Мақсатты жұмыстар алда да жалғасын табады

Халықты белсенді және салауатты өмір салтына тартудың тиімді құралы ретінде дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Аймағымыздың спорттық іс-шараларын Ақмола облыстықдене шынықтыру және спорт басқармасы мен барлық спорт ұйымдары жүргізіп келеді. Олар өз жұмыстарынспорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық спорт, жоғары жетістікті спорт тәрізді 3 негізі бағыт бойынша жүргізеді.

Ақмола облысында дене шынықтыру және спорт саласында 40 пайызды құрап, 318639 адам қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,2 пайызға артты. Спорт мектептері мен секцияларында балалар мен жасөспірімдер санының артуы байқалады. Бүгінгі таңда спорт мектептері және балалар мен жасөспірімдер клубтарымен қамтылғандар саны 25 мыңнан астам адамды құрайды. Облысымызда барлығы 1824 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 1066-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауылдардың спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуі 60,4 пайызды, спорт залдарымен қамтамасыз етілуі 80,8, бассейндермен қамтылуы 40 пайызды көрсетіп отыр.

Ағымдағы жылы Есіл және Қосшы қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда бұл екі нысан да пайдалануға берілді. Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылында, Степногорск қаласында спорт сарайларының, Бестөбе ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Щучинск қаласындаспорт кешенінің құрылысы белсенді жүргізілуде. Биылғы жылы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Степногорск қаласында құрастырмалы спорт кешенінің құрылысы басталды. Тағы осындай жобаларды Ерейментау ауданының, Торғай, Сабынды ауылдарында, Қорғалжын ауданында, Атбасар ауданының Мариновка ауылы мен Зеренді ауданының Еленовка ауылында жүзеге асыру үшін қор шешімі күтілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бурабай ауданының Мәдениет ауылында, Жақсы ауданының орталығы Жақсы ауылында, Целиноград ауданының Родина ауылында және Қорғалжын ауданының орталығы Қорғалжын ауылында спорт кешендері салынуда. Осылайша облыс аумағына спорттық нысандар салу арқылы тұрғындардың спортқа деген құлшынысын арттыру көзделуде.

Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өңірімізде осы жылдың бес айында 20 мың адамның қатысуымен 500-ге жуық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді. Жергілікті атқарушы органдар мен облыстық басқармалар арасында спорттың 8 түрінен, атап кетсем, шағын футбол, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, волейбол, шахмат, гір көтеруден спартакиада өткізілді. Бұл спорттық жарыстар мемлекеттік қызметшілердің еңбек ұжымдарын спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуға бағытталған. Ал, облыста спорт резервін дайындаумен жалпы саны 19783 жас баратын 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі айналысады. Олардың сыртында Олимпиадалық резерв дайындау орталығы менекі жоғары спорт шеберлігі мектебінде 555 спортшы қамтылған. Бүгінгі таңда спорт саласынаоблыстық бюджеттенбөлінген қаржының 30 пайызы кәсіби клубтарды ұстауға бағытталған. 2024 жылы мемлекеттік спорт тапсырысын іске асыруға 1,9 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінді.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының негізгі міндеттерінің бірі – халық арасында бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындарды қамтуды арттыру. Бұл міндетті орындау үшін халық арасында салауатты өмір салты мен спорт мәдениетін көрсететін және осыған тәрбиелейтін бұқаралық спорттық шараларды өткізу қажет екені белгілі. Республикада бұқаралық спортты дамыту және мемлекеттік спорт тапсырысын орындаумен айналысатын орталықтар ашу тәжірибесі бар. Осы тұрғыда Қарағанды, Алматы облыстары мен Астана қаласын мысалға ала отырып, облыста бұқаралық спорттық шараларды сапалы өткізуге мүмкіндік беретін осындай орталық ашу керектігін айтып өткім келеді.

Ақмола облысынан әртүрлі спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларына 547 спортшы кіреді. Өткен бес ай ішінде облыстың спорт ұйымдары жетпіс екі 1-разрядты спортшыны, 170 спорт шеберіне кандидатты, 15 спорт шеберін, бір еңбек сіңірген спорт шеберін дайындады. Өңір спортшылары ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында республикалық және халықаралық жарыстарда 316 алтын, 309 күміс, 280 қола, барлығы 905 медальді жеңіп алды. Олардың арасында шорт-тректен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша, грек-рим күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Юсуф Мациев, брейктен алтын медаль иегері Әмір Қалышбаев, пауэрлифтингтен параолимпиадалық ойындардың чемпионы,Әлем кубогында алтын және күміс жүлдені жеңіп алған Давид Дегтяров сияқты облысымыздың ғана емес, еліміздің намысын қорғайтын жерлестеріміз бар.

Сонымен бірге, 2024 жылдың алдағы екінші жартыжылдығында спорт саласының алдында мынадай міндеттер тұр. Келесі Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алу үшін спорт түрлері бойынша облыс құрама командаларының дайындығына талдау жасап, жас ерекшеліктеріне қарай командалар құрамын анықтап, жаттықтырушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жоспарлау қажет. Тәжірибе алмасу және аймақтық командалармен жұмыс істеу үшін ТМД елдерінен жаттықтырушыларды шақыру тәжірибесін қолдануда маңызды. Оған қоса, спорттың басым түрлерін анықтап, оларды оқыту бағдарламаларын жасап, осыны қаржыландыруды қамтамасыз ету. Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтарды қамтуды 42 пайызға дейін арттыру. Ағымдағы жылға жоспарланған Көкшетау,  Степногорск қалалары мен Жақсы, Бурабай, Қорғалжын, Целиноград аудандарындағы спорт нысандарының құрылысын аяқтау. Және де мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы спорт секцияларында спортпен шұғылданатын 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің санын 10500 адамға дейін ұлғайту. Сондай-ақ, Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына облыс құрамаларынан 20 спортшыны сапалы дайындауды қамтамасыз ету. Бұл жарыстарға іріктеу 2024 жылдың қарашасында басталады.

Сөз соңында, осы таяу арада біздің еліміздің нақ төрінде – Астана қаласында өтетін әрі әлден әлем назарын аударып отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы да айтып өтейін. Бұл дүбірлі бәсекеге біздің облысымызда атсалысып, Қазақстан құрамасына спортшылары мен қатысушыларын қосып жатыр. Асық атудан әлем кубогының чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат Көгершін Думан, құсбегіліктен Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Ерлан Кенжетай, белбеу күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы, 4 дүркін Әлем чемпионы, 2 дүркін Азия чемпионыБекбол Нұрланұлы қатарлы жерлестеріміз бақ сынамақ. Өңіріміздің өнерлі қыздарынан құралған «Томирис» командасы өнер көрсетсе, асық атудан Ақмола облысының бас бапкері,  ұлттық санаттағы төреші Самат Әукенов кезекті көшпенділер жарысында «Асық ату» ұлттық ойынының бас төрешісі болып тағайындалды. Осылайша, облысымыз елімізде және шетелде өтетін спорттық бәсекелерден қағыс қалмайтынын көрсетуде. Бұл сайып келгенде, облыс мерейі. Алда да осындай мақсатты жұмыстар жалғасын таба береді.

Ардақ ТӨЛЕНДИН,
Ақмола облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар