Табиғи дарыны мен адал еңбегінің арқасында халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген асыл жандардың рухы ешқашан өшпейді, мәңгі жасай береді. Солардың бірі – марқұм Төлеген Әжібайұлы!
Қаңтар айының 31 күні фәниден бақилыққа аттанған қоғам қайраткері, партия, совет, ауылшаруашылығы саласының ардагері, ел ардақтысы Төлеген Әжібайұлы Ереймен еліне ерен істерімен айшықты із қалдырған қайратты тұлға еді. Төлеген аға Әжібайұлы 1946 жылдың 25 қаңтарында Ерейментау ауданы Елтай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Ол кез Ұлы Отан соғысы аяқталып, соғыстан есеңгіреп қалған халықтың жаңа-жаңа ес жиған кезі болатын. Ағамыз екі жасқа толар-толмас шағындаанасынан айырылады. Естуімше, Әжібай атамыз өте қайратты да қажырлы адам болған екен, өйткені, жолдасынан айырылса да, баласын өсіру үшін алға ұмтылып, әрекет жасайды. Сөйтіп, Жәзкен тәтемізбен бас қосып, өмірін жалғастыра береді. Кейін дүниеге үш бауыры және екі қарындасы келеді.
Көп ұзамай Төлеген аға 14-15 жасқа келгенде 1961 жылы әкесінен айырылады. Өмірдін бар ауыртпалығын көрген Төлеген ағамыз белін бекем буып, бауырларын өзінің қамқорлығына алады. Бір-екі жыл өткеннен кейін ағамыздың әкесінің қарындасы, ұлағатты ұстаз Кәкен апамыз сен оқуың керек деп, Қатаркөл зооветтехникумына оқуға апарады. Оқуын ойдағыдай бітіріп, жолдамамен 1965 жылы Ерейментау ауданы «Ленин» совхозына зоотехник қызметіне жұмысқа орналасады. Сол жақта жүргенде өмірлік жары Раушан жеңгемізбен танысып, 22 жасында отау құрады.
Әлі есімде, алтын жеңгемізді «Газ-21» «Волга» көлігімен Ажы ауылымызға келін етіп алып келген кезі. Мен ол кезде 6 жаста едім. Ауыл балалары таң-тамаша болып, жүгіріп жүрген кез ғой, шіркін! Ол кезде ағамыз «Өлеңті» совхозына ауысып, зоотехник қызметін атқаратын. Кейін 23 жасында 1969 жылы Өлеңті селолық Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Өлеңтіде 12 жыл осы қызметте болады.
Сол кезде болған бір қызық жағдай есімде әлі. Өзі айтып отыратын, жаңа үйленген кезі екен, қолында жүзік, ауданға жиналысқа барғанда, бірінші хатшы Рамазанов деген азамат көріп, ақылын айтыпты. Сен жассың, жас болсаңда бассың, өзіңнің жүріс-тұрысыңмен, киім-киюіңмен, сөйлеу мәнеріңмен үлгі болуың керек депті. Басшының сол айтқаны маған үлкен сабақ болды деуші еді ағамыз.
Аудан басшылары ағамыздың іскерлігін, жұмысқа қабілетінің бар екендігін байқап, 1981 жылы «Торғай» совхозына бас зоотехник қызметіне тағайындайды. Кейін 1983 жылы өзінің елі Қойтас селолық Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Жаңадан құрылған кеңшарға еліне жаны ашитын азамат өте қажет болатын. Көп еңбек атқарғаны жайында ауылымыздың үлкендерінен естуші едік. Қолынан іс келетін жандарды бір жерде көп ұстамайтын кез еді ғой. 1985 жылы «Тимофеев» совхозына партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады. Ол жерде де абыроймен жұмысын жалғастырады. Қабілетінің зор екендігін байқаған басшылық 1990 жылы «Горный» совхозына директор қызметіне тағайындайды. Еңбегіне адал азамат ол жерде де үлкен жетістіктерге жетеді. Кейін 1994 жылы аудан орталығына ауыл шаруашылығы басқармасы инспекциясының бастығы қызметіне тағайындалады.
Көп ұзамай ағамызды 1995 жылы «Ленин» совхозына директор қызметіне ауыстырады. Ол жақта да ауылшаруашылығының іскер маманы екенін дәлелдейді. Жекешелендіру басталған кезде 1999 жылы «Ақдым» ЖШС директоры болып сайланады. Шаруашылықты ыдыратпай, біріктіріп, халықтың басын қосып, жетістіктерге жеткізеді. Кейін жасы ұлғайған кезде отбасымен ақылдаса келе, аудан орталығына келуді жөн санайды. 2005 жылы Ерейментау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы, 2014 жылдан өмірінің соңына дейін ауданның Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс атқарады.
Халқының алдында осындай қызмет жасаған адам әрине, көптеген марапаттарға ие болады. Әсіресе, 9мамыр мерекесі күні кеудесі наградаларға толған костюмінде орын болмайтын. «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» деген атаққа да ие болды. Сонымен қатар, аудандық, облыстық мәслихаттарының депутаттығына бірнеше рет сайланған азамат. Кейін жетпіс үшке қараған шағында дінге деген көзқарасын өзгертіп, бес уақыт намаз оқуды бастады. Көптеген жылдар бойы совет, партия, ауылшаруашылығы органдарында еңбек етсе де, рухының мықты екендігін осыдан-ақ байқауға болады.
«Жақсыдан шарапат» демекші, отырған жерінде ұлағатты әңгіме, үлкенге іні, кішіге аға ретінде ақылын айтатын, әзілі де, ойын-күлкісі де жарасушы еді. Әулетіміздің үлкенді-кішілі тойларында құда-жекжатпен емен-жарқын дидарласып, мағыналы баталарын беретін. Ауданымыздың мерекелік жиындарында ешқандай дайындықсыз керемет төгілтіп сөз сөйлегенде, жиналған қауым мұқият тындап, тәнті болатын. Осыған байланысты қызық жағдайды айта кетейін. Өзі айтып отыратын,«Өлеңтіде» қызмет атқарып жүрген кезінде В.Т.Крайнев деген директормен бір ауылға жол жүретін болыпты да, ағамыз «маған дайындалу керек, ертең үлкен жиналыс» десе керек. Сонда директордың «Туда едешь думай, оттуда едешь думай, вот тебе доклад» деген екен. Сол айтқандай, ағамыздың жазғаннан гөрі есту қабілеті күштірек еді.
Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға демекші, жеңгеміз екеуі үш ұл,бір қызынан 14 немере, 2 шөбере көрді. Алланың бергені, балалары үйлі-баранды. Астана қаласында тұрып жатыр. Барлығының жұмыстары бар. Ағамыз жалпы өмірдегідей, отбасында да өзін қарапайым ұстайтын. Менменшілдік пен жағымпаздықты ұнатпайтын. Ұлдары Асхат, Талғат, Қуаныш пен қызы Бибігүлді мейірімділікке, адалдыққа тәрбиеледі. Раушан жеңгеміз үйдегі-түздегі шаруаны әйел затына тән ұқыптылықпен мінсіз атқарып, ерінің мәртебесін өсіріп отырды. Қалған өмірінде жеңгеміз немере-шөберелерінің шаттығына бөлене берсін демекпіз.
Ағамыздың жатқан жері жарық, иманды болсын, орны мәңгі жұмақ, топырағы торқа болсын! Біз сізді ұмытпаймыз! Артында қалған жан-жарына, ұрпақтарына денсаулық, амандық, ұзақ өмір, береке-бірлік берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Қайрат МАХМЕТОВ,
Ерейментау аудандық
«AMANAT» партиясының төрағасы.