Әулеттің шамшырағы

Көкшенің оңтүстік батысында орналасқан шағын ауылда дүниеге келгенімізді қай уақытта да мақтан тұтамыз. Біздің ауыл Ақан деп аталатын шағын елді мекен. Сол ауылда қаншама еліміздің экономикасының, мәдениетінің, ғылым-білімінің өркендеп дамуына үлес қосқан азаматтар дүниеге келген.

Сондай қарапайым отбасының бірі – Қазжан әулетінен тараған әкеміз Төлеген мен Гүлдіжауһардың да ұл-қыздары Ақан ауылының топырағында дүниеге келіп, бұл күнде еліміздің әр жерінде абыроймен қызмет атқарып жүргені айқын. Анамыздың азан шақырып қойған есімі Гүлдіжауһар болғанымен ауыл тұрғындары Жәукен деген атымен ғана танитын ақжаулықты шешеміз бұл күнде ауылдың берекесі мен ұйытқысына айналып отыр. Ата-анамыз өздерінің бес ұл, екі қызына ел қатарлы білім алуларына қадір-халдерінше мүмкіндік жасады. Өкініштісі сол, әкеміз Төлеген Мәкенұлы 1996 жылы 30 шілдеде небары 60 жасында ұзаққа созылған науқасынан айыға алмай дүниеден озды. Десекте, әкеміз өзінің әкелік парызының бастысы, барлық ұлдарын үйлендіріп, қыздарын құтты орындарына қондырып, құда-жекжаттарымен сыйласып, немере сүйді. Әке-шешеміздің санамызға сіңірген тәлім-тәрбиесінің арқасында адалдық, имандылық, еңбексүйгіштік біздің бойымызда бала кезден қалыптасты. Әкеміз адал еңбекпен нан тауып жеуге баулыса, анамыз біреудің ала жібін аттамай, өтірік айтпай, адал жүруге әр кезде кеңес беріп отырды. Бүгінгі әңгімемізге тиек болғалы отырған осы ұл-қыздың бірі – Қалижан ағамыз болмақ.

Қалижан ағам 1964 жылы 14 ақпан күні дүниеге келген.Өзінің елгезектігімен, еңбексүйгіштігімен бала күнінен-ақ көзге түскен. Анамыздың айтуы бойынша, Қалижан 4 жасынан бастап қыстың көзі қырауда қол шанаға су таситын 40 литрлік флягті салып алып, үйден жарты шақырым жердегі «Есқан» құдығы аталған құдықтан су тасуға барма дегенге қарамай, барып су әкеледі екен. Ол флягтағы су үйге жеткенше ортадан төмен болып қалады, өйткені, омбы қарлардан өткен кезде шанадан құлап түскен судың ыдысын, өзінің күші жетпей мықшаңдап жүргенін көріп, жолда кездескен ауылдың үлкендері флягты орнына қойып беріп, жолға салып жіберетін болған. Ол кісілер үйдегі анама кездескен кезде неге қаршадай баланы суға жібересіңдер деп реніштерін білдіріп кейістік танытады екен. Солай бұғанасы қатпастан еңбекке араласқан ағамызмектепте оқып жүргенде тракторға отырып,еңбек майданында бел шешіп жұмыс жасағанын өзі әрдайым айтып отырады. Қандайда бір істі қолына алса, соңына дейін жауапкершілікпен жеткізуге асығу бойына туа біткен қасиеттерінің бірі. Ақан ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітірген соң, сол кездегі Көкшетау ауданының орталығы Краснояр ауылында механизаторлар даярлайтын училищеге оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін жүргізуші-дәнекерлеуші мамандығын игеріп, ауылда егістікте жұмыс жасап, сол жылы күзде әскери борышын өтеуге қатарластарымен әскер қатарына шақырылды. Сыныптасы Сенбаев Сабыржан, құдықағаштық Әленов Әнуарбек, тағы басқада жігіттермен Литва Республикасына қарасты Снечкус қаласына жақын жерде Игналина атом электр станциясының құрылысын салуға атсалысты. 48370 әскери бөлімшесінде абыроймен Отан алдындағы борышын ойдағыдай өтеп, ата-анамызға командирдің атынан жазған алғыс хатымен елге оралды. Әскери міндеттен құтылған соң, қайтадан совхозда өзінің мамандығымен жұмыс жасады. Сөйтіп, совхоздан арнайы  жолдама алып, Қотыркөл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына зоотехник мамандығына  оқуға түсіп, оны да ойдағыдай аяқтап,  совхозда түрлі жауапты қызметтер атқара жүріп, жоғары білімді сырттай бітіріп, бас зоттехникке дейінгі лауазымдарда  жұмыс істеді. 1989 жылы отбасын құрып Айгүл жеңгемізбен шаңырақ көтерді. Бұл күнде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, құда-жекжат атанып, немере сүйіп отыр.

Егемендік алғаннан кейін барлық совхоздар тарап, елдегі жұмысшыларға бөлінген пайлары бойынша жеке-жеке бөлінулер басталғаны баршаға аян.Сондай күйді 1981 жылы құрылған «Сарыөзек» совхозыда бастан кешті. Ағамыз алғашқылардың бірі болып өзіне және отбасымыздың  мүшелеріне тиесілі бөлініске түскен жер, ауылшаруашылығы техникаларын алып, өз алдына «Саржан» кооперативін құрып жұмысын бастады.Алғашқы жылдары жұмысы қарқынды жүргенімен, кейін түрлі себептерге байланысты өзінің қызметін ауылдан қалаға көшіріп,жеке кәсіппен айналысты. Бұл уақытта ауылда жұмыс болмағандықтан, ауылдан қалаға немесе қалаға жақын елді мекендерге қоныс аудару қарқынды жүріп жатқан кезең болатын. Ауылдағы шаруашылықты қалада жүріп-ақ басқарып, Көкшетау қаласында екі баласының атынан «Батырхан», «Бибігүл» атты азық-түлік дүкенін ашып, жеңгеміз екеуі сауданың көрігін біраз уақыт қыздырды. Бірақ, келешекті алыстан болжайтын адам үшін саудамен ғана шектеліп қалудың жеткіліксіз екенін түсініп, үлкен қалалар Алматы, Астанаға қоныс аударуды ойлады.

Бұндай  шешімге келуге Алматыда тұрып жатқан студенттік әрі отбасылық досы Біржанның сөздері түрткі болды. Сөйтіп, Алматыға қоныс аударсақ па деп ойлап жүрген кезінде  Елордада тұратын жиеніміз Жанаттың үйінде отырған Айтмағанбет жездеміз: «Алматыдан гөрі осы өзіңнің ел-жұртыңа жақын Астана қаласына қоныстанғаның дұрысырақ болады» деп кеңес береді. Бұрыннан етене жақын жездеміздің айтқанына келісіп,2007 жылы Астана қаласына қоныс аударды.Бұл кезде Астана қаласында кенже ініміз Дәуренбек екеуіміз отбасымызбен тұрып жатқан болатынбыз. Ағамыздың ортамызға келгеніне бір кісідей қуандық.

Астанада да тынымсыз еңбектің, ұйқысыз түндердің, төзім мен табандылықтың  арқасында көптеген кедергілерден өтіп, «Қалеке» техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, үлкен бизнесін бастады. Сонымен қатар, өзі тұрып жатқан үйінің артына екі қабатты заман талабына сай жатақхана салып, оны да іске қосты. Міне, осындай қажырлы еңбектің, асқақ арманның арқасында көптеген табыстарға жетіп қатарының алды болды.

Ағамыз бен жеңгеміздің үйінен еш уақытта қонақ үзіліп көрген емес. Қашан, қай уақытта барсаңда қазан асулы, дастарқандары жаюлы. Әулетте, ағайын-туыстың ортасында болып жататын қандай да бір торқалы той, топырақты өлімде де өзінің қамқорлығын танытудан бір жалыққан емес. Әрбір отырыста отырған жерін әңгіме-дүкенге, өлең-жырға бөлеп отыратыны өз алдына үлкен әңгіме. Бұл күнде құда-жекжаттарымен жақын туыстай араласып жатқандары кейінгі бауырларына да үлкен сабақ. Ағамыз өзі отырған жерінде айтатын жақсы сөзі «Қандайда істі бастау қиын, бастаған соң тастау қиын» екенін тілге тиек етіп отырады. Бойында соңғы он жылдан бері бес уақыт намазы бар, имандылықты ту етіп ұстап жүргенінің арқасында шығар, Алланың басқа салған ауыр сынағында бұл күнде жеңіп келе жатқаны баршамызды қуантады. Бауырларының қай-қайсысына болса да, көмек қолын дер кезінде созып, қамқорлығын көрсетіп отыратыны соңынан ерген біздерге де үлкен өнеге. Қазір өзінің ісін әрі қарай дөңгелетіп отырған кіші ұлы Абай, бауырларының ұлдары Дархан, Бекзат балаларымыз сол ағамыздың тәлім-тәрбиесін алып, өз істерін хал-халдерінше жүргізіп жатыр.

Енді өткен күндерден бір естелік айтып кетуді дұрыс шығар деп отырмын. 1996 жылдың 30 желтоқсанында ауылға барып қайтуды жөн санадық. Ондағы ойымыз ауылға келіп, бауырымыздың шаңырағына қаладан жаңа жылға қажетті заттарды жеткізіп және өзімізге сол жақтан  ет, ұн алып қайтпақшы болдық. Қаладан шыққанымызда шайдай ашық аспанымыз ауылға жете бергенде, қара бұлттанып түнере бастады. Оны көрген ағам көп отырмай, бір шай ішіп, күн райы бұзылмай тұрып қалаға жетіп алайық деді. Айтқанша болмады, алғашқы жауынның белгілері біліне бастады. Машинамыздың артына екі қап ұн, етімізді салып алып, қайтадан жолға шықтық. Жайшылықта бір жарым сағатта жетіп алатын Көкшетаудың шетіне жеткенше  4-5 сағат өтті. Сөйтіп, қалаға жете бергенде жолдың қалаға кірер бетінде қаптаған машина, бірі жолдан шығып кетсе, бірі жолдың жиегінде үрпиген балапандарша шоғырланып қалған екен. Ағам сол жерде жүргізушілерді көліктерінен шығарып: «шешілмейтін мәселе болмайды, тездетіп алдыңғы көліктерді біртіндеп демеп жолға салып шығарайық, әйтпесе, таңға дейін бұл жерде отырып жаурап өлерміз» деп өзі кірісіп, алдыңғы көліктерді жолға сала бастады. Солай не керек, айналдырған екі-үш сағаттың ішінде тұрған көліктердің бәрінің қалаға кіруіне себепкер болды. Бұл жерде де Қалекеңнің қандай да бір қиын жерден жол таба білуі мені қатты таң қалдырды. Осының өзі ағамыздың жеке басын ғана емес, маңайындағы елге де жақсылық жасауға дайын тұратынын көрсетеді және қандай жағдайда да жол таба білетіндігін аңғартады.

Қалижан  ағамызды кішкене кезінен шешеміз «кошелек» деп атайтын. Алла сол анамыздың сөзін шындыққа шығарғандай, күні бүгінге дейін қай қайсымызға да қаржылай көмегін аяған емес. Бұның өзі ағамыздың біздің отбасымыздың берекесі екенін айғақтайды.

Сөз соңында айтарым, ағамыздың алдағы келе жатқан алпыс жасы құтты болып, әлі де Алла Тағала  зор денсаулық, ұзақ ғұмыр берсе екен деп тілейміз. Ортамызда әнін шырқап, күйін тартып, бастаған ісінің берекесін бала-шағасымен бірге көріп, жүз жасасын. Жеңгеміз екеуі бірге қартайып, шөберенің қолынан май жалауды нәсіп етсін. Алпысында көрген кішкене қиыншылығы артта қалып, әлі де болса ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жарандарының арасында бұрынғысынан да сергек болып, үлкен биіктерді бағындыруына шын жүректен тілектестігімізді білдіреміз. Ағам туралы жазылған бұл алғашқы мақаламда айтылмаған ол кісінің кісілігі, адамгершілігі турасындағы ойлар әлі де жалғасын табады деген ойдамын.

Ғалым ҚАЗЖАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар