Көктемгі су тасқынында Есіл өзенінің тасуы салдарынан аудандық маңызы бар «Қима-Терісаққан» автожолының екінші шақырымында орналасқан көпірге зақым келген еді.
Осылайша 2 елді мекен, 3 бөлімше, 270 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы, 20 мың бас мал оқшауланып қалған болатын. Жағдайды қалпына келтіру үшін бүгінгі таңда 800 метр айналма жол салынып, қираған көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл көпір 1981 жылы салынған. Ұзындығы шаммен 300 метрді құрайды. Көктемгі су тасқынына және көптен күтім көрмеуіне байланысты қазіргі уақытта көпір күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған орай, облыстық мәслихаттың соңғы сессиясыныңшешімімен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 44 миллион теңге қаражат бөлінді. Халықтың әрі-бері жүріп-тұруы, егін жинау жұмыстарын жүргізу және көлік қатынасын жандандыру мақсатында көпір маңында айналма жол салынды, – дейді жағдайды түсіндірген Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқамасының басшысы Владимир Кулаков.
Қазір ауыл шаруашылығы техникасы мен өзге көліктер аталмыш айналма жол арқылы кедергісіз қатынауда. Уақытша көпірде салынған. Алайда, уақытшаның аты уақытша. Оның үстіне тұрғындардың «қыс түскенде айналма жолмен жүру қиын болады» деген алаңдаушылықтары да бар. Сондықтан, бар үміт қайта қалпына келтірілгелі жатқан көпірде.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.