Көрсетілетін қызметтер бағасының көтерілгені ауыр соғатын түрі бар

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен туризм және экология салалық кеңесінің кезекті отырысында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) ұсынатын қызметтер үшін жаңа тарифтерді бекіту мәселесі талқыланды.

Шараға Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Асқар Дастан, салалық мемлекеттік органдар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу департаменті, туристік бизнестің өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесі ұсынатын қызметтер үшін тарифтердің мөлшерін бекіту туралы» бұйрық шығарғаны мәлім. Оған сәйкес жаңа тарифтерді белгілеу қажет болып отыр. Атап айтқанда, туристік соқпақ жолдарды ұсыну кезінде бір адамнан бір сапарға 980 теңге алу жоспарланған. Қонақ үйлер, туристік базалар және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді ұзақ мерзімді пайдалану туралы шарттар бойынша жер учаскелерін беру кезінде 1 гектарға айына – 101 100 теңге белгіленген. Табиғатты қорғау мекемесінің аумағына кіргені үшін сараланған тариф қолданылады. Жұмыс күндері мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін аумақта болу бір күнге 0,2 АЕК, жеңіл автокөлік – 0,3 АЕК, 16 орынға дейінгі шағын автобус және жүк автокөлігі 1 АЕК мөлшерін құрайды.

«Бурабай» МҰТП өкілдері тарифтердің көтерілу себептерін түсіндіре отырып, ұлттық парктегі көрсетілетін қызметтерге қазіргі тарифтер 2017 жылдан бері өзгермегенін алға тартты. Ведомство директорының орынбасары Дамир Құлмағанбетовтың айтуынша, тарифтердің мөлшері аумақтарды абаттандыруға, тұтастай алғанда, инфрақұрылымды дамытуға, атап айтқанда, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығы іс-шараларын жүргізу, орман шаруашылығы жолдарын салу және күтіп ұстау, орман қорын қорғау, пайдалану саласындағы жобалау-іздестіру жұмыстары, тағы басқа штаттан тыс маусымдық жұмыстарға ақы төлеуге жұмсалатын шығындарды ескере отырып белгіленген және жұмыскерлердің еңбек ақысына, техника, жанар-жағар май, арнайы құралдар сатып алуға, көлік шығындарына жұмсалады.

Сонымен қатар, жоспарланған тарифтердің өсуі туралы жаңалық туристік қоғамдастық өкілдерінің наразылығын тудырды. Бүгінгі таңда Бурабай ауданында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың 24-ке жуық пайдаланушысы бар. Олардың пікірінше, баға саясатының ұлғаю жағына қарай өзгеруі олардың кәсіпкерлік қызметіне кері әсерін тигізеді, түпкілікті тұтынушы үшін қызметтер құнының артуына, демек, туристер ағынының төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл жайт тұтастай алғанда аймақтың имиджіне, жалпы, экономикалық белсенділігіне әсер етуі мүмкін.

–Турбизнеске жүктеме орасан зор. Тарифтер 3,5 еседен астам көтеріледі деп күтілуде. Көптеген қызмет туристер үшін де, бағаны көтеруге мәжбүр болатын туристік нысандардың иелері үшін де қолжетімді болмайды. Себебі, біздің өз шығындарымыз бар, осының бәрін ескере келгенде, біз үлкен проблемаға тап болдық, – деп шағымданды «Жұмақтас пансионаты» ЖШС өкілі Олег Червенко.

Жиын қорытындысы бойынша кеңес мүшелері жобаға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, Туризм кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов кәмелетке толмағандарға жеңілдіктер жасау үшін жас шегін 18 жасқа дейін ұлғайтуды ұсынды. Өйткені, қазіргі нұсқада 16 жастан асқан балаларға жеңілдіктер жоқ. Бұдан басқа, ұлттық парк аумағында республикалық маңызы бар трассаның бойында орналасқан жол бойындағы сервисті және тікелей демалыс аймағында орналасқан ұқсас объектілерді жастар үшін тәулігіне 1 шаршы метріне 150 теңге мөлшеріндегі тарифті көздей отырып қамтамасыз ету ұсынылды.

–Қазіргі тарифтердің осылай күрт өсуі көптеген сұрақ туғызады. Атап айтқанда, Бурабай ауданының туристік бизнесі мұндай қадамдарға дайын емес деп санаймыз. Біз экономикалық жағдайдың нашарлауына әкеп соқпайтын және туристер тарапынан біздің өңірге деген қызығушылықты әлсіретпейтін кірістерді арттырудың баламалы жолдарын қарастыруды ұсынамыз, – деп атап өтті бұл ретте, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар