Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, тұрғындармен есеп беру кездесуін өткізді.
Сондай-ақ, вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, халықты толғандыратын мәселелерге назар аударды. Ал, іс-шара соңында жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құрал өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылды.Жиын барысында экология, орман шаруашылығын дамыту, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен қалдықтарын жою және тағы басқа да маңызды мәселелер талқыланды.Вице-министр облыстағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қалыпты екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс бойынша экопроблемаларды шешу үшін Жол картасында 30 іс-шара көзделген. Бүгінгі күні оның 10-ы орындалған. Атап айтқанда, Аршалы, Зеренді, Ерейментау аудандарында және Көкшетау қаласында жел электр станцияларының құрылысы аяқталуда.
–Қалдықтармен жұмыс істеу тұрғысындағы негізгі проблемаларға инфрақұрылымының әлсіздігі, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының көптігі жатады. Облыста қайта өңделетін шикізатты сұрыптауды, қабылдауды және өңдеуді жүзеге асыратын 4 кәсіпорын жұмыс істейді, – деді өз сөзінде Нұркен Шәрбиев.
Бұл ретте, орман шаруашылығын дамыту бойынша Вице-министр Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу бастамасы аясында ағымдағы жылы өңірімізде 13,8 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын, жыл басынан бері 2 мың гектар алқапқа 13 миллион түп ағаш отырғызылғанын жеткізді. Бұдан басқа, өткен жылы ұлттық табиғи парктерде орман өрттерін уақытылы анықтау және жою мақсатында өрттерді ерте анықтау жүйесі енгізілгені белгілі болды. Бүгінгі таңда ол өзінің жоғары тиімділігін көрсетуде.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.