Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір маңызды инвестициялық жобаға прокуратура органдары тарапынан қолдау шаралары қажет.
Осыған байланысты уәкілетті органдар мен инвесторлар арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді және осы жұмысқа өңірлік кәсіпкерлер палаталары тартылатын болды. Ақмола облысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары өткен жылдың шілдесінде басталды. Облыстық прокуратура алаңында фронт-офис құрылды. Оның құрамына «Атамекен» ӨКП, «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті , ЭАР, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі департаменттің өкілдері кірді.
Жұмыс тобы құрылған күннен бастап инвесторлар мәселелері бойынша 7 отырыс өткізілді, ірі инвестициялық жобалардың тізбесі айқындалды. Айта кетейік, бүгінде өңірде 67 инвестициялық жоба бар, оның 19-ы ірі жоба. Бұлардың бюджеті 2 миллион айлық есептік көрсеткіштен асады.
Мысалы, екі тараптың ынтымақтастығымен «Big Farm» компаниясының жобасын іске асыруды бастапқы нүктеден ілгерілетуге мүмкіндік туды. Жобаны жүзеге асыру үшін қолайлы жер учаскесінің болмауы қиындық туғызды. Фронт-офис өкілдері бұл проблеманы шешу үшін Ерейментау ауданына барды. Бүгінгі таңда инвесторға жер пайдалану құқығы берілді, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жобаны іске асыру басталды.
Тағы бір мысал. Щучье-Бурабай курорттық аймағында жалпы құны 3,3 миллиард теңге, 150 жұмыс орны құрылатын, балалар сауықтыру орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Алайда, құжаттарды ресімдеу кезінде осы жобаның инвесторы болып табылатын «Seven Development» ЖШС жерге мемлекеттік актіні алудан бас тартты. Фронт-офис отырысы және кәсіпкермен кездесуден кейін уәкілетті орган жерге құқық белгілейтін құжат берді. Қазір жобаны іске асыру жалғасуда.
Айта кетейік, осы жылдың 22 қаңтарында өткен инвесторлармен кеңейтілген отырыс барысында инвесторлар алдында тұрған түйткілді мәселелер – жердің болмауы, дамымаған инфрақұрылым, техникалық шарттар беру және тағы басқа мәселелер айтылды.
–Жалпы жер учаскесін бөлу бойынша көтерілетін мәселелер жүйелі сипатқа ие. Дәстүр бойынша, өңірлік палатаға жүгіну мәселелерінде жер мәселелері басым, ол 33 пайызды құрайды. Өкінішке қарай, әкімшілік кедергілер келтіретін кейбір мемлекеттік органдар тарапынан осы жағдай сақталуда. Ең өзекті мәселелердің бірі – облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мәселелері. Соның ішінде, аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша жер пайдалану құқығын алған және бұл ретте, мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппаған агробизнес субъектілерінің проблемалары. Фронт-офистің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы жұмысы бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деп атап өтті отырыста Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.
Еске салсақ, Қазақстанның инвестициялық штабының шешімдері бұдан былай шенеуніктер үшін де, бизнес үшін де орындалуы міндетті. Атап айтқанда, 2023 жылғы 13 желтоқсанда инвестициялық штаб отырысында мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне заңнамалық регламенттеуге дейін қызметін тоқтата тұруға байланысты инвесторларға қатысты тыйым салу шектеу сипатындағы шараларды прокуратура органдарымен келісу тапсырылды.
Тыйым салу, шектеу сипатындағы шаралардың қатарына: бірінші, рұқсаттың немесе рұқсатқа қосымшаның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу); екінші, рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту; үшінші, мемлекеттік, оның ішінде бұрын инвестордың пайдасына шығарылған жергілікті атқарушы органның шешімінің күшін жою (кері қайтарып алу); төртінші, уәкілетті органның келісім-шартты немесе келісімді біржақты тәртіппен бұзуы жатады.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.