған кезім деп мынаны айтар едім. Ол біздің 301-атқыштар дивизиясы (бұған 1052-полк, соның ішінде мен басқаратын 2-батальон де кіретін) жауынгерлерінің 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Кубань-Днепр-Молдавия-Польша жерлерін басқын­шылар­дан еетл отырып, ескі герман шекарасы Мангушев плацдармына иек артқан шақ. Готикалық стильмен салынған неміс қалашығы Кюстринді көргенде жүрек шіркін соғыстың аяқталуына аз қалғанын, жеңіс күнінің таянғанын сезгендей еді. Не керек, өз басым ертең шабуылға шығамыз деген 1945 жылғы 14 қаңтардың сол бір бозамық таңын шыдамсыздық сезіммен мазасыздана күткенім бар.

Ал соғыстағы менің өмірімдегі ең бақытты сәт дегенге келер болсақ, ол әрине: «Көруге күн жазса…» дейтін ақ тілек арманым – ұлы Жеңіске куәгер болуым. Мұны сөзбен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес.

– Сіз бен біз енді мына бір өмірлік факт төңірегінде ойланайықшы: жүйкені жұқартатын бомба үні, ысқырған оқ астында шабуылға шығу. Оның үстіне сандаған тәуліктерді ұйқысыз өткізу, сақылдаған сары аязда сағаттар бойы қар үстінде қимылсыз жату, мезгілімен тамақтанбау, барлауда өзен жалдап өту… Бұл – соғыс кезіндегі жауынгерлер басынан кешірген қиындықтар. Бір таңқаларлық жайт, сонда олар тіпті бейбіт кезеңдегі бел алатын сырқат – тұмау, суық тию, құяңмен ауырмаған ғой. Өз ойыңызша адамдардың соғыс кезіндегі осындай төзімділік қасиетін немен түсіндіруге болар еді деп ойлайсыз?

– Бұл сұрақ маған майдангер жазушы Константин Симоновтың «Соғыс күнделіктері» дейтін шығармасын­дағы мына бір оқиғаны еске түсіріп отыр. Сол кездері «Красная звезда» газетінің майдандағы тілшісі болған ол 1943 жылдың қақаған қара суығында «инелік» деп аталатын әуе көлігі «У-2»-мен көршілес дивизияға бармақшы болады. Самолет жерден көтеріле бергенде тілшінің тымағын жел ұшырып әкеткен. Константин Симоновтың мұндағы айта­йын деп отырғаны, барар жеріне бас киімсіз жеткендігін баян­дау емес, мәселе сол естеліктің соңындағы: «Уақытында ұшып түсіп ауырмағаныммен сырқат ізі кейіннен біліне бастағандай болды. Қазір басым суыққа өте төзімсіз. Сәл салқын тисе, қақсап қоя береді» деген сөйлемде. Байқайсың ба, күздің сондағы өткен қара суығы Константин Симоновқа кейіннен біліне бастаған.

Соғыста адамдар неге ауырмасын… Ауырды. Бірақ сол кезде олардың ойында, санасында бір ғана жауапкершілік – Отанды­ қорғау жауапкершілігі атой салып тұрды. Сондықтан да: «Бүгін етігімнен су өтті, ертең ауырамын-ау» деген жай кездегі жаныңды күйттейтін ой ол кезде біз үшін жат еді.

– Сіздің үйіңізде қазір сол соғыс жылдарындағы өзіңіздің жауынгерлік жолыңызды еске түсіретін заттар сақталған ба? Сақталса ол нендей дүниелер?

– Шайқас күндерінен қалған бір белгі – тапаншамның кобурасын 1946 жылы Қазақстанның 25 жылдық тойына келгенде астанадағы орталық музей қызметкерлерінің аттай қалап сұрап алғаны бар. Ал өзімде қалғаны – жаңбыр тамшыларынан парақтарына сия жайылып кеткен ескі блокнот, әйнегі сынған қол сағат пен былғары куртка ғана.

– Енді мынадай сұраққа жауап берсеңіз… Сіздің әскери қызметіңіздің көптеген жылы Кеңес Армиясы қатарында өтті. Сол уақыт ішінде ірі-ірі деген қолбасшылармен кездесіп, жүздесудің сәті түсті ме? Олар кімдер? Бұл кісілердің қазақ халқына, оның жауынгер ұлдарына деген ілтипат-лебіздері қандай еді?

– Иә, өз өмірімде мен көптеген әскери қайраткер­лермен кездесіп, жүздескен жайым бар. Оған алдыңғы кезекте Кеңес Одағының маршалы К.К.Рокоссовскийді айтар едім. Константин Константиновичпен мен 1965 жылы Мәскеу түбіндегі қорғаныстың 24 жылдығы мере­кесінде кездестім. Атағы аңызға айналған қолбасшымен Волоколамск, Истра, Горюны, Нахабино елді мекендерін бірге араладық. Дубосеково разъезіне келгенімізде ол кісі маған қазақстандық жауынгерлердің ерлік істерін ұмытпағанын айта келіп былай деді. «Енді қаншалықты өмір сүретінімізді кім білсін, жолдас генерал. Бірақ сізге мына бір сөзімді ашық айтуға тиіспін. Қазақстан біздің ортақ жеңісіміз үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Соғыс жылдарында біз бұл республикадан шығатын қорғасын­ның, көмір мен темірдің, оның колхоздарында өндірілетін азық-түліктің Отанымыз­дың қорғаныс қуатын арттыруға қаншалықты зор үлес болып табылатынын жақсы білдік. Сол кездері тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ісінен майдандағы жерлестерінің ерлігі асып-түспесе кем болған жоқ. Қазақстаннан келіп шайқасқа кірген әскери бөлімдер қай жерде болмасын өжет қимыл танытты. Мәселен, мен, 1941 жылдың күзінде 16-армияға жетекшілік еткен кезімде осы республикадан жасақталған 8-ші гвардиялық дивизияның қарамағыма келіп, Москваны жанкештілікпен қалай қорғағанын өте жақсы білемін.

Сіздің жерлестеріңіз Сталинград шайқасында да үл­кен өнегелілік көрсетті. Мен ол кезде сондағы Орталық май­данның қолбасшысы едім. Сол бір қысылтаяң, қиын уақытта Қазақ ССР-інен келіп жетіп, шайқасқа кірген 72, 73-дивизиялар тылдағы жерлестерін ұятқа қалдырған жоқ, өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Сол үшін де осы қос дивизия «гвардиялық» деген құрметті атаққа ие болды».

Қазақстандық жауынгерлер туралы дәл жоғарыдағыдай жүрекжарды шын сөзін айтқан екінші бір еетл әскери жазушы В.Карповтың «Қолбасшы» атты деректі романын­дағы (айтпақшы В.Карпов екеуміз Ташкентте бір бөлімде қызмет еттік, кейін ол подполковник шенінде отставкаға шығып, жазушылыққа біржолата бет бұрды) басты кейіпкер армия генералы И.Е.Петров еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында даңқты ерлік жолынан өткен осы бір тамаша адам 1946-1950 жылдар аралығында Түркістан әскери округінде қолбасшы болғанда мен осы кісінің қол астында қызмет еттім. Иван Ефимовичтің айрықша бір қасиеті Орта Азиядағы 5 республиканың өзіне тән ерекшеліктерін өте жақсы білетін. Оған қарапайымдылық, ұлттық әскери кадрларға деген қамқорлық, халықтардың, соның ішінде, қазақ халқының салт-дәстүрлерін терең сезіммен сыйлай білушілік сияқты қасиеттер тән еді.

Біздің халқымызға деген мұндай сүйіспеншілікті армия генералы С.И.Лучинскийден де байқағаным бар. Осы бір өте ірі әскери басшы шын мәніндегі нағыз интернацио­налистің өзі еді. Ол Түркістан әскери округіндегі дивизия, еет жетекшілік ететін командирлердің арасында жер­гілікті ұлт өкілдері болуы қажет екенін батыл жақтап, бұл ойын іс жүзіне асыра да білетін. Оның айқын бір дәлелі, осы қолбасшының тұсында екі қазақ офицері – полковник Есболған Қалиев және сол кездегі подполковник шеніндегі мына мен Түркістан әскери округінің тарихында тұңғыш еет полк командирлері болып бекігеніміз бар. Бұл 1949 жылы еді.

– Бос уақытыңызда немен шұғылдануды ұнатасыз?

– Кітап оқуды, одан ешқашан жалыққан емеспін.

– СССР Қарулы Күштерінде өзіңіз сияқты 6-7 қазақ генералы бар. Былайғы жұрт ондай ағаларымыздың аты-жөнінен хабардар болғанымен, істеген ісін, атқарған қызметін көп біле бермейді. Бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен сұрап отырмын, сіз сол қазақ генералдарының бәрін болмаса да өзіңіз өте жақсы білетін кейбіреулерінің қасиеттерін, қабілеттерін айтып бере алар е едіңіз?

– Бұл бағыттағы әңгімені генерал-майор Шәкір Жексенбаевтан бастағанымыз жөн шығар деп ойлаймын. Неге десеңіз, ол біздің ғасырымыздағы екі үлкен соғысқа – 1918-1920 жылдардағы азамат және 1941-1945 жылдар­дағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жан. Содан кейін жалпы бұл кісі совет дәуіріндегі қазақ әскери кадрларының ішінен генералдық дәрежеге бірінші болып көтерілген адам. Тұң­ғыш қазақ генералы оның тағы бір ерекшелігін айтайын, ол совет армиясындағы химиялық қаруды алғаш сынақтан өткізуге қатысқан, оның қыры мен сырын өте жетік мең­герген маман еді. Осындай өмірлік тәжірибесі бай адаммен мен алғаш еет Ұлы Отан соғысынан кейін Алматыда, Қазақстанның 25 жылдық тойында жолықтым. Сол алғашқы кездесуде де, одан кейінгі жүздесулерде де Шәкір Жексен­баев менің жадымда өзінің жинақы, ширақ жүріс-тұрысымен, мәдениетті, тәрбиелі сөздерімен, нағыз педа­гог­қа ғана тән ерекше қасиетімен мәңгілікке ұмытылмастай болып қалып қойды.

Сөз орайында тағы бір қазақ генералы Нұрлы Бәйкенов туралы айтпай кете алмаймын. Осы бір тамаша, абзал азаматпен менің таныстығым ең алғаш еет 50-жылдардың орта тұсында басталды да достық, сыйластық қарым-қатынасымыз әлі үзілген жоқ. Осы күнге дейін есімде, мен М.В.Фрунзе атындағы академияны бітіргенімде, ол Термездегі әскери бөлімде полк командирінің орынбасары еді. Содан кейінгі 30 жылға жуық уақыт ішінде Нұрлы Бәйкеновтің бойындағы шыншылдық, адалдық, өз жұмысына шексіз берілгендік, жас кадрларға қамқорлық сияқты қасиеттерге ерекше тәнті болдым. Көп жылғы әскери қызметімде мен талай генералдармен араласып, сыйласқан жанмын. Бірақ солардың ішінен қарапайым­дылығы, кішіпейілділігі және мәдениеттілігі жағынан Нұрлы Бәйкеновке тең келетін адамды көргенім жоқ. Бұл өмірде ондай адамдар аз, иә… аз.

Өзіміз әңгіме етіп отырған тақырыпқа байланысты сөзімнің соңын генерал-лейтенант Жансен Кереевпен аяқтайын. Ол таяуда 50-ге келмек. Осы ғұмырының ішінде ол қатардағы училище курсантынан СССР Қарулы Күштері Бас штабының басқарма бастығына дейінгі жолдан тез өтіп үлгерді. Ойлап қараңыз, біз сөз етіп отырған азамат кезінде жас болуы себепті Ұлы Отан соғысына қатыспаған. Әскери кызметін тек бейбіт күндері, 50-жылдары ғана бастаған. Соның өзінде СССР Қарулы Күштерінің күрмеуі көп күрделі қызмет баспалдақтарынан сүрінбей өте білді. Оған себеп болған Жансен Кереевтің әскери тума таланты мен қызмет бабындағы, жұмыс барысындағы кез келген істе зеректік, алғырлық, сергектік және принциптілік танытуы деп ойлаймын. Осы бағытынан таймаса, алдағы уақытта оның жұлдызы бұдан да жоғары болары анық.

Екінші әңгіме

 (1990 жыл, 4 март. Офицерлер үйі жанындағы ДОСААФ штабы)

 – Биыл ел тағдырын еңкеймей көтерген сындарлы кезең – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 45 жыл толады екен, қадірлі Сәке. Осы мереке қарсаңында сіз жастарға біздің Жеңісіміздің маңызы жайында не айтар едіңіз?

– Біздің Жеңісіміздің маңызы… Мұны толық түсіну үшін мына өзің сияқты кейінгі ұрпаққа, ең алдымен, біздің Отанымызға, тіпті бүкіл әлемге сол кездегі төнген қатердің қаншалықты қиын да қауіпті болғанын қайталап айтуға тура келеді. Қиын дейтін себебіміз – адамзаттың қас жауы нацистік империя, фашизмнің ғасырлар бойы жасаған ел игілігінің қайнар көздерін таптап өтіп, дүние жүзіне үстемдік етуге тырысуы. Ал қауіпті болатыны – гитлерлік Германияның бұл лаңының артында халықтардың қайғы-қасіреті, көз жасы, олардың кейбірінің тіпті жер бетінен мүлдем жоқ болып кету жағдайы көрініп тұрған жоқ па?!

Біз фашизммен, міне, осындай кезде, бүкіл Европа басқыншы бәтеңкесінің табаны астында қалған сәтте белдесуге шықтық. Не өмір, не өлім! Өйткені бұл кезеңдепрогресшіл ниеттегі әлем жұртшылығының, ондағы халықтар мен ұлттардың соңғы үміті, соңғы тірегі тек бізде ғана қалған болатын. Сондықтан да олар 1941 жылдың алғашқы айларын: «СССР осы ауыр сында фашизмге төтеп бере ме, жоқ па?» деген екі ұдай сезімге толы қобалжу сәттерімен өткеріп отырды. Қорыта айтқанда, бұл соғыс біз үшін сұрапыл шайқас мектебі болып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол 1917 жылғы Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі қол жеткен заңды жетістіктеріміз – коммунистік мораль мен әлеуметтік дамуымыздың өміршеңдігін, туысқан ұлттар бірлігінің мызғымас күшін дәлелдеп берген сындарлы сынақ болды.

Біз жеңдік. Жеңіп қана қойғанымыз жоқ, басқыншы­ларды өз жерімізден қуып шығып, фашистік езгіден бүкіл Европаны азат еттік. Соның нәтижесінде мына сіздер мен біздер өмір сүріп отырған қасиетті Отанымыз ешкім шәк келтіре алмайтын зор беделге ие болды. Ол жер бетіндегі миллиондаған адамдардың екінші дүние жүзілік соғыстан кейін өзіміздің социалистік қоғамымызға деген сенімдерінің арта түскендігінен айқын аңғарылса керек. Біздің Жеңісі­міздің маңызы міне, осында.

– Соғыс кезінде сіз біздің партиямыздың басшылық рөлін қалай сезіндіңіз және оны осы күні қалай баға­лайсыз?

– Бұл соғыста 1898 жылы көсеміміз В.И.Ленин негізін қалап, 1917 жылы Ұлы Октябрь социалистік революциясының басты қозғаушы күші болған большевиктік партия болмаса, онда біздің Отанымыздың тағдыры мүлде басқаша шешілген болар еді. Өйткені, майдандағы ең қиын, ең жауапты істердің ауыртпалығының барлығы да бірінші кезекте коммунистерге жүктелді. Ал тылдағы ұйымдастыру жұмыстары ше? Оккупация қаупі төнген аймақтардан мемлекеттік маңызы бар өнеркәсіп ошақтарын көшіру, оларды тез арада іске қосып, қорғаныс қажетіне сай өнімдер шығару дәл қазір айтқанға жеңіл болғанымен ол кезде қиынның қиыны еді. Нақты мәліметтерге жүгінсек, 1941 жылдың июнь-ноябрь айлары аралығында Батыстан Шығысқа қарай 1,5 мыңға жуық өнеркәсіп орындары көшіріліп, олардың көбі аз мерзім ішінде өз дәрежесіне лайық жұмыс атқара бастаған. Міне, осы бір өмірлік фактінің өзінен-ақ Коммунистік партияның ұйымдастырушылық рөлін айқын аңғаруға болмай ма?

Қазіргі жастар еліміздегі комсомолдық екпінді құры­лыстардағы завод, фабрикаларды аяғынан тік тұрғызу дегеннің не екенін жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Біздің шамалауымызша ондағы объектілердің іске қосылып, жұмыс істей бастауы үшін кемінде 2-3 жыл уақыт қажет болса керек. Ал Ұлы Отан соғысының алғашқы айларындағы Харьков, Киев, Минск, Смоленск қалаларынан көшіріліп әкелінген кәсіпорындардың не бары 70-90 күн ішінде самолет, танк шығара бастауын көзге елестетіп көрелікші. Бұл дегеніміз еш уақытта еш нәрсемен салыстыруға келмей­тін ұйымдастырушылық қабілет шыңы емес пе?! Комму­нистік партия ел басына күн туған ауыр кезеңде осындай іскерліктің, жанды басшылықтың үлгісін көрсете білді.

Тыл еңбеккерлерін Жеңіске үндеу… Майдандағы жауын­герлерді шайқасқа шыңдау… Оларға совет солдатына лайық идеялық-саяси тәрбие беру… Бұлар сүйікті Коммунистік партиямыздың соғыс жылдарында өз мойнына алған сансыз жұмыстарының санаулылары ғана. Ал оның бұдан басқа да атқарған ұйымдастыру шаралары қаншама еді десеңізші?! Мен қазір осы оқиғаларды еске түсіре отырып, сол кездері Лениндік партияның қатарында болғанымды, оның жауынгер солдаты ретінде қызмет еткенімді мақтанышпен еске аламын.

– Жолдас генерал, сол күндердің куәгері ретінде, соғыстың алғашқы кезінен соңғы сәтіне дейінгі уақыт­тар­дағы біздің халқымыздың жүрегіне жол тапқан бас­ты-басты оқиғалар мен мемлекеттік актілер жайында айта кетсеңіз…

– Олар күні бүгінге дейін жадымда. Атап айтқанда: СССР Қорғаныс Комитеті Председателінің 1941 жылдың 3 июлінде совет халқына арнап сөйлеген сөзі. Бұдан біз партиямыздың бүкіл ел басына төнген қауіп-қатерді елге жасырмай айтқан шыншыл қасиетін аңғардық;

1941 жылдың 7 ноябріндегі Москвада өткен әскери парад. Ол біздің еліміз еңбеккерлерінің, тіпті әлем жұртшылығының көкейіне совет-герман майданындағы Қызыл Армияның ауыр да қиын жағдайына, сәтсіздіктеріне қарамастан СССР-дің нацистік империя – фашизмге төтеп бере алатындығын, туысқан ұлттар бірлігі мен ынтымақтас­тығының қайнар күшінің сетінемегендігін ұялатты;

1943 жылдың авгусындағы Орел мен Белгородты азат ету құрметіне орай Отанымыздың астанасы – Москвада берілген алғашқы салют. Бұл – жау мекені Берлин әлі алыс болғанымен түбінде оған да жетеміз деген сенімді кімде-кімнің болмасын санасына сіңіргендей еді.

– Ұлы Отан соғысы жылдарындағы біздің көп ұлтты совет әдебиетіндегі, өнеріндегі өзіңізге ұнаған шығармалар?

– Ол кездері бұл салада Корнейчуктың «Майдан» пьесасы мен Шостаковичтің «Жетінші симфониясы» табысты болғаны мәлім. Бұған ақын Александр Твардов­скийдің «Василий Теркин» поэмасын да қосуға болады. Ол сол уақыттағы оқырмандарға аса қажет, өз кезінде дәл туған еңбектердің қатарына жатады. Совет солдаттарының жиынтық образын көз алдыңа елестетер аталмыш шығарма бізге өзінің оқуға қарапайым жеңіл тілімен, шыншыл­дығымен, оқиғасының әрбір майдангер жүрегіне жол табар жақындығымен ұнайтын. «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» ер көңіл Васяның оптимистік монологын жақсы білетініміз сонша, жорық жолында келе жатқан біреуміз: «Ажалмен Теркин кездесті. Тілге де келді сөйлесті. Ажал сонда жармас­ты. Бейнебір қара албасты…» – деп жатқа заулатсақ, екінші жауынгер ажал болып: «Қасың­дамын күні-түн, Ұмытыпсың мені тым. Міне, осы жолы аламын. Ұйықтатамын мәңгі жым»,– дейтін. Сонда Теркиннің оған қайтарған жауабын үшінші бір солдат: «Жұмысым көп ажалым, Берлинге мен де барайын. Содан кейін алсаң ал. Өзіңе ерік салайын…» – деп сөз кезегін келесісіне сырғытар еді. Соғыс кезіндегі әдеби шығармалар дегендегі есіме түсетіндер міне осы. Ал үлкен шығармалар кейін туды ғой. Олар жөнінде әңгіме басқа.

– Ел басына күн туған сол бір сұрапыл жылдардағы фотосуреттерден біз петлицаны, сонан соң,.. погонды майдангер аға, әкелерімізді жиі көреміз. Әңгіме орайында, Қызыл Армия жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысындағы әскери формасының не себепті өзгергендігі жөнінде айта кетуге болмас па екен?

– Қызыл Армия жауынгерлері Москва түбіндегі ұлы шайқастан кейінгі іргелі бетбұрыстың әрбір кезеңін Жеңіске жақындата түскен күн деп білді. Олар ертең басқыншыларды өз жерінен қуып шығып қана қоймай, Европа халықтарын фашизм құлдығынан құтқару миссиясына да қатыспақ. Сонда өздерін азат етуші совет жауынгерлері мен оның офицер кадрларының әскери белгілерін жұрт қалай танып білмек? Сол уақытқа дейінгі жағаға тағылып келе жатқан петлица бұл міндетті атқара алмасы анық. Оның үстіне социалистік ел армиясының сырт тұлғасы, жалпы көрінісі бірден ерек­шеленіп, басқалар үлгі аларлықтай болып тұруы керек қой.

Міне, совет командованиесі біздің жауынгерлеріміздің рухын көтеретін осындай жайлардың өзін елеусіз қалдырмай, алдын ала ескере отырып, Жеңіс күніне дейін оларды жаңа әскери формамен жабдықтауды дұрыс деп тапты. Бұл шешім – 1943 жылдың февраль айында жүзеге асырылды.

– «Азаттық», «Бостандық солдаттары» киноэпопеясы мен «Ұлы Отан соғысы» көп сериялы деректі фильмі жайындағы ойыңыз…

– «Мосфильм» туындылары – алғашқы екі қойылым жайындағы пікіріммен оқырмандар жақсы таныс болса керек. Себебі ол кезінде «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген болатын. Ал өткен жылы өмірге келген 20 серия­лы деректі фильмге келер болсақ, бұл тарихи лентаны жұртшылыққа жылына бір рет көрсетіп отырса, ол тіптен артық етпегендік болар еді.

– 1986 жылғы КПСС ХХVІІ съезі мен 1988 жылғы ХVІІІ партия конференциясынан кейін жариялылыққа кең жол ашылып, ұлт мәселесін ашық айта бастадық қой. Менің сұрағым: бізде кезінде қатеге айналған қағидалардың көп болғаны енді айтылып жатыр. Солардың дұрыс емес екендігін біле тұрсақ та уақытында іштей булығып, оған тек күйінетінбіз де қоятынбыз. Сондай сәттер сіздің басыңызда да болды ма? Болса ол қандай жайларға байланысты еді?

– Бұл сұраққа мен мына төмендегі бір мәселені айта отырып жауап бергім келеді. Өзің де жақсы білетін болуың керек, бізде көп жылдар бойы ұлттық намысымызға тиетін жаңсақ ұғым қалыптасып келді. Ол ұлы Октябрь төңкерісіне дейін қазақ халқының тек 2-ақ проценті сауатты болды деген қате қағида еді. Бұл – көпе-көрінеу бұрмалау, бізге жасалған қиянат. Олай дейтінім, Ресейдегі 1897 жылы өткен тұңғыш халық санағының деректері бойынша қазақ даласындағы 9 бен 49 жас аралығындағылардың сауаттылық дәрежесі 8,1 процент болған. Мұны Мәскеуден 1985 жылы шықкан «Демографиялық энциклопедиялық сөздіктің» 117-бетіндегі мәлімет анық дәлелдейді. Сондағы 8,1 процентке қазақ ауылдарындағы мұсылманша білім алып, араб әрпімен хат танығандардың санын қосатын болсақ, халқымыздың сауаттылық дәрежесі кем дегенде 15 проценттің үстіне шығары даусыз. Кезінде мен міне осыған қатты күйінгенім бар. Алдағы уақытта осындай қателіктер қайталанбаса, жоғарыдағыдай ағаттықтарға жол берілмесе екен деймін.

– Қазіргі таңда мамандық таңдау жастар өмірінде маңызды рөл атқарады. Бұл орайда генералдың көзқарасын білу тіптен артық болмас еді…

– Мен мамандық таңдаудағы біржақтылықты ұнатпай­мын. Сондай-ақ, «маған бәрібір» деген ойсыз, мақсатсыз, немқұрайды көзқарастарға да қарсымын. Мамандық таңдау – мектеп қабырғасынан басталуы қажет. Адам жан-жақты дамуы үшін, мектептегі барлық пәнді алаламағаны дұрыс. Қазіргі уақытта ғылым дегеніңіз бір-бірімен қоян-қолтық араласып кетті ғой. Сондықтан қабілеттің тар өрістілігі, тар жолды болуы талапсыздыққа әкеп соқтырады. Бұларға қоса жеткіншектеріміз бір нәрсеге айрықша ынта-ықылас танытуы қажет. Жан жүрегін толқытқан сондай құштарлық оны білім мен өнер шыңына шақырары анық.

Жалпы білім беретін жерлерде өзіне ұнаған, өзін қызық­тыратын үйірмелерге, мәдени-көпшілік шараларға белсене араласу өте пайдалы. Мүмкін, әзірше жеткіншек ештеңе тындырып тастамас, дегенмен, жас адам сондай жерлердегі алғашқы ісі арқылы өзіне-өзі сенетін болады. Сонда ғана олар өзінің өмір жолы – өз мамандығын қапысыз сүйіп, қалтқысыз жұмыс істейді.

Маған ұнайтыны – Алматыдағы мектептер жанында мұндай жақсы, пайдалы үйірмелердің көп екендігі. Мұның өзі жас жеткіншектің ғылымның таңғажайып сырларымен жоғары оқу орнының аудиториясында емес, мектеп партасында-ақ танысуына жол ашады.

– Бізде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мектеп оқушыларының, әскери училищелердің курсанттарының алдында кездесуге шақырып тұру дәстүрі бар. Ойлап қарасақ, осында бір ескерілмей жүрген сәйкессіздік көзге шалынады. Мектептегі, басқа да қоғамдық ұйымдардағы жастар Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен 23 февраль – Совет Армиясы мен Әскери Теңіз Флоты күні қарсаңында, немесе 9 май – Жеңіс күні кезінде ғана жүздеседі. Мерекелік даталар қалай өтеді, солайша олармен жас ұрпақтардың арасындағы байланыс саябырлап қалғандай болады. Осы бір жайтты алдағы уақытта қалай үйлестіруге болар еді деп ойланаты­нымызды жасыра алмаймыз. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Иә, бұл бір ескерерлік, құнттап қолға аларлық шаруа. Осы орайда кейде маған да ой келеді. Оған қозғау салған мына бір жайттар ғой деймін.

Көп жылдардан бері Москвадағы Орталық демалыс паркінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 9 май – Жеңіс күнінде өзара кездесуі берік дәстүрге айналған. Ол күні парк ішіндегі алаң түрлі дивизиялардың, бөлімшелердің аттары жазылған арнаулы секцияларға бөлінеді де, Сібірден, Украинадан, Ставрополь өлкесінен келген қарт майдангерлер сол секциялардағы жазу бойынша өздерінің қарулас дос­тарын іздеп, соңы мәре-сәре қуанышты кездесуге ұласады. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Орталық Советі биыл тағы бір жақсы бастаманы өмірге әкелді. Ол – үстіміздегі жылдың февралінен бастап, артиллеристердің Орелде, теңіз­шілердің Севастопольде, танкистердің Белгородта, санитар-медсестралардың Одессада, партизандардың Брян­скіде кездесуін ұйымдастыруы. Осы бір жақсы дәс­түр, жақсы салттың арасынан, өкінішке қарай, біз өзіміз­дің жерлестерімізді көп ұшырата алмай жүрміз. Оған жер шалғайлығы да әсер етеді-ау деймін де, мұндай кез­де­суді республикамыздың астанасы Алматыда неге ұйым­дастырмасқа деп ойға кетемін. Бұған бізде мүмкіндік бар емес пе? Қаладағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы парктің «Даңқ мемориалы» жанында Қазақстаннан жа­сақ­талған дивизия, құрамалар­дың аттарын жазып, сол жерге қарт майдангерлердің кездесуін ұйымдастырып отырса, қандай ғанибет болар еді. Жылына бір рет өткізілетін мұндай жүздесудің бүгінгі жастарымызға үлкен үлгі-өнеге болатыны анық. Сонда ғана біздер өмір талабына лайық істер атқаратын боламыз. Меніңше, бастама, ұрпақтар дәстүрінің сабақтастығы дегеннің өзі осындай жайлардан туындайтын болса керек.

Үшінші әңгіме. 2006 жыл, 24 қараша. «Казспецэкспорт» РМК кеңсесі

– Сағадат аға! 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басы біздің жадымызда қоғамның демократия демімен демігіп, ал халықтың жариялылық жаңғырығымен буырқанып-бұрсанып тұрған сәті ретінде есте қалып қойғаны анық. Егемендіктің елең-алаңы деп аталатын сол шақта сіз қайда, не жұмыс істеуші едіңіз?

– Әңгімені 1989 жылдан бастайын. Сол жазда 1969 жылы Алматыда құрылып, Кеңес Одағының Қытайға қарсы қуатты қалқаны бола білген Орта Азия әскери округі таратылды да осы құрылым қолбасшысының орынбасары болып жүрген мен КСРО Қорғаныс министрінің №0398 бұйрығымен отставкаға шықтым. Сөйтіп, армия қатарындағы 47 жыл 6 ай 10 күнге созылған әскери қызметім аяқ­тал­ды. Содан 5 ай өткен соң Орталық Комитетке шақырылдым. Онда мені республика басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдап, Қазақстан Компартиясы атынан Жоғарғы Кеңес депутаты сайлауына түсетінімді айтты. Сөйтіп, 1990 жылғы 19 наурызда ел Парламентіне бесінші рет мүше болып келіп, мұндағы Ардагерлер, мүгедектер және әскери қызметшілер ісі жөніндегі комитет төрағасы қызметіне кірістім. Біздің бұл комитетке сондай-ақ әскердегі міндетті борышын өтеп жүрген жауын­герлер мен олардың ата-аналарынан келген арыздарды қарау жө­ніндегі арнайы комиссияға да басшылық ету тапсырылған болатын. Шынымды айтайын, сол кездегі ең қиын мәселе осы еді. Өйткені, 90-жылдардың басында мұндай шағымдар Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен, әсіресе, «ыстық нүктелер» деп саналатын Закавказье мен Приднестровьеден, елдің өзге өңірлерінен көптеп түсіп жатты. Сонда жауынгерлер мен олардың ата-аналары не деп дабыл қағады дейсіз ғой? Жанайқай иелері, әсіресе, әскердегі тәртіптің төмендеп, армиядан қашу басталғанын, құрылыс батальондарындағы тамақ пен аяқ­киім мәселесінің проблемаға айналып, бөлімдердегі сақа солдаттардың жаңадан келген жас­тарға күш көрсету, бопсалау сияқты әлім­жеттігінің белең алғанын ашына баяндайтын.

Біз мұндай хаттардың бір де біреуіне енжар қарамауға тырыстық. Өйткені, оның артында адам тағдыры тұр ғой. Сондықтан қарамағымдағылар боп бәріміз әрбір өтінішке мұқият тексеру жүргізіп отыруға күш салдық. Әскери округтердің қолбасшыларына, құрамалар мен гарнизон, заставаларға, әскери прокуратураға тиісті шара қолдану жөнінде талап қойдық.

Өстіп жүргенде 1991 жылғы 19 тамыз бүлігі басталды да, оның арты армиядағы адам түсінбес аласапыранға айналып кетті. КОКП таратылған 26 тамыздан кейін соның алдындағы бір жыл ішінде егемендік декларациясын жариялаған республикалар енді нағыз дербестікке ұмтылып, кейбіреулері өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп те үлгерді. Ал бұл оқиғалар КСРО-ның соған дейінгі қуатты, күші біртұтас армиясының буынын босаңсытып, іргесін шайқалтпай қойған жоқ.

– Елдегі мұндай оқиғаға сол кездегі орталық, яғни, Мәскеу қалай қарады? Құдіретті де қуатты дейтін Қарулы Күштердің иесі – КСРО Қорғаныс министрлігі ше? Бұл ведомство ыдырай бастаған одақ жағдайын тез түсінген кейбір респуб­ликалардың ұлттық армия құруға деген талпынысына қандай көзқарас танытты деп ойлайсыз?

– Жоғарыдағыдай алмағайып кезде Мәс­кеу­ден арнайы хабар келді. Онда КСРО Қорғаныс министрлігі ұйымдас­тырған үлкен әскери кеңес өтетіндігі айтылған еді. Қазақстан басшылығы оған қатысып, сөз сөйлеуді маған тапсырды. 1991 жылдың қыркүйек айында болған бұл басқосуда сол кездегі Қорғаныс министрі, авиация маршалы Е.М.Шапошников мынадай хабарлама жасады. Бірінші, армияға реформа керек. Ол үшін барлық әскери буындарда демократиялық қайта құрулар жүргізілуі тиіс. Екінші, армия қатарынан қашқан жауынгерлерге амнистия жария­ланбақшы. Бұл кешірім жоғарыдағыдай жүгенсіздікке барғандардың бәріне бірдей емес, ол тек құрамында қылмыстық ісі жоқ солдаттарға ғана жасалады. Сондықтан ондай жауынгерлер 1 қарашаға дейін өздері қызмет еткен әскери бөлімдерге қайта оралуы тиіс. Үшінші, одақтас республикалардың 1990 жылдан бастап егемендік декларациясына ие болуына байланысты енді КСРО-дағы әскери округтердің шекарасы қайта қаралатын болады. Осыған сәйкес жастарды армия қатарына жаппай алу тоқтатылып, алдағы уақытта олар тек керек жерлерге ғана шақтап шақырылады. Ел тыныштығы үшін қызмет ететін мұндай жауынгерлерді ұстап тұруға әр республика КСРО Қорғаныс министрлігіне жылына 3-5 пайыз көлемінде қаржы ауда­рып тұруы керек. Төртінші, одақтағы армияны басқару бұдан былай кейбір өңірлерде «республика – округ» жүйесі бойынша жүзеге аспақшы. Маршал Е.М.Шапошниковтың айтуынша, мәселен, Ресей мен Украина үшін бұл міндетті түрде керек. Өйткені, олар стратегиялық қару-жараққа өте бай және әскери құры­лымдар тығыз топтасқан мемлекеттер. Ал басқа республикаларға келсек, бұларға округтердің қажеті жоқ. Сондықтан ондағы Қарулы Күштерді әскери командование деп қана атау керек. Оған жетекшілік ететін әскербасын сол республиканың бірінші басшысымен ақылдаса отырып КСРО Президенті мен Қорғаныс министрі тағайын­дайды.

Маршал Е.М.Шапошников хабарламасын аяқтаған соң мен сөз сұрадым. Мақсатым – оның айтқан ойларына қарсы шығу болды. Өйткені, сол сәтте бұлай етпеске болмайтын еді. «Сіздің алғашқы пікіріңіз негізсіз, қате тұжырым, – деп бастадым сөзімді. – Себебі, демо­кра­тиялық қайта құрулар ең алдымен мемле­кеттің саяси органдарында жүргізілуі керек. Содан кейін ғана барып ол Қарулы Күштерде жүзеге асатын шаруа. Екінші, армиядан қашқан жауынгерлерге амнистия жариялау да дәл қазір бізге ештеңе бермейді. Жарайды, рақымшылық жасалсын дейік. Бірақ Бас штабтан бұйрық шыға қалғанның өзінде мынадай аласапыран уақытта оның ешқандай заңдық күші де, ықпалы да болмайтыны анық. Өйткені, қазір тек еге­мендіктерін ғана емес, тәуелсіздіктерін де жария­лап үлгер­ген республикалардағы қоғам және мемлекет қайраткерлері мен саяси партиялар өкілдері әскердегі өз азаматтарын туған Отанына қайтуға шақырып жатыр. Бұл үдеріске енді ешкім тосқауыл қоя алмайды.

Сондай-ақ, – дедім мен сөзімнің аяғында, – сіз айтып отырған үшінші және төртінші мәсе­лелердің жағдайы да тым бұлыңғыр әрі күмәнді. Олай дейтінім, дербестікке ие бола бастаған елдер бұдан былай әскер жасындағы жігіттерін басқа мемлекеттің Қарулы Күштеріне қызмет етуге жібере ме? Тәуелсіздігін әне-міне алайын деп тұрған Украина мен Бело­руссия, Әзірбайжан мен Молдова өз жерлеріндегі жаңа округ шекарасын белгілете ме? Керісінше қазір олар өздерінің жеке Қорғаныс министрліктерін құруға қызу әрекет етуде. Тоқ етерін айтқанда, сіздер кешігіп қалдыңыздар. Сөз етіп отырғандарыңыз өз уақытынан көп кейін айтылып отырған пікір. Мұндай нұсқау мен бұйрық армияны қайта құрмайды, құртады.

– Жаңа сіз: «Украина, Белоруссия, Әзірбайжан және Молдова сияқты мемлекеттер 1991 жылдың күзінен бастап-ақ өздерінің дербес армиясы мен Қорғаныс министрліктерін құруға әрекет ете бастады»,– дедіңіз. Сонда олар неге сеніп, неге үміт артты деп ойлайсыз?

– Бұл сауалға: «Иә, сол жылдың аяғында ол елдерде сондай ұмтылыстың болғаны рас. Бірақ Әзірбайжан мен Молдованың неге сүйенгенін білмеймін, ал Украина мен Белоруссияның мүмкін­діктері өте мол еді», – деп жауап беруіме болады. Шындығында бұл мәселеде соңғы екі мемлекет Қарулы Күштерінің іргетасы баяғыда-ақ қаланып қойылғандай әсер қалдыратын. Сөзіміз жалаң болмас үшін Украинаны алып қарайық. Ол КСРО-ның оңтүстік-еуропалық бөлігіндегі аса тиімді әскери аймаққа орналасқан ел. Сондықтан да мұндағы Қара теңіз бен Азов теңізі акваториясында қуатты флот тұрды. Бұл дегеніңіз, бортында көптеген зымырандары және истребительдері бар радарлық-локаторлық корабльдер мен катерлер деген сөз ғой. Оған қоса аталмыш елде Киев, Одесса және Карпат бойы атты үш бірдей әскери округ орналасқан-ды. Ол аз десеңіз, КСРО Қарулы Күштеріндегі барлық әскери училищелердің тең жартысына жуығы осы өңірге орныққан еді. Тек бұл ғана ма, Харьков қаласындағы әуе шабуылына қарсы мамандар даярлайтын академияны қайда қоясыз… Айтпақшы, сол кезде Бас штабтағы көптеген генералдар мен адмиралдардың дені украиндықтар болатын. Міне, осындай бай әскери-техникалық арсеналы мен мол кадрлары бар ел дербес Қорғаныс министрлігін құруға ұмтылмағанда қайтеді.

Ал, басқа республикалардағы жағдай бұған керісінше еді. Оған Армения мен Түркіменстанда, Тәжікстан мен Қырғызстанда кіші, орта дәрежелі офицерлер дайындайтын бірде-бір оқу орнының болмағанын, Әзірбайжанда – бір, Грузия­да – бір, Өзбекстанда – екі-ақ әскери училищенің жұмыс істегенін айтсақ, соның өзі жеткілікті ғой деймін. Жасырып қайтеміз, ол кездері бұлардың сол республика­лардағы оқу орны деген аты ғана-тын. Өйткені мұның бәрінде кілең ұлы халықтың ұлдары оқып, жергілікті ұлттың өкілдері 0,5 пайыздан аспайтын. Сондықтан да, Закавказье мен Орта Азия мемлекеттері әскери кадрларға өте тапшы еді.

– Ал бізде ше?

– Асықпа. Оны сөз ретіне қарай айтамын.

– Жарайды… Сонымен Мәскеудегі маршал Е.М.Ша­пош­­ников өткізген жиналыстан соң Алматыға орал­дыңыздар.

– Иә. Келген бетте барлық жайтты Елбасымызға бүкпесіз баяндап бердім. Әскери маман ретіндегі қаупімді де жасырған жоқ­пын. Себебі, ол кездері Қазақстанның 19 облы­сында 250 мыңға жуық әскер тұрды. Республикалар бөлініп, ырду-дырду болып жатқан сол тұста көкей­леріне «бөтен ой» келіп қалған кейбір шови­нис­тік пиғылдағы офицерлер болса… Жә, оның бетін ары қылсын. Бейнелеп айтсам, 1991 жылдың күзі мен қысындағы біздің жағдайымыз жарылысқа жақын тұрған апат аймағына ұқсайтын еді. Өйткені, елдегі ядролық полигондар мен стратегиялық зымырандарға қатысты бір абайсыз әрекет Чернобыльдағы сұмдықтан кем соқпауы әбден мүмкін болатын.

Президент қатты ойланды. «Қиындықтан шығу үшін Ресей – Қазақстан біріккен Қарулы Күш­терін құруға ұсыныс жасап көрсек пе екен?» деген пікір айтты. Ол кездегі жағдаймен есептеп қарағанда бұл өте дұрыс ой болатын. Неге десеңіз, біріншіден, егер мұндай идея жүзеге асса, біздегі кейбір офицерлер арасындағы түрлі пиғылдарға тосқауыл қойылып, қауіпсіздік мәселесі толық қамтамасыз етілер еді. Екіншіден, Семей, Азғыр полигондары мен Торғайдағы стратегиялық зымырандардың кілті Мәскеуде болғанымен, бұлар біздің жерімізде тұр ғой. Сондықтан әлемдік қауымдастық аталмыш мәселе жөнінен Қазақстанға кінә тағып, доқ көрсетер болса, онда барлық жауапкершілікті КСРО-ның мұрагері – Ресей көтеруге тиістін. Үшіншіден, жоғарыда біз сол кездері республика аумағында 250 мыңға жуық әскер тұрды дедік. Бұлардағы офицерлерге еңбекақы төлеп, жауынгерлерді киіндіріп-ішіндіру, әскери қалашықтар мен казармаларды жылумен қамтамасыз етіп, ұстап тұру, техникаларға жанармай тауып беру дегеніңіз адамның шашы жетпейтін сұмдық көп қаржы емес пе? Егер Президент айтқан Ресей – Қазақстан біріккен Қарулы Күштерін құрған жағдайда аталған шығынның бәрін демесек те денін Мәскеу көтерер еді.

Бірақ мұндай идеяға Ресей үндемеді. Ақыры Елбасы республикамыздың егемендік, қауіпсіздік және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен 1991 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-ның мемлекеттік Қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын шығарды.

– Бұл Жарлықтың күші неде еді? Өкілет­тік­теріңіз қандай болды? Комитет аппараты қа­лай жасақталып, жұмысты неден бастады­ңыздар?

– Жарлық шығысымен Министрлер Кабинеті бізге Қазақ КСР Әскери комиссариаты мен Азаматтық қорғаныс штабын және ДОСААФ-ты бөліп беру жөнінде қаулы шығарды. Комитет аппараты міне, осы мекемелердегі әскери кадр­лардан жасақталды. Міндетіміз республикадағы әлі де КСРО Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери бөлімдерге бақылау орнатып, олардағы ауа жайылушылыққа жол бермеу болды. Атап айтқанда, бұларға әскери қалашықтардың тыныс-тіршілігін тұрақты жағдайда ұстап тұруға күш салу, қару-жарақ арсеналдарына деген күзетті күшейтіп, азық-түлік және киім-кешек қоймаларында орын ала бастаған ұрлыққа тыйым салу, полигондар мен стратегиялық нысандар орналасқан өңірлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, темір жолдағы әскери составтардың қолды болып кетпеуіне, техникалардың талан-таражға түспеуіне тосқауыл қою сияқты қадау-қадау міндеттер кіретін.

Ал, бұл сол кезде айтуға ғана оңай нәрсе еді. Өйткені, Қорғаныс комитеті бақылауындағы жоғарыдағыдай нысандар кең байтақ республикамыздың барлық аумағын алып жатқан болатын. Дәлел керек пе? Айтайын. Ол уақытта Алматыда Әуе Қорғанысы Күштерінің штабы, Сарыөзекте осы құрылымның штаб корпусы мен мотоатқыштар дивизиясы, Қапшағайда десантшылар полкы, Талдықорған мен Семейде авиациялық дивизия және авиациялық полк, Өскеменде құрамында түрлі әскери бөлімдерді қамтыған дивизия тұрды. Сондай-ақ, Ақмолада химиялық шабуылдан қорғанатын полк, Петропавлда радиотехника бөлімдері, Қарағандыда мотоатқыштар дивизиясы, Павлодарда үлкен радиотехникалық база, Торғайда стратегиялық мақсатқа арналған зымырандар нысанын қорғайтын арнайы дивизия бар еді. Ал, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарына келсек, Жамбыл облысында әскери-инженерлік бөлім мен авиациялық полк, Шымкентте құрылысшы әскерлер бөлімі мен әртүрлі мақсатқа пайдаланылатын екі бригада, Қызылордада бактериологиялық қаруды сынақтан өткізетін Барсакелмес полигонын күзететін арнайы бөлім, Ақтөбеде артиллериялық бригада, Ақтауда құрылысшы әскерлер бөлімі, Атырауда Азғыр полигонының жауынгерлері, Оралда байланысшылар бригадасы орналасқантын.

Міне, КСРО-ның тарап жатқан аласапыран кезінде осындай ұлан-ғайыр әскери плацдармға бақылау жасап, қиындықпен сәт сайын бетпе-бет келген сол сегіз ай мерзім ішінде бірде-бір төтенше оқиғаға жол бермеу бізге оңай болған жоқ. Бұл ретте Қорғаныс комитетінің төрағасы маған Кеңес ар­миясы қатарындағы ұзақ жылғы әскери қызметімде жинақталған іс-тәжірибем мен сол кездері Бас штабтағы лауазымды қызметтерінен әлі кете қоймаған ескі көз таныстарымның жәрдемі, сондай-ақ Орта Азия Әскери округі қолбасшысының орынбасары болып 16 жыл бойы жұмыс істеген кезімде мұндағы мені жақсы танып-білген офицерлердің жоғарыдағыдай алмағайып сәттерде бір сөзімді екі етпей сыйлаған ілтипаты көмекке келді-ау деп ойлаймын. Ал орынбасарларым: генерал-майор Н.Хлюпин мен генерал-майор С.Ал­тын­беков және басқарма бастықтары, подполковниктер: Л.Бақаев, А.Тасболатов, М.Шам­пиев, С.Таулановқа келсем, оларға сол кездегі екі айналып келмейтін еркіндіктің бағасы мен ел-жұрт алдындағы парыз, отаншылдық сезім мен егемендіктің қадір-қасиеті ерекше рух бергені анық.

Үшінші әңгіме

 (2006 жыл, 24 қараша. «Казспецэкспорт» РМК кеңсесі)

  – Ал, бұл уақытта, яғни, 1991 жылдың қазаны мен 1992 жылдың сәуірі аралығында ұлттық армияны құру, еліміздің дербес Қорғаныс министрлігін өмірге әкелу бағытында не істелініп жатқан еді?

– Түпкі ойымыз да сол ғой баяғы. Бірақ түрлі жағдай­лардың болуынан туындаған міндеттерден бас ала алмай қалдық. Оған 1991 жылдың күзіндегі Белая Вежа оқиғасы, КСРО-ның құлап, содан кейін іле-шала құрылған ТМД-ны айтсақ та жеткілікті. Сол жылдың аяғында, яғни, 1991 жылдың 30 желтоқсанында Тәуелсіз Мемлекеттері Достастығының басшылары Беларусь астанасы Минскіде кездескені есімде. Осы жерде олар өз республикаларында орналасқан бұрынғы одақ әскери құрылымдарының негізінде төл Қарулы Күштерін құру мәселесін біржолата шешіп тастауға ұмтылып, арты айқай-шу мен дау-дамайға ұласты. Қазақстан атынан сөз алған Н.Ә.Назарбаев айрықша салмақтылық танытып, әріптестерін «армияны басып алу» бағытындағы мұндай әрекеттерге бармауға шақырды. Бірақ тәуелсіздік буына елтіген Украи­на, Әзірбайжан және Молдова бас­шы­лары өз жоспарларын қалайда жүзеге асыруға тырысып, мәмілеге келе алмай тарқас­ты. Содан көп уақыт өтпей, яғни, 1992 жылғы 19 қаңтарда Мәскеуге қайта жиналған ел президенттері өздерінің ТМД аумағындағы Қарулы Күштердің мемлеке­т­ара­лық дәрежедегі мәртебесі жөніндегі Келісімді қа­былдауға әзір екендіктерін білдірді. Мұның ақыры бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің рес­публикалар арасындағы бөлінісіне әкеп соқтырды да маршал Е.М.Шапошниковтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің біріккен армиясын құрамыз деген идеясы айдалада қалды. Армия тағы да абыржушылыққа ұшырады.

Бұл Қазақстан үшін өте қауіпті жағдай еді. Олай болатыны қаһарлы қару – стратегиялық зымырандардың кілті Мәскеуде де ал оқтұмсық нысандары әлі де біздің жерде тұрғантын. Осыны білген АҚШ-тың ресми адамдары Вашингтоннан Алматыға жиі-жиі жортуыл жасап, тамырымызды басып көре бастады. Оны біздің республикамызға келіп қайтқан сол елдің вице-президенті А.Гор мен мемлекеттік Қорғаныс комитетінің арнаулы өкілі П.Бартолеомоның және Қорғаныс министрі У.Перридің сапарларынан аңғаруға болады. Сұрайтындары да, қоятын­дары да бір сауал. «Қазақстан ядролық ел ме, жоқ ядролық емес ел ме?» – дейді олар. «Ядролық мемлекетпіз», – деп жау­ап беремін мен. «Қалайша?». «КСРО тараға­нымен, оқ­тұм­сықтар әлі бізде тұр ғой». «Одан қа­шан құтыласыздар?». «Мемлекеттердің бір-біріне тиіспеу туралы уағдаластығы мен ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық шартқа қатысушы елдердің кепілдемесін алған күні». «Ел аумағында тұрған бір стратегиялық зымыран нысанын барып көрсек қайтеді?». «Болмайды. Себебі, ешқандай халық­аралық келісім не шартқа қол жеткізбей тұрып, біз сіздерге ештеңені көрсете алмаймыз».

Міне, осындай арбасулардан біз қатты іш жиып, енді, не де болса Ресеймен арадағы әскери мәселені айқындап алуға бел байладық. Осы мақсатпен Елбасы өзінің кеңесшісі Төлеген Жүкеев пен мені Мәскеуге жіберді. Онда бізді Пр­зидент Б.Н.Ельциннің кеңесшісі Э.Бурбулис қабылдады. Кездесу кезінде бұдан былайғы жерде Ресей мен Қазақстан арасындағы әскери қарым-қатынас қалай болмақ деген мәселе қабырғасынан қойылды. Бурбулис: «Ресейді, бәрін, соның ішінде бөгде аймақтардағы әскерлерді де асырап-сақтап тойдырып бітті. Бұрынғы одақтас респуб­ликалар тәуелсіздік алса да әлі бізге аузын ашады», – деп тым дөрекі тіл қатты.

Біз мұны күтпеген едік. Қарымта жауап қайтаруымызға тура келді. «Қазақстан жылына 15-16 миллион тонна астық өндіреді, – дедім мен оған. – Ал, өзіне қалдыратыны 2-3 миллион тонна ғана. Қалғаны әлі КСРО-ның мұрагеріміз деп отырған мына сіздердің елдеріңізге жөнелтіледі. Оның үстіне республикамыз Ресейдің құзырындағы Сібір, Түркістан, Орал, Забайкалье сияқты төрт бірдей әскери округті бұрынғыдай етпен қамтамасыз етуде. Сонда кімді-кім асырап отыр деп ойлайсыз?»

Ол мұндай жауапты күтпесе керек. Абыржып қалды. Сөйтті де жоғарыдағы пікірін шұғыл өзгертіп: «Сіз дұрыс түсінбей қалдыңыз-ау деймін. Мен Қазақстанды меңзеп отырған жоқпын. Онымен ерекше қарым-қатынастамыз. Бірақ біз, ең алдымен өз әскерлерімізді ойлайтын боламыз. Сөйтіп, таяуда төл Ресей армиясын құрамыз», – деп аяқ астынан «ағынан жарылды» да қалды.

Бурбулиспен арадағы осы әңгімеден соң бертінде Ресейдің Қорғаныс министрі болған, ал сол кездегі Қарулы Күштер комитетінің бірінші орынбасары іспеттес қызмет атқаратын генерал-полковник Е.Грачевке кірдік. Ол да ұлыорыстық астамшылықтан арыла қоймаған жан екен. Мемлекеттік масштабта ойлайтын түрі көрінбеді. Қарсылық білдірсең қақпайлап, баланың сөзін айтады.

Мен оған сөз кезегінде: «Сіз Қазақстанда зымырандарды әлемнің кез келген нүктесіне еркін жеткізе алатын страте­гиялық мақсаттағы күштердің үш дивизиясы тұрғанын білесіз бе?» – деп сұрадым. «Білемін», – деді ол ойланбастан. «Білсеңіз ертең Қорғаныс министрлігін құру туралы Б.Ельциннің, сонымен бір мезетте Н.Назарбаевтың Жарлығы шығады. Сонда не болады?». «Ештеңе де». «Қателесесіз. Егер олай болған күнде мұның бәрі біздің төл әскери меншігімізге айналады. Себебі, ол Қазақстанның жерінде тұр. Сөйтіп ертең сіздер бір зымыранды ғана емес, бір зеңбіректі де алып кете алмайсыздар. Өйткені егемендік декларациясы мен халықаралық шарттағы тәртіп солай».

Әңгіме осымен бітті. Алматыға келген соң бәрін де Елбасыға баяндадық. Президент ойланып отырып: «Ресей төл армиясын заңды түрде құрсын. Сол сәтте біз де өзімізше қимылдаймыз», – деді. Көп күткеніміз жоқ. 1992 жылғы 7 мамыр күні Ресей Қорғаныс министрлігінің құрылғаны туралы хабарды естідік. Сол күні Елбасымыз да «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру туралы» №745-ші Жарлыққа қол қойды.

– Осымен бір мезетте сіз республика Қорғаныс министрі де болып тағайындалдыңыз.

– Иә.

– Айтыңызшы, елімізде бұрын-соңды болып көрмеген бұл әскери ведомстводағы жұмысты неден бастадыңыз? Қандай қиындықтар болды. Оларды қалай жеңуге күш салдыңыз?

– Алғашқы жұмыс ұлттық кадрларды іздестіріп, өзіміздің қарадомалақтарды бір жерге жинақтаудан өріс алды. Бұлай етпейінше болмайтын еді. Себебі, ол кезде біздің елде орналасқан әскери бөлімдердегі офицерлердің 93 пайызы славян тектестердің өкілітін. Енді айтуға болады, КСРО армиясының қалдығы ретінде «ұмыт» қалған бұ­рынғы одақтас республика – біздегі әскерилердің көбінің көңіл-күйі онша емес еді. Сондықтан тек қана ұлттық, иә, ұлттық кадрларға ғана арқа сүйеу керек деп шештім. Сөйттім де, бұрынғы Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі қызметтерін өткізіп беріп, Қазақстанға оралған қандастарымыз: полковник Ә.Жарболов пен подполковник Д.Халықовты полк командирлері, подполковник Б.Ертаевты дивизия командирі, подполковник С.Еламановты десант құрамасының бастығы, генерал-майор М.Алтынбаевты Әуе Қарулы Күштерінің қолбасшысы етіп қойдым.

Байқап қараймын, қазақ кадрлары әлі де аз. Сондықтан тәуекел деп Алматыдағы жоғары әскери командалық училищеге полковник А.Тасболатовты бастық етіп тағайын­дап, ондағы курсанттарды 11 мамандық бойынша оқытуға күш салдым. Қазір бұл оқу орны Құрлықтағы әскерлердің әскери институтына айналғаны белгілі. Ал ол кезде… Жә, содан бір күні А.Тасболатовты шақырып алдым да, былай дедім:

– Қазақ баласының қабілеті ешкімнен кем емес, қарағым. Өйткені өзім де қазақпын. Егер әс­кери қызметке талабы болса, ауылдан келген, бо­йы 1 метр 70 сантиметрге жететін қарадомалақтардың бәрін бірінші кезекте қабыл­дауға назар аудар. Қалай етсең олай ет, бұл училищедегі қазақ балалары 80-90 пайыздан кем болмасын.

1992 жылдың сол бір қиын көктемінде ертеңгі күннің қамы үшін деп Отардағы әскери қалашықтан кіші офицерлер курсын ашқанымыз да есімде. Оған өзім барып сабақ беріп жүрдім. Бұған қоса Ресейдің Қорғаныс министрлігімен байланыс орнатып, талапты деген жастарымызды сондағы қаптаған әскери академиялар мен училищелерге оқытып алуға әрекет ете бастадық. Сонда ғой, Бас штаб бастығы, генерал-полковник С.Дубининмен оңбай сөзге келісіп қалғаным. Әрі айтамын көнбейді, бері айтамын болмайды. Шалқаяды, ат-тонын ала қашады.

– Аумалы-төкпелі мына дүниеде, – дедім бір кезде қаһарыма мінген мен, – бәрі сендерден сырт айналып жатқанын неге түсінбейсіңдер? Латвия мен Литваның емеурін танытуымен НАТО іргелеріңе иек арта бастаған жоқ па? Закавказьедегі жағдайларың болса анау. Шатқаяқтап тұр. Соған қарамай бізбен сөйлескілерің келмейді. Сонда кіммен байланыс орнатпақсыңдар? Сенімді одақтас, адал көршіні қайдан таппақсыңдар? Алмасаң алмай-ақ қой балаларымды. Оларды АҚШ пен Англия қазір-ақ қағып әкетейін деп тұр. Соларға апарып оқытамын. Ал сонда не болады?

Мына сөзді естігенде С.Дубинин шошып кетті. Дереу мәймөңкеге көшіп, келісім беретінін айтты. Соның нәтижесінде, 1992 жылдың тамыз айында 40 қазақ офицері Мәскеудегі әскери академияларға, 250 қарадомалақ курсант Вязьма, Рязань қалаларындағы танк, артиллерия училищелеріне жолдама алып, 2-3 жылдан соң мынау деген мықты әскери кадрлар болып қайта оралды.

Республика Қорғаныс министрлігі құрылғаннан бастап қолға алып, нәтижелі аяқтаған тағы бір ерекше күрделі ісіміз деп мынаны айтуға болар еді. Сол уақытта біз талай елдің көз құртына айналған ядролық оқтұмсықтардан құтылдық. Торғай мен Жармада тұрған 14 мың шақырым жердегі нысанаға дәл барып түсетін зымыран­дарды ақыры Ресей өз жеріне бөлшектеп тасып әкете бастады. Содан соң барып әлем бізге жылы қабақ танытып, АҚШ, Қытай, Германия, Үндістан секілді ірі мемлекеттердің Қорғаныс министрлерімен әскери саладағы өзара байланыс, мате­риалдық-техникалық көмек жөніндегі келісімге қол жеткізгеніміз бар.

Сөзімді мынадай терең мәні бар детальмен аяқтағым келіп отыр. Мен қай іс, қандай мәселе болмасын үнемі Президентпен ақылдаса шешіп отырдым. Қорғаныс министрлігі әп деп құрылған алғашқы айлардың бірінде Нұрсұлтан Әбішұлына әскери бөлімдер көп шоғырланған аймақтарды барып көрсеңіз, ондағы офицерлер мен жауынгерлер алдында сөз сөйлесеңіз деген тілек айттым. Елбасы бұл өтінішімді құлшына қабылдады. Міне, Аягөз гарнизонында тұрмыз. Әскери қызметшілерінің 80 пайыздан астамы өзге ұлт өкілдерінен тұратын мұндағы офицерлердің өңдері пәс, көз жанарларында сенімсіздік отының ұшқыны көрінеді. Осыны байқап, білген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сіздерге мен Мемлекет басшысы ретінде мынаны ашып айтқым келеді, – деді. – Қазақстан армиясы ешкімді алаламайды. Бұл – бір. Екінші, біз сіздерден Украина мен Грузия немесе Молдова Қарулы Күштеріндегі сияқты қайтадан ант қабылдау туралы талап қоймаймыз. Кезінде ортақ отанға бір рет ант бергенсіздер. Сол жетеді. Осыны мықтап есте ұстаңыздар». Осы сөзді Президент Сарыөзекте де, Отарда да, Сары­шағанда да қайталап айтты. Сол-ақ екен, әрі-сәрі болып, көрші елдерге кетуге құйысқандары көтеріліп тұрған өзге ұлт офицерлерінің жүздері жадырап сала берді. Содан бас­тап армиядағы моральдық-психологиялық ахуал күрт өзгерді. Әскери кадрлардың бойында сенім оты маздады. Қазақстанды мекенім, жерім, елім, тағдырым деген патриотизм пайда болды. Міне, бір сөздің құдіреті қандай!

Көпті көрген, еліміз өміріндегі ірі де іргелі оқиғалардың бәріне куәгері болған ағамыз – шежіре адам. Мәселен, Сағадат Қожахмет­ұлының кезінде республикалық Ұлан гвардиясын қалай құрып, жасақтағанының өзі бір тарих. Президент айтқан идея бойынша Щучинскідегі Кадет мектебін өмірге әкелуі өзінше қызық оқиға. Ұлттық армиямыз құрылған алғашқы жылдары жауынгерлерді қайтсем жалаңаяқ қалдырмаймын, тоңдырмаймын деп Талдықорғаннан тұңғыш әскери киім-кешек фабрикасын ұйымдастырғаны да жеке әңгіме. Ал Сә­кеңнің ті­келей қолға алып, басшылық етуімен Парламентте бекіген республика Қарулы Күштері, қор­ғаныс, әс­кери қызметшілер туралы заңдар мен әскери доктрина ше? Ұшан-теңіз тірлік. Ғаламат еңбек. Егер осылардың бәрін бір сәтке көз алдыдан өткізіп, ой сарабына салған жан болса, онда олар кезінде ардагер ағаға №1 Халық Қаһарманы атағының тегін берілмегеніне толық көз жеткізері анық.

2006 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар