Кешегі Көкшетау облысының қоғамдық тамақтандыру саласында қазақтың ұлттық ас мәзірін кеңінен танытып, облыс орталығындағы бірден-бір ұлттық дәстүрдегі «Құлагер» дәмханасы арқылы халқымыздың ас-суға баптылығын сан дәлелдеген, сөйтіп, осы тынымсызеңбегіне орай, елдің алғысынарқалап, үлкен сый-құрметке бөленген жан кім едідесеңіз, ол Ғалия Бүркітбайқызы Асықбаева екенін сол кездегі көзі қарақты елдіңбәрі жақсы біледі. Ғалия апамызды бұлжағынан кәдімгі өзіндік тұлғаға айналған шебердің шебері, іскердің іскері десек, еш артық кетпейміз. Сол жетпісінші-тоқсаныншы жылдары шынында, жұмысы өрге басып, дүрілдеп тұрған «Құлагер» дәмханасы бүкілелдің аузында еді. Қалада аузыңа алсаң дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамның неше түрін дайындайтын, жұрт бірі кіріп, бірі шығып, ішінен адам арылмайтын осындай бір ұлттық ат басын байлар кәделі орынның барына көкшетаулық ағайынның шүкіршілігі шексіз болатын.
Тіпті осы күні еске алсаң, солтұстағы қалатұрғындарының қазақылық ұғымы мен осы ұлттықдәмхана бір тұтасып кеткендей, осы тұрғыдағы ойымыздың да, қолда барымыздың да ажарын осы «Құлагеріміз» ашатын да тұратын. Аты да қалай тауып қойылған десейші. Жылқы түлігінде Ақан сері бабамыздың осы аттас құласы озса, Көкшетаудың да тоқпағы мықтылардың өгейсітуінен көзге ілінбей келіп, бағыжанған ұлттық ас үрдісінде осы «Құлагер» биіктен көрініп еді-ау. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен тым болмаса, етті ет турағышқа тартып емес, одан гөрі дәмді,толымды да сіңімдіболуы үшін қолмен ұсақтап турап, қамырға салған тұшпарадан татып, бірер кесе буы бұрқыраған ыстық қою шайдан алуы үшін осы жақтағы ағайыны, дос-жараны бастап кірген небір сыйлы қонағың да, іссапармен, әлдежеке шаруасымен келіп қалып, тамақтанар жайлы орын іздеген басқасы да, талайдың болғаны айдан анық. Сонда олар ұлттық нақыш, талғаммен безендірілген жинақы зал ішінен бар есіл-дерті, бар аңсары осы араға келіп-кетіп жатқан көпшіліктің қайтсек көңілін табамыз, қайтсек ойынан шығамыз деп, ас мәзірі, қызмет көрсету мәдениетінен бастап, ұсақ-түйек болмашыға дейін бар назарынсалып, екі аяғының ұшымен жүрген, көздері мойылдай, ақ құба, әдемі келіншекті байқады ма,байқамады ма екен. Әңгіме-дүкен, дәмді ас-судың әсері, кісі қарасының жиілігінен аңғармаулары да мүмкін-ау. Мүмкін қарағыштап, көз де тоқтатқан, аспаздың киімі тал бойына жараса қалған шеберге сүйсінедеқараған шығар.
Иә, шебер! «Құлагердің» меңгерушісі, жебеушісі, бағын ашушы да Ғалия Асықбаева! Ал, көп ретте осылай аспаздың ақ желеңімен жүретіні ұлттық дәмхананың жұмысын шырқ үйіріп, басшы деген аты асқақтап тұрса да, газ плитасының жанынан шықпауынан еді. Қарамағындағы сайдың тасындай іріктеп алған қыз-келіншектерімен бірге жылқы етін, қуырдақты да өзі пісірісіп, неше түрлі қазақша аттарын ойлап тапқан салаттарды даөзі істесіп, қымыз, шұбатқа дейін бірге сапырысатын. Бәлкім, сол жылдары бұл «Құлагердің» аты ғана халықты тартып тұрмай, заты да осындай болуы, бүкіл қалада, тіпті, облыста жалғыз болса да, көпке тұруы, көптей бағалануы осы бір ұсынықты жанның бәрі өз көңілінен шыққанынша осылай дамыл табудың не екенін білмей, ендігі арада өмірінің бар мәніне айналған қоғамдық тамақтандыру саласына шексіз беріліп, біте қайнасып кетуінің біздің айтуымызсыз-ақ көріне түскен бір күнгей-айшығы ма еді.
Ал, жауқазын Ғалия үшін бастапқыда бәрі де басқаша бастау алып келе жатқан сияқты болатын да тұратын. Алды болжаусыз өмір көкейіндегі соқпақтан басқа соқпаққа салады деп кім ойлапты.Тегі, туған топырағында түлеп ұшқаннан бойына қанат болып бітіп, бірге келе жатқаны, өзі арман қуып барған ару Алматыда да, одан кейін қайта аңсап жеткен Көкшетауында, осы «Құлагерінде», былайғы мәнді-мағыналы өмірінде де жетелеп жебей білгені, алғыстан, қошемет-құрметтен басқа сөз естіртпегені жан әжесі Рәзияның тәлім-тәрбиесі болса керек. Өзі өсіп-өніп, құшағында тербелген Чкалов ауданының Амандығында ауылдың бәрі әжесін Рәзия би дейтін. Соның барлығын кейін ақыл тоқтата келе, өзі де сан ой елегінен себездетіп өткізді ғой. Сөйтсе, ол теңеу де сол аяулы жанның мінезінің, сөзінің өтімділігімен бір бәс жоғарылығынан екен. Болмыс-бітіміне қаталдық тән еді. Қатты, бірақ әділ. Үйдегі Ғалияны да қыса ұстап тәрбиеледі. Бұл қара шаңырақтан бертінге дейін «Беркінбай әншіні көзіміз көріп еді, әңгімелес, дос-жарболып едік»деп келетін кісі аяғы арылмайтын. Әжесі Рәзия би болса, атасы да кешегі Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырайдай сал-серілердің көзін көрген, жанына ілескен осы өңірдегі белгілі әншілердің қатарынан болатын. Бір уақ домбырасын қолына алып, ән салғанында тізесіне отырып алған немересі сол домбыраның мойнынан ұстап, тартқылай бергенде, әнінің аяғы «бәлкім, атаңның осы әншілігі саған қонар» деген батагөй сөзімен тынатын. Ол кезде де, қазір де өз заманының бір әйдігі, сал-серісі Беркінбай Нұрымұлы туралы білгісі келгендер Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» қолына алып, сонда бар деректерге ынтығар еді.
Иә, балғын көңілде ерте бүр жарған жеткіншек арманы да сол өнер болатын. Бұл екі ортада қаздың қанатымен үйдің қол жете бермейтін бұрыш-бұрышынан дейін сыпыртып, сүрткізіп, төсек жинаса, оның ұшы сызғышпен сызғандай тік тұруын қадағалап, ал, нан жазса, тақтайдың беті көрінер-көрінбестей етіп, жұп-жұқа, біркелкі түсуін қалап, үй ішінің бар шаруасынан өткізіп алған әже тәрбиесі бойына бір отау немесе бір шаңырақты бекем-ақ ұстайтындай еттірлігін де дарытып үлгерген-ді. Соның ара-арасында:
–Қыз бала ас үйде жетіледі, алдымен пісіретін тамағың дәмді болсын. Ертең тұрмысқа шықсаң, үстел басында күйеуің асын ішіп болғанша он тұрып, он отырып, ойқастама, дәм қайырған соң бір-ақ тұр. Дастарханға не керектің бәрін алдын ала әкеліп қой. Үлкендер отырса, оғаш қимыл жасап, арқаңды беріп тұрып алушы болма, – деп сан қайталаудан жалықпайтын.
Оның үстіне қыздыңкөркі шашы деп ұшына болмаса оған да қайшы тигіздірмейтін. Асыл, дана әжесінің жастайынан адам болсын деп құлағына құюдай құйған ақыл-кеңестерін, үйдің, түздің шаруасына бейімдеп баққан осынша көрегендігін бүгінде өзі де үлкен немересінен шөбере сүйіп отырған Ғалия апамыз әлі күнге ұмытпайды. Ұмытпау қайда, енді кейінгілерге реті келгенде бірде туралап, бірде астарлап өзі айтып, нұсқап отырады. Тұрмыста, «Құлагерде», абыройлы да жемісті еңбек жолының басқа тұстарында да тура осылай болатын. Ара-арасында кей қатаңдығына көңіліне алғыш бала қалпымен тез бұртиып, ренжіп қалса да, артынан ол өкпесі ілезде тарап, көкірек зердесіне шым-шым құйыла беретін сол әже сабақтары расында, өмірінде қаншама рет көмекке келді. Қызметте де, үйде де жылдары сол тәмсілмен өріліп келе жатыр. Ал, ол тәмсіл болса – жұмысына адалдық, ұсынықтылық, әдептілік пен жинақылық, жан тазалығы мен ар тазалығы. Жан әжесінің бір ғана ас-суға үйретуінің, соның қыр-сырына бойлатуының өзі осы саланың ел таныған үлкен кәсіби маманы етіп шығарған соң, әр жағы түсінікті ғой.
Ал, өзі жасында ата-әженің етегінен ұстап, онымен бірге ананың да мейірімін көріп өскенімен, тағдыр-талайы төрт құбыласы тең деуге келмейтін-ді. Тірі болса, арқасүйер жан әкесі Бүркітбай небары 32 жасында бұл жарық дүниеден өтіп кетті. Үйдегі қара жұмыстың бәрі көбіне-көп төрт баланың үлкені осы Ғалияны күтетін де тұратын. Сондай бір әлі бұғанасы қатпай, әріжастай қалған әке ойынан шықпай, көңілі құлазып жүргенде, шиеттей басқа бауырлары сияқты, бұны да күндердің күні салып ұрып қаладан келіп қалатын Бүркітбай жиен ағалары сол мұңнан бір арылтып тастайтын. Ұлы Отан соғысының ардагері, кейін «Текстильторг» мекемесінің директоры да болып істеген Бүркітбай Күшпайұлы мен Рахима тәтелері бала жанын терең түсінетін нақ жайсаңдардың өзінен еді. Жиен ағаларының Бүркітбай деген есімінің өзі әкедей көрініп, іштегі қаяуды ұмыттырып жіберетін. Кейін бақтарына аналарына жар, өздеріне әке болған Қажантай Құдайбергенұлындай тамаша жан кездесіп, Көкшетаудың іргесіндегі Қызылтаң ауылына көшіп келді.
Бұл екі ортада медициналық училищені бітіргенімен, көңілі жатпай, тура он сегізінде әжесі өсірткен тоқпақтай бұрымы тілерсегіне тақап, өнер қуып, Алматыға аттанды. Ойы – эстрадалық-цирк училищесінде оқып, әнші болу еді. Сәті түспей, ойлана келе, өзі тоқтаған туған жиен ағасының үйіндегі жеңгесі істейтін мейрамханаға жұмысқа орналасты.
–Ой, сен, қайдан келген қызсың? – дейтін мұның ас пісіретін жерде тыным таппай, бәрін де біліп, бәріне де көмектесіп, жанталасып жүргенін көрген бәзбіреулер.
–Көкшетауданмын, – деп іле жауап беретін содан осы сөзге бар мақтанышын сыйғызып.
Кейін талпына жүріп, сол Алматыда саудатехникумын бітірді, сосын Мәскеудің сауда институты филиалында қоғамдық тамақтандыру технологына оқыды. Алматы, Мәскеудің керемет мейрамханаларында іс-тәжірибеден өтіп, небір сыйлы қонақтардың алдында қызмет көрсетіп үйренді. Өйткені, тап сол тұста тағдыр да өзіне соншалықты оң көзбен қарағаны бағы мен бақыты, арасындағы қасіреті де шығар. Ол – өзі сол жұмысқа кірген мейрамханада бір күні Алматының тура осындай 15 бірдей қоғамдық тамақтандыру орнына жетекшілік ететін болашақ қайын енесінің көзіне түсіп қалуы еді. Жас қыздың көркін, ұяң мінезі мен қолынан іс лыпып тұрғанын байқаған директор апайы:
–Сен менің келінім боласың, маған сендей қыз керек, – деді салған жерден мұны өзіне тарта, жарқылдай сөйлеп.
Сөйтіп, сол кездегі республика Әділет министрінің жалғыз ұлымен танысып, көңілдері жарасып, тұрмысқа шықты. Көкшетаудың аэропорты тиіп тұрған Қызылтаңға ұшақпен Алматыдан сыйлы да жоғары мәртебелі қонақтар келіп, ел гу-гу етісті. Иә, сол бір кез өз перзентінің келешегіне алаң ананың бір ғана көз қиығымен бірін-бірі тапқан жастар да бақытты, Ғалияның ерте-кеш жаңа ата-анасының, жарының көңілдерін тапсам деп, ас үйден шықпай, сиқыршыдай айналып-үйірілетін небір тағамдары да мақтаулы еді. Жүректерімен ұғысқан екеуінен көп ұзамай бір ұл, бір қыз өмір есігін ашты. Алда да жұптарының солай жазылмауына ештеңе бөгет емес сияқты еді. Алайда, жоғарыда қасірет деп айтып жатқанымыздай, тайқы маңдайға мезгілсіз қазасы екен ғой ең ауыры. Уақыт өте ептеп өз-өзіне келіп, ата-енесін, жұмысын да қимай, бірақ, ендігі негізгі таянышы өзінің туған елі екенін ойлап, түскен шаңырағының рұқсатымен Көкшетауына оралды.
Алматының «мынау» деген мейрамханаларында он жыл еңбек өтілі, соған сайбілімі бар. Үлкен орталарда көрген-түйгені мол. Министрдің келіні болған соң, небір лауазымды тұлғалар да таңсық емес. Талайына жанын, бар өнерін салып, үлкен дастарханнан ата-енесінің ақадал, асылдәмін ұсынған. Өз-өзіне сенімді. Құдай айдап, осыжаққа таптырмайтын бір маманды оралтқаны сөз сыңайынан-ақ сезіліп тұр. Мұндағы басшылар көп ойланып жатпай, сол кездегі қаладағы ең бетке ұстар «Көкшетау» мейрамханасына жұмысқа қабылдап, кабинеттерінде қуанысып қала берді.
Содан бастап деп айтпай-ақ қояйық, бірақ көп ұзамай осы мейрамханадағы негізгі жұмыстардың бәрі Ғалия Бүркітбайқызының қолына көшті. Кәнігі шебердің келуімен ас мәзірі де жақсарып, ой-қиялы үйреншікті бір тағамның өзін әр қырынан түрлендіріп жібергенде жанындағы әріптестері қызыға қарайтын. Ол кезде саудада қазақ қыз-келіншектері болғанымен, қоғамдық тамақтандыру саласында, әсіресе, мейрамхана аты бар орындарда некен-саяқ еді. Бар жастардың өзі ана тіліне шорқақ, қазақтың тағамдарының өзін біліп, түсіне бермейді. Сондықтан, соларды да жанына тартып, білмегендерін үйретіп жүрді.
Сондай күндердің бірінде «тез келсін» деп кеңсеге шақырса керек. Бурабайдағы Қарасуға дем алуға үш күнге республика басшылары келеді екен. Соларды күтіп алу керек. Ас-суға «Көкшетау» мейрамханасының өндіріс меңгерушісі Ғалия Асықбаева жауапты. Содан анасынан ауылдың сары майы, құрт-ірімшігі мен қоспасын алдырып, қалған ас-суын түгендеп, мамандарды таңдады да, «қалай болар екен?» деген екі ұдай сезіммен діттеген жеріне жүрексіне жүріп кетті. Шүкір, басшыларының кейін мақтауына қарағанда, сыннан сүрінген жоқ. Осылай отыз жыл қатарынан бірде Бурабайда, бірде қаладағы резиденцияда, талай мәрте «Құлагерде» Көкшетауға келетін ел басшыларының, жоғары лауазымды тұлғалардың, шетел делегациясы мүшелерінің, әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлерінің алдын ала ас мәзірін құрып, сол азық-түлікті дайындап, көңіл толғандай етіп алдарына тартып, сенімнен шыға білген сәттерін бақытына баласа артық па?! Осының арқасында Дінмұхамед Қонаевтан бастап, талай көрнекті тұлғаларды көзі көрді, Еркін Әуелбеков, Оразбек Қуанышев, Мақтай Сағдиев сияқты облыс басшыларының ілтипатына бөленді.
Соның бәрін жүректен бір, көз алдынан екі өткізе келгенде өзіне ең ыстығы 32 жыл тағдыры берік байланған «Құлагері» болып көрінеді де тұрады. Көкшетаудағы бұл ұлттық дәмхана 1983 жылы ашылып, Ғалия Бүркітбайқызы оған зейнет демалысына шыққаннан соң да 2015 жылға дейін жетекшілік етті. Осылайша, қала қазақтарының көзайымына айналған дәмхана әкімшіліктік-аумақтық орталығы Көкшеге ойысқан Ақмолаоблысының тұсында да табысты жұмыс істеп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұрды. Осы ретте, келушілерге ұсынар күнделікті ас мәзірі мен ара-арасында түсіп жататын тапсырыстардың өзіне аптасына бір жылқы, бес қойдың еті кетіп қалатын кездер де болатын. Осы дәмханада қазақтың ұлттық тағамдарын ел игілігіне жаратамын, дәмдік, сапалық құнарын, қадір-қасиетін жалпақ жұртқа танытамын деп қаншама жаңашылдықтарға жол ашты, қаншама соңына ерген сіңлілерін қазақтың бай дастарханының киесін түйсініп, иесі бола білуге баулыды. Осындай бір алған бетінен таймас ерік-жігерінің арқасында 1992 жылы Асықбаеваның ұлттық тағам мектебін ашып, осы мамандықтың қыр-сырын меңгеремін деген бір қауым қоғамдық тамақтандырушыларды лек-легімен өзінің осы абыройлы жолдағы талайға мәшһүр іс-тәжірибесінен өткізіп жүрді. Кейін олар да өз кәсібін дөңгелетіп, «Құлагер» дәмханасынанмын десе, жұмысқа бірінші кезекте қабылданатын болды.
Мұндайда құрмет-сенімнің де иесін өзі іздеп табатыны бар емес пе?! Ғалия да солай. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы қазақ қыз-келіншектерінің арасынан өзіне дейін ешкім қол жеткізе қоймаған «Кеңес саудасының үздігі» атағын иеленді. Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында облыс атынан жайнатып қойған дастарханынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті де дәм татып, риза болғаны тағы бар. Ал, мына бір жайды Ғалия апамыз өткен күндерді көз алдына оралтса болды, осы кезге дейін жиі есіне алып, өз-өзінен еріксіз жымиып қояды. Бірде Көкшетауға келген сапарында қаланы аралап келіп, Тұңғыш Президент облыс басшылығының қолқалауымен түскі асқа осы ұлттық «Құлагер» дәмханасына тоқтайды. Содан алдымен жоғары мәртебелі меймандарға астың алдында қазақы дәстүрмен қымыз берілсе керек. Осы орайда ыдыс жағы сәл ойластырылмай, ас құйылған тостаған әдеттегіден кішірек болып шығады да жаздың ыстығынан шөлдеп келген адамдар бір жұтқаннан-ақ түбі көрініп қала жаздап тұрады. Осыны жіті көзбен байқап қалған, жұмысы, аспаздық өзіндік қолтаңбасы көңілінен шыққан соң да, үнемі Ғалияға деген жанашырлығы мен қамқорлығынан бір танбайтын облыстық сауда басқармасының бастығы Қымбат Мұстафина апайы қонақтарға сыпайылап таяп барып:
–Қымыз ішіңіздер, Көкшенің бүгін ғана қотарылған балдай тәтті қымызы, – деп көп көңілін аулай, Президенттің қолынан еппен тостағанды ақырын ала қойып, Ғалияға ымдап тұрған үлкен, зерлі ыдыстағы қымызбен ауыстыра қояды.
Иә, сол бір ұлттық мүддемен тыныстаған тынымсыз жылдарда бастан мұндай сәулелі сәттердің нешесі өтпедідейсіз. Сол кездегі Көкшетаудың аузы дуалы ақсақалдары мен ел ағаларынан ресми отырыста, той-домалақта болсын, Ғалия қыздарының қолынан дәм татпаған жандар некен-саяқ. Басы осы елдің абыз қариясы, соғыс және еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалов атамыз болып, Балташ Сейітов, Мәулітбай Кәрімов,Чапай Әбутәліпов, Орынбасар Назаров, Өмірбек Бәйкенов сияқты небір ардақтылардың өзіне берген ақ баталары да таудай жылылықпен әлі күнге жүрегінде сақтаулы. Осылай қазағының бұйырған несібесін ешкімнен кем қылмаймын деп жүріп алған сол алғысының шарапаты шығар, кезінде облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де сайлаушылар сенімін арқалағанның бірі өзі еді. Онда да қаршадайынан «әлсіздерге жақ бол, ділмәрсінгеннен сақ бол» деп үйреткен әже тәлімімен көптің жайын ойлады. Ол – халқына қоғамдық жұмыстан көмегі болса, жеке өз тарапынан да ана бір жылы қарамағындағы төрт баласы бар қазақ келіншегіне әуелі жатақханадан бөлме, сосын көп қабатты үйден екі бөлмелі пәтер алуына қол ұшын бергені де әлі күнге бір бүйірінде жүретін әже аманатына адалдығы болар, тегі.
Қалай дегенде де, Көкшедегі Құлагердей дүлдүлдің атауымен тығыз байланысты осынау өнегелі өмір жолы бір Алланың еншісіндегі алдағы күндеріне де осылай өз-өзіне деген қанағат шуағын төге беретіндей. Баяғы нағашы жұртына аяқ басқанда әлі тым-тым кішкентай Ботагөзі мен Ерланы да бүгінде өсіп-жетілген, өмірден өз орындарын тапқан. Екеуінен алты немере, бір шөбере сүйіп отыр. Алды шет елде оқу бітіріп, елде қызметке де араласып жатыр. Сол немерелерден төрт ұлдың бәрін имандылық пен ізгіліктің түп негізі – мешіт пен медресе табалдырығынан да өткізіп алған. Өйткені, өзінің де осы жолды ұстанып, намазға жығылғанына биыл тоғыз жыл. Әжесінің жолы, өзінің қолымен Ботагөзін де жасынан жанына бірге алып жүріп, ас-суға, үй шаруасына әбден төселдіріп алғаны да қазір өз жемісін беруде. Ал, қол-аяғын ұзартқан келіні Жанар тап бір Тәңірдің өзіне сыйы дерсің. Келіндік жолы да өзіне ұқсайды. Қол астында технолог болып істеген. Он сегізіне екі ай қалғанында келін атанып еді. Содан бері көріп, көзі жетіп келе жатқаны, өте ақылды да тәрбиелі.
Жалғыз біз емес, сіз де сөзге тартып әңгімелесе қалсаңыз, өз өміріне мүмкін кей өкініші бар болғанымен, өкпесі жоқ Ғалия апамыз тағы қандай сыр тиегін ағытар еді?! Тыңдап көріңіз. Өзінің қал-қадірінше туған Көкшесінің танымал бір қызы болып қалыптасуына жақсы адамдардың көмегі көп тигенін айтады әлбетте. Оныншы сыныпта әйгілі ұстазыКәрім Ілиясов ағайы қойған «Қыз Жібек» спектаклінде қыз Жібектің рөлінде ойнап, әуелгі әртіс боламын деген арманына да соның да көп әсері болған көрінеді. Сонау сексенінші жылдары «Құлагердің» ашылуына ұйытқы болған Мақтай Сағдиев ағамызға ризашылығыөз алдына бір бөлек. Сосын кезінде ел абызы Баян Жанғалов атамыздың «қазақтың әрбір қызы біздің Ғалиядай болуы керек» деген бір ауыз жылы сөзі де осы сенімнен шығу үшін өмір жолында көп талпындырған. Соның бір дәлелі, дәмхана жанынан кондитер цехынашып, печеньенің 12, торттың «Қыз Жібек», «Домбыра», «Мереке», «Юрта» деп аталатынтөрт түрін пісіргендері. Сосын Ғалия апамыз сөзіміз кәсіпкерлікке ойысқанда, әлі де лыпып тұрмайтынымызды, қара үзіп, суырылып шығудың орнына тайсақтығымыз басым екендігін алға тартады. Соны айтады да, кешегі өзі жүрген осы қоғамдық тамақтандыру саласындағы қатардағы қарапайым ғана чуваш қызы Елена Мащинскаяның пысықтығы мен іскерлігіне, көкейіне көп нәрсені тоқып, үйреніп, іздене білуінің арқасында бүгінгі шығандап кеткен биігіне сүйсінеді. Бұл да мына нарық бәсекесінде өз ұлтына деген көңіл алаңы, көздер нысана «әне» деп жөн сілтеп, жол көрсетуі.
Кім біледі дейсің осы арада іштей, бертін мейрамхана, дәмханалардың бірінен соң бірі ашылып, шамадан тыс көбеюіне әрі жас деген өлшемнің де ұлғаюына байланысты бұл күнде көз қиығынан көрінбейтін «Құлагердің» орнына Ғалия апамызға ұқсаған тағы бір қазақтың қолынан іс келер намысшыл қыз-келіншегі ішінен халық арылмайтын бір ұлттық дәмхананың желкенін көтерер. Көкшетауда соның мейрамхана деңгейіндегі де бір-екеуі бар болғанымен, осы салада тап біздің кейіпкеріміздей, жоғарыдағы чуваш қызындай аты шыққан нәзік жанды төл кәсіпкерлеріміз қазір естілмейді де көрінбейді.
Ал, осы күні атауы қала тарихымен ел аузында қалған «Құлагер» дәмханасының падишасы дерлік Ғалия Бүркітбайқызы Асықбаеваға келсек, апамызды ұлттық ас мәзірін аспаздық, кулинарлық өнер деңгейіне көтерген толымды бір тұлға деп ауыз толтырып айтуымызға әбден болады.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.