Ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллиннің бастамашылдығымен дүниеге дүбірлетіп келген «Тіршіліктен» басталып, «аталы жұрт ару» еліміздің бастан кешкен саяси-әлеуметтік, қоғамдық өзгерістерін, рухани-мәдени, әдеби, тарихи, қаһармандық-батырлық құндылықтарын барынша дәйектеп түсіндірген «Арқа ажары» – ғасыр куәгері, дәуір дауысы, Тәуелсіздіктің айнасы, елдің сөзін, халықтың ұлы тілегін жеткізуші тілеуқор кеңесші.
«Арқа ажары» газеті – «Хан жайлаған Көкшетаудың» аңыз-әфсаналарын, шежірелерін, кемеңгерлерін, сал-серілерін, әнші-ақындарын, ғұламаларын, қайраткерлерін насихаттаушы.
Сондай-ақ, астаналық облыстың тыныс-тіршілігін, заманауи жаңалықтарын, үлгі-өнегесін, кесек, ірі қимыл-харекеттерін көрсететін құбыланама.
«Арқа ажары» газетінде таңдамалы материалдардың орналастырылуы, эстетикалық-көркемдік тұрғысынан көркем безендірілуі, дизайны оқырман көңілін сүйсіндіреді.
Бұл ретте редакцияның директоры, мемлекет және қоғам қайраткері, көсемсөзші, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев пен бас редактор Қайырбай Төреғожаның ұйымдастырушылық-шығармашылық еңбегі ересен, талғампаздық мәдениеті жоғары. Бұл дегеніңіз – руханиятқа, отантануға, Тәуелсіздікке және Жаңа Қазақстан қоғамына бағышталған ұлы қызмет һәм құрмет.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор.