Белгілі тарихшының соңында қалған мол мұрасына арналды

Жуырда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бас ғимаратының конференция залында «Әбуев оқулары – І» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуевтің 85 жылдығына арналған тақырыптық конференцияны аталған оқу ордасының тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасы ұйымдастырды. Конференция жұмысына дейін Қ.Әбуев тұрған үйде мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шетелдік және қазақстандық тарихшы ғалымдар мен университет студенттерінің қатысуымен өткен алқалы жиынның дайындық жұмыстарына ректордың кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аманбай Сейітқасымов маңызды үлес қосты. Халықаралық конференция Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Марат Сырлыбаевтың алғысөзімен басталды.

– Есіме алсам, Қадыржан сияқты ағамызбен қоян қолтық үш жылдай жұмыс істеппін. Ол кісінің азаматтық тұлғасына, кісілік келбетіне, әріптестік әдебіне, зерттеушілік зиялы ұйымның қоғам қайраткері ретінде қажырлы еңбегіне таң қалатынмын. Өз ісіне шынайы берілген майталман. Тарихшы ғана емес, ақиқаттың ақ жолындағы батыр тұлға дерсің, –  дей келе, ректор Көкше елінде тарих мамандығының негізін қалап, осы универсиеттегі тарих факультетінің ашылуына мұрындық болған тұғыры биік тұлғаның еңбектері туралы ойларын айтып өтті.

Әрі қарай, тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы, тарих ғылымдарының докторы, Ресей Ішкі істер министрлігі Уфа заң институтының профессоры Роза Буканова, тарих ғылымдарының докторы, Астана қаласындағы Мемлекет тарихы институтының профессоры Алима Ауанасова және тарих ғылымдарының докторы, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Михаил Чуркин қатарлы зиялы қауым өкілдері баяндамалар оқып, тарих толқынындағы Қадыржан Қабиденұлының өмір жолдары, ғылымға сіңірген еңбектері туралы тағылымды ой, тың деректермен бөлісті.

–Белгілі ғалымның есімі Ресей елінде де мәшһүр. Өйткені, ол Шоқан туралы ғана емес, орыс пен қазақ қатынастары туралы да көп жазған. Оның Сібір хандығы бойынша зерделі еңбегі бар. Сондықтан, мен Ресейдің қай өңіріне барсам да, оның есімін, еңбектерін жиі еске алатынын байқаймын. Ол көзі тірісінде біздің Башқұрстанға да бірнеше рет конференцияға келді, – дейді осы елден келген ғалым Роза Буканова.

Бұл деректер мен баяндамашылардың пікірлерін аңғарсақ, Қадыржан Әбуевтың еңбектері елімізде ғана емес, шекара асып, өзге мемлекеттерде де жоғары бағаға ие болған. Сонымен қатар, университет ректоры Марат Сырлыбаев профессорлар Роза Буканова мен Аманжол Күзембайға «Ualikhanov University дамуына қосқан үлесі үшін» медалін табыс етті.

Белгілі өлкетанушы, Көкшетаудағы тарих білімінің негізін қалаушы Қадыржан Әбуев 300-ден астам ғылыми еңбектердің, 10 монографияның авторы. Қадыржан Қабиденұлының жетекшілігімен 4 ғылым кандидаты, 30 тарих ғылымдарының магистрі дайындалған. Оның ғылыми жетекшілігімен «Ақмола облысы», «Шоқан Уәлиханов», «Абылай хан» атты үш энциклопедия жарық көрді.

Конференцияда шетелдік және отандық тарихшы ғалымдардан келіп түскен 30-ға жуық ұсыныс сараланып, конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Бұл қорытынды қарарды, профессор Қадыржан Әбуевтің шәкірті, тарихшы-ғалым Ақбота Бексейітова жария етіп, жиналған жұртшылық алдында оқып берді. Ғалымдардың ұсынысынан іріктелген 8 нұсқаның болашақта маңыздылығы жоғары деуге болады. Онда әр 5 жыл сайын «Әбуев оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын, жыл сайын ғылыми семинар, дөңгелек үстелдер өткізу, жоғары оқу орнындағы тарих мамандығының студенттеріне профессор Қ.Әбуев атындағы атаулы стипендия тағайындау, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, өлке тарихын зерттеуге үлкен еңбек сіңірген профессор Қадыржан Әбуевқа облыс орталығынан көше атауын беру, еңбектерін дипломдық және диссертациялық жұмыстар деңгейінде зерттеу, бірлескен ғылыми- зерттеулер жүргізу және зерттеу қызметінің нәтижелерін интеграциялау үшін Қ.Әбуев атындағы өңірлік зерттеулер институтының Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастығын қамтамасыз ету, оған қоса, тарих ғылымдарының докторы Қ.Әбуевтің ғылыми еңбектерінің көптомдығын басып шығару, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Қ.Әбуев атындағы өңірлік зерттеулер институтының ұйымдастыруымен жыл сайын қаланың және облыстың тарих мұғалімдерімен форумдар, семинар-кеңестер өткізу, сондай-ақ, ғалымның ғылыми мектебін дамыту, ғылыми әдістемелік материалдарды басып шығару, гранттық және келісім-шарт жобаларын орындау шаралары қарастырылған. Алда бұл жұмыстардың орындалу нәтижесінде халқымыз бен өлкеміздің тарихында үлкен із қалдырған Қадыржан Әбуевтің есімі ұрпақ санасында мәңгі қалатыны анық.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар