Қосшы қаласының прокуратурасы бюджеттік заңнаманы бұзу бойынша прокурордың ұсынуына уақытылы жауап бермегені және прокурорды мәселенің қаралатын уақыты мен орны туралы хабардар етпегені үшін қала әкімінің орынбасарын Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша 370 000 теңгеден астам сомаға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Прокуратура туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес прокурорлық қадағалау және ден қою актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті.
Лауазымды тұлғаның прокурордың ұсынуын қараусыз қалдыруы не онда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамауы, сонымен қатар, уақытылы жауап бермеуі ӘҚБтК-нің 664-бабы бойынша 8 айлық есептік көрсеткішмөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға әкеп соғады.
Сондай-ақ, прокурордың қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабарламауына немесе уақытылы хабарламауына ӘҚБтК-нің 666-бабы бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.
Егер прокурорлық қадағалау актілерін орындамау азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, онда кінәлі Қылмыстық кодекстің 381-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Осыған ұқсас бұзушылық бойынша тағы 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.