Ақмолалықтар биыл Наурыз мейрамын ерекше нақышта тойлайды

— Ақмола облысында Наурыз мейрамы жаңаша, ерекше нақышта тойланады. Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі аясында әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының мәліметінше, 14 наурыз — «Көрісу күні» («Амал» мерекесі) дәстүр бойынша көршілерге сәлем беретін уақыт.

Бұл күні алғаш рет Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысының мәдениет майталмандары, мәдениет қайраткерлері ұзақ қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады.

Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Әдемі-ау» би ансамблі, солистері Ғалымжан Нұрпейісов, Еркебұлан Кәріпов және Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі ұжымдары облыс шекарасы аумағында кездесу өткізеді.

14-20 наурыз күндері «РИО» сауда ойын-сауық орталығында креативті индустрияны қолдауға бағытталған тұңғыш рет «Ғасырлар үні» жобасы аясында облыстың халықтық фольклорлық ансамбльдерінің концерті мен «Көшпенділер мұрасы» open space аймағы ұйымдастырылады.

Жетекші креаторлардың қатысуымен сәнді-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі мен жаппай сатылымдар жоспарланып отыр.

Концерттік бағдарламаны 25 жылдық тарихы бар, репертуары өте бай, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Көкшетау» мәдениет сарайының «Кербез сұлу» фольклорлық ансамблі ашады.

Шығармашылық көрмені «Гранат» шығармашылық студиясының жетекшісі Анар Саттыбаева (қыш ыдыс бұйымдары), домбыра жасау шебері Самат Қадралин, ағаш бұйымдар ыдыс-аяқтар шебері Руслан Аманжолов, ұлттық ыдыс-аяқтар шебері Арман Ноғайбаев, ұлттық бас киімдер жасау шебері Шынар Досмағамбетова, киізден аяқ киімдер жасау шебері Алма Кәкімова, тері бұйымдар жасау шебері Рустам Яковлев, зергер Рүстем Шәріпов, киіз басу шебері Гүлнар Орынбаева, киізден картина жасау шебері Вера Фризен, құрақ көрпе жасау шеберлері Ұлжалғас Қарымсақова, Шынар Мұқанова, алаша тоқу шебері Кенжебай Смағұл, киізден декоративті бұйымдар жасау шебері Ұлболсын Ахмедова ұсынады.

Осы жылы Қазақстанның танымал композиторы Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толып отыр. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы мерейтой иесіне арналған «Романтика романса» романс кешіне шақырады.

Кеш қонағы — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескемпірова.

15 наурыз — Қайырымдылық күніне орай облыстық мәдениет мекемелері, «Көкшетау» мәдениет сарайының «Он алты қыз», «Шалқыма», «Көкшетау» халықтық би ансамбльдері, «Кербез сұлу» фольклорлық ансамблі мүмкіндігі шектеулі жандарған арналған қайырымдылық концерттерін өткізеді.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі «Шанс» қоғамдық бірлестігінің балаларына музей залдары бойынша тегін экскурсия жүргізсе, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы «Аялау» орталығында қайырымдылық акциясын өткізеді.

Қайырымдылық акциясы аясында орталық тәрбиеленушілеріне тәтті сыйлар тарту етіледі.

Облыстық театрларда кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Наурыз-базарлық» маусымы «Қаңбақ шал» ертегісі және «Әз-Наурыз» ойын-сауық бағдарламасының, «Эй, детвора, Наурыз встречать пора!» атты интерактивті-ойын бағдарламасы аясында қайырымдылық қойылымы тегін сахналанады.

Қойылым уақыты: сағат 11:00–16:00.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі «Шақырады көктем» атты қайырымдылық концертін өткізіп, түскен қаражатты қайырымдылық қорына аударады.

16 наурыз — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне Әдебиет және өнер музейі сағат 10:00–де «Ақ бата — асыл мұра» батагөйлер байқауын,

Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы сағат 11:00–де «Бесікке салу» салт-дәстүрінен,

«Көкшетау» МС отбасылық құндылықтарды насихаттау аясында сағат 12:00–де «Әдепті келін — отбасы көркі» облыстық байқауын өткізеді. Байқауға Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан 20-дан астам жас келіндер қатысады.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі қазақтың суырып салма өнері «Наурызнама» жыр арнау байқауын және облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығымен бірлесіп онлайн айтысын өткізеді.

Сонымен қатар, Ш.Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театры мен Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы балалар ертеңгіліктері көрермендеріне сағат 10:00, 12:00, 14:00, 16:00–де «Асық ату» ұлттық ойынынан көріністер ұсынады.

17 наурыз — Шаңырақ күніне орай облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы «Атам мен әжем» облыстық байқау-фестивалін ұйымдастырады.

Дәл осы күні «Неке сарайы» мекемесінде 25, 35, 45, 50 жыл отасқан отбасыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтары табысталады.

Наурызнаманың 18 наурыз — Ұлттық киім күні ұлттық киімдерді, ұлттық құндылықтарды танымал ету мақсатында «РИО» сауда ойын-сауық орталығында open space креативті алаңында жетекші дизайнерлердің қатысуымен «Балқадиша» ұлттық киімдер шеруі (дефиле) өтеді.

19 наурыз — Жаңару күніне орай «Наурыз — елдің заманауи тарихындағы ауқымды өзгерістерге жол ашқан жаңа саяси кезеңнің бастауы» идеологема аясында жетекші тарихшы мамандар тарих ғалымдарының докторы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректоры кеңесшісі Аманбай Асылбайұлы, тарих ғалымдарының магистрі Ғалымтай Мәлікұлы қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желі парақшаларына жарияланады.

Ерейментау ауданында ақын, әнші, импровизациялық өнер шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұса Асайыновтың 95 жылдығына арналған «Бала ақын — жас дарын» облыстық оқушылар айтысы, Әдебиет және өнер музейінде студенттер арасында «Наурыз нақыштары» қылқалам шеберлері байқауы өтеді.

20 наурыз — Ұлттық спорт күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Атадан ұл тумайды ондай сабаз» атты ұлттық ойындардан шеберлік сағаты, әлемдік күнтізбелерді зерттеген кеңестік ғалым Мыңбай Ысқақовқа арналған «Халық жыл санауының тарихи негіздері және ерекшеліктері» атты дөңгелек үстел, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Қажымұқан» спорттық-сауықтыру кешенінде «Жүзден жүйрік» атты ұлттық ойындардан жарыс (асық, тоғызқұмалақ) өтеді.

21 наурыз — Ынтымақ күніне орай мәдениет мекемлерімен жақын және алыс шетелдердің жетекші шеберлерінің тікелей эфирде құттықтау мерекелік эстафетасы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, қаланың «Жайлау», «Сарыарқа», «Бірлік», «Автогородок» «Темір жол» бекеті шалғай шағын аудандары, «Көкшетау» МС және «Достар» МС алаңдарында және облыстың барлық аудандары мен қалаларында «Көкшетау» МС, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары «Жарапазан» көшпелі концерттік бағдарламалары өтеді.

22 наурыз — Жыл басы күні Көкшетау қаласының алаңдары жаңа нақышта безендіріліп, алғаш рет 3 ауыл тігіледі: қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын Біржан салдың 190 жылдығына арналған Біржан сал ауылы, қазақтың халық композиторы, атақты палуан, спортшы Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған Балуан Шолақ ауылы және Қолөнершілер ауылы.
«Абылай хан» алаңында бой тіккен 16 киіз үйлерде қазақ халқының ұмыт қалған салт-дәстүрлерінен көріністер ұсынылады.

Біржан сал ауылы қала тұрғындары мен қонақтарын «Наурыз — көктем, жыр думан!» атты ауқымды театрланған қойылымына шақырады.

Алаңда 200-ден астам домбырашылар қатысуымен «Домбыра party», 300-ден аса бишілердің қатысуымен хореографиялық композиция, Қазақстанның эстрада жұлдыздары «Жігер» тобы, ҚР Ұлттық Ұланының ән-би ансамблі, «Астана жастар театры» өнер көрсетеді.
Балуан Шолақ ауылы орналасқан «Тәуелсіздік» алаңында қазақ күресі, тоғыз құмалақ, арқан тарту және басқа да көптеген ұлттық ойындар мен спорттық іс-шаралары өтеді.

Наурыз мейрамын мерекелеу аясында тұңғыш рет қос алаңды жалғастырушы Абай көшесі бойымен «Қолөнершілер ауылы» орналасады. Іс-шаралар аясында көшпелі мәдениеті көрмелері мен қолөнершілер жәрмеңкелері өтеді.

23 наурыз — Тазару күні облыс төңірегінде жалпыұлттық экологиялық акциясы өтеді.
Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Ш.Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында @КЕЛіН_КӘ.KZ» әзіл-сықақ аралас думанды бағдарламасы өтеді.

Дереккөз: kaz.inform.kz/

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар