Арқаның кербезі атанған сұлу Көкшенің киелі топырағы жаратқан жұлдызды шоғыр, кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Балуан Шолақ секілді өнердің мәңгі сөнбес шырағын жаққан саңлақтар көшін болашаққа жалғау қамында белін бекем буып, қолынан қаламын түсірмей өткен көрнекті жазушы, жерлесіміз Естай Мырзахметовтің бұл дүниеден өткеніне едәуір уақыт болса да, өзі ұзақ жылдар бойы тұрған үйіне әлі ескерткіш тақта орнатылмаған екен.
Өкінсекте, «игіліктің ерте кеші жоқ» деп туған халқы өмірден өткеніне 15 жылдың жүзі болып қалғанда, қаламгерімізге арнап, өмірінің соңғы күндеріне дейін тірлік кешкен Бауыржан Момышұлы көшесіндегі19 үйдің бір бұрышына ескерткіш тақта орнатты.
Көрнекті жазушы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері, қазақтың қайсар рухты қаламгері Естай Мырзахметұлы бар саналы ғұмырын ақыл-парасатымен, терең ойымен, ұшқыр қаламымен халқына қызмет етуге арнап өткен жазушы, өз тіршілігінде елінің жүрегінде өшпес із қалдырған абзал жан. Ұрпақтары, соның ішінде немересінің бастамасымен жүзеге асқан ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин қатысып,құттықтау сөз сөйледі.
– Әрине, ол кісіартына үлкен еңбектер қалдырып кетті. Өзі ауырып, басынан әртүрлі жағдайларды кешсе де, ел үшін, ұрпақ үшін небір көркем, деректі туындыларды өмірге әкеліп, көзінің тірісінде үлгеріп кетті. Сөйтіп, қайсар қаламгер бүкіл елдің рухани мақтанышына айналды,– деп басқарма басшысы жазушы еңбектерінің әліде насихатталуы керек екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, салтанатты шарада жазушының көзін көрген, еңбегімен етенетаныс ел ағалары, зиялы қауым өкілдері сөз алды. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов суреткеріміздің Көкше өңіріне сіңірген еңбегінің зор екенін айтып, бала күнінен кітаптарын оқып өскенін есіне алды. Сонымен бірге, жиында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев сөз сөйлеп, қала әкімдігіне жазушы атына облыс орталығынан көше беру жөнінде ұсыныс хаты да жолданғанын жеткізді. Оған қоса, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын-жазушы Ерболат Баятұлыда өз сөзінде жазушы еңбектерінің ерекшелігінетоқталды. Алдағы уақытта «Естай Мырзахметов оқуларын» өткізу туралы облыстық білім басқармасының басшысына ұсыныс хат жолданғаны белгілі болды.
Ал, мемориалдық тақтаны ашу құрметі қоғам қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов пен жазушының ұлы Алтай Мырзахметовке көрсетіліп, тақта қойылған қабырға тұсын гүл шоқтары көмкерді. Бүтін бір ұрпақтардың рухани байлығына айналып, оқырмандардан мыңдаған хаттар ағылған «Медет», «Он бес жыл өткен соң» романдарының өзі-ақ жазушы шоқтығын биіктеткен бай әдеби мұрасы тұрғанда Ес-ағаң есімі ешқашан өшпек емес. Асқақ рухы ұрпағымен, артында қалған өнегесімен бірге мәңгі жасайды. Жазушының мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау өскелең ұрпақтың борышы болып, жылдар көшімен әрі жалғаса бермек.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.