Ақмола облысы бойынша экология департаменті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің осы тұрғыдағы функцияларын жүзеге асыратын аумақтық орган болып табылады.
Ақмола облысы бойынша экология департаменті 2024 жылдың 7 айында 12 жоспардан тыс, 9 профилактикалық бақылау тұрғысындағы және 9 талапқа сәйкестікті қадағалайтын тексерістерді жүзеге асырды.
Тексеру барысында экологиялық заңнаманы бұзу бойынша 68 заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 29 ұйғарым берілді. Оның 16-сы орындалды. Мұның өзі қалған кәсіпорындар да белгіленген мерзімде өздеріндегі заң бұзушылықтарды ретке келтіреді, сөйтіп, Ақмола облысының экологиялық жағдайын жақсарта түседі деген сенімге жетелейді. Департамент Қазақстан Республикасы Экологиялық Кодексінің 139-бабына сәйкес «Жаңа тұрмыс 2020» ЖШС, «Ақкөл Горкомхоз» және «Қосшы Су» кәсіпорындарына ремедиация бағдарламасын әзірлеу үшін 3 ұйғарым берді.
Кәсіпорындар ластанған аумақты қалпына келтіру жұмыстарын да атқаруда. Бұдан басқа, департамент кәсіпорындардың есеп беруі бойынша мониторинг жүргізеді. Тоқсан сайын бақылау субъектісіне бармай-ақ, профилактикалық бақылау жүргізілетін жұмыс тәсіліне де сүйенеміз. Кейін анықталған заң бұзушылықты қалпына келтіру үшін департамент талап хаттарын жолдайды.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 124-10-бабына сәйкес бақылау субъектісіне бармай, профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс ол тапсырылған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Бұл ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен сол субъектіге бара отырып, бақылау тағайындауға әкеліп соғады.
Нұрлыбек БОТАН,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің
мемлекеттік экологиялық инспекторы.