Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жәркешовтың қатысуымен «Aqmola Invest» инвестицияларды дамыту орталығының алаңында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралып, ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Аймақ экономикасына 27,7 миллиард теңге қаржы салғалы отырған инвесторларды құттықтаған Ернар Жәркешов бүгінгі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою өңірді мультипликативтік дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін заманауи әдістерді енгізу, сондай-ақ, жаңа капиталдарды тарту үшін маңызды қадам болып табылатынын атап өтті.
Мәселен, «Росатом Сервис» АҚ құс, мал, шошқа, көкөніс шаруашылықтарының органикалық қалдықтарын қайта өңдеу және электр энергиясын, сондай-ақ, органикалық тыңайтқыштар өндіру мақсатында Бурабай және Зеренді аудандарында екі биогаз станциясының құрылысын бастауға ниетті.
«Qyran air assistant» ЖШС Аршалы ауданында азаматтық дрондар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
«OMIR ASTANA» ЖШС елордалық аймақта туризмді дамытуға модульдік үйлер түрінде эко-қонақүй ашу үшін инвестиция бағыттауды көздеуде.
Естеріңізге сала кетсек, «Aqmola Invest» орталығы мемлекеттік қызметтерді алу және «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау үшін құрылған болатын. Бұл Ақмола облысының экономикалық әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.