Көкшенің жақсы-жайсаңы Жүз жылдық ғибратты ғұмыр

Қасиетті Көкшенің бір байлығы еңсесін елден ерек биіктеткен, қалың елге сүйікті еткен сол Көкшенің бауырында өскен перзенттері. Солардың бірі ақадал еңбегімен еліне танылып, саналы ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет еткен аяулы да ардақты тұлғалардың бірі – Алпысбай Жақыпов!

Көзі тірісінде ел алғысына бөленген Алпысбай Жақыпұлы 1924 жылдың 5 ақпан күні Көкшетау ауданының Жаңауыл ауылында дүниеге келген. Бал күлкілі балалық шақтың дәмін татқан жоқ. Сол тұстағы барша баланың маңдайына жазған тағдыр сыбағасы осындай еді. Қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып еңбекке араласқан балалардың енді қайтып оралмайтын әдемі шақтары, сәл анықтап айтқанда, балалығы Көкше қыраттарының бойында қаулай өскен бір түп бетегенің көлеңкесінде қалып қойғаны да шындық еді.

Асқар тау әке өмірден ерте озған 1928 жылы Алпысбай ағамыздың төртке толған шағы болатын. Кейін әке бейнесін, оның ыстық құшағын, мейірімді жүзін армандаумен өтті. Анасы 1937 жылы өмірден озды. Ендігі дәм балалар үйінен бұйырған. Бұл жаратылыстың мықтылығын қойсаңызшы, қиын-қыстау уақыттағы балалар үйінің бабы қаншалықты болды дейсіз. Әйтсе де, жаратылысынан қайсар, рухани мықты Алпысбай ағамыз өзін-өзі қамшылап, өзін-өзіжетектеп жетілді. Тағдырдың салған ісіне қарағайдың қарсы біткен бұтағындай беріктікпен қарсы тұрды. Мүмкін өгейлік танытқанөмірдің өзі ширатқан шығар.  Қиындық атаулыны кәтепті қара нардай көтере жүріп, алға ұмтылды.

Мектеп бітірген соң Көкшетау қаласындағы солкездегі білімнің қара шаңырағы санатындағы қазақ педагогика училищесіне оқуға түсті. Тұлға ретінде қалыптаса бастады. Оң-солын жаза баспай таныған жас жігіттің көкірегінде туған елге қызмет етсем деген іңкәр сезім пайда бола бастады. Училищені ойдағыдай аяқтағаннан кейін бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шықты. Облыс орталығының іргесіндегі Ақан ауылындағы бастауыш мектепке басшылық етті әрі мұғалімдік қызмет атқарды. Ол кезде Ақан ауылы Молотов атындағы ұжымшар деп аталатын. Оқытушылық қызмет ұзаққа созылған жоқ. Көз көріп, құлақ естімеген қиянда екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан болатын.

Қыркүйек айының аяғында Алпысбай Жақыпұлы қан майданға аттанды. Гомель жаяу әскер училищесінің курсанты болып қабылданды. Училищені аяқтаған соң өз өтініші бойынша сұрапыл соғыс жүріп жатқан майдандаласына аттанды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақстандықтардың нағыз ерлерге тән мінез көрсетіп, қан қасап майдандаласында қаһармандық танытқаны дүйім елге белгілі. Біздің кейіпкеріміз де жаскомандир ретінде ержүректік пен батырлықтың, қайтпас қайсар өрліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Сол ерлігіне сай атақ-абыройға ие болды. Нақтылай айтатын болсақ, Степной, Воронеж және үшінші Балтық майдандарында өрістеген сұрапыл шайқастарға қатысты. Майдан даласындағы қарулас жауынгерлермен ізетті сыйластықта болған, саяси сауаты мол, төніп келген қауіп-қатерден бас сауғалауды білмейтін өрімдей жас командирді сарбаздары да тым жақсы көрді. Майдан даласындағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Ажалаңсаған оқ кімді аясын?! Жан алып, жан беріскен ұрыстарда үш рет жараланды. Жарасы жазылған соң ел қорғауды азаматтық парыз деп ұғынған аяулы азамат бірден майдан даласына аттанатын. Сол кездегі тәрбиенің қалыбынан шыққаннан кейін атам қазақ «еркек тоқты құрбандық» депайтқандай, әр азаматтың пешенесіне жазылған дүние елді қорғау, Отанды қорғау деп ұғынғандықтан да, басқыншы жаудан кек алуға тырысатын. Соңғы жарақаты ауыр болды. 1944 жылы тағы дажараланған Алпысбай Жақыпұлы бұл жолы әскер қатарына жарамай қалды. Әйтсе де қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарында жұмыс істеуге жіберілді. Бәлкім бұл арада ағамыздың оқытушылық тәжірибесі бар екендігі ескерілген шығар. Горький облысының Сейма станциясына әскери жетекші етіп тағайындалды. Кейін жергілікті биліктің рұқсатымен туған өлкесіне, өзі ет жүрегі елжірей сүйетін көрікті де қасиетті Көкшетауға оралды.

1943 жылдың 1 қаңтарынан 1947 жылдың шілде айына дейін Алпысбай Жақыпұлы Көкшетау аудандық білімберу бөлімінің инспекторы қызметін атқарды. Осы орында еңбек ете жүріп, партия қатарына қабылданды. Арада екі жыл өткен соң Көкшетау аудандықпартия комитеті хатшысының көмекшісі болды. Бір жылдан соң аудандық «Колхоз жолы» газетінің редакторы қызметіне ауыстырылды. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы партия мектебінің бір жылдық курсында оқып, білімін жетілдірді. 1952 жылы Көкшетау және Зеренді аудандық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.

Өз ісіне тындырымды, жоғары жауапкершілікпен қарайтын жалындаған жастың ілкімді ісі еленбей қалған жоқ. Қарапайым халық та, барды бағалай білетін басшы да оның болашағынан үлкен үміт күтетін. 1954 жылдың шілде айында Володар ауданына қарасты Комаров машина-трактор станциясының партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Бұл жерде 1956 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істеді. Осы жерде жаңа қырынан танылды. Елде тың және тыңайған жерлердіигеру жұмыстары қауырт жүргізіле бастаған. Аудан колхозшылары мемлекетке астық, басқа даауыл шаруашылығы өнімдерін молынан тапсыра бастады. Кеңшарларды ұйымдастыру да күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі еді. Алпысбай Жақыпұлының бойындағы жұртты жақсы істерге бағыттай білетін, іргелі шаруалардың төңірегінде топтастыра білетін ілкімдііскерлік айрықша көзге түскен. Табаны тастан таймаған тарланбоздай күнді түнге, түндікүнге ұластырып жүріп, туған елінің мерейін өсіріп, табысын молайту жолында аянбай қызмет істеді. Сол еңбегінің арқасында жалғыз өзі ғана емес, астықты өлкенің диқандары да мол табысқа кенелді. Алапат соғыстың от-жалынында шыңдалған, күндіз-түні күмпілдеп жатқан еңбек көрігінде пісіп-жетілген әрі басшылық қызметте тәп-тәуір тәжірибе жинақтап қалған ағамыздың кемелденген шағы еді.

Қай уақытта болмасын туған халқына арлы адалдықпен, жоғары жауапкершілікпен маңдайдан терін сыпырыпжүріп еткен еңбек зая кетпейді ғой. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас басшының талапты датабанды жұмысын көрген аудандық партия комитетінің бюросы Қазақстан Коммунистік партиялы Орталық комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуғабаруға ұсыныс жасайды. Облыстық партия комитетінің бюросы осы шешімді бекітті. Осылайша Алпысбай Жақыпұлы 1956 жылдың қыркүйек айынан 1960 жылдың маусымына дейін партия мектебін оқып білім алды. Мектепті аяқтаған соң облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет істеді. Кейін Рузаев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Рузаев ауданы бұл кезде ақық дәнімен аты шығып тұрған аудан болатын. Толайым табысыоблысқа ғана емес, күллі Кеңес Одағына мәлім. Астық өндіретін жетекші он өңірдің бірі. Оның үстіне маман кадрлар даярлаудың өзіндік тәжірибесі қалыптасқан мерейлі мектебі де осы аудандаеді. Аудандағы кадрлардың іле өсіп, жер-жерде абыройлы қызмет атқаруы осы ауданда үлкендердің ұлағатын көріп, ысылып, тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіруінде.

Жоғары партия мектебін бітіріп келген, жаратылысынан ұқыпты, әр ісіне тиянақты Алпысбай Жақыпов елдегі іргелі шаруалардың тірегі еді. Талабы тас жаратын талантты жанның тамаша еңбегін Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті де байқаған. Сол себепті 1964 жылдың қазан айында Алпысбай Жақыпұлы облыстық партия комитеті бюросының ұсынымен Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

Осы арада Еңбекшілдер ауданы облыста жер аумағы жағынан екінші, халқының саны жағынан үшінші орында тұрғандығын айта кетуге болар. Бір әттеген-айы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша әлі де пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер бар еді. Астық өсіру көлемі онжылдық басында 115 мың тоннаны құраса, гектар берекесі небәрі 7 центнерден айналып тұрған. Ірі қара мал менжылқының да саны біршама азайып қалған.

Ауданға жаңа басшы болып Алпысбай Жақыпұлы келгеннен кейін өңірдің өңі өзгеріп сала берді. Әсіресе, Алаштың айтулы азаматы Еркін Әуелбеков облысқа басшы болып тұрған кезінде жалғыз Еңбекшілдер ауданының ғана емес Көкшетау өлкесінің ауыл шаруашылығы қарыштап алға басты. Әсіресе, егін шаруашылығы саласында жаңа бастамалар көтерілді, республикада қолға алынып жатқан тиімділігі мол оң тәжірибелер жергілікті жерде көрініс тауып, шаруашылықты ұйымдастырудың оң сипаты қалыптасты. Ілкімді ізденіс өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Негізінен ақық дән аялап, ақтылы мал өсірумен айналысқан аудан жұртшылығы бұрынғы солғын көрсеткішті ұмытып, табыстың молаюына септігін тигізді. Мұндай биікке көтерілуі, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бар шаруаның оңғарылуы біздің кейіпкеріміздің істің көзін таба білетін іскерлігінде еді.

Аудандағы шаруашылықтар бір-бірімен социалистік жарыс ұйымдастырып, ұлы еңбек көшінің алдыңғы легінен табылуға тырысты. Жаңашылдыққа жаны құмар тәжірибелі басшы аудандағы сан алуан саланың тамыршысы тәрізді осал тұсын тап басып, ортақ іске салқынын тигізіп жатқан кемшілік атаулыны түптамырымен жойып, ел еңсесін биіктетуге мол еңбек сіңірді. Еңбегі табыспен бірге жергілікті жұрттың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайыдаүнемі ескеріліп отырылатын. Осы жылдар ішінде ауылдарда әлеуметтік нысандар  салынып, аудандық маңыздағы жолдар жөнделіп, ел тұрмысының көп көрім жақсаруына айрықша көңіл бөлінді.   Мал шаруашылығын мамандандыру жұмысықолғаалына бастады. Арнайы мал бордақылатын мамандандырылған шаруашылықтар құрылды. Нақтырақ айтатын болсақ, 1960 жылдардың аяғында қабылданған шұғыл шаралар 1970 жылдардың басында өзінің нәтижелерін беребастады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бір мысал келтіре кетелік. 1971 жылы жалпы астық жинау орта есеппен бұрынғы 115 мың тоннаның орнына 223 мың тоннаға дейін ұлғайды. Гектар берекесіде 14,1центнерге жетті. Қойдың саны 127 мыңға көбейді. Бұрын небәрі 76 мың ғана болатын. Әрбір ауылда мәдени нысандар бой көтерді. Ауруханалар мен ФАП-тар салынды. Заман талабына  сай көтерілген білімошақтары мен балалар бақшалары ата-аналардыңқуанышына айналды.

Бірінші хатшы болып тоғыз жыл жұмыс істеді. Кейін облыс орталығына облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының бастығы қызметіне ауыстырылды. Бұл жерде де ілкімдііскерлік көрсете білді. Кәсіпорын кадрларын іріктеп, нығайтып, шешуші рөл атқаруға бағыттады. Аз ғана уақыттың ішінде жиһаз және етік, пима басу фабрикалары, «Металлист» зауыты қайта жаңғыртылды. Тігін және тұрмыстық химия фабрикалары өз жұмыстарын жаңаша ұйымдастыра бастады.

Сала жұмысшыларына арнап тұрғын үйлер мен жатақханалар салынды. Халыққа оң жағдай туғызылғаннан кейін жұмыс та алғабасты. Көкшетау облысының жергілікті өнеркәсіп басқармасы республикада жетекші орынға ие болды. Осы арада жеті рет жүлделі орынға ие болғандығын айтсақ та жеткілікті.

Тумысынан талант иесі, іскер басшы, абзал азамат өз бойындағы елге деген іңкәр махаббатының, жұртым деп соққан жүрегінің арқасында халықтың құрметіне бөленді. Мынау жарық дүниеге келген әр адамның мазмұнды ғұмыр кешіп, мағыналы өмір жолдарымен кейінгі ұрпаққа көрсетер үлгісі мен өнегесі осындай болса керек-ті. Әдетте Көкшетау дегенде көзалдыңа көгілдір таулар сұлбасы елес береді емес пе? Сағыныштың сарытап шымылдығына оранған сол таудың ортасында еңсесібиік, айдарынан жел ескен бір шың тәріздіболып көрінетін Алпысбай Жақыпұлының абзал кескіні, аяулыбейнесі елесінде қалары анық.

Қайыргелді ӘКІМБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Біржан сал ауданының құрметті азаматы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар