Туристік саланың дамуы экономиканың артуына да зор мүмкіндік.
Өйткені, ол жол және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар тартуға және жұмыс орындарын құруға, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға айтарлықтай ықпал етеді. Жуырда Приозерное ауылындағы көл жағалауында аудан әкімі Ербол Жүсіпбековтың қатысуымен «Жалғызтау» демалыс орны салтанатты жағдайда ашылды.
– Бұл демалыс аймағының ашылуы ауданда туризмді дамытуға, табиғат аясында белсенді демалысты насихаттауға көмектесері сөзсіз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Тұсау кесу лентасы қиылғаннан кейін барлық қонақтар демалыс аймағының туристік ресурстарын аралап көріп, Алексей мен Юлия Горбачевтардың игі ісіне өз бағаларын берді. «Жалғызтаудағы» қонақтарға арналған киіз үй мен шағын үйлер, шатырлар, ашық және жабық беседкалар, балаларға арналған ойын аумағы, барбекю алаңы, жабдықталған пирс барлығы демалыс уақытын жақсы өткізу үшін ыңғайлы етіп ойластырылған. Мұнда демалушыларға велосипедтер мен қайықтарды да жалға алуға болады. Сондай-ақ, демалыс аймағында дүкен де қарастырылған.
Демалыс пен ойын-сауық орны жергілікті кәсіпкерлер – Горбачевтар отбасының ғана жетістігі мен қуанышы емес. Олар жаңа орында 5 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сандықтау ауданы.