Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мал жайылымы қашан кеңейтіледі?!. - АРҚА АЖАРЫ

Мал жайылымы қашан кеңейтіледі?!.

Шоқ жұлдыздай шағын ғана жүзге жуық түтіні бар Ақадыр ауылының бірлігі мен тірлігіне жергілікті жұрт тамсана қарап, тәнті болатын еді.

Тағдырдың саналуан тәлкегіне төтеп беріп, 1992-1997 жылдары Моңғолиядан көшіп келіп, атажұртқа, Ақадырға  қоныстанған ағайын аз уақыттың ішінде түтіні түзу ұшқан елге айналған-ды. Бүгінде ауыл тұрғындарының беті жаны ашымайтын жергілікті басшылардың райынан қайтып тұр. Бірінші себеп, төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған тәмам жұрттың жайылым таппай жабырқауы, малының жүдеуі. Ауыл маңында тоқымдай жер қалмаған. Тіпті, табалдырыққа дейін тақап жыртып тастаған десе де болғандай. Амалы таусылған жұртшылық жанайқайын айтып, тиісті орындарға өкпе-назға толы хат жазғанымен, ахуалдың әзірге түзелер түрі көрінер емес. Ауыл тұрғыны Әдебиет Сағидолланың айтуына қарағанда, өткен жылдың өзінде оннан астам отбасы көшіп кеткен. Әлі де болашағына алаңдап, жайлы жер іздемекші болып алаңдап отырғандар жетерлік. Негізгі себеп, мал бағуға мүмкіндіктің жоқтығы. Ұлу жылғы қыс ұлысқа оң қабағын танытпай тұр. Шағын ауылда үш жүзге жуық жылқы бар. Іргелес 1 май ауылында төрт табын жылқы бағылады. Ауыл тұрғындарының ғана жылқысы емес, қаладағы қалталы ағайындардың әкеліп қосқан малы. Осылайша, қыруар мал айналымға келмейтін аз жердің құнары кем алқабын талғажау еткеннен кейін қыраулы қысқа көтерем болып жетеді. Аз ғана жайылым жерді жаз бойы сиыр мен қой тақырлап тастаған. Егістік алқаптарда сабанды емге таппайсыз, шетелдік комбайндар турап тастайды. Осы елдің жерімен ырыздығын тауып отырған серіктестік басшылары малсақ қауымға жаны ашып, тым болмаса сабанымен қарасса ғой. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, жаз бойы бұзауларын арқандап, сиырларын көздерінен таса қылмай, жетектеп баққан. Оған себеп, аяқты малдың серіктестік егініне түсіп кетуі. Малсақ қауым сан мәрте айыппұл арқалаған. Қаражаты болмағаннан кейін кейбіреулері малын беріп құтылған. Тұрмыс қиындаған соң жайылым мен шабындық жердің жетімсіздігін айтып жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Ал, Зеренді аудандық әкімдігі ауыл тұрғындарының жайылымдық және шабындық жері жоқтығы туралы арызына өткен жылдың 27 сәуірінде мынандай жауап беріпті. «Ақадыр ауылына егістік алқабы тиіп тұрған «Колос 2014» серіктестігінің жерін ауылға қайтарып беру туралы өтініш қаралды. Елді мекеннің жайылымдық жер тапшылығын шешу мақсатында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен меморандум жасау шараларын әзірледі. Шағалалы ауылдық округі әкімінің аппараты мал жайылымын бірлесіп пайдалану туралы меморандум жасасты».

Осы жауап хатта айтылған уәжге қарағанда, 3599 гектар жайылымдық жер ауыл еншісіне қайтарылып, бар мәселе шешілуге тиісті еді. Әйтсе де, ауыл тұрғындары мұндай жақсылықтың шарапатын көре алмай отыр. Мәселе қаралған комиссия отырысына «Колос 2014» серіктестігімен бірге, «Bayat agro» серіктестігінің де өкілдері қатысқан. Олар ауылдың айналасын жыртпайтындықтары туралы келісімге келген. «Bayat agro» серіктестігінің ерікті түрде бас тартуы негізінде Зеренді аудандық әкімдігінің қаулысымен Шағалалы ауылдық округінің әкімшілік шекарасында орналасқан жалпы көлемі 290 гектар жер қайтарылуға тиісті еді. Оның 191 гектары егістік алқап болса, 99 гектары жайылымдық жер. Осы қайтарылған жер телімін ауыл тұрғындары мал жайылымына пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. Алайда, ауыл үшін көкейтесті мәселе санатындағы осы сұрақ шешімін таппай тұр.

–Ауыл тұрғындары азын-аулақ малының арқасында ғана күнелтіп отыр, – дейді Әдебиет Сағидолла, – әйтпесе басқа жұмыс жоқ қой. Егер мал бағуға мүмкіндік берілсе, біз ешкімнен ештеңе сұрамас едік. Ауылда сүт жинайтын кооператив болмағандықтан, мал өнімдерін Көкшетауға апарып сатамыз. Егер ет, сүт, жүн тәрізді өнімдерді сатып алса, екі жаққа бірдей тиімді болар еді. Елді мекенде мал соятын арнайы алаң да жоқ. Халық малын көшеде сояды.  Ауылдың еншісіндегі мал жайылымына бөлінген жер құнарсыз. Тастақ төбенің етегі. Біз осы мәселені айта-айта әбден жауыр қылдық. Қазір жүз отбасына жуық қандастар Мәжіліс депутаттарына да хабарласып, қалыптасып отырған жағдайды жеткізуде. Әйтсе де біздің өтінішімізге құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Ендігі бір мәселе, күре жолдың бойындағы нешеме жылдан бері жөндеу көрмеген 11 шақырымдық жол. Атбасар-Көкшетау бағытындағы тас жолдан сәл ғана қиыс жатқан Ақадыр ауылына дейінгі жолды жөндеу мәселесі бойынша Зеренді ауданы әкімінің орынбасары А.Ахмедьяновтың қолы қойылған  2020 жылғы жауап хатта орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін техникалық құжаттама әзірленуде деген жауап келген. Тіпті, байқау қорытындысының хаттамасында «Игілік стройпроект» серіктестігінің жеңімпаз болғаны да айтылады. Ақмола облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасына да бюджеттік өтінім тапсырылған.  Көктемде қызыл су басып, көлік өте алмай қалатындықтан, ауыл тұрғындары азабын сан жылдар бойы арқалап келе жатса да, қияметтің қыл көпіріндей жол жөндеуден өткізілмей тұр.

Осыншама ауыртпалықты арқалап келе жатқан ауыл тұрғындарының жалғыз ғана өтініші бар. Ол біздің жайымыз жоғарыға жетсе екен дейді. Сонда ғана жергілікті атқарушы биліктің құлақ асуы мүмкін.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар