Көкшетау орталық қалалық үлгілі кітапханасында биыл күзде 70 жасқа толатын белгілі қаламгер, жерлесіміз Баянғали Әлімжановтың шығармашылығына арналған «Өмірдің өзі» атты әдеби кеш болып өтті. Шараның мақсаты – оқырмандарды осы бір қарымды қалам иесінің өмір және еңбек жолымен таныстыру.
Баянғали Әлімжановты көкірегі ояу, көзі ашық облыс тұрғындары ішінде білмейтін адам жоқ десек, қателеспегеніміз. Бүкіл қазақ еліне өзінің ақындығы, жыршылығы, айтыс ақыны ретіндегі ерекше өнерімен танымал дара тұлға, драматург, манасшы, кинорежиссер, сцеанристші, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, балалар ақыны, сыншы, сатирик, журналист, кинодокументалист және тележүргізуші жүгін де қайыспай көтеріп келе жатқан өзіндік бір өнер саңлағы.
Міне, кешке қатысқан оқырмандарымыз осы жағынан көбірек білісін деген ниетпен Баянғали Әлімжановтың өмірбаяны мен шығармашылығы әр қырынан сөз болып, жиналған көпшіліктің өзгеше ынта-ықыласы мен сүйіспеншілігін туғызды. Бұдан жерлес қаламгердің кітаптары, әр жылдары өзі туралы жазылған мақалалар мен әр жылдары көрнекті ақын-жазушылардың берген бағалары топтастырылған «Өмірдің өзі» атты көрменің де игі әсері аз болмады.
Бұл жерлес қаламгердің алдағы мерейтойына арналып өткізілген алғашқы беташар шарамыз. Жазушының 70 жасқа толар күндері жалғасы болады деген сенімдеміз.
Ж.ӘБДІРАХМАНОВА,
Көкшетау орталық қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.