Жақсы түске қуанған елде адамдар

Қазақ халқы талай сұрапыл оқиғаларды басынан кешірді. Солардың бірі де берегейі кешегі өткен Ұлы Отан соғысы. Қазақстанның өз жерінде соғыс тікелей болмаса да, елдің көптеген арыстары Кеңес Одағы әскерлерінің қатарында соғыс ұрыстарына қатысып, қаншамасы шейіт болды.

Сол соғысқа қатысып, елге аман-есен оралғандар қатарында Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан Шамай батырдың ұрпақтары Досмұқан ақсақалдың қос ұлы Айдархан мен Найман ағалар да болды. Айдархан ағамыз Сталинград, Воронеж майдандарындағы ұрыстарға қатысып, соғысты 1945 жылы аға лейтенант шенімен Чехославакияда аяқтады. Майдандағы ерліктері үшін екі Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталды. Найман ағамыз болса, майданға 1942 жылы аттанып, елге тек 1949 жылы оралды. Елімізді жапон милитаристерінен қорғауға қатысып, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.

Ел азаматтары майдан шебінде соғысып жатқанда, тылда қалған әже-апаларымыз да шама-шарқынша Жеңіске өз үлестерін қоса білді. Елдің ауыр жұмысын атқара жүріп, апаларымыз қолдарына домбыра алып, жыр шумақтарын шығарып, майдандағы ер-азаматтарға қолдау көрсетіп отырды. Сондай жандардың бірі – әкемнің туған бауыры, Шамай батырдың шөбересі Досмұқанқызы Күлшат апамыздың төмендегі өлеңін ықшамдап «Арқа ажары» газетіне ұсынып отырмын. Өлеңде аттары аталған азаматтар әкейдің туған ағалары.

 Бауыржан Тұрарұлы.

Атбасар ауданы.

Басына азаматтың қайғы түсті,
Бастаған құдайым ба мұндай істі.
Құдайға шәк келтірмей пенделікпен,
Көнесің, құдыреттің ісі күшті.

Мұныда ұмытатын күн бола ма,
Айырылып әке, бала, іні, аға.
Сағынған бауырларды өңде көрмей,
Түсіңде елестейді көз алдыңа.

Қан майдан 41-інші жылдан бастап,
Повеске жігіттерге келді қаптап.
Маңдайға не жазғанын алдан күтіп,
Жөнелді ер сабаздар жерін тастап.

Үйімен кеткенде бар амандаспай,
Туғансоң мұндай уақыт ғазез басқай,
Құдайға жаратушы тапсырлық деп,
Отырсын қалай ғана ел жыламай?!

Бұл пенде сондадағы екен мықты,
Тұрмысты мұндай ауыр көрмес тіпті.
Көрмеген кейінгі жыл бауырларым,
Матан мен Айдарханда түзден кетті.

Екеуін естіген соң жүрдік жылап,
Жақсылық жасағаннан көпке сұрап,
Жұдырық жығылғанға дегендейін,
Жамиғат, тыңда сөзге салып құлақ.

Онан соң 42-інші жылға жеттік,
Жақсылық бір Алладан үміт еттік.
Үміт сол, елде қалған азаматқа,
Шақырту повескесі келді жетіп.

Осылай азаматтар елден кетті,
Пенденің қайғыменен есі кетті.
Кемпір-шал, бала-шаға елде қалған,
Әйтеуір, 43-інші жылға жетті.

Сол кезде он сегізге аяқ басты,
Иыққа үйгендей боп қара тасты.
Көргеннен көрмеген көп деген осы,
Шақырды Наймандайын бауырласты.

Ата-ана аһ ұрады, жылап, жасып,
Кім кетпес бір жазудан әуелгі асып.
Ғұмырын қайда жүрсең ұзақ қыл деп,
Артынан қала бердім амандасып.

Ойлансам жалын болып күйеді ішім,
Жүреміз сау болғансоң сыртқы пішін.
Бұл құдай қайырымен көрсетсе егер,
Мынау бір үміт етіп көрген түсім.

Өзгеше құлағыма таққам сырға,
Түсімде алған екем қымбат пұлға.
Тасы мен тіпті көңіл тоятындай,
Жіңішке келген сабағына.

Түсімді жориды екем күнде былай,
Тілекті береді деп жапбар құдай.
Үш бауырым аман-есен үйге келіп,
Сырғадай жайнайды екем бұдан былай.

Досмұқанқызы Күлшат (1928-1987)

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар